Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
05:47, 04 февраля 2013

7+4=?

Ол туралы БАҚ беттерінде аз жазылатын. Ұзақ жыл шенеунік болғанмен, қоғамда дүрбелең туғызатын пікірлер мен бастамалардан бойын аулақ ұстайтын. "Сен тимесең, мен тиме бадырақ көз" деп, өзіне жүктелген жұмысты ғана орындап, бар медеті жылы орнымды ешкім тартып алмай, ел қатарлы жүрсем болды деп тілеу. Шенеунік көкемнің сол тілегі қабыл болды ма білмеймін, қаншама ауыс-түйістер болса да, оны "жау алмайтын" болды. Қызметін де қатырып жатқаны шамалы. Шенеунік деген аты болмаса, барлық істі есеп-қисапқа түгел орынбасары атқарып келеді. Кейде өзінен бұрын сол орынбасары пәле-жаладан аулақ болсын деп жалбарынатыны бар. Әлгіде орынбасары бір ай кезекті демалысына кеткенде бір апта толмай жатып қайта шақырып алғаны да сондықтан.Blog post image

Сол көкеміз туралы жақында abai.kz сайтына кішігірім ақпарат шығыпты. Ол алдында компьютер қосылып тұрғанмен, интернетті жарытып пайдалана білмейді. Орынбасары "сіз туралы ақпар шығыпты" деп, сілтемесін ашып берген соң ғана екі қайтара оқып шықты. Пәлендей ештеңе айтылмапты, жақында бір Жолдауға байланысты өткізген шараға қатысты шағын хабар берілген. Бірақ, астындағы пікірлерді көргенде, тізесі дірілдеп, қалтырап қоя берді. "Қонақ" деген біреу жетер жеріне жеткізіп жамандапты, "Жаушы" деген оқырман пәлен жерден түгенше ақша жымқырды деп жазғырыпты. Сол сияқты оқырман пікірлері жетіп артылады. Тіпті, біреуі өзі туралы жазылған ақпарат көлемінен екі есе қылып өсек жазыпты. Өз көзіне өзі сенбей, әлгі жабылған жалаларды қалай өшірем деген ойға барды. Орынбасарынан сұрап еді, ол "мүмкін емес" деді. Құранның сөзін құрметтемесе де, орынбасарына құдайдай сенетін. Көкеміз ары ойланып, бері ойланып, өзі туралы жағымды пікір жазуға оқталды. Бұрын-соңды мемлекеттік газет беттеріндегі мақалаларды орынбасары жазып беретін. Бірақ, мақала соңында міндетті түрде осы кісінің аты тұрады. Құжаттарға қол қойып жүретіні болмаса, қалам алып, мақала түгіл дайын мақалдың өзін қағазға түсірмегеніне пәленбай жыл өтіп кеткен. Пікірді де орынбасарына жаздырып алғысы келді де, сәл ойланып, мұнысы ыңғайсыздау болар деген шешімге келді. Асықпай компьютерді тарсылдатып жаза бастады.
"Сіздердің айтып отырғандарыңыздың барлығы өтірік. Бұл кісіні мен жақсы білетін адаммын. Ешкімнің ала жібін аттаған емес" деді де, тақырып деген жерге "Сәрсенбек" деген ат қойды. Енді жазылған пікірді жіберейін десе, астында 7+4= деген есепті көрді. Әрі ойланды, бері ойланды, шеше алмады. Миллиондарды қалтаға басып, өз есебіне келгенде алдына жан салмайтын көкеміз жинақты сан есімдерге келгенде шешуден жаңылып отыр. Орынбасарынан сұрайын деп еді, тағы да ұяты жібермеді. Ең болмаса алдындағы компьютері мен қолындағы ұялы телефонында калькулятор барынан да бейхабар. Есепті шеше алмады. Екі рет жауап беріп еді, пікір қабылданбады. Ақыры болмаған соң, сайтты жауып шығып кетті. Жазықсыз жабылған жалалардан өзін-өзі ақтай алмады....

0
913
0