Мен – тәуелсіздіктің құрдасымын!

A.N.A January 25, 2013
743
0
2
0

1991 жылы Қазақстан атты кең байтақ еліміз көк байрағын көкке желбіретіп, ежелден аңсаған азаттығына қол жеткізгенде мен де анамның құрсағынан жарық дүниеге шыр етіп келген едім. Содан бері тәуелсіз...

1991 жылы Қазақстан атты кең байтақ еліміз көк байрағын көкке желбіретіп, ежелден аңсаған азаттығына қол жеткізгенде мен де анамның құрсағынан жарық дүниеге шыр етіп келген едім. Содан бері тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп, бірге ер жетіп, жігер-қайратымызды жандандырып, күннен-күнге гүлденіп, көркейіп келеміз. Қарап отырсам, 20 жыл деген тарих үшін қас-қағым сәт қана. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, мірдің оғындай зымырап өткен жиырма жылда еліміздің бағындырған белестері мен қол жеткізген жетістіктері, сондай-ақ «қап» деп сан соқтырған тұстары да аз болған жоқ. Оның бәріне мына біз бен сіз куә.

Бүгінгі Қазақстанға материалистік тұрғыдан баға берер болсақ, бұл орайда еліміздің өзге ТМД елдерімен салыстырғанда көш ілгері тұрғанын нық басып айтуға болады. Әсем Астананың еліктірер таңғажайып ғимараттары, зәулім сарайлары мен көк күмбезді шаһарлары, әр біреуіміздің күнделікті қажетімізге жараған ұялы байланыс телефондары, әр отбасы шаңырағының төрінен орын алған көк экранды теледидар, компьютерлер мен жаңашыл технологиялар – осының барлығы мемлекетіміздің аз уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктері деп білемін.

Сондай-ақ өткен жылы елімізде өткізілген 7-қысқы Азиада ойындары, Қазақстаннның ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі-еліміздің беделі мен абыроыйн әлемдік ірі державалардың алдында асқақтата түскені айқын. Бүгінде Қазақстан – АҚШ,Франция, Германия, Қытай, Ресей, Жапония секілді азуын айға білеген алпауыт мемлекеттермен терезесі тең ел. Бұл барша қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш, әрине.

Жиырма жылда тек бір телеарнамызды ғана қазақшалағанымыз қазақ халқы үшін қуаныш емес, қасірет болса керек. Айта-айта жауыр болған ана тіліміздің тағдыры да қыл көпірдің үстінде тырмысып, терең құзға құламаудың амалын іздеп тұрған бейкүнә байғұстың аянышты халін көзге әкеледі. Тіл –ұлттың еркіндігінің айқын көрінісі десек, бүгінде тәуелсіз саналатын Қазақстанның тәуелді тұстары көп-ақ.


 

Оцените пост

2