Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
02:08, 01 марта 2013

Денис Мацуев «Astana Piano Passion» бірінші халықаралық байқау әділ өтетіндігіне сөз берді

Blog post image

«Байқауға қазылар алқасының шәкірттері қатыспайды. Қазылар алқасының құрамына әділ шешім шығара алатындар енді. Мұнда ағайынгершілікпен, тамыр-таныстықпен жүлде иемденуге жол берілмейді. Қазылар алқасы ашық дауыс беру арқылы таңдалуы да мүмкін. Бұл – байқаудың әділ өтуіне жағдай жасайды», - деді Ресейдің халық артисі.

Музыкалық байқаулардың соңы дау-жанжалға ұласып жататыны баршаңызға мәлім, ал Астанада мұндай келеңсіздік болмайды, - деді Денис Мацуев. Сонымен қатар, ол жас дарын иелеріне байқаудың бірінші кезеңінде қаралатын бейнежазба жұмыстарын мұқият дайындауға кеңес берді. Өйткені, байқауда бейнежазбаға баса назар аударылады.

«Чайковский байқауына алты ай қалғанда Гергиев (Валерий Гергиев – Кеңес және Ресей дирижері, Ресей мен Украинаның халық артисі) екеуміздің Чикагодағы концертімізге Гергиевтің сахнадағы ескі серіктесі әрі досы Александр Торадзе келді. Онымен бірге шәкірттері де келді, олардың арасында Чайковский байқауына қатысатын Никита Амбросимов та бар болатын. Ол бізге Прокофьевтің Сегізінші сонатасын орындап берді. Біз таңқалғанымызды жасыра алмаған күйі, Мәскеуде өтетін байқауда сәтті өнер көрсетуіне тілеулестік білдірдік.

Алайда, байқауда бейнежазбаларды іріктеу кезінде Никитаның ойынын тыңдағанда, мүлде басқа адам орындап жатқандай көрінді. Мен дереу Валерий Абисаловичке телефон соғып, қазылар алқасының барлық мүшелері нөл бағасын бергендігін айттым. Тіпті мен оған жоғары баға берген күннің өзінде, бұл оған ешқандай пайда бермес еді. Гергиев: «Амал жоқ, талап жалпыға ортақ» деп жауап берді. Ал мен басқаратын байқауда біреуге арқа сүйеу немесе бұрмалаушылық дегендей қитұрқылықтар болмайды. Мен байқаудың әділ өтетіндігіне сөз беремін», - деді байқаудың көркемдік жетекшісі Денис Мацуев.

Өздеріңізге мәлім, 2013 жылдың 10-16 мамыры аралығында Астанада Жас пианистердің “Astana Piano Passion” бірінші халықаралық байқауы өтеді. Балалар «Қазақстан» ОКЗ, Бейбітшілік және келісім сарайында, сондай-ақ «Шабыт» ҚазҰӨИ үлкен концерт залында өнер көрсетеді.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жас пианистердің өнеріне Қазақстан, Ресей, Ирландия және Бразилияның өкілдері төрелік етеді. Фортепиано өнерінің шеберлері байқауды ұйымдастырушы комитетке жіберілген барлық бейнежазбаларды тыңдайды, ал мамыр айының басында Астанаға келеді. Оларға жүктелген міндет жас дарын иелерін тыңдап, ең үздіктерін таңдап алу және Қазақстанның барлық ынталы жастарына шеберлік шыңдау дәрістерін өткізу.

Қазылар алқасының құрамына фортепиано өнерінің әлемге танымал жұлдыздары енді:

  • Жәния Әубәкірова (Қазақстан) Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор
  • Төлеген Мұхамеджанов (Қазақстан) "Астана-Опера" опера және балет театрының бас директоры, композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және басқа да сыйлықтардың лауреаты
  • Валерий Пясецкий (Ресей) Ресейдің еңбек сіңірген артисі, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры
  • Павел Нерсесьян (Ресей) Ресейдің еңбек сіңірген артисі, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының және Бостон университетінің профессоры
  • Джон О’Коннор (Ирландия) Ирландия корольдік музыка академиясының, Shenandoah консерваториясының (Вирджиния, АҚШ), Showa музыка академиясының (Жапония) профессоры
  • Мириан Дауэльсберг (Бразилия) Рио де Жанейро (Бразилия) музыка академиясының профессоры, Dell’Arte мәдени қорының президенті

Атақты музыканттардың өнерін Астана тұрғындары мен қонақтары тамашалай алады. Жас пианистердің "Astana Piano Passion" бірінші халықаралық классикалық музыка фестивалі мен байқауы Денис Мацуев, қазылар алқасы және Қазақстан мен басқа да елдердің жас қатысатын  Гала-концертпен ашылады.

   
0
450
0