Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
9
23:21, 09 апреля 2013

Гиперреализм мен жас талант Әсел Амангелдинова

Blog post image

«Екпін» еліміздің суретші қыздарымен таныстыруды жалғастырады. Алдыңғы материаламызда Астаналық Айсұлу Сапарова есімді суретші қыз болса, бүгінгі жазба Қазақ Ұлттық өнер университеті колледжінің үшінші курс студенті, сурет өнерінің ерекше бағыты гиперреализмді ұстанатын қызымыз Әсел Амангелдиноваға арналады.

Blog post image

Бала кезімнен сурет салуға өте құмар болып өстім. Бірақ бір қызығы, біздің отбасымызда суретшілер мүлдем жоқ. Сурет салуға деген қабілетімнің өте жоғары екендігін байқаған ата-анам тоғызыншы сыныптан кейін ҚазҰӨУ колледжінің «кескіндеме» факультетіне оқуға түсірді. Байқап қарасаңыз, суретті шебер салатын, бірақ осы бағытта жоғарғы оқу орнын тәмәмдамаған суретшілер көп. Алайда мен, қаншалықты мықты суретші болсаңдағы жоғарғы оқу орнын бітіру қажет деп есептеймін.

Blog post image

Менің негізгі бағытым реализм және фотореализм. Бұл екеуі бір-біріне соншалықты ұқсас бағыт емес, алайда маған екеуі де өте ұнайды. Тұлғаға қарап та, фотосуретіне қарап та сурет салу мен үшін ешқандай қиындық туғызбайды.

Шығармашылығыма үлкен әсер еткен, әрі мені рухтандырып, жол сілтеп жүрген тұлғалар — Л. Махат, Д. Аймағамбетов, Г. Мулашева және Б. Әсемқұл. Өмірлік жолымда осындай ұстаздардың кездескені мен үшін бақыт. Оларға үлкен алғысымды білдіремін. Әсіресе Ләйлә Махатқа.

Blog post image

«Інім», 2012 жыл, кенеп, майлы бояу

Суретшінің сурет салуына білгілі бір жағдай әсер етуі мүмкін, не бір себеп керек кездер болады. Ал менің сурет салуым үшін ең бастысы - шабыт және көтеріңкі көңіл-күй. Негізінен мені айналамдағы түрлі түстер шабыттандырады. Мен сол бір әсем сәтті ұстап алу үшін Поль Сезан сынды бір бейнеге жалықпай үңіліп қарап, оның түстер жинағын бірнеше сағат бойы зерттеп отыра бере аламын.

Blog post image

Тақырыптық тапсырма, бұл сурет есікке майлы бояумен салынған, 2011 жыл

Blog post image

«Менің ауламның балалары», 2011 жыл, кенеп, майлы бояу

Суретті «лессировка» әдісі бойынша саламын. Табиғат, натюрмортқа қарағанда жанды бейнелерді, адамдарды салғанды ұнатамын. Әсіресе кішкентай балаларды. Туындыларымның 3D әсерінде болғандығын, олардың «жанды» бейнеге ұқсағандығын қалаймын. Менің салған суретіме қараған адам ондағы бейненің жанын сезінетіндей әсер алуына талпынамын.

Blog post image

Арнайы тапсырыспен салынған сурет, 2012 жыл, кенеп, майлы бояу

Blog post image

«Кішкентай суретшілер», 2011 жыл, кенеп, май

Blog post image

«Дәулет», 2011 жыл, кенеп, май

Бүгінгі күні «Ernst & Young» компаниясының 20 жылдығына арнайы ұйымдастырылған көрменің бірінші және екінші дәрежелі дипломдарымен мақтана аламын. Сол көрмеде жеңіске жеткен екі туындым компанияның Лондондағы бас ғимаратында ілініп тұр.

Орта шамамен жылына 12-15 шақты туындыны дүниеге алып келемін.

Blog post image

«Анам мен інім», 2011 жыл, кенеп, майлы бояу

Blog post image

«Ұстаз», 2012 жыл, кенеп, майлы бояу

Blog post image

Арнайы тапсырыспен салынған сурет, 2012 жыл, кенеп, майлы бояу

Суретші болғандықтан өзге суретшілердің де еңбектерін көріп, үлгі алу қажет. Бүгінгі күні шетелге шығып, шетелдік суретшілердің көрмелеріне барып көрмесем де, ай сайын «Құланшы» арт-орталығында өтіп тұратын көрмелерге барып тұруға тырысамын.

Blog post image

«Әже», 2012 жыл, кенеп, майлы бояу

Суретші үшін оның жан салып дүниеге алып келген әрбір туындысы қымбат қой. Алайда барлық еңбектерімнің ішінде соңғы салған «Әже» атты суретім өзіме ерекше ұнайды. Мен туындыларымның фотосуретке ұқсағандығына талпынатын болғандықтан, бұл суреттің ерекшелігі - фотосуретке қатты ұқсауында.

Blog post image

«Автопортрет» 2011 жыл, кенеп, майлы бояу

Болашақта өзімнің алға қойған бағытым фотореализмді өте жоғарғы деңгейде меңгеріп, оны елімізде дамытқым келеді. Сондай-ақ шәкірт тәрбиелеп, галерея, жас суретшілерге арналған студия ашып, отандық сурет өнерін жаңа халықаралық деңгейге жеткізуді армандаймын.

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

9