Тіл сақтаушылық

nazgulnaz 2013 M04 8
413
0
0
0

Астана. 5 сәуір. Baq.kz- Алаш ғасыры – қазақтың алтын ғасыры. Өкінішке қарай, елім, жерім деп өткен асыл ерлердің өмірі мен өнегесін бүгінгі атқамінерлеріміз әлі күнге үлгі қыла алмай жатыр...

Астана. 5 сәуір. Baq.kz- Алаш ғасыры – қазақтың алтын ғасыры. Өкінішке қарай, елім, жерім деп өткен асыл ерлердің өмірі мен өнегесін бүгінгі атқамінерлеріміз әлі күнге үлгі қыла алмай жатыр. Сондай-ақ, «Алаштану ісін» ғылыми тұрғыдан талдап-таратып, жалпы білім беретін мектептерде жеке пән ретінде оқыту мәселесі де әлі іске аспай келеді. Әйтпесе, нағыз Отансүйгіштіктің, ұлтсүйгіштіктің, тектіліктің белгісі осы Алаш арыстарының бойында жатыр емес пе? Төменде осындай бір еңіреген ер – Уалиолла Халелидің «Айқап» журналының 1912 жылғы №9 санында жарық көрген мақаласын беріп отырмыз.
Редакциядан.


Дүниедегі һәмме халықтың рухы (жаны) өзінің ана тілі, сол себепті әр милләт (халық) алдыменен ана тілін жоғалтпаудың себептеріне мықтап жабысқан, бірақ тіл, дін, әдебиет сияқты нәрселер мал, дәулет арқасында сақтай алмайынша, жұрттың іштен шыққан талапты, жау жүрек, халық үшін білімін, қаламын аямайтын ер көңілді жігіттердің қызметімен сақталады.
Ондай халық адамы екі түрлі болады, біреуі шайырлардың, яғни өлеңші ақындардың жыры, өлеңменен сақталады. Екіншісі, романстар, яғни халық жайынан халықтың жақсы, жаман жағын хикаят қылып жазып жұртқа көргізуші адамдарменен сақталады. Біздің қазақ, қырғыз аталарымыздың «Жігіт жігіттің күзгісі - айнасы» деген һәм «жақсы жігіт пен жақсы ат көптікі» деген мақалдары бар. Сол сияқты халық үшін туған ерлер арқасында дін, тіл, намыс деген нәрселер сақталады. Мұндай адамдар әр жұрттың ішінен шығып, өзінің дінін, тілін сақтап өз жұртының абыройын көтеріп келе жатыр. Бізге үлгі боларлық халық толып жатыр. Біздің қазақ, қырғыз тілінің жоғалмауы үшін біздің ішімізден де осындай қаламын халық пайдасына жұмсайтын жігіттер шығып, халық пайдаланғандай, әр түрлі өлеңдер, әр түрлі халық жайынан кітаптар жазуға керек. Өзіміздің түрік тіліменен әр түрлі балаларымызға оқытуға ылайықты мектеп кітаптарын жазып, келешек күніміз үшін зор дәулет әзірлеуге керек.
Бүтін түрік, татар, башқұрт, мишір, ғұсманлы секілді халықтардың арасында бұзылмаған сап түрік тілі біздің қазақ, қырғыз тілі екендігін бізге араласқан адамдардың бәрі де біледі. Бұлайша болған соң, қолымыздағы дәулеттің қадірін біліп, тіліміздің бай кезінен оқыған жастардың қызмет етіп, қимылдап қалатын уақыты келді. Россияның мемлекетінде общее образование, яғни ғұмыры тегіс оқу басталайын деп тұр. Қазақ халқы тілге, әдебиетке кедей емес, бірақ басы қосылып құралмағандықтан білімсіз самарқау жатыр. Ғұмыры оқу басталғанша өз ана тілімізде балаларымыз үшін кітаптар жазып программаға кіргізуге даярлануға тиіс қой. Біздің ел ішіне де түрлі халық араласа бастады. Сол себепті кейінгі жастарымыздың тілі кәдімгідей бұзылып бара жатыр. Қазақ жерінде қазақтан да орыс, хақол көп болу себепті қазақ жастары әр нәрсенің атын, есімін орысша айтқанына мәз болып, өз тілін... ұмытады. Күнбатыста Польша дейтін жерде, поляк ішінде бөлініп қалған аз ғана татарлар бар «поляк татар» деп айтылады. Солар осы күнде өз тілін ұмытып, бала-шағасына шейін орыс тіліменен сөйлейді. Сол сияқты қазақ жастарының көбі орысша оқығандары өз тілін ұмытып, яки ұмытпаса да қазақ тіліменен сөз айтуға намыстанушыларымыз да жоқ емес.
Біз милләтке олардан онша көп пайда үміт ете алмаймыз. Ондай адамдардың көбі өз тілінің, өз дінінің қадірін білмей, тек қана өз құрсағына қызмет етіп кетеді. Біздің милләтке қызмет етушілеріміз бір жағы мұсылманша, бір жағы орысша білімі болған жігіттерімізден болады. Бұл замандағы педагогтардың сөзіне қарағанда бала ең кемі 3 жыл яки 4 жыл ана тілімен оқуға тиісті болады. Біз қазақ балаларына сол 3 жыл ішінде өз тілімізде кітаптар оқыған сияқты татар тілінен де хабарсыз етпеске керек. Әбтейі (жаңаша) мектептен шыққан бала татар тіліне таныстығы болмаса, қалайша Шәһәрге барып жоғары сыныпқа кіреді, оның дәріс кітаптарына қалайша түсінеді, бұл да ескерілетін бір жұмыс.
Бізге бұл күнде басшы болған, халыққа үлгі көргізген жігіттеріміз жоқ емес қой. Мынау «Маса» мен «Қырық мысалды» жазушы Ахмет Байтұрсынов секілді ерлерді халық қызметшісі деуге болады. Және де... «Айқап» журналы менен «Қазақстан» газетінде халыққа жол-жөн көргізген қызметтерін біздерге ұмытуға керек пе еді?! А.Б. әпенденің «Жалғыз қаз келгенменен жаз бола ма?» - деген сияқты алты миллионнан артық қазақ халқы үшін бір газет пен бір журнал шыққанменен халықтың сусыны басылмайды ғой. Сонда да ауадағы қазға қарап, қолыңдағы торғайды ұшырма! – деген сияқты көп журнал, көп газетке дейін қолымыздағы екі құсымызды ұшырмайық, шама келгенше ел-жұрт болып...дуам етуіне иждиһат қылайық. «Көп түкірсе көл болады» деген ғой.
Қандай ғана халық болса да білімі-ғылымы мемлекетіндегі шығатын газет-журналдарыменен, әдебиетіменен өлшенеді. Қай жұрт білімді болса, ол жұрт ішінен шығатын газет те көп болады, надан халықта біреуі де болмайды. Қашанға дейін киіз үйлерімізбен сары қымызға мас болып күнімізді өткіземіз. Ау, жұрт, ашайық көзімізді! Ұмтылайық, ғылым-білімге.
Уалиолла Халелидің «Айқап» журналының 
1912 жылғы №9 санында жарық көрген мақаласы

 

Оцените пост

0