Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
06:57, 12 февраля 2013

Мырзағали Айтжанов: «Құрама мүшелерін әлі талай іріктейміз»

Биыл біздің боксшылар жаңа маусымды 14 ақпанда Астанада өтетін дәстүрлі «Үздік төртеудің» турнирімен бастайтын болады. Бұл жолы былғары қолғап шеберлеріміз Әзірбайжан, Өзбекстан және Украина құрама командаларының боксшыларымен күш сынасады. Осы турнир алдында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановпен қысқаша сұхбаттасқан едік.

Blog post image

– Мырзағали Құланұлы, екі күннен кейін Астанада боксшыларымыз «Үздік төртеудің» турниріне қатысатын болады. Осы додаға қандай дайындықпен келдіңіздер?

– Боксшыларымыз бапкерлердің жүйелі жоспарлары бойынша дайындалып, жаңа маусымға жақсы көңіл-күймен келдік. Командада тәжірибелі боксшылармен бірге қатарға енді ғана қосылған жас былғары қолғап шеберлері де бар. Ұжымдағы ахуал да жақсы, бір қалыпты. Барлық жігіттің Ұлттық құрамаға келетін мүмкіндіктері бар. Тек өзінің мықты екенін дәлелдесе болғаны. Биыл наурыз айына дейін Венгрия, Болгария, Чехия, Германия, Әзірбайжан және Хорватия жерінде түрлі жарыстар өтетін болады. Сол жарыстарға да болашағынан үміт күтетін, құрамаға лайықты деген жігіттерді жіберіп, бақтарын сынап көреміз. Яғни құрама мүшелері әлі талай іріктеуден өтетін болады. Ал төрт елдің қатысумен өтетін турнирге Астанада дайындалдық. Бұған да Қазақстанның бірінші құрамында өнер көрсетуі тиіс жастарымызды шығарамыз деп отырмыз. Тамыз айында кубалық боксшылармен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізуді де жоспарлап қойдық.

– Биыл Қазақстан бокстан Әлем чемпионатын қабылдайды. Ендеше сіздердің жауапкершіліктеріңіз екі есе артуы тиіс. Өйткені өз елімізде өтетін болғандықтан да спорт жанкүйерлері боксшыларымыздан тек жеңіс күтеді. Бұл жөнінде не айта аласыз?

– Әлем біріншілігі біздің елде өтетін болған соң, бокстың маңайында жүргендердің жүктері еселене түскені рас. Боксшылар туралы айтпай-ақ қояйын. Бізге артылған сенім мен жауапкершіліктің ауыр екенін білеміз. Сондықтан өз үйімізде, өз шаршы алаңымызда жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлерді қуантуға тырысатынымыз анық.

– Сіз таяуда Италияның Ассизи қаласында АИБА-ның арнайы семинарына қатысып келдіңіз. Курстар қалай өтті?

– Үстіміздегі жылы АИБА-ның бас киімсіз жұдырықтасу, ұпай санау ережесіндегі өзгерістер, тағы басқа жаңа жобалары іске асырылуда. Семинарда бокс әлеміндегі ең мықты мамандар жиналды. Үйренгенім көп. Біз ол жаққа Марат Жақиевпен бірге бардық. Семинар қорытындысы бойынша, АИБА-ның президенті Чинг Куо-Вудың қолынан ресми сертификат алыр қайттық. Енді сол семинарлардағы алған білімімізді жергілікті бапкерлерге үйрететін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 
0
251
0