Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
03:40, 19 марта 2013

Генерал Черняевті қудырған Датқа

Астана. 19 наурыз. Baq.kz- Молда Қошықтың азан шақырып қойған аты – Қожық. Әкесінің аты – Тоқбай. Ол жастайында діни білімді игерген. Алдымен Тәшкендегі «Көкалташ» медресесін, сосын Бұхарадағы жеті жылдық «Мір-Араб» медресесін тәмамдайды. Ол мыңбасы, би, аға би, датқа, Ташкент қаласының дәруғасы (басшысы), әскербасы, Қоқан ханының Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған.

Blog post image  

Сондықтан оны ел ішінде Молда-би, Батырбасы, Ләшкербасы, Датқа деген лақап аттармен атаған.
Молда Қошық 18 жасында 1814 жылы Қоқан хандығы тарапынан Түркістан өлкесіне датқа болып тағайындалады. Бұл – ханның жай ғана өкілі емес, биік мансап иесі. Датқаның ұлан-байтақ елі, қолында жеке мөрі бар, шексіз-шетсіз билігі болды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақтияр Сманов «датқа» сөзі парсы тілін-дегі тілек, әділдік иесі деген ұғымнан шыққан деген ой айтады. Бұл Бұхара, Қоқан хандықтары кезеңінде хандық тарапынан биік лауазым, жоғары атақ ретінде берілген. Ол хан билігі тұсында төртінші дәрежелі лауазым болатын. Билерден, аға сұлтандардан жоғары, тек хан әміріне ғана бағынышты басшы қызмет адамы болып есептелді. Қайбір кезеңдерде «датқа» лауазымы ру басыларына, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, ислам шариғатын жақсы білетін би-шешендерге, ел арасындағы абыройлы басшы адамдарға да берілді. Онда, олар елдің ішінен хан атына келіп түскен өтініш-тілектерді, арыз-шағымдарды қабылдап, оған ханның берген жауабын жұртшылыққа жеткізіп отырған. Бұхара хандығы тұсында датқа сөзі әскербасы, хакім, хукумдар, генерал, шенеунік, идарашы (кеңсе қызметкері) мағынасында пайдаланылды. Бұл лауазым ел арасындағы қайраткер адамдарға әуелде Бұхара шейхулисламының пәтуасымен де беріліп отырды.
1864 жылы «Жаңа низамнан» кейін Ресей империясы өзінің төңірегіндегі бұратана елдерді, олардың кең-байтақ жерлерін қарамағына алып, халқын өзіне тәуелді ету үшін жанталасып бақты. Сол үшін елді басқарудың жаңа жүйесін енгізіп, әртүрлі саяси-әлеуметтік реформалар жүргізе бастайды. Қазақ жерін, Орта Азияны қол астына қарату мақсатымен түрлі айла-әрекеттерге барып, әскери жорықтар, басқыншылықтар арқылы империялық мақсатын орындап отырады. Соған орай, қазақ жері де төрт генерал-губернаторлыққа бөлініп, оларды орыс патшасының әскери генералдары басқаратын болды.
Ресей императорының жарлығымен 1867 жылы 11 шілдеде Түркістан өлкесінің генерал-губернаторлығы құрылып, оның резиденциясы Ташкент қаласына орналасты. Онда әскери, әкімшілік, сот, оқу, қаржы, т.б. мекемелер шоғырланды. Оның аумағы Жетісу мен Сырдария және Әмудария аралығындағы ұлан-ғайыр аймақты алып жатты. Әмудария, Ферғана өлкесінен бастап, мына жағы Наманган, Әндіжан, Хиуа, Қоқан, Самарқан, Бұхара, бүкіл Сырдария аймағы, Түркістан, Шымкент, Қожакент, Ақмешіт, Әулиеата, Қазалы, Ташкент, Жетісу, Қашқармен қоса барлық уәлаяттарды қамтыды. Түркістан өлкесінің қарамағына Ферғана, Сырдария, Жетісу, Түркістан әскери генерал-губернаторлығы (әскери губернаторлары, генералдар – Скобелев, Головачев, Колпаковский, Черняев) қарады. Бұл – қазіргі кездегі Орталық Азиядағы Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытайдың Қашқар жақ бөлігі секілді мемлекеттердің аумағы болатын.
Ресей мұрағаты деректерінде М. Черняевтің Ташкентке жорығы кезіндегі шайқаста қыпшақ Молда Әлімқұл қайтыс болады да, қаланы қорғауға Сыздық төре, Молда Қошық датқа, сарт (өзбек) Рүстембек үштігі басшылық жасады деп көрсетіледі. Мұнда қаланың 42 күн бойы қоршауда болғаны, шаһар жұрты әр көшеде тосқауыл ұйымдастырып жан аямай соғысқаны, әрбір үй, әрбір ағаш, әрбір құрылыс ғимараты үстіне тұрған қалалықтар орыс басқыншыларының колонналарына оқ атумен болғаны жазылады. 
Түркістан аймағын уыстан шығармау мақсатында патшалық Ресей аса сақтықпен, білгірлікпен отарлау жоспарларын жасап, айла-тәсілдерін түрлендіріп отырды. Бұл жөнінде ІІ Александр патша көп ойланып, көп толғанып, өзінің жан досы, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П.фон-Кауфманмен ақылдаса келе, аймақтың атақты адамдарын, даңқты датқаларды сол кездегі Ресей астанасы Петерборға шақыруды, сөйтіп, оларға сый-құрмет көрсетуді жөн санайды. Солар арқылы толқып тұрған елдің наразылық көтерілістерін басуды, жұрттың қарсылығын тоқтатуды, аймақтың тыныштығын қамтамасыз етуді ойластырады. Осы ресми шақыртуға жеті адам лайықты деп табылады. Олар – қазақ даласының бес датқасы, атап айтқанда, ең алдымен – шанышқылы Молда Қошық датқа, сосын – жаныс Момынбек датқа, қаңлы Әкімқұл төре, сыйқымнан Құдайберген датқа, қоңыраттан Қоныс датқа, өзбектің Марқа қазиы, қырғыздың Бәйтік датқа сынды түркі ұлысының аты әйгілі игі жақсылары мен беделді адамдары еді.
Петербургқа барған алғашқы күні датқаларға Ұлы императордың өзі қонақасы беріп, құрмет көрсетеді. Одан кейінгі күндері патша мен оның айналасындағыларға дәм беру салты басталып, бірінші күні Әулиеаталық Құдайберген датқа дастархан жаяды. Астан кейін императорға сый-сияпат жасалады. Ақ патшаға қонақасы беру, сый-құрмет көрсету рәсімі жеті күнге созылады. Соңғы жетінші күнді әдейі Молда Қошық датқа алады. Бұл қорытындылаушы күн еді. Оның үстіне, әйгілі датқа Ресейде елші қызметін атқарған, орыс тіліне де жетік. Молда Қошық өзінің беретін қонақасына ұлы мәртебелінің жұбайымен келуіне өтініш жасайды. Патша ағзам келісімін береді. Салтанатты дастархан басында Молда Қошық ақ патшаға қарата арнау сөз сөйлейді. Бұл көріністі қаламгер – журналист Мырзахан Ахмет «Қоғам қасіреті» атты кітабында былайша баяндайды:
«Молда Қошық:
–Ұлы мәртебелі ақ патшам! – дейді де, басын игендей ишара танытып, тілмашсыз, орыс тілінде халықтың хал-ахуалын баяндайды. – Мұндай жайды біз айтпасақ, кім айтады? 1863-1864 жылдары генерал М. Черняев отряды Қоқан бекіністері – Созақ, Түркістан, Әулиеата, Шымкент, Шолаққорғанды басып алды. Елдің күйі қайыршылық жағдайға түсті. Оның үстіне, генерал әскерлерінің істегені – зорлық-зомбылық, зұлымдық-жауыздық …
Аса мәртебелі император! Генерал М. Черняевтің отряды құрамындағы Н. Веревкин жасағы Түркістанды 1864 жылы 11-шілдеде алғанын есіңізге сала отырып, ел ішінде үлкен дүрбелең туғызған әскери жорықтар, қақтығыстар жиілеп бара жатқанын назарыңызға салуға мәжбүрмін. Қарапайым халық сыйынып, зиярат ететін қасиетті мекен Қожа Ахмет Иассауи кесенесін Н. Веревкин зеңбірекпен 12 дүркін атқылатты. Кесене қабырғасының 11 жерін зақымдап, жарамсыз халге түсірді. Соның салдарынан орыс әскерлері жергілікті халықтың жаппай қарсылығына тап болды. Қазақтардың орыс халқына деген өкпесі, өшпенділігі күшейді. Патшалық Ресейден қазақ елі мұндай зұлымдықты күтпеген еді. Оның үстіне, Қоқан хандығынан көрген азабы, зорлық-зұлматы да аз емес. Қазақтардың әрбір түтін түтетіп отырған үйі салыққа жылына алты қой, үш қап жүн, 24 қап ағаш отын, көмір, 24 бау жантақ беріп отыр. Мұны орындамағандар жазаланады.
Уа, патша ағзам! Біз сонау шетте жатқан мал баққан елміз. Біздің халық патша салығын төлеуге разы. Сонымен бірге, Сізден мынадай нәрселерге кеңшілік жасауыңызды сұраймын. Бірінші, Ұлы мәртебелім, дінімізге тимесеңіз! Екінші, әдет-ғұрып, салт-санамызды бұзбасаңыз. Үшінші, бізден әскерге сарбаз алмасаңыз. Осы тілектерімізді қабыл алсаңыз, біз де сертімізде тұрамыз, − дейді.
Молда Қошық датқа осы сөздерді айтып бітіре бергенде, император ыңғайсызданғаннан орнынан тұрып кетеді. Сонан соң:
– Мен сіздің антыңызға сенемін. Тілектеріңізді қабыл аламын. Діндеріңізбен, салт-дәстүрлеріңізбен шаруамыз болмайды. Әскерге де адам алмаймыз. Қажет кезінде сіздерге көмегіміз дайын, − дейді патша.
Осы сөздерді айтып, ақ патша Молда Қошықтың қолын алады. Сол кезде патша кеңсесінің қызметкерлері Молда Қошыққа зерлі шапан жабады. Мұндай боларын күтпеген Молда Қошық императорға, оның жұбайына өзі арнайы әкелген тарту-таралғыларын ұсынады. ІІ Александр салтанатты қонақасына қатысқан белгілі суретшіге осы марапат көріністі портрет түрінде шұғыл әзірлеуді тапсырады.
− Ертең мен Молда Қошық датқаны қайта қабылдаймын, сол кезде дайын болсын. Сол портретті өз қолыммен қолтаңба жазып, мөр басып, Молда Қошық мырзаға сыйға тартамын, − дейді.
Ұлы император келесі күні айтқанын бұлжытпай орындайды. Сол тарихи сурет қызылдардың Қазан төңкерісіне дейін сақталып келген.
Міне, датқалардың осы сапарынан соң, 1866 жылы орыс әскерилері «Ташкент арыстаны» атап кеткен қанқұйлы генерал М. Черняевті ақ патша қайта шақырып алып, оның орнына өзінің жиені, орыс әскерінің Бас штабы жанындағы Әскери-ғылыми комитет мүшесі, генерал-лейтенант Д.Романовскийді жібереді. Ал, бұған ренжіген М.Черняев патшаға қарсы оппозициялық қозғалыстарға қосылып, кейіннен Белоруссияның Могилев облысындағы өзінің туып-өскен Тубышка селосында 1890 жылы белгісіз жағдайда қайтыс болады. 
Дәулетқали Асауов

   
0
1249
0