Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
08:02, 12 февраля 2013

ЖАСТАР БИЛІККЕ СЕНБЕЙДІ

«Жастардың көпшілігі мемлекеттік биліктен гөрі, мешіт-шіркеуге сенеді». Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының жастар арасында жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Жастар ауылдан қалаға келіп, жарқын болашаққа қол жеткізе алады ма? Биліктің жастар проблемасын шешуге неге қауқарсыз? Зерттеу орталығының директоры, экономист Меруерт Махмұтова бүгін осы сауалдарға жауап берді.

«Қазақстандағы жастардың ішкі көші-қоны: Алматы қаласы мысалында» атты 14-29 жас аралығында 1000 жас адам қатысқан зерттеу «Сорос-Қазақстан» қорының қолдауымен жүргізілген. Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы жастардың көші-қон статистикасын, көшу себептерін, әлеуметтік жағдайын, жұмыс, баспанаға қол жеткізу, әлеуметтік-саяси белсенділік секілді деңгейлерін анықтады. Жастар арасындағы мониторинг жүргізуге Қазақстанның жастар саясатының осалдығы, жастар проблемаларының шешілмеуі себеп болған.

Қоғамдық мәселелерді талдау орталығының директоры Меруерт Махмұтова ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2011 жылы Алматыда тұратын барлық көшіп-қонушылардың 72,3%-ы – 14-29 жас аралығындағы жастар. Бұл қала халқының ең жоғарғы пайызы – 31,5 %. Респонденттердің 57,8 %-ы білім алғасы келгені үшін келсе, 45,1 % -ы табыс табу мақсатында келген, ал 43,4%-ы көшу себебі ретінде жұмыстың болмауын айтса, 31,8 %-ы өмір сүру деңгейі қанағаттандырмауы, ал 21,5 % отбасылық себептерді атаған. Белгілі болғандай Алматыға көшіп келгендердің 45,8 %-ның тіркелу құжаты бар болса, соның 12,5 %-ы тіркелген жерінде тұратын көрінеді. Ал 15 % респондент тіркеу құжатын сатып алған.

Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің басым бөлігі үшін білім беру қызметтері қолжетімді болып табылады. Мәселен, өздері үшін білім алу қызметтері қолжетімсіз болып отырған сұралғандардың 29,4 %-ның 75,9 %-ы олардың отбасыларының қалтасы көтермейтінін және небәрі 3,8 %-ы қажетті білім деңгейінің жоқ екенін келтірген. Алматыдағы жастар жұмыссыздығы деңгейінің жоғарылығын Меруерт Махмұтова ерекше атап өтті.

http://janaozen.net/bolasha/zhastar-bilkke-senbeyd.html?lang=kz

«Жұмыскер болып саналған 44,7 %-дың жартысы ғана ресми түрде тіркелгендер. 33,5 %-ы ауызша келісім бойынша және 5 %-ы болса мүлдем тіркелмей қызмет жасап отыр. Осы тұста, үкімет жастар арасындағы жұмыссыздық 5 % ғана құрайтынын айтады. Алайда, бұл жұмыссыз болып тіркелгендер ғана. Шынына келгенде, бізде барлық жастар жұмыссыз жүр».

Сарапшының айтуынша, жастар саясатына бөлінетін қаражат тиімді жұмсалмайды және мемлекеттік бағдарламалар жастардың барлығына бірдей бағытталмаған. Сол себептен де жастар арасында әлеуметтік теңсіздік қалыптасқан. Мысалы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы тек қала жастарына арналған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылда қызмет етіп, тұрақты жұмысқа орналасқандар туралы дәйекті ақпарат жоқ көрінеді. Ал «Жас Отан» мен «Жасыл елге» көп қаржыбөлінеді, бірақ тиісті нәтиже жоқ болып шыққан.

Жастардың әлеуметтік және саяси белсенділік деңгейі сарапшыларды таң қалдырған. Зерттеу нәтижесі бойынша, жастардың 22,7 %-ы түрлі ұйымдардың қызметіне «белсенді» түрде қатысады. 23,5 % -ы мерзімді түрде (апта сайын, ай сайын, жыл сайын) спорттық клубтарға, волентерлік ұйымдарға барады. Ал сұралғандардың 11, 7 %-ы тым болмағанда бір әлеуметтік бағытталған ұйымның жұмысына қатысатынын айтқан.

Меруерт Махмұтова, жастар арасындағы саяси белсенділік әлі төмен деңгейде екенін айтады. Сөзіне дәлел ретінде зерттеу нәтижесін ұсынды. Респонденттердің 9,7 %-ы саяси ұйымның қызметіне қатысады және 2,2 %-ы ғана көп ұйымдардың қызметіне тартылған. Жауап бергендердің 3,9 %-ы саяси ұйымдарда ерікті қызметін атқарады екен. Ал сұралғандардың 7 %-ы үндеулерге қою, митингілерге шығу секілді шараларға қатысқан.

Blog post image

«Жас көшіп-қонушылардың 54,7 %-ы үндеулерге ешқашан қол қоймайтынын, 64,4 %-ы – ешқашан көтерілістерге қатыспайтынын, ал 63 %-ы митингілерге қатыспайтынын атап өтті. Мұндай жауаптарды жиналыстар мен митингілер өткізуге қатысты заңдық тұрғыдан шектеумен түсіндіруге болады» делінген зерттеуде.

Меруерт Махмұтова жастар арасындағы сенімділік индексіне алаңдаулы. Оның айтуынша, сұралғандардың көпшілігі адамдарға сенуге болмайды деп жауап қатқан.

«Небәрі 21,6 % адамдарға сенуге болады десе, қалғаны 78,8 %-ы адамдарға сақ болу керек деп айтты. Бұл сенімділік деңгейінің төмен көрсеткіші. Ал жас көшіп-қонушылардың 57,9 %-ы мешіт-шіркеулерге сенімділік танытады. Әскерге 44,1 %-ы, телевидениеге 38,3 % сенеді. Ал үкіметке тек 33,3 %-ы ғана сенеді», - деді сарапшы.

Бұған қоса, жастар полицияға 20,7, ірі компанияларға 21,8 сенім білдіретін көрінеді. Билік өкілдеріне сенімділік деңгейінің төмен болуын М.Махмұтова, олардың жастар проблемасына назар аудармауынан деп санайды.

«Біз анықтаған проблемалар осыдан бірнеше жыл бұрынғы проблемалар. Шенеуніктер жастардың шынайы жағдайын білмей түрлі бағдарламалар қабылдап жатады. Ал нақты мәселелеріне көңіл аударғылары да келмейді. Сондай-ақ ұсынатын шешу жолдары да өте тиімсіз. Сондықтан біз үкіметке, түрлі ұйымдарға өзіміздің ұсыныстармызды жіберетін боламыз», - дейді экономист.

Біздің бір қосарымыз, еліміздегі жастар саясаты, жастар проблемасы ондаған жылдар бойы шешілмей келеді. Оған мемлекет болашағына немқұрайлы қарайтын, жеке мүддесінен аса алмайтын бір ғана – билік кінәлі. Жемқорлық жайлап, бүкіл әлеуметтік лифтілер тоқтап тұрған сәтте жастардың жарқын болашақ құруы екіталай. Осы себептен де жастардың екінің бірі баспанасыз, оқу-білімсіз жүр. Сөйтіп өмірде жолы болмағандар міне, экстремист пен террорист атануда. Осыдан кейін «Жастарға жағдай жасалған ба?» деген сауал қоюдан бұрын, «Жастардың болашағы бар ма?» деген сауал туады.

 
0
694
0