Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:09, 03 марта 2013

Гүлмира АҚҮРПЕКОВА: Америкаға да бардым, Фархатқа да қосылдым...

Алғашқы махаббат тақырыбында әңгіме айтуға қалай қарайсыз?
– Осы тақырыпта әңгіме айта алмаймын-ау деп қорқамын…
– Себебін білуге бола ма?

Blog post image

Өзімнің теңімді таба алмай көп қиналғанымды білемін әйтеуір, бәлкім, содан болар…
Сонда сіз үшін алғашқы махаббат…
– Тіпті мектепте де біреуді ұнатпаппын және біреудің өзіме деген сондай сезімін сезініп те көрмедім. Құрбы-құрдастарым жігіттерден хат алып, маған жиі оқытатын. Бірлесе отырып оған жауап жазатынбыз. Соларға қарап үнемі қызығып жүретінмін. Алайда болашақта жақсы жігітті кездестіретініме сеніп, соны күтіп жүрдім. Әлде тәрбиеден бе екен деп те ойлаймын.
Ата-анаңыз қатал ма еді?
– Расында, ата-анам бізді қатал тәрбиеледі. Қатал болғанда, ұрып-соққан жоқ, әрине. Ақырын ғана ақылмен айтып жеткізетін, қас-қабағымен ұғындыратын. Мысалы, құрбыларым сабақты жақсы оқымауы мүмкін, бірақ жігітпен жүру жағын қатырады делік. Олар шаштарын неше түрлі қылып сәндеп, құлақтарына әдемі сырға тағып, қастарын теріп жүретін. Жігіттер де соларға көп көңіл бөлетін. Мен де солай әдемі болып жүргім келетін, бірақ анам: «Кейін оқуға түскенде әдеміленіп аласың. Қазір кішкентай болып жүр, кейін осы кішкентай күніңді сағынатын боласың, қанша бала болғың келсе де бола алмайсың. Үлкен өмірге асықпа…» деп рұқсатын бермеді. Шашым кереметтей ұзын болып өспеді де және өте жұқа болды. Сонда да жіп-жіңішке екі өрім етіп өріп, ұшына үлкен бантик тағып беретін. Ойлаңызшы енді, ондай қызға кім қарайды?! (Күлді)
– Анаңызға бүгінгі күнге дейін ренішіңіз бар сияқты ғой…
– Ренішім жоқ, керісінше, кейіннен анама: «Мама, мені қалай жақсы тәрбиелегенсің…» деп көп рахмет айтып жүрдім. Себебі, балалық шағым алаңсыз өтті, анам сабақ оқуға, өнерімді шыңдауға бар мүмкіндікті жасады. Тіпті, кейде егер сол кезде сезім мәселелері мазалайтын болса, өнердің биік шыңына жетпес пе едім деп ойлаймын. Бала кезден-ақ болашақтан көп үміт күттім. Кейін әдемі қыз боламын, оқуға түсемін, боянып-сыланамын, жігіттермен жүремін деп армандадым.
Арманыңыз қашан орындалды?
– (Күлді) Әдет қай кезде де әдет болып қалады екен… Оқуға түскесін жатақханадағы қыздар боянып-сыланып жататын. Аллаға шүкір, ата-анам ауқатты кісілер болғасын киім жағынан таршылық көрмедім. Бірақ бояну жағынан
2 курсқа дейін «кенже қалып» жүрдім.
1 курсты аяқтап, салып-ұрып баяғы қалпыммен ауылға бардым. Сонда мамам: «Қызым, бойжетті деген осы. Жұрттың қыздары сияқты әдемі көйлегіңді киіп, жарасымды боянып келмейсің бе?!» деп ескертті. Содан бастап ойлана бастадым. Кейіннен сахнаға шыға бастағанда боянудың да әртүрлі тәсілін меңгеріп алдым. Негізінде, менде ондай өнер бар екен. Сол уақытқа дейін ішімде ұстап жүріппін. Сахнаға шығып әдемі бола бастап едім, бұрын қарамай жүрген жігіттер көз сала бастады. Алайда, ол кезде оларды мен менсінбедім. «Жүрекке әмір жүрмейді» деген осы болса керек. Қыздар бірнеше жігіттерін айтып жатқанда, мен әлі алғашқы махаббатымды кездестірмегеніме таңқала ойланып отыратынмын. Шынымды айтсам, өмір бойы жігітпен жүрмей, тіпті күйеуге шықпай қаламын ба деп қатты уайымдадым.
Артыңыздан жүгірген жігіттер неге ұнамады?
– Бойым 176 см, салмағым 55 кг еді. Кездескен жігіттердің бәрінің бойы менен аласа болып қалатын. Құрбыларым: «Мына жігітке айна алып беру керек, бойын көрсін. Әйтпесе өзін ұзын санайды екен…» деп қалжыңдайтын. Ешкіммен жүрмей-ақ студенттік кезді өткіздім. Аспирантураға түскенде қорқынышым одан сайын үдей түсті. Алайда, алыстан іздеген бақытым қасымда жүрген екен. Ол кісіні байқамаған себебім, жақын құрбымның ағасының досы еді. Оны да аға сияқты көріп жүрдім. Бірақ Фархат бұрыннан сыртымнан қарап жүреді екен. Ал мен осы кісі алғашқы махаббатым, кейіннен күйеуім болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Осылай жүріп алғашқы махаббаттың қалай басталғанын да байқамай қалдым…
Есіңізде қалған ерекше кездесу сәті…
– 1991 жыл еді. Фархат киноға шақырғанда, «өзімше болып» қайтарып жібергенмін (күлді). Бір-екі күннен соң Балуан Шолақ спорт сарайында «Тамашаның» кезекті қойылымында сахнада ән айтып тұрғанмын. Сахнаны биік жасаған екен, көрермендердің барлығы анық көрініп тұрды. Қарасам, қолында раушан гүлі бар, өзімен-өзі, сахнадан басқа жаққа қарап алған, орындыққа ебедейсіздеу отырған Фархатты көзім шалып қалды. Концертке түк қызығып отырған жоқ. Өзімен бірге киноға бармағаныма ренжіп, алайда жүрегі жібермей, амал жоқ отырған түрі екен. Ән біткен соң сахнаға шығып, қолындағы гүлін «Мә!» деп ұстатты да, бұрылып кете барды. Өзінің мінезі, қылықтары қызық болатын. Сол сәттен бастап менің де махаббатым оянды. Артынша жан-тәніммен сүйдім…

Blog post image
– Қанша уақыт жүрдіңіздер?
– Төрт жарым жыл жүрдік. Халыққа жақсы таныла бастаған кезім еді. Шетелдерге де гастрольдік сапарлар көбейді. Көп жұмыстар жасау керек болды. Тұрмысқа шығуға уақыт таппадым десем, біреу сенер, біреу сенбес. Бірақ, расында солай болды. Онымен жүрген әрбір сәтімді сағынамын. Бәлкім, нағыз махаббат деген осы шығар…
Ренжісіп қалған кезіңіз есіңізде ме?
– Негізінде басқа қыз-жігіттер сияқты жиі ренжіспедік. Тек бір рет есімде қалғаны, 1993 жылы үйленеміз деп отырғанбыз. Бірақ мен Америкаға гастрольмен кететін болып, тойды кейінге шегеруге тура келді. Бірақ Фархат: «Саған Америка керек пе, мен керекпін бе?!» деп, рұқсатын бермеді. Мен не Фархатты, не Американы қимай қатты қиналдым (күлді). Бір кезде қатты ашуланып, кетіп бара жатты. Мен артынан жүгіріп барып, құшақтап: «Фархат, сен енді маған келмейсің бе?» деп жыладым. Оның да көңілі босап кеткен, «келем ғой…» деп қояды (күлді). Ақыры Америкаға да бардым, Фархатқа да қосылдым…
– Ата-енеңізге қандай келін болдыңыз?
– Өмір арифметикалық амалдармен немесе химиялық формуламен шығаратын есеп емес қой. Жақсы енеге нашар келін, жақсы келінге нашар ене жолығуы мүмкін екен… Ал екі жақ та саналы түрде бақытты болуға тырысса, жоспарлары орындалатын сияқты. Төрт жарым жыл жүріп тұрмысқа шыққан күйеуіммен бір жарым жыл ғана тұрдым. Анығын айтар болсам, енемнің көңілінен аса шыға қоймадым. Үйленбей ұзақ уақыт жүргеніміздің бір себебі де сол кісіге байланысты еді. Өнерде жүргенімді қаламады. Тіпті, естігенім бар, бір кісілер «сіздің келініңіз әнші Гүлмира Ақүрпекова ма?…» деп сұрағанда, «жоқ ол әнші емес, институттың мұғалімі» деп жауап берген екен. Әншілер, жалпы, артистер қауымы туралы біздің қоғамда келеңсіз пікірлер жиі айтылады, сондықтан болар, ол кісіге менің әншілігім ұнамады. Жалғыз ұлы болғасын, ол кісіні де түсінуге болады.
– Бүгінде сіздің де қызыңыз бар. Анаңыздан алған тәрбиені қызыңызға үйретіп отырған шығарсыз?
– Расында, тура анам сияқты тәрбиелеуге тырысамын. Қызым да баяғы өзім сияқты «түүу… мама!..» деп ренжіп жатады. Достарымен кездесіп, қыдыратын жерлердің барлығына өзім апарып, сыртынан қарап жүремін. «Басқалардың мамасы олай істеп жүрген жоқ қой…» деп тағы ренжиді. «Саған кедергі жасамаймын ғой, алыстан қарап жүремін…» деп мен де бой бермеймін (күлді).
«Алғашқы махаббат» айдарының шарты бойынша, әңгіме эстафетасын сізге Жанар Айжанова тапсырған еді… Ал сіз кімге ұсынғыңыз келеді?
– Жанар екеуміз жақсы құрбымыз. Кезінде Адайбек екеуінің тойында мен қыз жолдас болғанмын. Ал әңгіме кезегін Жеңіс Сейдоллаға ұсынғым келеді.

Сұхбаттасқан
Айдана АЛАМАН

 
0
1330
0