Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
07:05, 30 января 2013

Ұры...

Айнұр үйдегі ерте оянатын жалғыз адам. Таң атпай тұрып, балаларын сабаққа қамдап, күйеуінің шәйін дайындайды. Арлы-берлі шапқылап жүріп, дәм ауыз тиместен жұмысына аттанады. Сол кеткеннен бала-шағасымен кешке бір-ақ қауышқаны. Жексенбіден басқа күндердің барлығы айна-қатесіз осындай бір қалыпқа түскен.Blog post image

Жұмыстың талабы күшті. Таңғы сағат 9.00-ден сәл кешіксеңіз, шаш ал десе бас алатын қызметші қыз қара тізімге тіркеп, басшылыққа жөнелтеді. Қашан көрсеңіз көкбеттеніп, айбаттанып сөйлейтін бикешіңіз сол қызметі үшін басқалардан көп жалақы алатын көрінеді.

Айнұр соңғы кездері Астанадағы «асқынып» кеткен жол кептелісін ескеріп, жаяу барса бір сағатта жететін жұмысына бір жарым сағат ерте шығатын болды. Бүгін № 42 автобус көп күттірмей, әдеттегіден ерте келді. Ерте келгені құрысын, іші адамға лықа толы. Итерісіп, жұлқынып жүріп артқы жағына ыңғайланып тұрып алды. Кірген-шыққан адамды қалт жібермей бақылап тұрған кондуктор жігіт «жолақысы» деп жан дауысымен айғайлап жанына келді. Айнұр әншейінде қалтасына майда тиындар салып жүруші еді, бұл жолы әмиянынан бүтін бес мың теңгеліктен басқа бақыр тиын да таппады. Амал жоқ, барын ұсынды.

– Қай жерден түсесіз?

– Дом.миннен.

– Онда шығарда төлерсіз, менде здача жоқ.

Айнұр басын шұлғып, әмиянын қалтасына сүңгітіп жіберді. Ал, бес мың теңгелікті шығарда берермін деп төс қалтасына бөлек салды.

Автобус асықпайды. Бірақ, ішіндегі жолаушылардың барлығы діттеген жеріне жеткенше дегбірі қашып тұр. Сәл кідірсе, шопырдың құлағын шулатумен келеді. Айнұр бірде «аяңдап», бірде «жели» жөнелген автобустың жүрісіне алданып отырғанда, әмиян салған қалтасына біреудің қолы сумаң етіп, сүңгіп шыққанын сезді. Тұла бойы мұздап сала берді. Не артына, не қалтасына қарарын білмей дағдарып қалды. Дереу қолын қалтасына салып тексеріп еді, әмияны расымен де қолды болыпты. Үн-түнсіз артына бұрылғанда, жасы отыз шамасындағы еңгезердей жігіт сағызын шайнаңдап, безірейе қарады. Оның жанында бір студент қыз бен жас жігіт қатар тұр. Кімнен көрерін білмей, «Әмияным ұрланды!» деп жан ұшыра айқайлады. Ешкім құлақ асқан жоқ. Тағы да «Әмияным ұрланды, кондуктор!» дегенде, кондуктор алдындағы адамдарды итере-митере жанына жетіп келді.

– Қашан?

– Осы қазір!

– Қай қалтаңызда еді?

– Мына оң жақ қалтамда.

Айнұр артына бұрылып қарап еді, ешкім орнынан қозғалмапты.

Автобус келесі аялдамаға жақындап қалды. Әлі ешкім түскен жоқ, демек ұры да осында.

Кондуктор:

– Ешкім түспейді. Кім алса да, қайтарсын! – деді зор үнмен. Шопыр да есіктің барлығын қымтап, аялдамаға жетпей көше жиегіне барып тоқтады. Елдің бәрі аң-таң. «Кім алды? Қайтарсын! Көргенсіз, оңбаған» деседі түге. Ұрланған әмиянға жаны ашып тұрған ешкім жоқ, барлығы асығыс болған соң осылай шуласады. Айнұр да, кондуктор да іштей сағызын шайнаңдап тұрған жігіттен күмәнданып тұр. Тап басып тінтиін десе, екеуінің де батылы жетпейді. Тек екеуі ғана емес, айналаның барлығы сағыз шайнағанға сұқтанып қарайды. Әлгі жігіт сыр алдырар емес. Қайта, оның жанындағы студент өз-өзімен қуыстанып, қобалжып отыр. Сол сәтте алдыңғы шепте отырған орыс кемпір қолындағы таяғын жерге тарс еткізіп, «Сколько еще мы будем стоять?!» деп ашуға басты. Айнұр осының бәріне кінәлі өзім дегендей: «Кім алса да қайтарсыншы, бәрібір оның ішінде ешқандай ақша жоқ, тек документтерім ғана» деді аянышты үнмен. Расында әмиянның ішінде үш бірдей банкомат кәртічкісі, жеке куәлігі, әрі кәдеге жарамаса да, қалтасынан түспейтін көлік жүргізу құжаты бар.

Елдің назары өзіне ауған соң, сағыз шайнаған жігіт «Маған неге қадалып қалдыңдар, сенбесеңдер қараңдар қалтамды» дейді сенімді сөйлеп. Сезікті бұрын секірердің кейпі ме? Қанша күмәнданса да, оны тінтуге ешкімнің батылы бармады. Ал, студент қыз бен жігіт «біз емес» деді де, назарын сағыз шайнаған жігітке қадады. Рең-басына қарасаңыз, екеуі де қалтаға қол салмақ түгілі, қол беріп амандасудың өзіне ыңғайсызданатын сыпайы көрінеді. Киген киімдеріне қарасаңыз да, ұры деуге ауыз бармайды.

Ешкім өздігінен мойындайтын емес. Автобустың тапжылмай тұрғанына 20 минут. Беймәлім ұрының ғана емес, шопыр мен кондуктордың да мазасы қашты. Кенет істің дәл былай шешілмейтінін білген жас жігіт араға түсіп «Қазір Есіл ауданы Ішкі істер департаментіне хабарласам, одан да шулатпай әмиянын қайтарыңдар?!» деді. Әлгі жігіттің сөзіне қарағанда құқық қорғау органдарының бірінде істейтін көрінеді. Заңды айтып, елдің зәресін алды. Жас болса да жөн білетін, керек сөзді айтатын азамат екен. «Егер, елдің көзінше беруге ұялсаңыздар, жерге тастай салыңыздар. Сонымен іс тәмам» деп жол көрсетті. Әрине, ұрыда да ұят бар. Кім өзін «мен едім» деп ел алдында мойындай қойсын?! Оның үстіне, атарға оғы ғана болмай тұрған жолаушылардың алдында ешкім қарабет болғысы келмейді.

Автобус ішіндегілердің мазасы кеткен соң, шопыр көлікті жүргізіп, аялдамаға қарай жүре бастады. Сол сәтті пайдаланып, қолды болған әмиян тырс етіп жерге түсті. Әмиян дәл студент жігіттің аяғының астында жатыр. Кім тастады, кім ұрлады белгісіз. Айнұр дереу әмиянды қолына алып, құжаттарын түгендеп шықты. Барлығы орнында. Сонда да көңілі байыз таппай, әлденеге елеңдейді. Іштей ұрының табылмағанын құп көріп, елді әуреге салғанына ыңғайсызданып отыр. Ұры сағыз шайнаған жігіт болса, кейін дұшпанына айнала ма деп, әлгі студент дейін десе, оны жамандыққа қимайды.

Кондуктор «Следующий  Университет!» деп хабарлады. Әлгі екі студент те есікке қарай аяңдап, түсер кезде артына жалтақ-жалтақ қарады. Айнұрдың көзіне бір, әлгі еңгезердей жігітке бір көз тастап, автобустан түсіп қалды. Айнұрдың ойынша, әмиянды кім ұрлағанын бір Алла, сосын екі студент жақсы білетін сияқты. Келесі аялдамадан сағызын шайнаңдап ірі денелі жігіт те түсіп қалды. Айнұр автобус терезесінен ұзаққа дейін сол жігітке қарап отырды. Ол еш қуыстанбастан, сенімді кетіп барады...

Жандос БАЙДІЛДА.

 
0
778
1