Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
20:03, 29 марта 2013

«ҚАЗАҚ» ҰЛТЫ МА, ӘЛДЕ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ» ПА? немесе өтпелі кезеңнің ұлттық саясатынан өтетін кез келді

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі Қазақстанның негізгі мақсаттарының бірі – өзінің мемлекеттілігін сақтап қалу үшін ішкі тұрақтылықты мейлінше қамтамасыз етуге күш салу болды. Мемлекеттің идеологиялық машинасы осы бағытта жұмыс істеді: «нанымызды амалдап тауып жерміз, тек елде тыныштық болса болғаны» деген қанатты сөз жиі айтылатын. Әрине, жүзден аса құрама ұлттардан құралған мемлекетте тыныштықты сақтау оңай еместін, сондықтан, олардың арасындағы консенсусты ұстап тұрудың жолдары қарастырылды. Осындай ойдың арқасында, «қазақстандық ұлт» жобасы өмірге келді. Мойындау керек, осы бір идеологияның Қазақстандағы тұрақтылықты сақтап қалуға қосқан үлесі өлшеусіз. Соған қарамай, оны кіндік, яғни, мемлекет құрушы ұлт саналатын қазақтар өре тұрып, қарсылықпен қарсы алғаны да рас. Алайда, қазіргі таңда мемлекет құраушы қазақ ұлтының салмағы артуына байланысты бұл идеологиядан бас тартатын кез жетті. Бастапқыда бұл идеологияны басқа ұлттарды қазақ ұлтына айналдырудың жолы деп қарастырғандар да болды, яғни, алдымен олардың құлағын қазақстандыққа үйретейік, кейін біртіндеп қазаққа көндігеді деп. Бірақ, уақыт өтіп барады, «қазақстандық ұлттың» орнына қазақ ұлтын қолдану ниеті байқалмайды, сондықтан, осы мәселені көтеретін уақыт жетті. Қазақстанда тек қана қазақ ұлтының бар екеніне, мемлекет халқының болса тек қана қазақтар екенін ашық айтатын кез келгендей…

Жоғарыда «қазақстан ұлтын» елде тыныштық сақтау үшін қолдан жасалғандығын айтып өттік, бұл идеяның өзегі көрші Ресейден көшіріліп алған болатын. Онда басқа ұлттар мемлекетте көп болғандықтан, мемлекеттің аты Руссия емес, Россия болып, халқы «русь» емес «россияне» деп аталғаны белгілі. Б. Ельциннің жиі қолдануына байланысты орныққан, бұл идентификация орыс ұлтшылдары тарапынан да этникалық азшылық тарапынан да етене қабылданбауына байланысты кейінгі президент В. Путин «отандастар» деген сөзді жиі қолданатын болды. Жарайды, Ресейдің жөні бір басқа, ол көптеген басқа ұлттарды өзіне қаратып алған, түрлі автономды республикалардан құралған федерация болып табылады, сондықтан, федерацияның бүкіл халқына ортақ атау табуды іздестіргендері құптарлық жағдай…

Ал, Қазақстан унитарлы, ешкімді ата қонысымен бірге өзіне қаратып алмаған, байырғы қазақ жерінің үстінде тұрған мемлекет. Демек, басқа ұлттар мұнда қоныс аударып келсе, олар жергілікті халықтың атауын иемденуге қарсы болмаулары керек, тура Францияға барған арабтар өздерін француз ұлтына, Америкаға барған ұлттар өздерін американдық ұлтқа жатқызатыны сияқты. Кейде мемлекет аты Қазақ емес, Қазақстан болғандықтан, мұнда қазақстандықтар тұрады деп шатастырғандар кездеседі.

Алайда, бұл қате түсінік болып табылады. Қазақстан мемлекетінің атауындағы «стан» жұрнағы парсы сөзінен шыққан, қазақ тілінде «жер, мекен, орын, территория, өңір, ел» деген мағынаға келеді. Бұл сөздің түбірі үнді-еуропалық тілдік семьядағы «stа» сөзінен бастау алғандықтан, дәл осы семьяға кіретін ағылшын тіліндегі «state» (ауд. мемлекет) сөзі де осыдан келіп шығады. Яғни, Қазақстан сөзі «қазақ елі, қазақ жері, қазақ мекені» деген мағына береді. Олай болса, мұнда тұратындардың барлығы қазақтар деген сөз.

Қазіргі таңдағы әлемдегі елдердің көпшілігі ұлттық мемлекеттер (natіon state) болып табылады. Ал, федерациялар, конфедерациялар сияқты бірнеше ұлттардың «өзінің территориясымен» бірге біріккен елдер көпұлтты мемлекет (multіnatіonal state) саналады. Сондықтан, Қазақстан ұлттық мемлекетке жатады. Қазақстан – қазақтардың құрған мемлекеті, сол себепті биліктің қолдан «қазақстандық ұлт» жасау саясатының іске аса қоюы екіталай. Осы жерде «ұлт мемлекетті қалыптастыра ма, мемлекет ұлтты ма?», – деген орынды сауал туындайды. Орта ғасырлардың аяқ кезеңінен бастап әлемде ұлттық мемлекеттер құрылып, олар өзара бәсекелесе бастағанда әр ел өз ұлтының тарихын тереңнен бастау үшін ғылыми негіздер жасай бастады. Осы кезде «ұлт мемлекеттен бұрын пайда болады» деген тұжырым шықты. Мемлекеттері жақында ғана пайда болғандықтан, ұлттың тамырын тереңге жіберуге тырысулары ақылға қонымды еді. Сөйтіп, «ұлтымыз бұрынырақта қалыптасты, кейінірек жұмылып мемлекет құрай алды» деген тезис кең қанат жайды. Алайда, кейбір елдерде алдымен мемлекеттің пайда болып, артынан сол мемлекет атауын алған ұлттың «шығуы» бұл қалыптаса бастаған тұжырымға өзгерістер әкелді. Оған мысал ретінде, «Иль де франс» төңірегінде біріккен Францияны, Гарибальдидің күшімен біріккен Италияны, қос Америка құрлығындағы мемлекеттерді айтуға болады. Аталған жерлердің барлығында алдымен мемлекет құрылып, сол мемлекеттің халқы бір ұлтқа айнала білді. Осы үдерісті мысалға алған кей ғалымдар «алдымен ұлт емес мемлекет пайда болады, ұлт содан кейін қалыптасады» деген тұжырымды көтеріп шықты. Бұл тұжырым Гарибальдидің әйгілі «біз Италияны құрдық, енді италиялықтарды құруымыз керек» деген қанатты сөзімен сабақтасатын. Ұзаққа созылған бұл пікірталастың нәтижесінде, қазіргі таңда үстемдік құрып тұрған теория шықты, ол; «әлемдегі мемлекет пен ұлттың қалыптасу тарихы әр түрлі дамиды, бір мемлекеттерде ұлт бірінші пайда болып мемлекетке айналса, екіншілерінде мемлекет бірінші пайда болып ұлтты қалыптастырады» деген тұжырымға келетін. Сөйтіп, ұзаққа созылған ғылыми пікірталасқа нүкте қойылғандай болды. Осыдан кейін, ұлттар құрған мемлекеттерді «natіon state», яғни, ұлттық мемлекет, ал, мемлекет құрғандарды «state natіon», яғни, мемлекеттік ұлт деп атау етек жайды.

Енді, Қазақстанға келсек, сонау XV-XVІ ғғ. өмір сүрген көшпелі тайпалардың бір араға келіп, Қазақ хандығының негізін қалағаны белгілі. Бұл – ұлт болып ұйысқан халық бір тудың астына жинала білді дегенді аңғартса керек. Кейінірек оның территориясында Қазақ КСР-і, артынан Қазақстан құрылды. Олай болса, Қазақстан ұлттық мемлекеттердің қатарына кіреді деген сөз. Ал, XVІІІ-ХІХ ғасырларда хандық ыдырап, жерінің жартысы отарланып кетсе де, халықтың қазақ идентификациясын сақтап қалуы, ұлттың толығымен қалыптасып біткенінің дәлелі болса керек.

Ал, биліктегі саясаткерлердің «қазақстандық ұлтты» жасап шығаруға тырысуы мемлекеттік ұлт жасауға ұмтылу дегенді білдіреді. Бірақ, ол өте қиын стратегия және ең бастысы Қазақстанның жағдайында орындалмайтын саясат. Неге орындалмайды? Оның себебі, мынада жатыр; егер, ұлтты «тарихы, мәдениеті, идентификациясы, діні, тілі, дәстүрі ортақ немесе жақын адамдар» деген тұжырым бойынша қабылдасақ, онда, қазақ ұлтында мұның барлығы ортақ екенін көреміз, ал, «қазақстандық» ұлтта бұлар жоқ. Демек, қолдан ұлт жасай алмаймыз, кезінде қолдан «кеңес» ұлтын жасауға тырысқандардың соңы немен аяқталғанын бәріміз білеміз. Яғни, бірнеше ұлтты біріктіріп, бір ұлт жасау мүмкін емес, егер, оған ұлттардың өзі құмбыл болмаса… Мысалы, Америкаға барған әр адам өзін «американдық» ретінде сезініп барары анық. Сол сияқты, кезінде Францияны құрғандар да француз болуға ыңғайланғандарды. Ал, еліміздің тұрғындары «қазақстандық болуға бейіл беріп тұр ма?!», халық арасындағы, әсіресе, елдегі басым ұлт қазақтардың арасындағы түрлі пікірталастарға құлақ түрсек олай емес екендігіне көз жеткіземіз. Көрші Ресейдегі жағдайды да жоғарыда келтіріп кеттік, оларда да федерация болғанына қарамастан «россияне» жасауға ұмтылған әрекеттері сәтсіз шығуда. Сондықтан, қолдан ұлт жасаудың машақатымен әуреленбеу керек. Оның орнына мемлекеттегі басқа ұлттарды қазақ ұлтына сіңіруді іздеу саясатымен бас қатырған әлдеқайда жемістірек болар еді.

Мақаладан шығарар қорытынды, қазақстандық ұлт – ол өтпелі кезеңнің саясаты болатын, ол өз міндетін мүлтіксіз атқарып бітуге таяу. Ендігі жерде, қазақ ұлты деген сөзді көбірек қолдануға мән беру қажет, жауапты адамдар солтүстік көршіміздің президенті ұқсап Елбасымыздың сөздеріндегі қазақстандық деген сөздің орнына «халайық, отандастар, әлеумет» сияқты синонимдерді қолдануға, сөйтіп біртіндеп «қазақ» сөзіне ауыстыруға күш салулары керек. Сол кезде басқа ұлттардың да қарсылығы төменірек болады және олардың қазаққа сіңісуі жақындай түседі.

 
0
1142
1