Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
1
05:00, 08 марта 2013

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЫЗДЫҢ БАТЫРЛАРЫ

Blog post image

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЫЗДЫҢ БАТЫРЛАРЫ

Ең талапшыл көрермендер – балалар, және ең шыншыл актерлер, тағы да балалар деп тегін айтылмайды. Белгілі театр режиссері Есмұхан Обаевтың: «Қазақ – табиғатында актер халық», – дегені бар. Ескілі-жаңалы фильмдерді ойдан өткізіп отырып, осы пікірге бас иземеске шараңыз қалмайды. Егер қазақ туабітті актер халық болмаса, «Көксерек», «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Адамдар арасындағы бөлтірік»... қайдан шықты? Камераның алдында жасындай жарқылдап, роль ойнамаған, өмір сүрген осы қарадомалақтарға қараған сайын жүрегіңнің бір пұшпағында қалғып кеткен мейірім, сүйіспеншілік, жылылық дүр-дүр оянады. Экранның бергі жағындағы көрерменнің тамырын дөп басып, кіп-кішкентай балалар бізбен «ойнайды». Орыстарда бүгінгі Пуговка секілді қылықты балалар оқта-текте шығуы мүмкін. Голливудта кешегі «Үйде жалғыз» Макалей Калкин сондай жылы сезімдер тудыратын. Қазақта кино көп, бірақ әсіресе балалар бейнесінің галереясы айшықты. Сонымен, біздің балалық шағымыздың батырлары қазір қайда жүр?

ҚОЖА СЦЕНАРИСТ БОЛДЫ

Қожа, Қара көже немесе «Өлген адам сөйлемейді». Жігіт ағасы Нұрлан Сегізбаев (Санжар), сырттай қарағанда томаға-тұйық, артық-ауыс сөзі жоқ ұстамды кісі. Бұрынғы бұзақы баланың ізі де қалмаған. Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туып, Абдолла Қарсақбаев таспаға көшірген сүйкімді тентек киноға қалай келіп еді? Екінші режиссер Тұрар Дүйсебаев пен оператор Михаил Аранышев киностудия маңындағы дәмханаға беттейді. Бір жүгермек екі қызды алдына салып, қуып келе жатыр екен. Кино түсіргіш ағайлар «не де болса, бізге керек бала осы» деп, екеулеп жүріп жаңағы баланы «қақпанға түсіреді». «Жібер, жібер мені», – деп, тулайды бала. «Не надо, не хочу я сниматься в кино!», – деп азар да безер. Жөн сұрағанда да қырсыққаннан қырсығып, тіс жармай қояды. Айнымаған Бердібектің Қожасы. Сонда Нұрланның әкесі айтыпты: «Балам өте бұзық, одан көршілер де, мұғалімдер де әбден зәрезап болып бітті. Ұятқа қалдырса, бізді кінәламаңыздар», – депті. Өнерге солай келген Нұрлан Санжар, өзі де күтпесе керек, қазақ киносындағы ең танымал бейнені жасады. Бүгінде ол әкесінің белгілі саясаткер, ағасының белгілі футболшы болғанына қарамастан, 28 жыл бойы пәтер кезегін күткенін, Иманғали Тасмағамбетов әкім болғанда ғана баспанаға қолы жеткенін жасырмайды. Н.Сегізбаев алдымен Педогогикалық институттың филология факультетін бітіріп, мектептерде орыс тілінен сабақ берсе, кейін ВГИК-те сценарист мамандығы бойынша білім алды. 1992 жылы Аманжол Айтуаровтың «Барсакелмеске саяхатының», 1993 жылы Қалдыбай Әбеновтің «Аллажарының» сценариін жазды, «Періште сәби» («Ангелочек») повесінің авторы. Өмірдің заңдылығының өзі солай, бойына құрық бойламайтын асау, сотқар балалар есейе келе салмақты, сабырлы кейіпке түседі. Талай режиссерден ұсыныс түскенімен, үнемі бас тартып келген Нұрлан Санжар (Сегізбаев) бірер жыл бұрын Е.Рақышевтің «Менің де атым Қожасына» қатысты. Қазір әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде «БАҚ-тағы драматургия» оқу курсын жүргізеді.

СҰЛТАН МАРҚҰМ БОЛЫП КЕТТІ

Қара көже қанша қылықты болса да, оны сидиған Сұлтансыз елестету әсте мүмкін емес. Өзі де оңып тұрмаған Қожаның қолтығынан су бүркіп, «қылмысқа итермелеп» жүретін Сұлтанды ойнаған Марат Кәкенов моншадан табылған екен. Балаң жігіт дөрекі мінезімен, арсың-гүрсің қимылымен бірден көзге түссе керек. Режиссер сонда сынап көрмек болып: «Арқамды езіп берші, балам», – деп өтінеді. «Арқаңды езетін мен саған моншашы емеспін!», – деп дүрсе қоя берген Марат-Сұлтан сайтандай сап етіп, лезде ғайып болады. Оның шешесі де: «Қыңыр, қырсық бала, денсаулығы нашар, жалғыз ұлымыз болған соң бетінен қақпаушы ек, көне қоймас», – дейді. «Қожадан» кейін Марат киноға түспеді, ұзаққа бармай, бала кездегі науқасынан көз жұмды. Әр адамның миссиясы болады дейді. Бәлкім Мараттың миссиясы Сұлтанды кейіптеу болған шығар? Әйтеуір, жалаң денесіне тері күрдеше іліп, қалпағын қисайтып киіп алатын, атқа да қисық отыратын «Жасай берсін Жұмағұл» – қыңыр бала көрермендердің есінде мәңгілікке қалды.

АЛПАМЫС – ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Абдолла Қарсақбаевты бала психологиясының білгірі дейтін. Әбекеңнің «Алпамыс мектепке барады» фильмі де киноклассика сөресінде сықиып тұр бүгінде. Алты жасар Алпамыстың рөлінде ойнаған Ермек Төлепбаев шынында да ол кезде алтыға толайын деп тұрған кезі. Сүйкімді бала содан сәл ғана бұрын Т.Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» атты жұмысынан көзге түскен. Одан кейін де, 1979 жылы Виктор Пұсырмановтың «Серебряный рог Алатау», 1980 жылы Серік Райбаевтың «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызында» ойнады. «Тәп-тәуір» келе жатқан бала, неге екенін, он үш жасынан кейін кино алаңына жолаған жоқ. Мектепті тәмамдаған соң, Халық шаруашылығы институтын және Қазақ Мемлекеттік заң академиясын бітірді. Әскерге барды. Бірталай жыл Д.Қонаев атындағы университетте және Экономика академиясында оқытушы болып, кейін жеке кәсіпкерлікке ауысты. Дегенмен «Алпамыстағы» сүйкімділігінен айныған жоқ. Қазір кино алаңы басқа бір әлемде қалғандай сезінетін Ермек бір ай бұрын салалық сайттың біріндегі «Юные советские актеры» деген тізімнен өзін көріп, «Собственно, удивлен увидев себя тут» деп пікір қалдырыпты. Ал қабағын түйіп алып, мұғалимаға ғашық болатын көзі мойылдай баланы ешкім де ұмытқан жоқ.

КҮЛКІСІН ҰРЛАТҚАН ҚҰРМАШ

Қырық жылдай уақыт өтсе де, күн сайын «Көксеректі» көруден жалықпас едіңіз. Себебі «Жемеймін» деп қырсығып, Аханқұл кесетін етке аш көзбен қарап, өксіп отыратын Құрмаш сіздің жүрегіңізді елжіретіп жіберер еді. Қамбар Уәлиев 1971 жылы Қ.Қасымовтың «Шоқ пен шерінде» Ғалымжанды ойнады. Екі жылдан кейін «Көксерекке» келді. Сәл кейін «Ән пәнiнен – 4» картинасында – Ермек, «Құрманғазы» фильмінде – бала Құрманғазы, «Шаңырақта» Ерлан ролін сомдады. Дегенмен бала-актердің ең белгілі жұмысы «Көксеректегі» Құрмаш еді. Қырғыз режиссері Толомұш Өкеевтің киносында қасқырдың күшігін қойнына салған мейірімді балаға өзі өсірген бөлтірік бас салатын... Жыртқыштармен бетпе-бет қалғанда бойын үрей билеген қаршадай бала «Мен осы Құрмашпын ба, Қамбармын ба?» деп ойлайды екен. Құрмаш Қамбардың күлкісін ұрлады. «Білмеймін, емін-еркін күле алмай қалдым. Күштегенде жымиямын», – дейді, бүгінде жасы елуге тақап қалған техника саласының маманы. Ол неге актер болмады дейсіз ғой. «Көксерекке» түсіп жүргенінде фильмнің сценариін жазған Андрей Кончаловский: «Мектепті бітіре сала Мәскеуге кел. Өзім оқуға түсірем», – десе керек. Кеңестер Одағының Әнұраны авторының баласы, Никита Михалковтың ағасы, белгілі кинорежиссер шындап кіріссе, қазақтың баласын оқуға түсірер де ме еді, кім білсін, бірақ Қамбар сол сапардан тауы шағылып қайтты. Андрей айтыпты: «Жоғары лауазымды кісілердің балалары тапсырыпты». Содан кейін Қ.Уәлиев «киноға түспей-ақ қойдым» деп қолды бір сілтесе керек. Бүгінде екі ұл тәрбиелеп отырған Қамбардың тұңғышы Нұржан "Жетімдер" фильмінде басты рольде ойнады. Ал Қамбар ағаның өзі де дәл қазір киноға түсуге қарсы емес.

СҮЙРІК – «ЯКУДЗА»

Қазақ киносына қыз балалар көп түспепті. «Қожадағы» Жанардан (Е.Рақышевтің «Менің де атым Қожасына» қатысқан Г.Қурабаева) кейінгі екінші орын Сүйрікте болуы керек. Балауса сезімдері оянып, алғашқы конфликтілер туындайды. Сүйрік сыныптасына ғашық. Ал Марат жаңадан келген қызды ұнатады. «Біздің қыз» өлердей қызғанады. Бірақ «қарсыласы» кетіп қалғанда да қуана алмайды. Өйткені Мараттың жүрегі жаралы... Бәрінен де қыздың жауын астында тұрып, айқай салатын көрінісі есте қалады. Сол Сүйрікті ойнаған сүйкімді қыз Гука актриса емес, қазақтан шыққан санаулы ғана режиссер қыздардың бірі болып шықты. Гүлшат – «қаражаяу» отбасынан емес. Ілияс Омаровтың немересі, телекомментатор Диас Омаровтың қызы. Оқушы кезінде бірнеше фильмге түсті («Когда тебе 12 лет», «Непрофессионалы», «Дина Нұрпейісова») одан кейін ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, телевизияда жұмыс істеді. Сосын күнкөріс қамымен «Филипп Морристе» жар-қағаз жапсырып жүрді. Сондай қиын күндердің бірінде Сергей Бодров көмек қолын созады. Неге десеңіз. 1984 жылы түсірілген «Сүйрік» – Бодровтың тырнақалдысы еді. «Мені режиссер қылған бір адам болса, ол «Сүйрікті» алып шыққан Омарова» деген Сергей «шәкіртін» күні бүгінге дейін қолдап келеді. Оның демеуімен Гүлшат Бейімбет Майлиннің жетімдер үйіндегі немересі – Олжасты киноға түсірді («Шиза»). Одан кейін «Бақсы» болды. Былтыр күзде «Якудзаның қызы» фильмі экранға шықты. Әр жұмысын «Бұл біздің бірлескен соңғы картинамыз» дейтін Г.Омарова мен С.Бодров тандемі әлі де сарқылмағанына сенеміз.

САМАТ «ҚАЗАҚФИЛЬМДЕ»

«Адамдар арасындағы бөлтірік». Талғат Теменовтің осы туындысындағы бөлтірікті қойнына тығып, қызғыш құстай қоритын Самат бәрімізге де таныс. Саматты ойнаған кішкентай актер Айқын Халықов та солай. Соловьевтің студенті Т.Теменов ауыл-ауылды аралап жүріп көз тоқтатқан осы бала «Киноға түсесің бе?», – дегенде: «Түсемін!», – деп саңқ ете қалыпты. Ол Теменовтің, Теменов оның бағын ашты. Қазір де Айқын несібесін кинодан теріп жүр. Оның соңғы жұмыстарының бірі – «Ойпырмайда» кісі сүйсінетін ештеңе жоқ, бірақ кішкентай ғана «Қайдасың, Чапайда» «дұшпандарынан» таяқ жесе де досын сатпайтын бала жаңбырдың астында тұрып: «Ча-па-ай! Ча-па-а-ай!» деп айқайлайтын еді. Сол эпизодты көрген сайын жылағым келе береді...

ҚАЙДА ЖҮРСІҢ, ҚАЛИХАН?

Білімге құштар Алпамыстың айнымас досы, жүрген жеріне шөп шықпайтын жеті жасар Қалихан да бәріміздің жадымызда. Алайда Қалиханды ойнаған сотқар сары бала – Ұлан Сарбасов туралы мәлімет жоқ. «Қазақфильм» де баланың тағдырынан бейхабар болып шықты. «Тәртіпті», темір құрсаулы қоғамда сотқар балалар туралы кино түсіру ерлікпен пара-пар еді. Және ондай балалар көрерменге жақын-тұғын. Бүгінгі күннің кейіпкері қандай балалар? Басқа сұрақ.

БҮГІНГІ КҮННІҢ ҚОЖАЛАРЫ

Қазір де кино түсіріледі. Қазір де балалар бар экранда. Рүстем Әбдірәштің «Сталинге сыйлығындағы» Дален Шынтеміров пен «Балалық шағымның аспанындағы» Елжас Әлпиев, Данияр Саламаттың «Әкем екеумізіндегі» Махамбет Әйтенов пен «Бәйтерегіндегі» Орынбек Сатанбаев, Гука Омарованың «Бақсысындағы» Алмат Аянов сияқты жаңа заманның көзайымдары қазір де бар. Әсіресе, Махамбет пен Алмат бүгінгі баланың жаралы бейнесін береді. Қожалардың заманында баланы әкеден айырған сұм соғыс болса, қазір... Әрине, жаңа піскен бауырсақтай томпиып қана жүретін бақытты балалар бар. Бірақ отбасы жылуынан жырақ қалған балалар – бүгінгі күннің азабы.

Сондай-сондайды ойлағанда кішкентайларымыздың жүрегіне үңілуді ұмытпасақ дейсің. Өйткені баласы жоқ кино түсіретін қоғамның болашағы жоқ.

Асия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Айқап.kz ақпараттар порталы

 
1
6361
1