Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:56, 10 февраля 2013

ҚАЙСАР ҚАЙРАТКЕР ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВ

Астана. 20 қаңтар. BAQ.KZ – 2012 жылы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің тарапынан бекітілген «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтың «Жұмабек Тәшенев» атты ғылыми зерттеу еңбегі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяғанның редакциясымен «Ұлы Дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көрді. Қаңтардың 4 жұлдызында Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада зиялы қауымның қатысуымен тұсаукесері өтті. Аталған ғылыми басылымда қайраткердің өмірі мен тағдыры және тұтастай кеңестік дәуірдегі оқиғалар, құбылыстар, ел тағдырындағы таластар мен тартыстар баяндалған.

Blog post image

Ұсынылып отырған ғылыми басылымда қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері Ж.А. Тәшеневтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі деректер негізінде жан-жақты сөз болады. Еңбекте қайраткердің өскен ортасы, еңбекке араласуы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған қайраткердің ел мен жердің тұтастығы үшін жүргізген күрестері, елді дамытуға қосқан үлесі баяндалған. 
Зерттеу жұмысы тұлғаның қоғамдық-саяси қызметін және елдік мәселелерін қамтығандықтан көпшілік қауымға арналған.
Кез келген дәуірдің ерекшелігі де, мәні де жеке тұлғалар арқылы анықталады. Тарихи тұлғаны заманы тудырып, халық құрметіне бөлейді. «Ер сын сағатта танылады» деген халық даналығының ақиқатын ұлтымыздың тарихы талай рет дәлелдеген. Елдің елдігі, ердің ерлігі сыналар кезде өмір сынағынан сүрінбей өткен тұлғаның есімін халқы ұмытпайды. Құбыла соққан саясат желі қаншалықты құйтырқы мінез танытқанмен, тұлғалар тағдырын талқыға салып, ұрпақ жадына салмақ салғанымен, бәрібір халық сүйікті перзентінің есімін жадында сақтап, түптің түбінде тиісті бағасын беріп, құрмет төріне шығарады.
Тәуелсіздіктің арқасында бүгін Жұмабек Тәшенев және сол сияқты тұлғалар туралы зерттеулердің жазылуы сол кемшіліктердің орнын толықтырудың, замана шындығын ұрпаққа өз болмысында жеткізудің бір шарасы болмақ.
Қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Жұмабек Тәшенев туралы зерттеу еңбек те осы мақсаттан туған, кезінде тоталитарлық жүйеге қарсы тұрып, елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін күресіп, содыр саясаттың соққысына ұшырап, түрлі қиянаттарды бастан кешірген кесек тұлғаның қайраткерлік келбетін ашып, жас ұрпаққа оның кісілік парасатын, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін, ұлтжандылығын үлгі етуді мұрат тұтқан.
Жұмабек Тәшенев тәрізді тұлғалар туралы тарихи кітап жазу, олардың еліне, халқына сіңірген еңбегіне баға беру - аса жауапты іс, Отан тарихы ғылымы бойынша зерттеу жұмысымен айналысушылардың ерекше мән беріп, кезең ақиқатын ашып, терең зерделенуге тиісті тақырыптардың бірі. Өйткені, осындай ұлт қайраткерлерінің бейбіт күндегі ерліктері туралы әңгіме көп. Халық өзі сүйген перзентінің іс-әрекетін аңызға айналдырып, оны кейде ел тілегінің символына айналар ертегілік кейіпкерге айналдырып жіберетіні де бар. Сондықтан мұндай зерттеулерде нақты айғақтық деректерге, құжат мәліметтеріне сүйене отырып, шындық пен әсірелеудің ара-жігі ашылып, тарихи бағасы берілуі шарт.
Ж.А. Тәшеневтің өмірі мен қызметін арнайы зерттеу арқылы оның тұлғалық болмысы жан-жақты қамтылып, ұлтжандылық қасиеті кеңінен ашыла түспек. Қайраткердің кеңестік дәуірде қызмет жасаған уақыты өте қиын кезең болды. Ол соғыс алдындағы ашаршылық пен қуғын-сүргінді көрді, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып, тылдағы халықтың ауыр еңбегін бірге бөлісті, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі құйтырқы саясатқа қарсы тұрып, қаймықпай күресті, елім, жерім дегені үшін үкімет басшылығынан алынып, облысқа қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан әділетсіз жасалған тепіріштер аз болған жоқ. Бірақ мұның бір де бірі оны мұқата алмады. Қазақ халқының қайтпас қайсар ұлы алған бағытынан қайтпады, билікке иілмеді, мансапқа сатылмады, перзенттік адалдығын, азаматтық ірілігін сақтап қалды.
Авторлар Ж. Тәшенев тұлғасын ғылыми тұрғыдан зерттеудің алғашқы қадамын ғана жасады. Кеңестік қилы заманда жоғары басшылық қатарында болып, елі мен халқы үшін аянбай еңбек еткен тағдыры күрделі тарихи тұлғаның шынайы болмысын ашып, нақты тарихи бағасын беру бір зерттеумен бітпейтін іс. Алдағы уақытта бүгінгі игі бастама жалғасын тауып, тарихи тұлғаны жаңа қырынан танытатын толымды зерттеу еңбектердің жазылатындығына сенімдіміз.
Осы уақытқа дейін қазақ халқының осындай біртуар абзал азаматы жайлы арнайы зерттеу еңбектің жазылмай келгендігі ойланарлық жағдай. Тек ел тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ол жөнінде көзкөргендердің естеліктері мен газеттік шағын мақалалардан құралған бірнеше жинақ жарық көрді. Алайда олардың бәрі бірдей мұрағат деректеріне негізделмеген, ғылыми нақтылығы шамалы дүниелер еді. Сондықтан да авторлар тақырыптың зерттелу аясын кеңейтіп, қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты мұрағат деректерін тауып, оларды кезеңдік мерзімдерге қарай жүйелеп, олардың әрқайсысына жан-жақты талдау мақсатында жарық көрген осы еңбектерге жеке-жеке тоқталып, арнайы атап өтіпті.
ХХ ғасырдағы Қазақ елінің кеңестік қызыл империя құрамында болған уақытындағы тарихи оқиғаларға қатысты мәлімет беретін құжаттық деректер мұрағатта молынан сақталған және олар мазмұны жағынан сан алуан болып келеді. Мұнда кеңестік Қазақстанда басшылық қызмет атқарып, ел басқаруда ерен еңбек сіңірген қайраткер Жұмабек Ахметұлы Тәшеневке қатысты деректер де баршылық. Бірақ, соған қарамастан, кеңестік дәуірде және тәуелсіздіктен кейінгі уақыттарда осы деректерге негізделген толыққанды ғылыми зерттеу еңбектері жазылмай келді. Олай болуының өзіндік себептері де бар еді. Тоталитарлық әміршіл-әкімшіл жүйе басшылары өз айтқандарына көнбегендерді жоғары қызметтен шеттетіп, тұқыртып тастауға дайын тұрды. Олар туралы жазуға, айтуға, тіпті, атын атауға тиым салынды. Тек еліміз егемендікке қол жеткізген уақыттан кейін ғана ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері және қайраткердің өзімен бірге қызметтес болған замандастары ол туралы мақалалар, естеліктер жаза бастады. Осы орайда қазақ халқының: «Алтынды құм бүркей алмайды» деген көрегендікпен айтылған аталы сөздің астарлы сипаты осы қазақ қайраткерінің өмірі мен қызметіне қатысты айтылғандай еді. Бір кезде әділетсіздікпен қызметінен тайдырылып, саяси өктемдік көрсетіп, тұқыртқан империя басшыларының әрекетіне уақыт төреші болып, ер еңбегін елінің тануына мүмкіндік туғызды.
ХХ ғасырдың 30-жылдарының ортасынан 80-жылдардың ортасына дейін қоғамдық-саяси қызмет атқарған қайраткердің еңбегін саралауда отандық мұрағат қорларының маңызы айрықша. Бұл ретте мұрағаттар республикалық және облыстық деңгейде екендігін атай кеткеніміз жөн. 
Қайраткердің өмір жолы мен қызметіне қатысты мұрағат деректері бұрын жарық көрген мақалалар мен естеліктер жинақтарында пайдаланылмағанын ескеріп, авторлар өз зерттеуінде оларды мүмкіндігінше кеңінен қамтуға күш салғаны байқалады. Деректердің аса құндылығы мен маңыздылығына мән берген. Қайраткердің бұрын жарияланбаған сөйлеген сөздері мен құжаттардағы қолтаңбалары байқалады. Бұлар халық қалаулысы болған азаматтың еліне сіңірген ерен еңбектерін айқындар нақты айғақтар деп білуге болады. Оларды ғылыми айналымға ендіру зерттеу еңбектің тақырыбын ашып, құндылығын арттыра түсуге көмектесері сөзсіз. Еліне адал қызмет жасаған қоғам қайраткерінің өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік, азаматтық қасиеттері жайында замандас, үзеңгілес достары, аға тұтып, қамқорлығын көрген азаматтар осы күнде де сол бір қазақтың батыр ұлы туралы естен кетпейтін естеліктерін жариялауда. Олардың өзін мазмұн мағынасына қарай бірнеше топқа бөліп, тарихи дерек ретінде қарауға болады. Мысалы, қайраткермен бірге қызметтес достарының естеліктері; ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан уақытындағы әріптестерінің жазғандары; туыстарының жазған естеліктері; әр кезде түрлі жағдаймен алдына барып, оның жанашырлық қамқорлығын көрген азаматтардың естеліктері және т.б. бар.
Кітапта айтулы азаматтың болмысын жан-жақты ашып, қайраткерлік тұлғасын боямасыз шынайы көрсетуге септігі тиер дереккөздерін мүмкіндігінше молынан қамтып, оларды ғылыми зерде сүзгісінен өткізіп, сараптауға ерекше мән беріліпті. Түптеп келгенде зерттеу еңбекке қойылған талап та осы болатын. 
Кітап авторлары Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсенов Тәшенев тұлғасын кеңес заманындағыдай біржақты мақтап дәріптемеген. Отан тарихын зерделеудегі жаңа концептуалды көзқарасты негізге алғаны байқалады. 
Кітап авторлары Жұмабек Тәшеневті тек елі мен жерінің тұтастығын қорғаған, еш кемшілігі жоқ ертегідегідей батыр етіп суреттемеген. Ол социализм тұсында оқып білім алған, тәрбиеленген, социализм идеясына сенген және сол қоғамға адал қызмет еткен қайраткер болғанын әділ жазады.
Қайраткердің мінезіндегі кейбір кемшіліктерді (ұсынысын қабылдамаған сәтте қызуқандылықпен бетің бар жүзің бар демей айтып салып, ренжітуі, кейін артық кеткенін түсініп кешірім сұрауы (118 бет), кемшілігін төменнен сынғанда ауыр қабылдауын да ашып жазады.
Бұған кітаптың 77-ші бетін ашсақ тағы да көз жеткіземіз. «Әрине, жұмыс болған соң кемшіліксіз болмайды. XVI ғасырда өмір сүрген неміс ойшылы М. Лютер «Сүйегі жоқ балық болмайтыны сияқты, кемшілігі жоқ адам да болмайды» деген екен. Сондықтан, авторлар Ж. Тәшенев осы облысты мінсіз басқарды, ешқандай қателік, кемшілік болмады, тек қана табыстарға жетуден тұрды деуден аулақпыз. Облыстық, республикалық жиындарда бұл қайраткердің атына кемшіліктер, талай сындар да айтылды. Мәселен, 1955 жылы облыстық партия активі жиналысында коммунист П.Г. Коломойцевтің «Ж. Тәшенев кейде сынға төзбейді» деген пікірін Жұмабек Ахметұлы мойындаған» - деп көрсетеді. 
Республика Жоғарғы Кеңесі мен Үкіметін басқарған (1955-1961 жж.) уақытта Ж. Тәшенев республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қоса білді.
Авторлар Қазақстан мүддесін қорғауға сол кезде басшылық қызметте жүрген орыс ұлты өкілдерінің де түсіністікпен қарап қолдағанын да шынайы көрсете білген.
Мәселен, Тың өлкесінің бюджетін, басқа да мәселелерін Қазақстан басшылығы емес, тікелей Мәскеуде шешуге Ж.А. Тәшенев қарсылық көрсеткенде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бірінші орынбасары Григорий Андреевич Мельниктің оны қолдағанын авторлар әділдікпен жазған.
Ж.А. Тәшенев республиканың Жоғарғы Кеңесіне басшылық еткен тұста Мәскеуден Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер деген нұсқау келеді. Осы мәселе бойынша Ж.А. Тәшеневтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылады. 
Ж.А. Тәшенев төрағалық еткен комиссия Мәскеудің бұл ұсынысын мақұлдамайды. Комиссия мәселені қарастыра келе, «Бостандық ауданының жері мал өсіруге ыңғайлы, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қоры мол, қорғасын, көмір және машина жасау өндірістерінің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы. Сондықтан бұл ауданды Өзбекстанға беруді тиімсіз санаймыз» деген шешім шығарады. 
Комиссия шешімі 1955 жылдың 1 маусымында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Л.И. Брежневке жіберіледі. Абырой болғанда Л.И. Брежнев Ж.А. Тәшенев төрағалық еткен комиссияның қорытындысына қарсы келмейді. Қайта қолдау білдіріп, «Бостандық ауданы Өзбекстанға берілмесін» деген қаулы қабылдады (146-147 беттер). 
Бірақ республика басшыларының қарсылығына және аудан халқының 80 пайызы қазақтар екендігіне қарамастан, Н.С. Хрущев Бостандық ауданын Өзбекстанға зорлықпен бергізген. 
Одақтық үкіметтің авторитарлық-волюнтаристік қысымымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1956 жылғы 21 қаңтарда «Бостандық ауданы мен Бетпақдала жерінің бір бөлігін Қазақ КСР-нің құрамынан Өзбек КСР құрамына беру туралы» қаулы қабылдауға мәжбүр болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің екінші сессиясында Төралқа төрағасы Ж.А. Тәшенов Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы мен басқа қосымша жерлерді Өзбек КСР-іне беру туралы амалсыздан мәлімдеме жасады. Орталық Комитеттің тапсырмасымен танымал жазушы Сәбит Мұқанов та осы «оқиғаны» дәріптеген өлеңін оқиды (144-160 беттер). Авторлар шындықты бүркемелемей оқиғаның барысын шынайы баяндайды.
Еңбектің 184-бетінде Ж. Тәшеневтің ел игілігі жолында Мәскеуге жалтақтамай, барлық жауапкершілікті мойнына алып батыл қимылдайтын басшы болғаны көрсетіледі.
«1960 жылы қыстың қаттылығынан жем-шөп жетіспей, елімізде малдар қырыла бастайды. Үкімет тізгінін енді қолына алған Ж.А. Тәшенев бар жауапкершілікті өз мойнына алып, мемлекеттік бөлінбес қордағы астықты аудан, облыстарға таратып береді. 
Бұл сол кезде Мәскеудің рұқсатынсыз республика премьер министрінің бассыздық әрекеті саналатын. Жұттың беті қайтып, көктем шыға осы ісі үшін жауапқа тартпақ болып, үкімет басшысын Кремль көсемдері шақыртады. Ленинград тұрғындары аштан қырылып жатқанда, С.М. Киров «мемлекеттік бөлінбес қорды» жұмысшыларға карточкамен таратқан. Осы үшін оның басы кеткен. КСРО тарихында содан кейін «мемлекеттік бөлінбес қорды» таратқан Ж.А. Тәшенев қана. Министрлер Кеңесінің Президиум залына кірген бетте Хрущевтің қасында отырған бірінші орынбасары Ф.Р. Козлов: 
- Одақтық қордағы астықты неге таратасың, Тәшенев? Рұқсатты кім берді саған? - деп үстелді тоқпақтап, дүрсе қоя береді. Ж. Тәшенев те қайтпай мінберге жетіп барып, Қазақ КСР-і Одақтың ішіндегі өз құқығы бар ел екендігін, өз байлығын қалай жұмсауды сол елдің үкіметі шешетіндігін дәлелдеп тойтарыс береді». 
Кеңес елі басшысының сенімді көмекшілерінің біріне қарсы одақтас республика өкілінің мұндай сөз айтуының өзі ерлік болатын.
Осы оқиғаның куәсі болған Белоруссияның Мәскеудегі тұрақты өкілі Қазақ КСР-інің Мәскеудегі тұрақты өкілі И. Шәріповтің қолын алып тұрып: «Мынадай отты премьерді бұрын-соңды көрмеп едім. Өзі жас екен. Бұл жігіт не аспанға шығады, не көп ұзамай орнынан түседі»,-деген екен. Дәл осы күні «Мәскеу» қонақүйінде КСРО-ның құрамындағы одақтас республикалардың осындай қызметкерлері арасында осы жиынға қатысқан тағы біреуі: - «Кеңес өкіметі құрылғалы бірінші рет мынандай үлкен жиында өз республикасының дербестігін айтқан сөз естілді. Енді көп ұзамай КСРО тарайды!» - деп басқалардан сүйінші сұрағандай айтыпты (184-бетте).
Қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын аямай еңбек еткен Жұмабек Ахметұлын сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республикалардың басшылары, жоғары лауазымды қызметкерлерінің көпшілігі білетін, құрметтейтін. Ж. Тәшенев басқа да ұлт республикалары басшыларынан қолдау тауып, олардан жеделхаттар, хаттар алып тұрған.
КСРО басшысы Н.С. Хрущев «Тың өлкесін» Қазақстан құрамынан алып Ресей Федерациясына беру туралы ұсынысты республиканың басшы қызметкерлері негізінен қолдағанын айтып, осы мәселе туралы Ж. Тәшеневтен бұл туралы пікірін сұрайды.
Жұмабек Ахметұлы бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсы екенін батыл айтады.
Егер Қазақстан басшылығының, халқының қарсылығына қарамай қазақтың жерін бөлшектейтін болса ол халықаралық заңды мекемелерге дейін шағым беретінін мәлімдейді. 
Осындай табанды қарсылыққа кездескен Н. Хрущев Қазақстан басшылығы мен оның халқының пікірімен санасуға мәжбүр болып алғашқы ойынан қайтады. Бұл сталиндік зұлматтан кейін еңсесі түскен халықтың ұлттық рухын оятқан ерлік оқиға болды (186 бет).
Авторлар Ж. Тәшеневтің қызметінен қашан, қай жерде босатылғаны туралы нақты дерек береді. Ел арасында «Хрущев Тәшеневті Целиноградқа келген сапарында, жоқ Мәскеуде Кремльге шақыртып қызметінен алыпты» деген алыпқашпа сөздер кездесетін. 
Кітап авторлары мұрағат деректеріне сүйене отырып, Мәскеу басшылығы Ж. Тәшеневті қазақстандықтардың қолымен Алматы қаласында қызметінен босатқанын дәлелдейді. 
Тағы да кітапқа назар аударайық. «Осы орайда, анық жағдай қалай болғаны жөнінде мұрағат деректеріне назар аударсақ, Жұмабек Тәшеневті 1961 жылы қазақстандық Саяси бюрода қызметтен алу қалай жүзеге асырылды? Неге екені белгісіз, Жұмабек Ахметұлы өз қолымен толтырған іс қағазында Қазақ КСР Министрлер Кеңесіндегі қызметінің аяқталуын 1961 жылғы сәуір айы деп көрсетеді. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, бұл оқиға осы жылдың басында болған. Оған дәлел, 1961 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «жабық» бюро мәжілісі өтеді. Сөзіміз нақты болуы үшін бюроның мұрағатта сақталған «аса құпия» деген белгісі бар шешімін толық күйінде берейік:
«Бюро мәжілісіне қатысушылар: Қонаев, Слажнев, Юсупов, Соколов, Байғалиев, Мельник, Закарин, Жанділдин, Елагин, Соломенцев, Оңдасынов, Макаров, Невлюдов, Бектұрғанов, Козлов, Новиков, Асқаров, Ниязбеков, Бородин, Ілиясов, Бейсебаев, Журин, Тәшенев. 
01. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Ж.А. Тәшенев жолдас туралы.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Ж.А. Тәшенев өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмаған және жұмыс барысында ірі кемшіліктер мен қателіктер жіберген. Ж. Тәшенев жолдас республика шаруашылығын дамытудың перспективалық мәселелерін көтермеген, ағымдағы істерді баяу шешеді, министрліктердің, ведомстволардың және халық шаруашылығы кеңестерінің жұмысын үйлестіруі қанағаттанғысыз және Министрлер Кеңесі аппаратының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ете алмады. 
Қарамағындағы ұйымдар мен мекемелердің жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып және үкімет пен партияның қаулылары мен шешімдерін орындауды бақылаудың орнына Министрлер Кеңесі халық шаруашылығы кеңестері мен облыстық атқару комитеттері басшыларын Алматыға түрлі жиналыстарға жиі шақырып, уақыттарын зая кетіреді. Ж. Тәшенев жолдас кадрлар таңдауда, орналастыру және олармен қарым-қатынаста шынайылық пен принциптілік танытпайды. 
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Ж. Тәшенев жолдасқа қарамағындағы қызметкерлермен қатынаста менмендік, дөрекілік танытатынын, мақтаншақтық пен өзін басқалардан жоғары ұстау, мемлекет қаржысы есебінен жомарттық таныту сияқты жағымсыз қылықтарын бірнеше рет ескерткен болатын. Бірақ Ж. Тәшенев жолдас бұл жағымсыз қылықтарды түзетудің орнына оларды үдете түсті. 
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қаулы етеді:
1. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасы Ж.А. Тәшенев жұмысын атқара алмағандықтан, міндетінен босатылсын.
2. Қаулы КОКП Орталық Комитетінің бекітуіне ұсынылсын» (194-195 беттер). 
Кітаппен танысу барысында біз «Неге Хрущев Сталин заманындағыдай өзіне қарсы шыққан Ж. Тәшеневті қамауға алып немесе атып тастамады?. Ол қолынан келетін еді ғой!» сұраққа жауап іздедік. Бұған жауапты белгілі тарихшы ғалым Х.М. Әбжановтың пайымымен беріпті. «Адамның мінезі тағдырын анықтайды деген сөз бар. Деректерге, естеліктердегі мәліметтерге жүгінсек, Н.С. Хрущев пен Ж.А. Тәшеневтің мінездерінде көп ұқсастық бар екенін көреміз. Жер мәселесі көтерілгенше Кремль билеушісі мінезді, білімді қазақ басшысына қолдау көрсетті. Бірақ, еркіне жіберіп қойған жоқ. Қазақ басшыларын тұқыртып алуды ол 1954 жылы Ж. Шаяхметовке, Н. Оңдасыновқа қарсы қолданған еді. Осы жерде тағы бір сұрақ туады. Неге өзіне қарсы шыққан Ж. Тәшеневті республика басшылығындағы қызметінен алумен шектелді, неге біржолата тентіретіп жібермеді? Біздің ойымызша, мұның бірнеше себебі бар. Ең бастысы – жеке басқа табынуды сынаған Н.С. Хрущев саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқынын туғызуға жүрексінді. Халықаралық беделі мен сыртқы саясатына нұқсан келетінін ұқты. Бұған қоса, Қазақстанда ұлт мәселесін қоздырып алудан да сескенген болар. Қалай болғанда да, Ж. Тәшеневтей қайраткер тұлғаны амалсыздан облыс деңгейіндегі басшы мәртебесінде қалдыруды жөн көрді» (197 бет). Біздің ойымызша бұл келісуге болатын қисынды пайым.
Бұл еңбекте ұзақ жыл Қазақстанды басқарған Д.А. Қонаев пен Ж.А.Тәшеневтің арақатынасын шынайы бейнелеуге ұмтылғандары байқалады. Ж. Тәшенев 1955-1961 жылдары Д. Қонаевпен. Қатарлас, тізе қосып еңбек еткені белгілі. Авторларға сөз берсек:
«Қазақтың өткен ғасырдағы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев пен Жұмабек Ахметұлы Тәшенев сияқты екі ірі тұлғасының сыйласып, ынтымақтаса жұмыс жасауына тағдыр жазбады. Екі тұлғаның республика игілігі үшін жарасымды жұмыс істеуіне жеке бастарының пендешіліктерімен қатар, сол кездегі «күншіл қазақтардан» түсетін «домалақ арыздарды» Кремль билеушілері оларға қарсы шебер пайдаланды. Бір-біріне қарсы айдап салуға тырысты. Бұл отаршылдардың ертеден келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» әдісі болатын.
Өткен ғасырдың 50-60-жылдары жоғары басшылықта қатар еңбек еткен екі тарихи тұлғаның серіктерінің, қызметтес болған замандастарының естеліктеріне зерделеп қарасақ, Дінмұхаммед Қонаев пен Жұмабек Тәшеневтің жұмыс істеу, басқару стильдерінде елеулі айырмашылықтар байқалады. Дінмұхаммед Қонаев сыпайы, сабырлы, барлық істі асықпай байыптап шешуге ұмтылатыны көрініп тұрады. Ал Жұмабек Ахметұлы мінезі тік, бірбеткей, шапшаң, қызбалау, өзіне қатысты мәселені кейінге қалдырмай, сол уақытында шешуге ұмтылатын. Әскер қатарында болмаса да, бұл жағынан әскери тәртіпке дағдыланған адамға ұқсайтын.
Жұмабек Тәшенев қарбалас жұмыс кезінде ісінің тындырылымдығымен, жұмыс көзін таба білетіндігімен, айналасындағылармен адал қарым-қатынас орната алатындығымен ерекшеленді. Табиғи алғырлығы мен парасаттылығы арқасында қызметтестері арасында оқ бойы озық жүрді. Қандай жұмыс тапсырса да, ұршықша үйірді. «Өткір кездік қын түбінде жатпайды» дегендей, оның іскерлігі мен біліктілігі басшылар тарапынан бағаланып отырды. Бірақ Жұмабек Ахметұлы шенділердің алдында бас изеуден аулақ болды (277 бет).
Екі тұлғаның жанында жүрген замандастарының естеліктерін және басқа деректерді саралай келе авторлар екі қайраткердің арасында «салқындық болған» деген тұжырым жасайды. Ұзақ жыл, түрлі сатылардан, қиындықтардан өтіп билік басына келген соң биліктен кеткісі келмейтіні жұмыр басты пендеге тән қасиет қой. Екі тұлға да республиканың бірінші басшысы болуды қалағаны анық. Саясаттану ғылымы тұлғалар арасында билік үшін бәсекелестік болатынын заңдылық деп түсіндіреді. Бірақ екеуі де бір-біріне өкпелері болғанымен бірін бірі ғайбаттамады, бет жыртыспады, Мәскеуге бірінің үстінен бірі арыз жазып шағымданбады. Екеуі де тектілік, зиялылық танытты. Сабырлылықпен, мәдениетті түрде бір-бірін түсінуге ұмтылған. Бұл кітаптан екі тұлғаның арақатынасы туралы осындай ой түюге болады.
Танымал тұлға туралы мінсіз, еш қатесіз кітап жазу өте қиын іс. Тұлғаға қатысты барлық деректерді бір қолға жинап алып зерделеу мүмкін емес. Авторлар кітаптың қорытындысында былай деп әділін көрсетеді:
«Қазақтың асыл азаматы туралы алдағы уақытта ғалымдар тарапынан терең зерттеуді қажет ететін мәселелер баршылық. Мысалы, қаржының тапшылығына байланысты біз тақырыпқа қатысты Мәскеу мұрағаттарындағы құжаттарға (соның ішінде, әлі де құпиялық мерзімнің толық аяқталмауы да бар) қол жеткізе алмадық. Сондықтан оқырман қауымға бұл еңбекті «тәшеневтану» саласындағы алғашқы еңбектердің бірі ретінде ұсынамыз» (288 бет).
Шынында да Ж. Тәшеневтің республика басшылығындағы қызметінде кейбір білім, ғылым, мәдениет саласындағы оқиғаларға, оған қатысқан адамдарға қатысты берген бағасына, іс-әрекетіне қатысты мәселелерді анықтай түсу қажеттілігі байқалады.
Авторлар Ж. Тәшеновтің КСРО басшылығымен тайталаса жүріп, қазақ жері мен халқы үшін жасаған еңбегіне қазақ халқы оған мәңгілік қарыздар. Басқа ерліктерін былай қойғанда, егер сол кезде 5 облыс Ресей Федерациясына өтіп кеткенде, Қазақстан кемінде өз жерінің 1/5 айрылар еді. Болашақта тәуелсіз еліміздің бас қаласы болатын Целиноград қаласы жат қолында қалар еді. Міне, сондықтан халық жүрегінде сақталған абзал жанның жарқын бейнесін, есімін, ерлігін жаңғыртып отыру-бүгінгі ұрпақтың парызы деп түйіндейді.
Авторлардың кітапты жазуда таза ғылыми стильге бой ұрмай қалың оқырман да қызығып оқитындай етіп жазуға ұмтылғандары байқалады.
Ия, тарихты тұлғалар жасайды. Тұлғасыз тарих болмайды деген белгілі шындық бар. Біз де қос автордың бұл ұжымдық еңбегі отандық тұлғатану саласына қосылған бір зерделі еңбек деп қабылдаймыз.

 

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми 
қызметкері, тарих ғылымдарының 
докторы, профессор З.О. Дүкенбаева

 
0
1052
0