Қазақтар мен өзбектер қалай бөлініп кетті?

nazgulnaz 2013 M01 31
447
0
0
0

Астана. 31 қаңтар. Baq.kz- Тұрақты оқырмандарымыз білер, біз орта ғасырларда жазылған сирек кітаптардан қазақ өміріне қатысты маңызды мәліметтерді үзбей беріп келе жатырмыз. Соның бірі – «Маджма‛...

Астана. 31 қаңтар. Baq.kz- Тұрақты оқырмандарымыз білер, біз орта ғасырларда жазылған сирек кітаптардан қазақ өміріне қатысты маңызды мәліметтерді үзбей беріп келе жатырмыз. Соның бірі – «Маджма‛ ал-гара‛иб» («Сирек жинақ»). Шығарма авторы парсылық тарихшы Сұлтан Мұхаммад ибн Дарвиш Мұхаммад ал-Мүфти ал-Балхи. Балхы патшаларының сарайында қызмет еткен. Оның әкесі мүткіл Балхы жұртшылығының мүфтиі болған кісі көрінеді. Кітаптың екі редакциясы болған: біріншісін Сұлтан Мұхаммадтың өзі жобамен 1566-67 жылдары, екіншісін оның ұлы 1576-77 жылдары жазыпты.


Шығармада Орталық Азия елдеріне қатысты көптеген тарихи-жағрафиялық мәліметтер келтірілген. Ал оның 19-тарауында кейбір ортаазиялық этнонимдердің шығу тегі мен мағыналарына жіті тоқталады.Сонымен, парсылық автордың айтуынша, ислам пайда болғанға дейін Дешті Қыпшақ Дешті Хорезми аталған дейді. Мемлекет аумағы ұзыннан мың фарсанг, көлденеңнен 600 фарсанг аумақты алған. «Оның бастау басында Іле өзені, аяғында Дербент Ширван жатты» [Маджма‛ ал-гара‛иб: л. 301а]. 
Сұлтан Мұхаммад қыпшақ тайпасы туралы былай дейді: «Қыпшақ тайпасы деп Оғыз ханның заманынан аталады. Шыңғысхан билікке келгенге дейін қыпшақ тайпасы Қытайдың батыс бөлігін жайлап жатты. Қыпшақтар сан жағынан көп болып өскен соң бұрынғы мекендерін тастап, осы далаға кеп тұрақтап қалды. Содан кейін барып бұл мекен Дешті Қыпшақ атала бастады. Шыңғысхан өзіне бағынышты тайпаларды ұлдарына бөліп бергенде Дешті Қыпшақ оның үлкен ұлы Жошының қарамағына өтті. Жеті жүзінші жылы (1300-01 ж.) Жошы ханның ұрпағы Өзбек хан Исламды қабылдап, Дешті Қыпшақ жұрты өзбектер атала бастады» [Маджма‛ ал-гара‛иб: л. 301а]. 
Парсы тарихшысы «қазақ» атауының шығу тегіне де тоқталады. «Сегіз жүз елуінші жылы (1446-47 ж.) Жошы ханның ұлы Шейбанидың ұрпағы Әбілқайыр хан бүкіл Дешті Қыпшақты бағындырды. Әбілқайырға бағынбай бөлініп кеткен хандардың халқы қазақтар деп аталды. Қазақ сөзінің мағынасы – еркін, далалық, көшпелі. Тарихи кітаптарда (Сұлтан Мұхаммад бұл шығармасын өзінің алдындағы тарихшылардың еңбектеріне де сүйеніп жазғанын айтады-авт.) Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз туралы айтылмайды. Қазақтардың салттары былай: өр жақты мекендегендер – Ұлы жүз, орта аралықта тұрғандар – Орта жүз, үстірттегілер Кіші жүз атанды. Жүздер ішіндегі тайпалар мен рулар олардан ерекшеленіп бөлініп тұрмайды» [Маджма‛ ал-гара‛иб: л. 302а]. 
Автор мұнан соң былай деп жалғастырады: «Тоғыз жүз тоғызыншы жылы (1503-04 ж.) Әбілқайыр ханның немересі Мавераннахрға басып кіріп, оны Әмір Темір Гурганның (Шыңғысхан тұқымына күйеу болғандарды «гурган» деп атаған-авт.) ұрпақтарынан азат етті. Мұхаммад ханмен ере келген тайпалардың бәрі «өзбек» деп аталды, ал Дешті Қыпшақ даласында қалған халық – «қазақ» аталды».[Маджма‛ ал-гара‛иб: л. 302а]. 
Дәулетқали Асауов

 

Оцените пост

0