Yvision.kz
kk
Екпiн
Екпiн
Екпiн
431 постов3 подписчика
Дарынды жастар мен замандастарымыздың өмірлік тәжірибесі, мақсаттары, ойы, ұстанған қағидалары жайында сөз етеді. Фоторепортаж, шолу, тарихи маңыздылығы бар материалдармен бөліседі.
5
23:02, 02 марта 2013

Турист жазбасынан: Дубай

Blog post image

Кез келген саяхат жасамас бұрын сол ел жайлы барынша ақпарат жинақтап алуға тырысамыз. Дубайға барарда да бұл әдеттен тыс қалған жоқпыз. Алайда, байқағанымыздай, саяхаттау туралы әсерлер, түрлі туристер кеңесі көбінесе орыс тілінде екен. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыру үшін азғантай болса да тәжірибеміз бен пайдалы ақпараттарымызды алдарыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Дайындық кезеңі

Барар жеріміз бен даталар анықталып болған соң, алдымызда таңдау тұрды. Керек ақшасын төлеп, виза, қонақүй, ары-бері ұшып-келу авиабилеті сынды бар машақатты туристік агенттікке тапсыру немесе Дубайдағы таныстар арқылы виза жасатып, селф-туризм жасау. Екінші вариант жақсы-ақ болар еді, алайда уақыт тапшылығы мен жаңа жылға қарсы күн сайын билеттердің азая беруі тез шешім қабылдауға итермелеп, алғашқы вариантты таңдауға мәжбүр болдық. Сондай-ақ туристік агенттік арқылы бару нақты Дубай үшін тиімді таңдау. Өйткені агенттік арқылы виза алу (шамамен 75$) тез әрі кепілді.

Визадан кейінгі басты мәселе - қонақүй. Дәлірек айтсақ, қонақүйдің, ол орын алған ауданның орналасуы. Дубай картасын қарап отырсаңыздар, ол негізінде дұрыс бағдар ұстау үшін ыңғайлы көптеген аудандарға бөлінген.

Blog post image

Сәйкесінше Парсы шығанағына жақын маңай Джумейра деп аталынып, ондағы қонақүйлер бағасы жағынан жоғары, ал су жағасынан алыс, қала ішіндегі қонақүйлердің бағалары төменірек болады. Сондықтан егер Дубайға нақты суға шомылып, жағажайда демалу үшін баратын болсаңыздар, Джумейра жағалауынан, ал жалпы қала аралап, қонақүйден шыға салып суға түсе қалу мақсаты болмаса, Дейра, Бар-Дубай, Дубай сити сынды аудандардағы сан түрлі қонақүйлерді қарастырсаңыздар болады. Көп жағдайда эконом вариант ретінде 2* немесе 3* қонақүйлерді қорықпай таңдауға болады. Өйткені Дубайда (Түркиямен салыстырғанда) ондай қонақүйлердің жағдайы жақсы. Алайда Түркиядағыдай all-inclusive-ке үйреніп қалған адамдар ондағы қонақүйлердің көбінесе тек таңғы ас негізінде екендігін ұмытпасын.

Сонымен бір апталық тұратын "үй" таңдалып, билет қалтада болған соң, жолға міндетті түрде не аламын деген сұрақ туады. Алдымен самолетке өткізілетін багаж салмағы 22-25 кг-нан аспауы керектігін ескеріңіз (авиабилет алар кезде нақтылап алыңыз). Сонымен қатар қол жүгі ретінде кішігірім 10 кг-дық чемодан да алуға болады. Алайда ол жүктің бәрін затпен толтыру керек деген сөз емес, келердегі алған заттар мен сыйлықтарды да сыйғызу керектігін ойлап, алдын-ала Қазақстаннан барынша тек ең керекті деген заттарды ғана алғаныңыз жөн.

Ауа-райы

Жалпы Дубайға барудың мезгілін қазаннан-сәуірге дейін деп жатады. Сол себепті осы мезгілдері, әсіресе жаңа жыл, ақпандағы дәстүрлі шоппинг фестиваліне қарсы бағалар жоғарылайды. Ал жазда, керісінше. Алайда жазда температураның +40-қа дейін баратынын ескерсек, туристердің басым бөлігі қай мезгілде ағылатыны онсыз да белгілі болады. Біз барғанда, желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында, ауа-райы Алматыдағы күздің басы болды. Суға бірден кіріп, сүңгіп кете алмайсың. Біршама суық (мүмкін мен сияқты тоңғақтар үшін ғана шығар). Сол себепті киім алғанда тек қана шорты, майка емес, қосымша жеңіл жемпір мен шарф/жамылғыларды да ұмытпау керек.

Blog post image

Қай жерлерді аралаймын?

Дубайда тамсандыратын, таң қалдыратын жерлер баршылық. Әсіресе жаңа Дубай аталынатын қала бөлігіндегі Дубай Марина, Пальм Джумейра аудандары, ондағы Бурдж Халифа (әлемдегі ең биік ғимарат 828 м), желкен тәрізді әйгілі 7* Бурдж аль-Араб қонақүйі, қолдан салынған пальма аралдары, Мадинат Джумейра т.б. Гидтің айтуы бойынша, Дубайда "Гиннестің рекордтар кітабына" еніп жатқан түрлі рекордтардың жиі жасалына беруі соншалық, қаланың өзінде сол "Гиннес рекордтар кітабының" штабы ашылмақшы.

Расында да арабтар әр нәрседе бірінші болуды, таң қалдыруды жақсы көреді екен. Осыдан 70 жылдан аса уақытта ғимараттары аспанмен таласып жатқан қала орнында түйе мінгесіп көшіп жүрген шөл дала арабтары болғандығын елестету қиын. Тақыр шөл далада осындай алыптардың тұрғызылғандығына және олардың кейбірі жай ғана биік ғимарат емес, біреуі ирелеңдеген, біреуі раушан гүл тәрізді, енді біреуі желкен, тақ тектес архитектуралық шедеврларды көріп адам ойының, қиялының шексіздігіне, қолының мүмкіндігіне тамсана таң қаласың. Әрине, оларды салған архитекторлар арабтар емес, Англия, Америка сынды елдерден шақырылған ең танымал құрылыс шеберлері. Алайда соларды шақырып, Дубайды туристер үшін одан сайын қызықты қылып жатқан реформаларды қабылдаған ел басшысы Мохаммед ибн Рашид аль-Мактумның үлесі зор. Оны жалпы білім деңгейі әлі де орташадан төмен халық жақсы түсініп, әмірлерін көкке көтереді.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Архитектуралық ләззаттан өзге, әлемдегі ең ірі сауда-ойын-сауық кешені (1,2 млн.м²) Дубай Моллды, сондай-ақ ең ірі жабық тау шаңғы курорты бар Эмираттар Моллын аралап шығуларыңызға болады. Көріп отырғанымыздай, бұл кешендер жай ғана сауда үшін емес, күні бойы аралап, қыдыру үшін де қызықтайтын орын. Ал кешке жақын Дубай Моллдың алдында орналасқан музыкалық фонтанды тамашалай аласыздар. Тағы да "ең" деген сөзді қолдануға тура келеді: бұл фонтан әлемдегі ең үлкен әрі ең биік фонтан болып саналады. Шапшып аққан су биіктігі 150 метрге дейін көтеріледі.

Қала қызықтарынан өзге, әр қонақүйде түрлі экскурсияларды ұсынатын арнайы гидтер отырады. Сафариге, Абу-Дабиге, Жаңа Дубайды аралауға экскурсиялар алсаңыздар болады. Біздің қонақүйдегі Айнұр деген ару бізге ең қызықты экскурсияларды ғана көрсетіп қоймай, "өзімсініп" түсіріп те, көптеген өзге жерлерге де бағыттап тұрды, басқа да сұрақтар бойынша үлкен көмегін тигізді.

Blog post image

Blog post image

Blog post image

Ал жалпы экскурсияларсыз-ақ қаланы өзім аралаймын десеңіз, онда алдын ала жүру жоспарыңызды құрып, өте ыңғайлы метро арқылы немесе қолыңды көтере қалсаң, жетіп келетін арнайы таксилермен жылжып отырсаңыз болады. Таксиде санағыш құралдары тұратындықтан, алыс бағыттарға шамамен қанша дирхам кететіндігін алдын ала сұрап алғаныңыз жөн.

<div style="color: #666666; margin: 5px; padding-top: 15px; font-size: .9em; border-top: 2px solid #888; border-bottom: 2px solid #888; line-height: 1.4em;">
<img style="float: left; margin: 3px 5px 0;" src="https://storage.yvision.kz/images/user/quessir/OX3YY6Pjc6iX8Ik3n3Vc2ol08c6aZa.jpg" alt="" /><strong><a href="http://suleimenov.yvision.kz/" target="_blank">Арман Сулейменов</a></strong>
<p style="font-family: Georgia;

Blog post imageБаян Кәрібаева: Дубай туристер үшін, әсіресе жалғыз кетіп бара жатқан жас қыздар үшін бірден-бір қауіпсіз туристік жер. Өз басым сіңліммен барғандықтан, қауіпсіздікке бірінші кезекте көңіл бөлдім. Ел шариғат заңымен өмір сүреді, сол себептен, ұрлық, зомбылық сияқты қылмыстар жоқ.


Шоппинг

Ал біздің сұрақтарымыз көп еді. Әсіресе шоппингке байланысты (қыздар қауымы түсінер). Естігеніміздей, Дубайда сауда-саттық болсын, жалпы кез келген бизнес бастаймын деген адамға кедергі жоқ, мемлекетке олар салық та төлемейді. Сол себепті онда әлемнің жан-жағынан жиналған пысық саудагерлер өз бизнестерін сәтті жүргізуде. Сәйкесінше, ол сектордың арасында бәсекелестік көп. Қонақүйіміз сол сауда-саттықтың қайнаған ортасында болғандықтан, ол "бәсекелестікпен" күн сайын кездесіп отырдық. Насер-сквер көшесіне аяқ басқан кез келген туристке шаблонды "тақпақтары" дайын тұрған "шақырғыштар" жабыла кетеді. Орыс тілін үйреніп алған олардың жұмысы көшеден туристерді шақырып, өз бутиктеріне кіргізу. Әрине, олардың аса қаупі жоқ, алайда сене беруге де болмайды. Бар болғаны артыңнан қалмай, шыдамыңның шегін тексеріп болады. Лабиринт сияқты қуыс-қуыстан жалға алған жақсы бутиктерді алғаш өзің тауып бару расымен де қиын, алайда жөні түзу заттарға апаратын сенімді адам тауып (Айнұрға рахмет), сонымен еріп жүрген дұрыс.

Blog post image

"Жөні түзу" дегенді бекер айтпадық, өйткені онда барлық жердегідей Қытайдан бастап Италияға дейін, ең танымал брендтердің сапалы да сапасыз көшірмелері баршылық. Дубайға көбінесе сәнқойлар тон алу үшін барады. Ол дұрыс та. Өйткені онда тон жасайтын бренд иелеріне тікелей жолығуға болады. Мысалы, грек тондарын жасайтын гректің бутигі, итальяндықтың бутигі, т.б. Сатушыдан гөрі, иелерінің жомарттырақ екенін ескерсек, ол жерлерде саудаласу "бір ғанибет":)

Туристердің көбінесе Дубайдан сатып алатын екінші нәрсесі - техника. Түрлі компьютер, ноутбук, планшет, телефон, фотоаппарат, т.б. Барлық техниканың бағасын қарамасақ та, нақты Apple өндірістерінің бізге қарағанда 500-600$-дай арзанырақ екенін байқадық.

Әрине, артық рет саудаласуды, аралауды ұнатпайтын адамдар Дубайда жетіп артылатын Моллдарға бара алады. Алайда, ондағы бутиктарда біз көбінесе сапалы нәрсе емес, киімнің брендын, атын сатып алатынымызды да ескеру керек.

<div style="color: #666666; margin: 5px; padding-top: 15px; font-size: .9em; border-top: 2px solid #888; border-bottom: 2px solid #888; line-height: 1.4em;">
<img style="float: left; margin: 3px 5px 0;" src="https://storage.yvision.kz/images/user/quessir/OX3YY6Pjc6iX8Ik3n3Vc2ol08c6aZa.jpg" alt="" /><strong><a href="http://suleimenov.yvision.kz/" target="_blank">Арман Сулейменов</a></strong>
<p style="font-family: Georgia;

Blog post imageБаян Кәрібаева: Сапардың жақсы жақтарына тоқталып кетсем, Дубай шопинг құмар жандардың отаны. Мұнда машинаның автобөлшектерінен бастап, алтын, тон-ішікке дейін бәрі бар. Екіншіден, қала зәулім ғимараттарымен таң қалдырады. Келесі, ауа, су ағзаға жақсы жағады. Парсы шығанағының суы шынымен пайдалы екеніне көзім жетті. Енді, кері жақтарын айтатын болсақ, мен Дубайға емес, Үндістанға келгендей әсер алдым. Әуежайға түскеннен бастап, үндістер қаптап жүрді. Қонақүйіміз нағыз мини Үндістан (музыкасы, иіс шамдары, т.б) болды. Тамақ үш мезгіл емес, бір мезгіл ғана беріледі, алайда, дәмханалар көп. Дубайға барғанда, ең бастысы мақсатыңызды айқындап алған жөн.

Адамдары

Дубайға барып, қымбат көлігіне жолбарысын салып алып жүретін шейхтар толып жүреді деп ойлау - қателік. Мүмкін Абу-Дабиде сондай да шығар, алайа Дубайда жергілікті арабтар барлық халықтың 10% ғана құрайды. Олардың өзі көбінесе Джумейра ауданындағы жабық жер үйлер резиденцияларында тұрақтайды. Ал халықтың қалған бөлігі: Үндістаннан келген арабтар, үнділер, пәкістандықтар, бангладештіктер, филиппиндіктер, т.б. Онымен қоса, басым бөлігі ТМД елдерін құрайтын жан-жақтан келіп жатқан туристерді қосыңыз. Жалпы Дубайда жүргенде соншалықты шетте жүргендей сезінбейсің өзіңді, өйткені қазақтар онда көп. Сонда тұратын, оқитын немесе қыркүйектен-мамырға дейін саудамен, туристерді алып жүрумен айналысатын, туристік агенттік атынан қонақүйде отыратын қазақтарға жолығып қалуыңыз мүмкін. Оқитын демекші, Дубайда түгелдей бір студенттер қалашығы бар. Онда Кэмбриджден бастап, көптеген АҚШ пен Англия университеттерінің филиалдары бар екен. Балаларын шетке шығарғысы келмеген басшылар университеттер мен мықты шетел профессорлардың өзін қалаға әкелуді жөн көріпті. Осылай түрлі ұлттардың қосындысы Дубайды арабтардың емес, туристердің қаласы қылған.

Жеке әсерім

Әрине, кез келген қала секілді Дубай да ерекше контрасттар мегаполисі. Оны өздерінің ұзын ақ дишдашаларын киіп алып жүретін арабтың өзімен салыстыруға болады. Бір қарағанда тәкаппар болып көрінетін арабтар, негізінде ақкөңіл де аңқау, айналадағы өзгерістерге өздері де таңырқап та тамсана қарайтындай. Биік мұнаралардың негізі шөл дала екені де әлсін-әлсін білініп тұрады. Кейде түйеде кетіп бара жатқан баяу да жайбарақат өмір ферраридің жылдамдығына ауысып жататындай.

Blog post image

Blog post image

Иә, осының бәрі Дубай. Қорытынды сөз орнына есте қалған гидтің бір әңгімесін айтып берейін. Заманауи қала енді салынып келе жатқан заманда, арабтардың көп бөлігі әлі де көшпенді өмір салтын ұстанып жүрген бәдуиндер екен. Сонда шөл далада құм боранынан адасып қалған түйе үстіндегі бір шалды джипте кетіп бара жатқан бір топ тауып алады. Олар шалды джипке мінгестіріп, үйіне дейін апарып тастамақшы болыпты. Алайда, біраз жол жүргеннен кейін шал өзін зулап бара жатқан джиптен түсіруін өтінеді. "Неге?" деген сұраққа ол: "Тез жүруді ұнатпайды екенмін. Жаным ілесе алмай келе жатыр", деп жауап қатқан екен.

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Фото: А.Кәрібаева, Ә.Сембай

Саяхаттарыңыз әрдайым сәтті өтсін!

5