«Қаланың кішкене бір бөлігін бақытты қылып жүргенімізге ризамыз»

Алия 2013 M02 3
2846
1
7
0

«Екпіннің» бүгінгі кейіпкерлері өмірлік жолын жеті жасында-ақ таңдай білген. Неліктен көпше түрде айтып отырмыз? Өйткені олар әлемнің заманауи өнер алаңында Қазақстанды абыройлы таныстырып жүрген апал

«Әр адамның бұл өмірде өз орны бар». Бұл сөздің шынайылығы көптеген теориялардан белгілі. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабындағы «Неге арналсаң, соны істе» деген бөлімнен, айналамыздағы өмірлік практикадан да кездестіре аламыз. Бізді қызықтыратыны, әрине, шынайы өмірден алынған мысалдар, қасымызда жүрген адамдар тағдыры.

«Екпіннің» бүгінгі кейіпкерлері өмірлік жолын жеті жасында-ақ таңдай білген. Неліктен көпше түрде айтып отырмыз? Өйткені олар әлемнің заманауи өнер алаңында Қазақстанды абыройлы таныстырып жүрген апалы-сіңілі Гүлмира және Гүлнәр Ғаббасовалар.

«Gabbassov Sisters Company» битеатрындағы балет сыныбынан естіліп жатқан классикалық музыканың фонында біз олардың Семей «Пионерлер үйіндегі» би үйірмесінен жеке битеатрларын ашқанға дейінгі өнер жолы мен өздерінің модерн, контемпорари стиліндегі ерекше қойылымдары туралы әңгімелеріне қанық болдық. Әңгіме барысында олардың өнерге деген өзіндік көзқарасы мен оған жанымен берілгендері анық сезіліп тұрды.


— Сәлеметсіздер ме! Алдымен әңгімемізді туған жерлеріңізден, отбасыларыңыздан, балалық шақтарыңыздан бастасақ?

— Біз 1968 жылы Семейдегі қарапайым отбасында дүниеге келдік. Анамыз — тігінші, әкеміз — зауытта жұмыс істеді. Он жасымызда Алматыдағы хореографиялық училищеге қабылдау сайысынан өтіп, сондағы сегіз жылдық оқуға түстік. Базалық білімімізді алып, «Ансамбль артистері» деген квалификация бойынша оқуды тәмамдадық. Содан соң «Қазақконцертте» балетмейстер Заурбек Райбаев құрған «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің құрамында біршама жұмыс істедік. Ал жоғарғы білімімізді Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында, Болат Аюхановтың шеберлік мектебінде тәмамдадық. Кейін көп жылдар бойы соның би ансамблінде жұмыс істедік. Стажировкамызды Германия, Дрездендегі «Палукка Шуле» жоғарғы хореография мектебінде өттік.

Бұдан басқа тағы да көптеген мастер класстарды басқа да хорегорафтардан алып отырдық. Француз, канадтық, неміс, австриялық, ағылшын, түрік, т.б. Сол жылдары «темір тор» құлап, шет елдерден белсенді түрде шеберлік сыныптары әкеліне бастады, біз оның бірін де қалдырмауға тырысатынбыз. Өйткені ол заманауи, «басқаша» хореография болатын. Біздің қазірде билеп жүргеніміз сол шеберлік сыныптарынан алған үлкен тәжірибенің, әсердің нәтижесі десек болады.

— Жалпы биге, өнерге деген махаббат неден басталды? Мүмкін ата-аналарыңыздан дарыған болар?

— Біреуі тігінші, біреуі қаңылтыршы болса ма (күліп)? Жоқ, олардан мүмкін көбінесе мейірімділік, өмірге деген позитивті көзқарас дарыған шығар. Анамыз бізді әр түрлі үйірмелерге беретін. Қуыршақ театры, вокал, гимнастика. Бірақ соңында біз жеті жасымызда би үйірмесінде қалдық. Сол кездердің өзінде біз үйде түрлі би қойылымдарын, декорация, реквизиттер, толыққанды сюжеті бар спектакльдер жасайтынбыз. Солай биге деген сүйіспеншілік кішкентайымыздан көрінді. Ең бастысы, анамыз оны байқап, бидің мамандығымызға айналуына тосқауыл қоймай, керісінше қолдау көрсетті.

— Сол жылдары қандай бишілерді үлгі тұттыңыздар?

— Ол жылдары, әрине, қазіргідей ақпараттық кеңістік болған жоқ. Алматыдағы хореграфиялық училищеде халықаралық балет байқауынан түсірілген деректі фильмдерді көрсететін. Сол фильмдерден біз Мәскеудегі «Үлкен театрда» жұлдыздардың қалай билейтінін, вариациялар мен па-де-делерді көріп тамсанатынбыз.

Газет-журналдардан фотографиялар, мақалаларды қиып алып, альбом жасайтынбыз. Әрине, көпшілігіне сол кездері Екатерина Максимова, Галина Уланова, Плисецкая, Васильев, жаңадан жұлдыз болып келе жатқан Ананиашвили, Марис Лиепа, Андрис Лиепалар ұнайтын.

— Балалық шақта, тіпті кейде есейген кезде өз жолыңды тауып, сонымен жүріп кету оңай бола бермейді. Саналы түрде өздеріңіз үшін «би біздің өміріміз» деп қай шақта дәл шештіңіздер?

— Иә, дұрыс айтасыз, он жаста анамыз үйірмеге бергенімен, оны біз әлі мамандық деп қабылдамадық. Бірақ сол кездің өзінде бидің бізге ұнайтынын айқын түсіндік. Мектепте шоу, жаңа жылдық бағдарламалар, күзгі бал, т.б. түрлі концерттер қоятынбыз. Сценарийін жазып, режиссурасымен айналысып, музыканың компиляциясын жасап, сол кездің өзінде кәсіби тұрғыдан айналысатынбыз. Сонда одан басқа да мамандыққа баруымызға болатынын ойламаппыз да. Соншалықты биді сүйгендігіміз. Әрине, ең алдымен, анамызға алғыс. Өйткені ол кісі бізді неге баулу керектігін дәлме-дәл, 100 % нақты тапқан. Біздің физикалық потенциалымыз, энергиямыз дұрыс жолға қойылып, шығармашылық қабілетіміз одан сайын дами түсті. Сондықтан ондай шешім өзімен-өзі заңды түрде қабылданды.

— Ал классикалық биші бола тұра, заманауи биге қалай келдіңіздер?

— Алдымен біздің бағытымыз классикадан бұрын, халықтық би ансамбліне жақынырақ. Басында 1986-1994 ж.ж. арасында халықтық би ансамблінде биледік. 1994 жылдан бастап Болат Ғазизұлы Аюхановқа келгеннен соң қайта пуантыға тұру керек болды. Иә, сол кездері біз көбінесе классика биледік: «Шопениана», «Аққулы көл», «Кармен», болеро, сыған билері, т.б.

Бірақ дұрыс айтасыз, басында барлық бишілер классикадан үйренеді. Ол жақсы негіз. Сонау 1994 не 1995 жылдары біз неміс театрына барып, олардың маусымашарында концерттік нөмірмен қатысқан болатынбыз. Сол жерде жас әртістермен, режиссерлермен таныстық. Олар бізге еуропалық «танцтеатр» жанрындағы заманауи би-қойылымын видеодан көрсеткен болатын. Пина Бауш, Иоанн Крезник сияқты бишілердің хореографиясы бізді өте таң қалдырды. Дене пластикасының мүмкіншіліктері, оның түп негізі классикадан шығып жатқандығы, сценографияның, яғни сахнадағы үстел, орындықтардың қолданылуы, хорегорафияға дауысты қоса білуі: күлу, жылау, кейбір диалогтар, сөздер, актерлік шеберліктің көрінуі — осының бәрі «танцтеатр», яғни битеатры деп аталады. Сол кезден бастап дәл осы жанр бізді қатты қызықтырды. Сондықтан режиссердің жұмысы қалай жүретінін, актердің ойыны қалай болу керектігін — бәрін білу үшін біз сол жаққа актрисалар ретінде жұмысқа тұрдық. Неміс театрында шамамен жеті жылдай жұмыс істедік. Ол балеттегі билеуімізбен параллельді түрде жүріп отырды.
Кейін актер жұмысын игеріп алған соң бізге модерн, контемпорари бағытында билеудегі пластика жүйесін, қимыл-қозғалысты үйрену керек болды. Міне, дәл сол кездері алдында айтып кеткен әлемдік шеберлік сыныптары әкеліне бастады. Әрине, басында құлап, тіземізді көгертіп жүрдік. Өйткені тұрып билеу, сосын баяу еденге өтудің техникалық жағын үйрену, түсіну бірден келген жоқ. Бірақ бірте-бірте оны да игеріп, әр сыныптан өзімізге керек дүниелерді жинап, енді өз идеяларымыз арқылы оны көрсете бастадық.

— Ал өз битеатрларыңызды ашу идеясы қалай келді?

— Алдымен көптеген балетмейстерлерді көріп жүріп, «ал мен былай жасаушы едім, мына жерде балетмейстер жұмысы аса қызық емес, оны қызығырақ көрсетуге болар еді, ал мына жерде керісінше балетмейстер жұмысы керемет, музыкалық әрлеуі күшті, денемен ән салып тұрғандай» деп режиссерлік қою жұмысын түсіне бастадық.
Болат Аюханов театрынан кеткеннен кейін біз «ана құрсауынан шығып», өз театрымызды ашуымыз керекпіз деп шештік. Аюханов бізді гүл сияқты баптап, суарып, өсіріп шықты. Бізге труппа беріп, онда қойылым қоюға мүмкіндік берді. Және де біз сонда көптеген қойылымдарды қойдық. Дәл сол труппаға да үлкен алғыс. Өйткені осы әртістердің көмегімен біздің «Ғаббасовалар» деген атымыз, брендіміз пайда болды. Сол себепті бізге ары қарай даму үшін жеке кету керек болды.

Қойылымдардан кейін адамдар келіп, сіздердің қойылымдарыңызды қайдан көруге болады, сіздердің техникаларыңызға қай жерде үйренсе болады деп жиі сұрайтын. Оған дейін біз қойылымдарымызды шет елде қойып жүрдік те, жылына бір рет ғана, әдетте көктемде өтетін «Орталық Азияның заманауи би фестивалінде», осында қоятынбыз. Содан қойылымдарымызды көрсететін арнайы орын қажет, кез келген үйренгісі келетін адам келіп, осы техникамен айналысып көре алуы керек деген ой келді. Солай осы битеатры ашылды.


— Жаңа іс бастағанда қандай қиындықтар болды?

— Қиындықтар қазір де бар. Мәселен, барлық әртістер, шығармашылық адамдар болған соң бала сияқты. Олар тек сол шығармашылық өнімді береді. Ал әкімшілік, ұйымдастырушылық, бизнес жұмыстармен айналысатын жеке адам керек. Сондықтан осы жағынан қиынырақ. Біз енді осы ғимаратты тауып, жалға алдық. Кездесетін қиындықтар жалға төлеу сияқты қаржылық мәселелер шығар. Алайда біз оған еш шағымданбаймыз. Өйткені, ең бастысы, біз сүйікті ісімізбен айналысып жүрміз.
Бізге келетін адамдармен де достасып кетеміз. Ол жай ғана достық қарым-қатынас емес, шынайы түрде біз оларға ашыламыз, бар білгенімізбен бөлісеміз. Олар да сол шынайылықты сезініп, үйренуге деген құштарлығы ашыла түседі. Өте мұқият түрде үйретуші мұғалімдерді таңдап алып, жалпы базасы жоқ, дайындалмай келген адамдарға оңай әрі эффектілі түрде би үйрететін методика құрдық. Сондықтан бізге келетін адамдар соның нәтижесін көріп-ақ, бір нәрсе жасай алатындығына қуанып, битеатрында биге үйреніп қана қоймай, бақытты болып кетеді.

Бізге 100 адамдай келсе, сол 100 адам бізден алатын қуаныш зарядын қалаға алып кетіп, ары қарай тарата бастайды. Сонда біз қаланың кішкене бір бөлігін бақытты қылып жүргенімізге риза боламыз (күліп). Бастысы, қойылымдарымызды көрсететін орын бар, күндіз де, түнде де дайындық жасағымыз келсе, өз қолымызда. Ай сайын жаңа бір жобаның премьерасы өтеді. Би қойылымы болсын, драмалық немесе перформанс, түрлі тақырыптық кештер.


— Ал өздеріңіз сахналаған алғашқы туындыларыңыз жайлы айтып берсеңіздер?

— Ең алғашқы кәсіби қойылымдарды емтихандарда қойдық. Әр емтихан кезінде 14 жаңа туынды ойлап табу керек болатын. Өйткені 7 спецдисциплинаға екі қойылымнан қою керек болды. Ал дипломдық жұмыстарымыз: Гүлнәр Бах музыкасына жазылған «Блуждающие в темноте» атты қойылым, мен болсам, Қуат Шілдебаев пен Батырхан Шүкеновтың импровизациясына жазылған «Геометрия чувств» атты қойылым қойдым. Осы қойылымдар біздің ең алғашқы кәсіби қойылымдарымыз болған шығар. Сол арқылы біз өзімізді әріптестер арасында таныттық.

— Ал қойылымдарыңызда сіздер үшін не маңызды: белгілі бір тақырып көтеру ме, әлде көрермендерге бір сезім, эмоция сыйлау ма?

— Ол әрқашан әрқалай көрінеді. Негізінде әрқашан өзімізге көрерменге не жеткізгіміз келеді, не жайында әңгіме құрғымыз келеді деп сұрақ қоямыз. Содан қойылымдар туады. Кейде ол бірте-бірте асықпай толғатып туса, кейде кенеттен шыға келеді. Мысалы, «Палукка Шуледе» оқып жүрген кезде, одан соң Еуропа бойынша турнеге кетіп қалғанда, біз Отанымызды қатты сағындық. Ностальгия, сағыныш кезеңі болды. Жерімізді, қаламызды, адамдарды, табиғатты, қазақ музыкасын, тіпті тамағына дейін бәрін сағындық.

Ұлтымыз татар болғанымен, біз өзімізді қазақстандық санап, Отанымыз осында деп есептейміз. Содан Отанға оралғаннан кейін, бір аптаның ішінде қойылым дайындап, бір аптадан кейін оны осында фестивальде қойдық. Оның атауын білмесек те, ішкі мазмұны қандай болатынын айқын түсіндік. Онда дәстүрлерден бастап, кіндік кесу, баланың дүниеге келуі, үйге қайтып келердегі ақ жол, қазаққа тән жануарлар бейнесі, жылқы, бүркіт, т.б. бар. Бұл қойылымды Гүлнәр екеуіміз бірге қоямыз. Ол Отан-Ана, Жер-Ана образын көрсетсе, мен тамырынан, Отанынан айырылған эмансипацияланған әйелдің суық образын көрсетемін. Белгілі хорегорафиялық негіз бар. Алайда арасында физикалық театр да, ондағы импровизация да бар.
Сонымен қатар бізде түгелімен хореографиядан тұратын қойылымдар да бар, мысалы, «Собаки женского пола».




— Ал қазірде репертуарларыңызда қанша қойылым бар?

— 20-дан астам. Алайда оның бәрін біз осы жерде қоя бермейміз. Өйткені кей қойылымдар үшін өзіміз біраз қартайдық, жаңа кейіпкерлер керек, кей қойылымдарға залымыз кішкентай, арнайы декорациялар керек.

Біздің бұл битеатрымыз көбінесе камерлы театр. Яғни көрермен сахнаға өте жақын, қол созымдай жерде отырады. Сондықтан арнайы бұл зал үшін Пастернак сөздері кездесетін «Капля счастья» сынды арнайы қойылымдар қойылған. Яғни мұнда біз тек қатып қалған сахнаны ғана емес, бар мүмкіндігімізше, орындық, үстел, есіктер, терезелі орындарды қолданамыз.

битеатрындағы сахна

— Ал жаңа қойылымдардың бірі «Нарқыз» не жайында?

— Бұл жаңа қойылым. Нұрпейіс Байғаниннің эпосы желісімен жазылған. Бізге оны ұсынған — Нұрпейіс ағаның немересі Ерболат Байғанин. Өзі келіп, бізге кітабын ұсынып, қойылымды қалай көретінін айтып берді. «Нарқыз» деген жалпы түркі қызының жинақталған образы.

Ерболаттың атасы Татарстан, Башқұртстан, Қырғызстан секілді бүкіл түркі тілдес елдерді аралап жүріп жазған екен. Бұл жинақтама образда біз түркі қызының дана, мықты, көрікті әрі ішкі қуатты күші бар екендігін көрсеттік. Мұнда ұйғыр, өзбек, татар, әзірбайжан, түрік, қазақ музыкалары бірдей қолданылады. Жалпы қойылымды қоюдың өзі қызық процесс болды. Оған бір жылдай толғанып, дайындалдық.
Басында қойылымды жанды музыкамен сүймелдегіміз келді. Алайда келіспеушіліктердің, уақыт тығыздығының әсерінен ол ойымыз жүзеге аспады. Жалпы қойылымды Гүлнәр мен біздің осы битеатрында сабақ алған әуесқой труппамыз қояды. Актерлер көрермендер арасында отырып, осы эпосты өздерінше оқыған болып, соны бір-біріне жеткізіп жатады. Ал ол кезде оның көрінісі сахнада пластикалық би бейнесінде көрсетіліп жатады.

— Әуесқой труппа дедіңіздер, онда қанша адам бар және труппаға кез келген адам келіп қосыла алады ма?

— Труппада қазір 11 адам бар. Әрдайым оның үстіне адамдар қосылып тұрады. Труппамызда адамдар түрлі мамандық иелері, олардың белгілі бір базалары жоқ. Бізге кез келген адам өзін байқап көре алады. Егер ол қалып бара жатса, біз оның коллективке еніп кетуіне бар жағдай жасаймыз. Әр жаттығу күні әр қилы өтеді. Кейде бүкіл жаттығу тек тренингтен, хореографиялық лексика үйрену дәрісінен тұруы мүмкін. Ал кейде белгілі бір жағдайды көрсету үшін, импровизацияны үйрену үшін жұмыс істеуіміз мүмкін. Кейде мәтінмен жұмыс істейміз, сөз сөйлеу, т.б. Бір сөзбен айтқанда адамның ішкі потенциалын барынша шығарамыз. Оған бағыт көрсетеміз. «Міне, мынаны жасаңдар» деп қарап отырмаймыз, «мынаны былай жасау керек, ішкі энергияны мына жақтан алу керек» деп бағдар ұсынамыз. Осылай бірте-бірте біріге жұмыс істеп, жаңа бір туынды шығарамыз.

— Сіздердің битеатрларыңызда жаттығу қанша тұрады?

— Өзін-өзі байқап көру үшін сынақ жаттығу кез келген би түріне 1000 теңге тұрады. Және де би түрлері өте көп: әуесқой балет, стрип-пластика, халық билері, шығыс биі, йога, әлеуметтік би, балалар топтары жеке алдына бір әлем. Жас мөлшеріне аса мән қоймаймыз. Мысалы, труппаға 15 жастан ары қарай ала береміз.

— Ал осы әуесқой труппамен гастрольге барып көрдіңіздер ме?

— Жоқ, ондай тәжірибені әлі жасап көрмеппіз. Гастрольге шығу деген бәрібір де қиын. Кәсіби труппаның өзімен сыртқа шығу деген оңай шаруа емес. Қымбат. Бізде демеушілер де жоқ. Сосын біз коммерциялық жоба емеспіз ғой, біз шоу-бағдарлама көрсетпейміз.

— Ал осыған дейін мүмкін демеушілер тарапынан түрлі ұсыныстар болған шығар?

— Демеушілер өздері іздеп келуші ме еді? Меценаттар бізде өкінішке орай жоқ. Тек сол қойылым дайындағанымыз үшін Ерболат Байғанин ноутбук сыйлады.

— Ал сіздерге келетін көрермендер қандай? Олар қандай баға беріп жатады және де қойылымдарыңызға алғаш келетін көрермендерге қандай кеңес айта аласыздар?

— Көрермендер жалпы әр түрлі болады. Жас жағынан, әлеуметтік статусы жағынан, өнер түсінуі жағынан. Әрине, көрерменнің көбісі би, хореография дегенде оны элитарлы өнермен, балетпен байланыстырып жатады. Алайда бізде балет емес, біздікі спектакльдер, би спектакльдері. Оны әркім әрқалай түсініп жатады.
Көрермен ашық болып келген кезде, ол қойылымның мәнін өзінің оқыған, білімінің деңгейінде өмірінен сәйкесстік іздеп түсініп, жай ғана ләззат алып тамашалап отырады. Ал егер бірден мына жерін түсіндім, мына жерін түсінбедім деп отырса, ойы шатасып, мүлде ештеңе түсінбей кетеді. Сондықтан бізге келерден бұрын көрерменге ютубтан контемпорари, модерн техникасының жалпы болмысын көріп алу керек шығар. Жалпы әлемде бұл салада не болып жатқандығын іздеп көрсін. Сосын ВКонтактедағы паблигімізден біз туралы мол ақпарат таба алады.

— Ал өздеріңіз не оқисыздар? Сүйікті кітаптарыңыз бар ма?

— Қазір шыны керек, кітап оқуға уақыт жоқ. Ал жалпы, барлық адамдардікі сияқты-ақ: Коэльо, Мураками, Вербер шығар.

— Ал кәсіби тұрғыдан, жас бишілерге қандай кітаптар ұсынар едіңіздер?

— Би техникасы жайлы жақсы кітаптар көбінесе шет тілдерінде шығады. Және де жақсы билеу техникасын кітаптан оқып білу мүмкін емес, ол істе көрінеді. Грэхэм айтқан екен: «Педагог би өнерін қолма-қол үйрету керек» деп, яғни бұл істе жанды байланыс керек. Оқу арқылы биді үйрене алмайсың.

— Кинодағы тәжірибелеріңіз жайлы айтып берсеңіздер?

— Игорь Вовнянконың көп сериялы «Урановый тайфун» деген фильміне би қойдық. Ол өзіндік би-шоу театры бар Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкері туралы. Сол фильмде «Шыңғыс-хан» трегіне 4 сахналық би қойып бердік. Сондай-ақ тәуелсіздіктің 20-жылдығына арналған жұмыс атауы «Одноклассники» болған 20 сериялы фильмге де хореография қойған болатынбыз. Жалпы киноға жұмыс істеуге шақырып тұрады.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Ай сайын жаңа жобалар жасап отырамыз. Алдағы қойылымдар жайлы қазірше айта алмаймыз. Оның барлығын Афиша.кз-тен біліп отырсаңыздар болады. Біз әр түрлі эксперименттерге, суретшілер, музыканттар, ақындар, рок-әншілер бәрімен де бірігіп жұмыс істеуге ашықпыз.


— Бізбен сұхбаттасқандарыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан: Айжан Кәрібаева

Фото автордікі

Оцените пост

7