Діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету мемлекеттік бағдарламасы

5503
0
0
0

Саясаттанушы Руслан Жанғазы мемлекеттік бағдарламаға ұсыныс енгізді

Руслан ЖАНҒАЗЫ

саясаттанушы

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауы аясында берген тапсырмасына сәйкес, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан 2013 – 2017 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл құжаттың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы айрықша екені айтпасы да анық. Сондықтан да оның мазмұнында келесі қағидалар орын алса деген ұсыныс бар.

Біріншіден, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету кезінде мемлекеттік органдардың нақты міндеттері мен орнын анықтау.

Қауіпсіздік Кеңесі – діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ететін мемлекеттік органдардың жұмысына жалпы басшылық ету, бақылау және сараптамалық ақпаратты әзірлеп, оны Елбасына ұсыну.

Бас Прокуратура – діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ететін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру және заңдылығын қадағалау.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті және «Сырбар» қызметі – оперативті іздестіру және барлау әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету.

Дін істері агенттігі – ақпараттық және түсіндіру сипатындағы алдын алу шараларын жүзеге асыру арқылы діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету.

Ішкі істер министрлігі – діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету кезінде анықталған заң бұзған жеке тұлғалар мен топтарды қарусыздандыру, ұстау және қамауға алу.

Қорғаныс министрлігі – діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету кезінде заңсыз қаруланған ірі топтарды жою үшін ауыр әскери техника және қару қолдануды талап ететін жағдайда ведомство аралық арнаулы күштер әскерлеріне басшылық ететін оперативті штаб жұмысын ұйымдастыру.

Екіншіден, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету кезінде азаматтық қоғам институтарын кеңінен тарту.

Тек қана саяси партиялар және осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдармен шектелмей, идеологиялық қарсы тұру іс-шараларына дәстүрлі діни бірлестіктерді, ең алдымен, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы және Қазақстандағы православие шіркеуін белсенді тарту. Діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету жұмысы мемлекет пен азаматтық қоғамның теке-тіресіне айналып кетпеуі қажет. Осы сипаттағы жұмыстардың арнайы дайындықты талап ететінін есекере, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету кезінде жастар ұйымдарын тартуды орынсыз деп санаймын.

Үшіншіден, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету аясында ғибадатханалар мен өзге де құлшылық жасау орындардың діни ахуалға әсері жөніндегі классификациясын әзірлеу.

Ұсынылатын нұсқасы:

- діни ахуалы қанағаттанарлық ғибадатхана;

- діни ахуалы шара қолдануды талап ететін ғибадатхана;

- ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін ғибадатхана.

Төртіншіден, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету аясында басты екпін діни ағартушылық, идеологиялық қарсы тұру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жұыстарына түсіру.

Бұл бағытты жүзеге асыруда:

- азаматтарымыздың мемлекетшілдік және отаншылдық санасын дамыту;

- Қазақтың дәстүрлі және мәдени құндылықтарын белсенді жарнамалау және ұлттық идентификацияны жоғарылатуды қолдау;

- Әбу Ханифа іліміне сәйкес келетін исламның қағидаларын уағыздауды мықтап қолға алу керек.

Бесіншіден, діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет етуді жүйелі және ғылыми негізде жүргізу.

Осы орайда келесі жұмыс бағыттары өзекті:

- дінтанушы, саясаттанушы, тарихшы, әлеуметтанушы және өзге де ғалымдарды тарту арқылы Қазақстандағы исламның дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеу жөнінде іргелі ғылыми зерттеу ұлттық жобасын жүзеге асыру;

- Діни экстремизм және терроризмді зерттеу жөнінде Еуразиялық болжамдау-сараптау орталығын құру;

- Солтүстік Кавказ, Татарстан, Ауғанстан және Шыңжан ұйғыр автономиялық аудандағы діни және террорлық ахуалды мониторингілеу жүйесін ұйымдастыру.

Ұсынылған іс-шаралар Діни экстремизм және терроризмге қарсы әрекет ету мемлекеттік бағдарламасын мазмұндық жағынан байытып, оның жүзеге асыру механизмін одан әрі жетілдіре түседі деген ойдамын.

   

Оцените пост

0

Комментарии

Чтобы написать комментарий нужно войти в систему