Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
-5
02:15, 27 марта 2013

Қазақ дін ұстанатын халық па?

Аса қамқор ерекше мейрімді Алланың атымен бастаймын! 

Дінді берік ұстанатын кейбір халықтардың өкілдері мен өз ұлтымыздың кейбір азаматтарының арасында осы кезге дейін «қазақ дінге берік емес, қазақ дін ұстанып құлшылық ететін халық емес» деген пікір орын алып келді. Мұндай пікірге негіз болған себептер де жоқ емес. Өткен ғасырлардың басына дейін негізінен суық өңірлерде көшпенділік өмір салтын ұстанып келген қазақтың мұсылман халқы ретінде Ислам дінінің көп шарттарын толық та берік ұстануға мүмкіндігі бола бермеді. 

Осындай дінге берік табан тірей қоймаған халық кеңес үкіметі кезіндегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет, және денсаулық сақтау салаларындағы оңды өзгерістермен ұштастыра жүргізілген дінге қарсы үгіт-насихаттың нәтижесінде дінінен жаппай қол үзіп, коммунизм ілімінің белсенді жақтаушысына айнала бастады. 

Тек дінінен ғана емес ғасырлар бойына қалыптасқан көшпенділік өмір салтынан да ажырап, ділі мен тіліне қарсы жүргізілген отаршылдық қысымға ұшыраған, және өз жерінде азшылық та болып қалған қазақ халқы күрт өзгерген жаңа жағдайға бейімделу барысында өзінің әдеп-ғұрыптары мен тілінен де қол үзе бастады.

Ал, кеңес үкіметі құлаған соң қазақ халқы ұстанған бағыт-бағдарынан қайта жаңылып, экономикалық, саяси және дүниетаным дағдарысына бір мезгілде ұшырады. Қалыптасқан тұрмыс салты тағы бұзылып, қол жеткізген бар игіліктерінен қағыла бастады. Жариялық пен бостандықтың нәтижесінде небір қылмыстар мен азғындықтарға бой алдырып, ішімдік пен есірткіге де бой ұра бастады. Мұндай жағдайда қазақ халқының дінмен айналысуға мұршасы да, ықыласы да болмайтындай көрінгені рас. 

Бірақ, дін ұстанған ұрпақ сабақтастығы үзіліп, діннен мүлдем бейхабар жаңа буын қалыптасып үлгерсе де өз алдына ел болған кезден бастап қазақ халқы дінге шұғыл бетбұрыс жасады. Соның ішінде де үгіт-насихаты қарқынды жүргізіліп жатқан өзге діндерді емес, тиымдары мен шектеулері көп, құлшылықтары қиын болып келетін Ислам дінін таңдады. Бұл қаласаң да, қаламасаң да мойындауға тура келетін нақты шындық. 

Қазақ осы кезге дейін дінге берік болмаса болашақта да солай болады деп ойлау қателік болады. Көшпелі қазақтың отырықшы халықтардай дін ұстанатын мүмкіндігі болмағанмен оның ар-ұят пен адалдықты, бауырмалдық пен балажандылықты, силастық пен қонақжайлықты қадірлейтін адамгершілік негіз болған ата- дәстүрі рухани тазалықты дін үстемдік еткен кейбір елдерден кем емес дәрежеде сақтауға мүмкіндік берді. Және, толымсыз діни танымдарды ұстанып, солармен бірге санасы да тоқырауға ұшырап, күні өткен қасаң көзқарастарға байланып қалмай басы ашық, еркін күйде осы күнге жетті. Енді міне, ол дінге сусап, өз дүниетанымымен, жан-жүрегімен үйлесетін діни танымды таба алмай, анталаған небір діни ағымдардың талапайына түсіп аңтарылуда. 

Қазақ жанының дінге деген талпынысы зор, және оның әлі баянын таппаған ішкі мүмкіншілігі де өте мол. Сондықтан да қазақты дінге немқұрайлы, дін ұстап құлшылық ететін халық емес деп ойлайтын адамдар әлі өз қателіктерін мойындайтын болады. Қазақтың тереңнен қозғап, нәзік толғайтын талғампаз жаны өз рухымен үндесетін діни танымын таба алмай келсе, онда оның өз уақытын тосып, тосылып келгені деп білген жөн болар. 

Көптеген халықтар даму жолында белгілі бір дін мен діни танымның аясына еніп, оны өз ой-өресімен танып, одан рухына нәр алып, одан өз өрісін тауып өркендеуге мүмкіндік алды. Сол дін арқылы олар халық болып ұйып, мемлекет болып қалыптасты. Осылайша олардың дін саласында өз мүмкіншіліктерін барынша пайдаланып, өздерін жан-жақты танытуларына мүмкіндіктері болды. 

Ал, қазақ болса бұл тұрғыдан алғанда әлі баспаған сорабы, танымаған тарабы көп, бойындағы күш-жігері де тиісінше қолданыс таппаған жас халық. Ағынды өзен тәрізді көшпенді өмір салты оны уақытқа ұстатпай, тар танымдарға өзін тұсатпай, бар мүмкіншілігін де жұмсатпай, еркін де жас халық етіп сақтады. 

Бар байлығын ішіне жасырған кең даласының аялы да ашық құшағы оны танымы кең, ойы ұшқыр, сезімі нәзік, жан байлығын ішіне бүгіп бұйығы ғана тірлік кешкен қарапайым халық етіп қалыптастырды. Өзіндік ерекшеліктері айқын, жан-дүниесінің қыры мен сыры мол, кең тынысты діни танымға негіз болар әлі игерілмеген өзіндік дүниетанымы бар қазақтың дін саласында да айтар сөзі, істейтін істері әлі алда. 

Әр халық дінді өзінің ой-өресіне, таным-түсінігіне, салт-дәстүріне орай бейімдеп, икемдей отырып өзінің рухани биік сұранысын қанағаттандыруға ұмтылады. Сол арқылы олар дін ісін ілгерілетіп, діни танымды кеңейтуге өзіндік үлесін қосады. 

Ал, өз тарихында небір діндер мен діни танымдардың ықпалына түсе отырып, белгілі біреуіне табан тіреп, тыныс-тіршілігіне өзек етіп ұстанып үлгермеген, көшпенді тірліктің қатаң да қатігез тірлігінің аясында ел үшін, жер үшін деп тынымсыз арпалыста жүрген қазақтың қалыптасқан дін тақырыптары төңірегінде ой толғап, сол бойынша ақиқатты іздеуге мүмкіндігі болмады. 

Ол өмір заңдарын бабы жоқ, әрі тауқыметі мол алашапқын мазасыз тірлігінде көз жасына шомылып, қанына малшына жүріп жүрегі арқылы сұрыптап тануға мәжбүр болды. Сондықтан да ол ақиқаттан алшақ кеткен нәрсіз ой-толғамдардан ада, нақты өмір шындығына негізделген қарапайым да кең ауқымды дүниетаным қалыптастырды. 

Ол өз санасынан Раббысына көп орын бермесе де, Оны жүрегінің нақ төрінен, ойының емес сезімінің көзімен таныды. Енді сол жүрек қазынасын сезім қуатымен ойға айналдырып, оны сана кеңістігіне өрістетуге мүмкіндік алған кезде қазақ халқының діни танымға, ақиқатқа қосар үлесі қомақты болары сөзсіз.

Maсa.кз. 04.04.2011.  http://galym.jimdo.com

-5
499
0