Сократ 90 минутта

nurmura 2013 M01 24
2693
0
5
0

Ол жұмыс істемеген. Бар уақытын құдай мойнына жүктеген міндетін атқаруға жұмсады – Афины тұрғындарына олардың қаншалықты надан екенін түсіндірумен болды. Ағылшын зерттеушісі Пол Стретерн «Күрделі...

Ол жұмыс істемеген. Бар уақытын құдай мойнына жүктеген міндетін атқаруға жұмсады – Афины тұрғындарына олардың қаншалықты надан екенін түсіндірумен болды.

Ағылшын зерттеушісі Пол Стретерн «Күрделі нәрсені оңай жолмен» атты сериямен бірнеше кітап шығарды. Ондағы мақсаты әлемдік ақыл-ойға зор өзгеріс әкелген ұлы философтардың идеяларын ұғынықты тілмен түсіндіру еді. Біз мүмкіндігінше соларды шетінен аударып беріп отырмақпыз.

Пол Стретерн

Сократтың өміріне және идеяларына қысқаша шолу

Сонымен қатар кітапқа философ айтқан қанатты сөздер, Сократтың өмірі мен оның заманында болған аса маңызды деген оқиғалардың даталары кіргізілді.

Кіріспе

Бәрінен бұрын не болды? Бір әлем болғаны анық. Тек біз ол әлем жайында ештеңе білмедік. Бірақ тіріміз, жүрміз.

Сонау неолит дәуірінде айналаға қарап осы сұрақтарды қойған адам болса, ол – ең алғашқы философтардың бірі.

Бізге көрінетін, көрінбейтін әлемде не болып жатыр? Мынау айналамыздағы дүние не үшін?

Мыңдаған жылдар бойы бұл сұрақтардың жауабы бар болып келді. Ол жауаптар ырымшылдықтан, ертегі-аңыздардан, діни нанымдардан там-тұмдап жиналған еді. Бірақ олар философиялық жауаптар емес-ті.

Бұл сұрақтарға ең алғаш философия тұрғысынан жауап берген халық б.д. дейінгі VI ғасырдағы гректер болды. Олар ақылмен, оймен көріп бақылау әдісін қолданды. Батыс Африканың өзге тайпаларынан айырмашылығы, бұлардың санасы ырымшылдықтан, фетишизмнен ада еді.

Басқа жер емес, Эгей теңізінің осы бір елеусіз жағалауларында адамзат дамуындағы аса зор қадам жасалу себебі неде? Мұның жұмбағы әлі шешілген жоқ. Гректермен салыстырсақ, сол замандағы қытайлар, вавилондықтар мен ежелгі египеттіктер дамудың жоғарғы сатысында болатын. Өркениеті әлдеқайда мықты, технология жетілген еді. Математиканы гректерден жақсы білетін. Жібек шығару, пирамида салу, күннің тұтылатын уақытын болжау сияқты істерде гректерді көп кейінге тастап кеткен-ді. Қытайлардың, вавилондықтар мен көне мысырлықтардың күрделі діни нанымын олимп құдайлары бастан кешкен шытырман оқиғаларды суреттейтін грек мифологиясымен салыстырсақ ше? Мұнда да басымдық гректер жағында емес. Бұлардікі дамудың бастапқы кезеңінде қалып қойған дін еді (олай дейтініміз, адамды құрбандыққа шалу ғұрпы өсіп-жетілген діни жүйелерге ғана тән).

Алайда, мана айтылған жұмбақтың бір шешуі осында – ежелгі грек мәдениетінің балаңдығында жатуы әбден мүмкін. Балаңдығы болмаса батыс мәдениетінің негізі саналатын ежелгі грек мәдениеті керемет гүлденбес еді. Гректердің сәби сенім-нанымы дін жайындағы ойларға берілуге мүмкіндік қалдырмайтын. Гректерге дейінгі халықтардың басында әлем туралы сұрақтар туса, оларға дін жауап тауып беретін еді. Сол себепті ырымшылдық пен метафизикасыз ойлану, бақылау болмайтын. Мысалы, вавилондықтардың астрономиясында астрологияның ықпалы күшті болса, египеттіктердің математикасы діни ырымдармен араласып жатты. Ал өз заманында гректер де ақылды сұрақтар қоя бастаған кезде олардың мәдениеті дін мен ырымшылдық ықпалында емес еді.

Ежелгі грек мәдениетінің кереметтей жылдам дамып кетуі осының арқасында болса керек. Грек трагедиясының қалай пайда болғанына қарайықшы. Ол діни ғұрыптан шықты, сосын талғамы биік көрерменге арналған драмаға айналды. Және бұл процесс бір буынның өміріне тең уақытта басталып, аяқталды. Философия да дәл осылай болды: ол б.д. дейінгі VI ғасырдың орта шенінде пайда болды да, арада бір жарым ғасыр уақыт өткенде бүгінгі күні де философияның аса көрнекті өкілі болып саналатын Платонды дүниеге әкелді. Осы тұрғыдан алғанда б.д. дейінгі VI ғасырдағы грек философиясы қайталанбас жетістік жасады.

Ежелгі Грекияның тұңғыш философы деп Кіші Азиядан шыққан Фалесті айтуға болады. Ол б.д. дейінгі 585 жылы күннің тұтылатынын алдын-ала болжап, сонымен даңқы шыққаны белгілі. Алайда, күннің тұтылатыны жайлы деректі ол вавилондықтардан алған сияқты.

Фалесті алғашқы нағыз философ дейтін себебіміз, ол әлемді мифтік образдар емес, кәдімгі көз көріп тұрған табиғаттың терминдері арқылы түсіндіруге тырысқан бірінші ойшыл еді. Яғни, Фалес түйген ойлардың растығын ақыл-ойдың көмегімен тексеруге болатын еді. «Әлемде бәрі судан тұрады» – Фалес философиясы осы. Қате тұжырым жасағанына қарамастан, немесе соның арқасында Фалес бүкіл философияның жолын ашты.

Фалестен кейін философия тез дами бастады. Философтар көбейді. Олардың әрқайсысы әлемнің құрылысы турасында өз пайымдарын айтты. Біреулері әлем судан емес оттан тұрады деді, енді бірі ауадан деді. Бұл дәуірдің (б.д.д VI ғасырдың ортасынан б.д.д. V ғасырдың ортасына дейінгі аралық) философтарын «Сократқа дейінгілер» («досократиктер») деп атайды. Бізге олардың еңбектерінен үзінділер ғана жетті. Соған қарамастан, ол философтарды біз жақсы білеміз. Өзі ашпаса да әйгілі математикалық теореманың авторы болып саналатын Пифагорды мысалға алайық. Ол музыкада сандардың негізгі атқаратын рольді атқаратынын, нақтылап айтсақ, музыкада гармонияның сандық пропорцияларға байланысты екенін түсінді. Осыдан келіп Пифагор «әлем сандардан тұрады» деген қорытынды жасады. Бұл теория ақылға сыйымсыз көрінуі мүмкін. Бірақ асықпаңыз. Эйнштейн Ғаламды математикалық формулалар арқылы тануға және түсіндіруге болады деп санады. Ал қазіргі заман ғалымдары «әлем сандардан тұрмауы мүмкін, бірақ әлемді анықтауда және сипаттауда сандар негізгі роль атқарады» деген пікірде.

Заманынан бұрын туған тағы бір досократик Демокрит болатын. Ол әлем атомдардан тұрады деп есептеді. Арада екі мың жыл уақыт өткенде ғалымдар да осындай қорытындыға келді.

Анаксагорды Перикл афинылықтардың сауатын көтеру мақсатында Кіші Азиядан алдырды. Сонда да Анаксагор Афинының алғашқы философы болып саналады.

Анаксагорды ұлы ойшыл деуге келіңкірмейді. Ол бұрынғы дәстүрден бас тартып, әлем бір емес, бірнеше, яғни көптеген субстанциялардан тұрады деді. Мұнысы рас та еді. Осы бағытта ой тарқата келіп Анаксагор өсімдікте де ақыл болады, қардың түсі аздап қара, суда құрғақтық элементтері бар деген пайымдар жасады. Ақыл сенбейтін мұндай ойларына қарамастан, біз Анаксагордың философияға мол үлес қосқанын мойындауға тиіспіз. Өйткені, ол – Афины философия мектебінің негізін қалаушы, Сократтың ұстазы, Афиныға Сократтың философиясын таныстырушы.

Афины бастан кешірген алтын дәуірдің (б.д.д. 440-жылдардың ортасынан б.д.д. 430 аяғына дейінгі уақыт) ең ірі саяси тұлғасы Периклді де оқытқан Анаксагор көрінеді. Мұның қаншалықты шындық екені белгісіз, алайда анық бір нәрсе бар. Анаксагор «Күн – қызып тұрған дәу жартас, ал Ай Жерден жаралды» деген. Осы пікірлері үшін, яғни шындыққа ең жақын пікірлері үшін Анаксагор қуғынға ұшырап, ақыр соңында Афиныдан біржола кетуге мәжбүр болды. Бұл – философияға жұрттың ақылын бұзатын нәрсе ретінде кәдімгідей көңіл бөлінгенінің ең алғашқы дәлелі.

Анаксагор осылайша алдымен Сократқа философия ақыл-ойдың ісі және қауіпті іс екенін үйретті. Шәкірт бұл өсиеттерді тыңдамаған сияқты. Өйткені, біріншіден, Сократ ең ықпалды философтардың біріне айналды. Ал екінші кеңесті тыңдамауы оны ажалынан бұрын өлтірді.

Пайда болған соң жүз жылдан кейін философия гүлдену дәуіріне аяқ басты. Бұл адамзат тарихындағы ең мықты үш философ өмір сүрген уақыт еді. Олардың біріншісі өзгеше біткен ақыл иесі Сократ болатын. Афины көшелерінде қала тұрғындарымен философия жайында сөйлесуден өзге ештеңеге қолы тимегендіктен ол артына ештеңе жазып қалдырмапты. Сол себепті біз Сократтың ілімін оның әйгілі шәкірті Платонның еңбектерінен ғана білеміз. Кейде тіпті бұл еңбектерде қайсы ойлар Платондікі, қайсысы оның ұстазынікі екенін ажырату қиынға соғады.

Сократ философиялық әңгіме айтудың жаңа әдісін енгізді. Ол бойынша, сұхбаттасушылардың бірі тығырыққа тірейтін сұрақтар қойып отырады. Диалектика деп аталған бұл әдіс логиканың атасы еді. Сократ бұл тәсілді өзі әңгімеге тартқан қарсы пікірдегі адамдардың білместігін бұзып өтіп, ақиқатқа жету үшін пайдаланды. Платон ол әңгімелердің рухын сезінді, сөйтіп өзінің теңдесі жоқ диалогтарын жасады. Платон философияға жаңаша, адамдардың қабылдауына ыңғайлы тұрғыдан келді. Осы себепті және Платонның мінез-құлық, өмір салты арқасында жұрт философияға құрметпен қарай бастады. Платон «Нағыз әлем идеялардан тұрады, ал бізге көрініп тұрған әлем – сол идеялардың көлеңкесі» деді. Біз әрине, бұл пікірге келісе қоймаймыз. Бірақ соған қарамастан, көптеген зерттеушілер "сол кезден бүгінге дейінгі бүкіл философия – Платонның еңбектеріне толықтырулар мен өзгертулер" деп санайды. Мұнымен де толық келісу қиын болар. Дегенмен, Платон бірінші болып философияның негізгі проблемаларын айқындап көрсетіп берді. Біз әлі күнге оларға жауап іздеумен айналысып келеміз.

Бұл триумвираттың үшінші мүшесі Аристотель Платонның шәкірті еді. Ол философияны диалогтар түрінде қызықты етіп ұсынған Платонның әдісінен бас тартты. Аристотель трактаттар жазды. Амал не, олардың көбі жоғалып кетті. Аристотель ұсынған ойлану тәртібі кейінгі екі мың жылдағы толып жатқан философиялық және ғылыми идеяларға негіз болды. Тек соңғы ғасырларда ғана біз Аристотельдің қатесі неде екенін біле бастадық. Кез келген күрделі теорияның түбінде қатеге айналатынын ол да түсінген болуы керек. Бірақ ол сонда да жаңа дәлелдер іздеуден танбады.

Ежелгі Грекияда дүниеге келіп, көп уақыт өзінің гректік сипатын сақтаған философия болмаған болса, адамзат дамудың биік сатысына көтерілмес еді. Ғылым болмас еді. Ал ақиқатқа жетуге деген талпынысты қиялидың, еріккеннің ермегі деп қабылдар едік. Қазіргі саяси ғылымды, психологияны қарасақ, біз осыған ұқсас жағдай бар екенін көреміз. Этиканың да жайы солай. Философтар мен дін білімдарлары ғасырлар бойы этиканы айтып келе жатыр, соған қарамастан оның халі мүшкіл. Адамгершілік мәселесінде біздің ата-бабаларымыздан ешқандай ілгері емес екеніміз, бұл саладағы қиындықтарымызды шешу жолдарын әлі білмейтініміз анық болып отыр.

Мынаған қараңыз. Ойшыл бұрыс қорытынды жасауы, қате теория ұсынуы мүмкін. Бірақ ол мәселе емес. Ең бастысы – философиямен айналысу. Осы пайымға тоқтау үшін философияға 25 ғасыр уақыт керек болды.

Бүгінде Платон, Кант, Эренсвард, Витгенштейндер бастаған философия дәстүрі аяқталып келеді деуге негіз бар. Алайда адамзатқа тамаша ғұламаларды сыйлаған ойлану және бақылау дәстүрі ең алғаш Сократтың арқасында дүниеге келген еді.

Сократтың өмірі және еңбектері жайлы

Сократ Афиныдан жаяу адам 25 минутта жететін Ликабетт тауындағы бір деревняда б.д.д. 469 жылы туылды. Әкесі мүсінші болған, шешесі толғағы жеткен әйелді босандыруды кәсіп етіпті. Жасөспірім шағында Сократ әкесінің шеберханасында жұмыс істеді. Кейінірек оны Анаксагорға шәкірт қылып жібереді. Одан кейінгі оқуын Архелай атты философта жалғастырып, математиканы, астрономияны, бұрынғы ойшылдардың ілімін зерттеумен айналысты. Бұл уақытта философияның дами бастағанына жүз жылдан аса уақыт өткен-ді. Және ол сол заманның ядролық физикасы іспетті еді. Шынында да қазіргі ядролық физика дүниесінің күнделікті өмірге қатысы қандай болса, бірде түгелдей судан, енді бірде оттан немесе жарқылдақ элементтерден тұратын ол кездің философиялық әлемінің де шындыққа қатысы сондай болатын. Мәселен, біз күнделікті тірлігіміздің ең биік шыңы – мезондармен кездесуіміз деп санамаймыз ғой? Дәл сол сияқты ежелгі гректер де философтардың әңгімесіне қарап, «мына қызықты қараңыз, олардың айтуынша мынау әлем – аквариум екен немесе лаулаған өрт екен, енді бірінің сөзіне қарағанда жарқ-жарқ еткен мәңгі отшашу көрінеді» деген ойға келмей ме?

Көп уақыт өтпей Сократ әлем жайында ойға берілудің адамзатқа тигізер пайдасы жоқ деген қорытындыға келді. Бұл үшін Сократты ғылымның дұшпаны атандыруға да болады. Сірә, оның мұндай түйін жасауына Сократқа дейінгі ұлы философтардың бірі Парменид ықпал етсе керек. Кей деректерге қарағанда, ол қарт Парменидпен кездесіп, «көп нәрсені үйренген» көрінеді. Парменид әлем бір заттан (cу, от, ауа) тұрады дейтін философтар мен әлем сан алуан заттан құралған деп санайтындар арасындағы үлкен дауды шешіп берген болатын. Бұл проблемаға еш көңіл аудармау арқылы ол жаңағы даудың жеңімпазы болып еді. Парменидтің сөзі бойынша, бізге көрініп тұрған әлем – көзді алдап тұрған алдамшы. Әлем жоқ, сондықтан біздің әлем жайындағы ойларымыздың да еш мәні жоқ. Бір ғана шындық бар, ол – өзгермейтін, бөлінбейтін, шексіз Құдірет. Ол Құдірет өткенді, келешекті білмейді, ол бүкіл ғаламды, ғаламдағы бар құбылысты ішіне қамтып тұр. «Бәрі бір Құдіреттің ішінде». Көз алдымыздан өтіп жатқан тоқтаусыз өзгерістер, ол – өзгермейтін, бәрін қамтып тұрған Құдіреттің сыртқы көрінісі ғана. Парменидтің негізгі принципі міне осындай.

Әлбетте, әлемді бұлайша түсіндірудің ғылымға үлес қоса алмайтыны анық. Егер әлем дегеніміз алдамшы болса, онда әлем жайында бас қатырудың қажеті қанша?

Ол заманда философия бәрін зерттейді деген түсінік бар еді («философ» грек тілінде «даналыққа құштар» деген мағына береді). Математика, ғылым, космология дегендер өз алдына жеке емес, философияның бөлімдері болатын. XVII ғасырда ғана Ньютон өзінің басты еңбегіне «Жаратылыстану философиясының математикалық бастаулары» деген ат берді. Тек бірнеше ғасырдан кейін философия метафизикалық сұрақтарды, яғни шешімі жоқ мәселелерді зерттеумен айналысатын ілім ретінде қарала бастады. Әлдеқалай философия бір сұрақтардың жауабын тауып жатса, сол сәттен ол философиядан бөлініп, математика, физика сияқты дербес пәндерге айнала бастады. Мұның ең соңғы мысалы ретінде психиатрияны айтуға болады. Ол көп сұрақтарға жауап бере алатынын мәлімдеді. Сөйтіп, өз алдына бөлек ғылымға айналды. (Бірақ шынтуайтында психиатрия ғылымның философиялық талаптарына сай емес. Ғылым эксперимент принципіне негізделеді. Ал психиатрияда мәселен паранойя немесе жарыместік психопатия түрлерін сипаттауға мүмкіндік беретін нақты критерийлер жоқ). Сократ заманында бұл салалар философияның бөлімдері болып саналатын. Ал афинылықтардың философтар жайлы пікірі қазіргі заман адамдарының психиатрларға деген көзқарасына ұқсайтын.

Сократ ғалым емес еді. Оның ғылыми бағыттан бас тартуына «көрініп тұрған әлем – көзалдау» деген Парменидтің ойлары ықпал етті деуге болады. Бұл идея Сократтың ізбасары Платонның философиясына да кері әсерін тигізбей қалмады. Бұл екеуінің заманында математика саласында біраз жаңалық ашылды. Бірақ оның өзі математика уақытқа қатыссыз, абстрактілі саналғандықтан еді.

Сәтін салғанда Аристотель басқа жолға түсті. Ол философияны қайтадан көрініп тұрған әлемді, айналаны зерттеуге бұрды. Бұл жағынан алғанда Аристотельді ғылымның негізін салушы деп санауға болады. Соның өзінде Сократ дамытқан ғылымға қарсы бағыт философияға көп зардабын тигізді. Және бірнеше ғасыр бойы ол осы бағыттың ықпалынан құтыла алмады.

Сократтың ғылымға қарсы позиция ұстанғандығы арқасында Ежелгі Грекияның ғұламалары, мысалы физикада Архимед, медицинада Гиппократ, геометрияда Ефклид философиядан тысқары жұмыс істеуді жөн санады. Олар Жердің домалақ екенін, Күнді айналатынын білді, тіпті Жердің шеңберін есептей білді және Жердің магнит өрісі бар екенінен хабардар болды. Алайда фактілерге негізделген бұл жаңалықтар бар даналықты өзіне сыйғызып отырған философиядан тыс жерде ашылды. Сол себепті де жұрт оларға сенбеді.

Философияның ғылымға қарсы бағытты дамытқан Сократтың ықпалымен кеткенін адамзаттың әлемді тану процесіндегі аса ірі қасіреті деп санауға болады. Осының салдарынан жоғалтқанымызды біле алсақ қой... Орта ғасырларда періштелердің санын есептеуге кеткен ақыл-ой қуаты ең алғаш Демокрит ашқан атомдарды зерттеуге жұмсалғанда ғой... Сократ адамдар әлем жайында ойлағанша өзіне өзі сұрақ қоюы керек деп санады. «Өзіңді танып біл» деген әйгілі нақылды Сократ айтыпты дейді. Бірақ бұл сөз Грекиядағы ең атақты сәуегейлік орны Дельфи оракулы орналасқан Аполлон храмында жазылғаны белгілі.

Сократтың философиясы ежелгі Афинының базар алаңында басталды. Оның бұзылған орнын Акропольдің төменгі жағынан қазір де табуға болады. Сократ өзгеше жақсы көретін жер афинылықтар оны-мұны заттарын әкеліп сататын Зевс Стоясы атты колоннада еді. Колонналардың іргетасы әлі де көрініп жатыр. Бұл Стояның солтүстік жағымен бүгінде Афины метросы өтеді де, ал төменіректе жайма базар қайнап жатады. Сол себепті ол жердегі қазіргі шу Сократтың кезінде де болған шығар десек, онша қателеспейміз. Енді осындай әр саудагер өз затын мақтап, жұртты шақырып жатқан даңғазаның ішінде философиялық әңгімесін айтып тұрған Сократты көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Дегенмен де Сократ айтқысы келген нәрселерді тыңдап, түсінген адамдар болыпты. Себебі, Дельфи оракулының сәуегейі бір кезде Сократты ең дана адам деп жариялап, сол кезде отызға жаңа келген Сократ Афиныны дүр сілкіндірген еді.

Алайда Сократ бұған таң қалды, сөйтті де шын пейілімен «Мен өзімнің ештеңе білмейтіндігімді ғана білемін» деген әйгілі сөзін айтты. Мұнымен тоқтамай, пифияның сөзінде бір мысқал болса да шындық бар-жоғын анықтау үшін Афинының данагөй аты шыққан басқа кісілеріне барып, олардың не білетінін сұрай бастады. Ал адамдардың көлгірлігін әшкерелеп, шатасқан жерін анықтау Сократтың сүйікті ісінің бірі болатын. Ол ештеңе білмейтін адам болып, адамдардың не білетінін сұрайтын. Анау білгенін айтып отырған кезде Сократ қазбалап сұрап, оның алжасып жүргенін ашып беретін. Оның «Афины оқырасы» атануы да осы себепті еді. Дегенмен, Сократтың сұрақ қою тәсілінде терең мәніс бар болатын. Ол пікірталас кезінде қарсы жақ сүйенетін негізгі принциптерді нақтылауға, осыдан барып екі тараптың позицияларын айқындауға ұмтылды. Яғни ол қарсыластың ойына негіз болып отырған негізгі түсініктерді анықтауды, жаңылыс кеткен тұсын ашуды және ең бастысы ондай пікірдің орнығуы неге апарып соғуы мүмкін екенін көрсетуді мақсат етті. Сонымен қатар Сократ қарсыластары айтып жүрген қисынсыз әңгімелерге де құлағын түре жүретін де, реті келгенде сол әбестіктері үшін оларды масқара етіп, жұрттың мазағына ұшыратып кететін. Сірә оның құйрығын ұстатпайтын жылтыр айлакерлігі қарсыластарының зығырданын қайнатса керек. Және сол кезде қалыптасып қалған нанымдарды жек көретін жастардың ішінен Сократты аса зеректігі мен ақылды тапқырлығы үшін ұстаз тұтып тәлім алғысы келетіндер көптеп шықты.

Көп өтпей Сократ Афинының ғұламасы атанып жүргендердің іс жүзінде мұның дәл өзі сияқты түк білмейтінін дәлелдеп шықты. Бұдан ол мынадай қорытынды шығарды: Дельфи оракулының сәуегейі дұрыс айтыпты, Сократ расында ең дана адам екен, өйткені басқалардан басым жері, ол өзінің ештеңе білмейтіндігін біледі.

Шамасы, Сократ қалыптасқан нанымдарды оп-оңай талқандап отырған сияқты. Оның амалы, тәсілдемесі осы еді.

Сократ «жан өлмейді, ол мәңгі, өлімнен кейін біздің жанымыз басқа әлемде өмір сүреді» деді. Ол мифтік құдайларға табынудан қашқақтады, алайда әйтеуір бір құдай бар деп сенді.

Дегенмен, Сократ философиясын тұтастай талдау әдісіне арнаған жоқ. Платонның «Федон» диалогында ол формалар немесе идеялар теориясын ұсынады. Ол бірақ «эйдос» деген грек сөзін қолданады (бұл – бізге таныс «идея» сөзінің әу бастағы түбірі болғанымен оны форма, идея немесе фигура деп те аударуға болады). Сократтың айтуынша, формалар әлемін біздің сезім мүшелеріміз біле алмайды, оған адамның ойы ғана жете алады. Біз мысалы, әлдененің «домалақтығы» немесе «қызылдығы» туралы ойлаймыз, бірақ сезіп білмейміз. Сезім мүшелеріміз арқылы біз тек бір нақты қызыл допты қабылдай аламыз. Ол «домалақ», «қызыл», «серіппелі» деген түсініктерден құралған. Сократ «жекелеген заттар немесе бұйымдар өздеріне тән ерекшеліктерді сол бұйымдарды туғызған идеялардан алады» дейді. Мысалы, сынған сүйекке гипс ораған кезде оны сол сүйектің формасы сияқты етіп жасайды ғой. Сол сияқты, дерексіз (отвлеченный) формалар немесе идеялар да нақты бұйымға пішін, түс, өлшем және басқа да қасиеттер береді.

Сократ Перикл заманында туып-өсті. Ол кезде Афины эллин дүниесіндегі ең күшті әрі өркениеті дамыған, тұтас адамзаттың даму жолына орасан ықпал еткен қала-мемлекет болатын. Мүсіндеу өнеріндегі жетістіктерге қоса онда демократиялық басқару үлгісі гүлденді, математика мен ғылыми әдіс пайда болды. Сократтың келуімен философия дәуірі басталды.

Алайда бұл кезде Перикл басқарған уақыттағы біршама бейбіт кезең аяқталған еді. Б.д.д. 431 жылы Пелопоннес соғысы басталды. Бұл – демократиялық жолмен басқарылған теңіз державасы Афины мен мәдениеті мен ғылымы мешеу әскери мемлекет Спарта арасындағы ширек ғасырдан аса уақытқа созылған соғыс. Пелопоннес соғысы мен оның саяси салдары Сократтың өміріне ауыр кеселін тигізді.

Сократ осы соғысқа қалқан-қылыш ұстаған қатардағы жаяу әскер гоплит болып барады. Сократтың өміріне қатысты қарама-қайшы мәліметтер көп, бірақ оның кескін-келбеті келіспеген сиықсыз адам болғанын бәрі айтады. Ол аяғы ұзын, жіңішке әрі қисық, қарыны қампиған, иығы мен мойнын жүн басқан таз кісі болыпты. Бәрінен бұрын ол таңқиған мұрны, тасырайған көзі, дүрдиген ернімен есте қалыпты.

Сырт пішінінен-ақ философ екені білініп тұратын Сократ киінгенде де философ сияқты киінетін болған. Ол қысы-жазы бір көнетоз туникасы (бас және қол өтетін тесіктері бар қап сияқты киім) мен тозығы жеткен, шонтиған жеңсіз көйлегін тастамайды екен. Және ылғи жалаңаяқ жүретін болған. Антифон есімді софист құлдың өзі өлтірсең де мұндай киім кимес еді дейді. Кім не десе де, Сократ мықты жауынгер болыпты.

Әдетте мұндай ақылды жындыларды әскер адамдары жақтыра қоймайды. Алайда, Сократ солдаттардың көңілін көтере білген сияқты. Олай дейтініміз, мысалы ол Грекияның солтүстігіндегі Потидеи қаласын қоршауға қатысқан. Бұл өңірдің қысы қатты. Қыстың күндері грек әскері суыққа шыдамай күйі кетіп, тоз-тозы шығатын. Бар киіміне оранып, бүрсеңдегенде олар бір басқа, грек вазаларындағы бізге таныс сымбатты жігіттер бір басқа еді. Ендеше осындай ақ қар, көк мұзда сап ішінде жыртық көйлегімен жалаңаяқ бүрсеңдеп бара жатқан Сократқа өзге солдаттар күлмегенде қайтеді...

Алайда, ең қызығы ойға беріліп кеткен Сократты көру еді. Потидеиді қоршауға қатысқан Алкивиад айтады, бір күні философ таңертең ерте оянып бір айрықша маңызды мәселе жайлы ойға кетіпті. Тұңғиыққа түскен Сократ өзге дүниені ұмытады. Сол қалпында күні бойы тұрады. Өзге жұрт кешкі тамаққа отырып жатады, ана кісі қозғалмайды. Мына жағдайға қайран қалған кей жолдастары Сократтың спектаклі қашанға созылатынын көру үшін ұйықтайтын кез келгенде шатырдың сыртына шығып жатады. Ал Сократ сол тұрғаннан түні бойы тұрады. Тек таңсәріде ғана қозғалып, дұғасын оқиды да жолдастарының қасына келіп, түк болмағандай қызметіне кірісіп кетіпті.

Бұл Сократтың тұңғиық трансқа түсіп кететін әдетінің бір мысалы ғана. Кей зерттеушілер осы деректерге қарап Сократта бұлшық еттер тартылып қалатын сіреспе науқасы болған деп жорамалдайды. Сонымен қатар Сократ әлдебір дауыстар еститін болған. Осының бәрі бұл ойшылдың жүйке ауруымен ауырған деген ойға жетелеуі мүмкін. Алайда бізге жеткен фактілердің барлығы Сократтың денсаулығы аса мықты, ақыл-есі сау адам болғанын көрсетеді.

Өзге солдаттар әскер өмірінен діңкесі құрып жатса, Сократ қалаған кезінде трансқа кететін көрінеді. Бірақ қажет кезінде жауынгерге тән нағыз ержүректік көрсетудің Сократ еш қиындығы болмаған. Мысалы, ол қанға боялып жатқан Алкивиадты жау әскерінің арасынан аман алып шыққан.

Cырт келбеті, киім киісі айтып тұрғандай және замандастары жазып кеткендей Сократ аскет адам болған. Оның тұрмысы жақсы болды деу қиын. Ол жұмыс істемеген. Бар уақытын құдай мойнына жүктеген міндетін атқаруға жұмсады – Афины тұрғындарына олардың қаншалықты надан екенін түсіндірумен болды. Оған әкесі шағын мұра қалдырыпты. Және ауқатты, ықпалды достары көмектесіп отырған. Сол достарының үйіндегі мол дастархан басында ол таңсәріге дейін философиялық сұхбаттардың көркін қыздырудан шаршамаған. Ішімдікке келгенде де ешқашан масаймайтын адам болыпты.

Диоген Лаэртскийдің айтуынша, Сократ біраз уақытын Симон атты етікшінің Агора тасының жанындағы лавкасында оқушы жастармен емін-еркін сұхбат құруға жұмсаған. Агорыдо өлкесіндегі көне қыстақтың орнында сол тас әлі бар. Осы жерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде етікке қағатын шегелер және б.д.д. V ғасырдан қалған «Симон» деген жазуы бар ыдыс шықты. Осылайша, Сократ дәріс оқыған лавка табылды.

Бұл дәрістерде ол не айтты? Сократтың ең атақты нақыл сөздерінің бірі мынадай: «Ізденіс-зерттеусіз өмірдің адамға мәні жоқ» (Платон, «Сократтың апологиясы», 38а). Бұл – ақыл-ой еңбегін кәсіп еткен, уақытты сезіне білетін адамның көзқарасы.

Гректің қала-мемлекеттерінде демократияның арқасында біршама еркіндікке қол жеткізген, құл иеленушіліктің арқасында демалыспен уақыт өткізу мүмкіндігі болған адамдардың алғашқы қоғамы дүниеге келген тәрізді. Иә, гректерде жүйрік ойдың жетегімен қай биікке де самғайтын, сөйтіп өзіндік қорытындылар жасайтын жағдай бар еді.

Сократ адамды адам ететін оның жаны (псюхе) деп санады. Сократ жанды санасы бар тұлға ретінде қарастырады. Ол ақылды әлде ақымақ, мейірімді немесе зұлым болуы мүмкін. Ал адам өзінің жанын жақсартуға ұмтылуы тиіс.

Неге? Сократ бар адамның бақытты болғысы келетінін айтады. Ал бақытқа жету-жетпеуі жанының қандай екеніне байланысты. Жаны адал әрі қайырымды адамдар ғана бақытты бола алады. Адамдардың жамандық істейтін себебі, олар қызығып, ұмтылатын нәрселер сырттай жақсы көрінгенімен, шын мәнісінде жақсы емес. Егер адамдар ненің жақсы екенін білсе, онда олар жаман әрекеттер жасамас еді. Сонда біздің өз ішімізде де, қоғамда да қақтығыстар болмаған болар еді.

Сократ 50 жасқа келген шағында Ксантиппаға үйленеді. Бізге жеткен деректер бойынша Ксантиппа адуын мінезді әйел екен. Алайда, біздің ойшылдың да қайсыбір оңатын қылығы бар дейсіз? Өзіңіз ойлап көріңізші, отағасы күніұзын көшеде философия соғудан басқа ештеңе бітірмейтін, үйге көк тиын табыс әкелмейтін адам болса. Ол аздай елде жоқ мінезі мен жүріс-тұрысы үшін өзге отбасы мүшелері де жұрттың мазағына ұшыраса (Қазірге жеткен ежелгі грек анекдоттарына қарағанда ол кездің адамдары философтарға адам атаулының бейшарасы деп қараған). Мұндай еркектің әйелі қой аузынан шөп алмас болса, бұл үйдегілер қайтіп күн көреді?

Сөйтіп, Сократты сөзден жеңетін жалғыз Ксантиппа болған. Соған қарамастан, кей деректер бойынша философ әйелімен тым жақсы тұрған көрінеді. Екеуінің 3 ұлы болыпты. Бірақ олардың ешқайсысы Сократтың жолын қумаған, көптің бірі болып өмір сүрген. Көп қылығына күйсе де Ксантиппа күйеуінің айрықша жан екенін жақсы аңғарған сияқты. Ол қандай қиын жағдайда да Сократты жалғыз тастамаған, өлімін қатты қасірет еткен.

Сократ 65-ке келгенде Пелопоннес соғысы Афинының масқара болып жеңілуімен аяқталды. Жеңген жақтың көсемі Лисандр өзі келіп, спарталықтарға қолайлы адамдарды билікке отырғызып кетеді. Осылайша Афиныда 30 тиранның өкіметі орнады. Мұнымен қуғын-сүргін бірге келеді, саяси сенімсіз адамдар қамауға алынып, сотталып, дүние-мүліктері тәркіленеді. Демократия идеясын жақтайтын адамдардың көбі қашуға мәжбүр болады. Ал Сократ ешқайда кетпей қояды.

Айтпақшы, еркін ойлы тұлға болғанымен Сократтың өзін демократ деуге келмес емес еді. Ол уақыттағы демократия басқару үлгісі ретінде жаңа қалыптасу кезеңінде болатын, сондықтан да бүгінгі батыс қоғамы үйренген принциптерден оңай айнып кете беретін. Афиныда әскербасылардың өзін халық дауыс беру арқылы сайлайтын да, бұл әдістің тиімділігі командирлер офицерлер арасынан тағайындалатын бүгінгі принциптен кем болып шықты. Демократтар соғыстағы сәтсіздіктер, соның салдарынан Афинының Спартаға тізе бүккені үшін жауапты еді.

Алайда Сократ демократияны өзінің философиясы тұрғысынан сынайтын. Бұл оның этика теориясына да байланысты болатын.

Сократтың қорытуы бойынша, адамдар өздерінің бақытсыз сезінеді, бірақ нағыз жақсылықтың мәнісін түсінбейді. Сол себепті де өздері сияқты жақсылықтың не екенін қате түсінетін адамдарға билікті беруге мәжбүр. Сократтың қашып кетпей, басын қатерге тігіп қалып қою себебі осында еді. Өйткені, ол бір ғана нағыз игілік бар, оған осы Сократтың әдісін қолданған адам жетеді деп кәміл сенді. Бұл идеяларды Платон өзінің «Республика» атты утопиялық шығармасында дамытты. Бірақ ол ұсынған ең жақсы қоғам ақыр аяғы барып тұрған тоталитарлық сорақылыққа ұласты. Бертінде пайда болған коммунистік және нацистік идеологиялар да бір ғана нағыз игілік бар, оған біздің философия жеткізеді деген сенімде болды.

Отыз тиран өкіметі лидерлерінің бірі Сократтың бұрынғы шәкірті Критий еді. Бірақ ол баяғы жасөспірім кезіндегі ұстазы насихаттаған білім және тәрбие идеяларымен өмір сүретін Критий емес-ті. Ол Афины көшелерінде философиялық әңгімелер айтуға тыйым салды және Сократқа ерекше ескерту жасады. Өйткені, Критий бұрынғы ұстазының сөйлегенде ешкімге дес бермейтін, сөзден жаңа мән-мағына тудыра білетін өнерінен тым жақсы хабардар еді. Енді ол бұған қарсы болды. Айналысып жүргенім философия десін, басқа десін, бірақ бұдан былай Сократқа ондай іспен айналысуға қатаң тыйым салынды.

Сократ тирандар өкіметін жақтағандықтан Афиныдан кетпей қалды деген де пікір бар. Алайда кейін азамат соғысы басталған кезде ол саясатқа араласқысы келмейтінін айқын көрсетті, сөйтіп өзінің принциптеріне берік екенін дәлелдеді.

Солай дегенмен, б.д.д. V ғасырдағы Афиныда әйел немесе құл болып туған болмасаңыз, саясатқа мүлдем араласпай қою мүмкін емес еді. Тирандар өздерінің халықтан тым алшақтап кеткенін жақсы білді, сондықтан да террорға барынша көп адамды киліктіруге, сөйтіп оларды да бұл саясатқа қатысты етіп қоюға тырысты.

Бірақ Сократ табандылығы мен принципке беріктігін бұл тұста да көрсетеді. Сократ пен тағы бір төрт адамды бірде тирандар шақыртып алып, Саламин аралына қашып кеткен демократиялық оппозиция жетекшісі Леонтты тұтқындап әкелуді тапсырады. Бұл заңсыз әрекет болатын, ал Леонттың Афиныға келген бойда өлтірілетіні анық еді. Сол себепті Сократ бұйрықты құлағына ілмей, үйіне қайтып кетеді. Мұнысы үшін оның басы кетуі әбден мүмкін еді. Алайда, көп ұзамай отыз тиранның өкіметі құлап, билікке демократтар келеді.

Бұл өзгеріс те Сократқа жақсылық әкелмейді. Б.д.д. 399 жылы Сократ адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттер жасайды, жастарды аздырды деген айып бойынша тұтқынға алынады. Бұл саясаттың артында тұрған бұрыннан Сократты жек көретін Анит атты демократ еді. Бірнеше жыл бұрын оның баласы Сократтан тәлім алады. Және ол ұстазының үйретуі бойынша, әулетті асырап келе жатқан тері өңдеу кәсібін тастап, философиямен айналысқан жөн деп санапты. Бұл үшін Анит Сократқа қалай алғыс айтсын?

Алайда Сократқа тағылған айып күлкілі болғанымен, оның аяғы өлім жазасына апарып соғуы ықтимал еді.

Әрине, басқа философтар сияқты Сократ та бөтен көзқарасы мен қырсықтығынан жұрт алдында онша сүйкімді адам емес-ті. Бірақ сонда да өлім жазасы жетпіс жастағы қарт үшін тым ауыр жаза ғой? Оған тағылған айып пен одан кейінгі оқиғалардың жұмбағы көп, біздің түсінуіміз қиын. Бірақ бізге ғана осылай көрінуі мүмкін. Ал афинылықтарға бәрі айқын болған сияқты.

Сократ Афины адамдары сайлаған бес жүз адамнан тұратын сотқа тартылады. Сократқа қарсы істі бастаған Мелет атты жолы болмай жүрген трагик-ақын, қыршаңқы тілді жас жігіт еді. Ең бастысы, ол Аниттың құйыршығы болатын.

Мелет Сократқа айыпты деген үкім шығарып, өлім жазасына кесуді талап етеді. Сот мүшелерінің 280-і бұл үкімді қолдап, 220-сы қарсы дауыс береді.

Сократ сірә халінің мұншалық қатерлі екенін бағамдамаса керек. Бірақ тағылған айыптардың күлкілі екенін де біледі. Ол өзін жазалау орнына, қалаға жасаған еңбегі үшін құрметтеу керектігін айтады. Тіпті құрметті азаматтар мен спорт жеңімпаздарына дастархан жайылатын Пританея атты қасиетті залдан орын беруді ұсынады.

Отырғандар гулеп қоя береді. Жағдайды қиындата бергісі келмесе керек, Сократ енді өлім жазасының орнына ақшалай айып салуды сұрайды. Бірақ оның да өзінің материалдық жағдайына қарай болуы керектігін айтып, 1 мина ақшалай айып кесуді өтінеді (бір мина бір саптыаяқ шараптың құны болатын).

Зал тағы шу ете қалады. Енді Сократты достары ақылға шақыра бастайды. Сол кезде Сократ қиналғандай болып 30 мина айып салуды ұсынады. Бұл кезде Кеңес мүшелерінің шыдамы таусылған еді. Енді өлім жазасын қолдап 360 адам дауыс береді.

Бұл жерден Сократтың сотқа жасаған қыңырлығын көріп отырмыз. Оның Кеңес мүшелері «еңбегіме қарай құрмет көрсетіп», шығарып салады деп сенуі мүмкін бе? Әлде ол өлгісі келді ме? (Егер Сократ жер аударуды сұрағанда сот бұған келісер еді. Ал достары Сократты қамқорлық жасап тұрар еді). Онда Сократ өзінің идеялары жолында өлген шәйіт болуға бекінген деуге негіз бар.

Осының алдында ғана қасиетті кеме 100 мильден аса қашықтағы Делос аралына сапарға шығып кеткен болатын да ол қайтып оралғанша өлім жазасы орындалмайтын. Сол себепті Сократ қолына кісен салынып, мемлекеттік түрмеге қамалды.

Бұл түрмені Агора үйінділерінен оңтүстік-батысқа қарай 100 метрден аса жерден әлі де көруге болады. Өмірінің соңғы күндерін ол аумағы шамамен 6х6 метрлік осы бөлмеде өткізіп, достарымен сұхбат құрды. Дәл осы жерде Платонның теңдесі жоқ диалогтарында айтылған оқиғалар өтті.

Диалогтардың басынан соңына дейін Сократ дана, адами қалпынан айнымаған. Ең басында Критон оның қашып кетуіне бәрін ыңғайлап, күзетшімен де келісіп қойғанын айтады. Алайда, философ келіспейді. Келіссе, өзінің бүкіл іліміне қарсы шығатынын ол білген еді. Сократты заңның күшіне (мейлі, ол заң әділетсіз болса да) деген сенімнен айыру мүмкін емес-ті.

Бір күні қасиетті кеме Афиныға жетіп қалды деген хабар жетеді. Философтың әйелі және достары түрме камерасына жиналады. Сократ жылап-сықтамасын деп Ксантиппаны шығарып жібереді. Ксантиппа кетіп бара жатып «Сен кінәсізсің ғой!» деп айғай салады. Сократ сонда бәз-баяғы мінезі бойынша «Ал сеніңше мен кінәлі болуым керек пе еді?» депті.

Бұдан кейін Сократ достарымен (шәкірттерімен деу лайық болар еді) өлім және өлімсіздік жайлы әңгімеге кіріседі. Мұның бәрін өзі сол күні ауырып үйінен шыға алмаса да Платон ерекше толқи отырып баяндайды. Сосын Сократқа у құйылған ыдыс беріледі (Афиныда өлім жазасы «Өзің істе!» принципімен жүзеге асатын). Философ «Не істеуім керек?» (Платон, «Федон», 117в) деп сұрайды. «Ештеңе. Ішіп ал да ары-бері жүр, аяғың ауырлаған кезде барып жат. Ол өзі әсер етеді...» (Платон, «Федон», 117в). Сократ «ыдысты ерніне апарды да қиналмастан түбіне дейін ішіп қойды».

Бұдан кейін «достары көз жастарына ие бола алмады»... «көз жастары көл болды».

Cократ оларға басу айтады: «Бұларың не сендердің? Қойыңдар, берік болыңдар... Ксантиппаны да осындай жылау болмасын деп қуып жіберген жоқпын ба?» (117е).

Сократ «шалқасынан жатты», сөйтіп «денесінің суып, қарыса бастағанын қолымен баяу ымдап көрсетті» (118).

«Критон, біз Асклепийге әтеш қарызбыз. (Ұмытып кетпей, қайтарыңдар!)» (118). Бұл – оның сөзі еді. Содан кейін Сократ қайтыс болды.

***

Сократтың өлер алдында шынымен солай дегені рас сияқты. Платон өзінше түсініп, соған сәйкес өзгертіп әуре болмай, соңғы сөздерді сол қалпында жеткізді деп сене аламыз. Ол сөздердің не білдіретінін түсініксіз, бірақ онда бір терең мағына бар болса керек.

Әлбетте, Сократтың ол сөздеріне байланысты жорамалдар көп айтылады. Мысалы, ол Асклепий атты досынан қарызға тауық алып, соны қайтарғысы келген болуы мүмкін. Алайда көп зерттеушілер Сократ осындай түкке тұрмайтын нәрсе айтып өлді дегенге сенбейді. Гректерде Асклепий атты емшілік құдайы болған (Суреттерде оның қолында таяқ болатын да, ол таяққа жылан оралып тұратын. Қазіргі медицинаның белгісі осыдан шыққан). Осыған байланысты кейбіреулер Сократ өлерінде өзінің дәрігеріне еңбегінің ақысын төлеуді сұраған дейді. Ал енді бір зерттеушілердің пікіріне сенсек, Сократ «Критон, біз Асклепий үшін бір әтешті құрбандыққа шалуымыз керек. Саған тапсырдым, ұмыт қалмасын» дегісі келген. Өйткені, Асклепий о дүниеге кетейін деп жатқан адамның жанын бұ дүниенің кеселдерінен сауықтырады деген сенім болған. Сондықтан да Сократ әтешті құрбан ету арқылы жақсы дүниеге тазарып барғысы келіпті. Зерттеушілердің кейбірі бұл жорамалға мына нәрселерді дәлел етеді.

Сократ у ішердің алдында достарына былай дейді: «Бұ дүниеде жасаған қылмысы ауыр болғандықтан түзеліп болмайтын сұмдар санатына кіргендер Тартарға құлатылады (Платон, «Федон», ПЗе, 114а, в)… Кім жақсылық жасаған болса, соған қарай оның сауабы болады... Ал кімді ерекше таза өмір сүрген деп тапса, оларды жер астындағы қамаудан құтқарып, босатады. Олар биіктегі кіршіксіз таза елге барады (cоны мекен етеді). Бұлардың арасында философияның арқасында мейлінше тұтас тазарғандар болса.., олар бәрінен жақсы ғажап мекенге барады» (Платон, «Федон», 114в, с).

Бірақ сонда да өзі жай адам болғандықтан Сократ бұл жөніндегі күмәнін айта алмаған. Оның у ішер алдында айтқан сөздерінің бір мынадай: «Міне, жүретін кез келді – маған өлуге, сендерге тірлік қылуға. Қайсымыздың барар жеріміз жақсы, ол құдайға ғана мәлім» (Платон, «Сократтың апологиясы»).

Сократқа шыққан үкім қаншалықты әділетсіз болғанын афинылықтар ол өлгеннен кейін ғана сезіне алды. Сократтың өліміне байланысты қаралы күндер жарияланды. Гимнастика залдары, театрлар және мектептер жабылды. Мелет өлім жазасына кесіліп, Анит елден қуылды. Кейінірек Қасиетті жолға Сократтың Лисипп жасаған қола мүсіні қойылды.

***

Cократ жайлы біз Платон мен Ксенофонттың шығармаларынан білеміз. Бұл екеуі де оның шәкірттері болатын. Платон өмірін философияға арнап, өзінің идеяларын кереметтей диалогтарда көрсетті. Бұл диалогтардағы басты кейіпкерлердің бірі Сократ екені белгілі. Ал Ксенофонт әскери қызметке кетті. Бірақ ол істе онша жолы болмады да, кейінірек өзінің әйгілі шығармаларының бірі «Сократ жайлы естеліктерін» жазуға отырды. Мұнда ол ұстазының тұлғалық қырын сипаттайды.

Өкінішке орай, бұл екі кісінің айтуындағы Сократ екі түрлі.

Ұстазына Афины жастарын аздырды деген айып тағылуы Ксенофонттың қитығына тиген сияқты. Оның Сократ жайлы естеліктерінде тарихи деректер өте көп те, Сократтың философиялық идеялары өте аз. Ксенофонттың жазғандарына қарасаңыз, Сократтың философ болғанына күмәндана бастайсыз. Мысалы, «Үй құрылысы» атты бір диалогта Сократ басты кейіпкер болады және бақша салмақ түгілі, өмірі шөп басын сындырмаған ол бағбандық жөнінде ақыл-кеңестер береді. Ал Ксенофонттың айтуындағы Сократтың идеялары тым жайдақ. Соған қарап, мына ойларда сонша шу жасайтындай не бар деп таңданасыз. Ондай адамды ешкім қудаламас еді және ол ойшыл ұлы философ ретінде тарихта қалмаған болар еді.

Шамасы, Ксенофонт Сократты түсінетін деңгейде өресі биік адам болмаған сияқты. Солай дегенмен, ол қиялы шектеулі болғандықтан ұстазы жайлы ойдан ештеңе қоспай, тек көрген нәрселерін жазған шығар деген де ой туындайды. Осы себепті нақ Ксенофонттың сипаттауындағы Сократты қабылдау керек дейтіндер бар. Бірақ батыс философиясын терең зерттеген адамдардың бірі Бертран Рассел бұған үзілді-кесілді қарсы шығады. «Ақымақ адамның ақылды адам жайындағы сөзі ешқашан рас болмайды. Өйткені, ол еріксіз тек өзі естіген нәрселерді, өзі түсінуге миы жеткен образдар мен түсініктерді жеткізеді» дейді Бертран Рассел.

Ал Сократ идеяларын Платон қалай жеткізді дегенге келсек, бұл шәкірті өте ақылды болатын, сондықтан өзінің де біраз ойларын кіргізіп жіберуі мүмкін. Платон диалогтарындағы Сократ образын тамаша әдеби портрет деп тануға болады. Яғни, біз шебер жазушы сомдаған асқақ образды көреміз. Алайда Платон Сократты әдеби тұрғыда асыра бейнелегенімен, оны әулие адам етіп көрсетуге тырыспаған.

Дегенмен, Сократтың өзі расында не айтқанын және Платонның оған не айтқызғанын ажырату қиын. Платон өз философиясының әжептәуір бөлігін Сократтың сөзімен жеткізгені белгілі. Оның қайсысы өзінікі, қайсысы Сократтікі?

Мен Сократтың бейнесін осы аталған екі шығарманы да пайдалана отырып жасадым. Екі автордың Сократ жайлы жазғандары бір-біріне сәйкес келетін жерлерде біз іс-әрекетінің туралығы ешқашан күмән тудырмайтын, іс-әрекетін алдын-ала болжап болмайтын адамды көреміз.

Шынтуайтында Сократтың образын дәл табу мүмкін де емес.

Сократтың мұрасы

Оның мұрасына біржақты баға бере алмаймыз (Сократқа керегі де осы болатын). Оның Платонға жасаған ықпалы мол болды. Сондықтан да оның идеялары философияға бүгінге дейін азық болып келді. Бұл екеуінің мұрасын у сарымсақпен салыстыруға болады. У сарымсақ тамаққа қосылып кетсе, оның дәмін жою мүмкін емес. Философиялық теориялардың жалпы құрылымы мен оның Ежелгі Грекиядан келе жатқан дәмінің бұзылмауына Сократтың әңгімені диалектикалық әдіспен жүргізуінің әсері болды. Дәл осы әдісті көрген Платон өзінің философиясын жеткізу үшін диалогтың әдеби формасын таңдаса керек. Ал бұл әдістің философияға жасаған ықпалын асыра бағалау мүмкін емес. Іс жүзінде Сократтың белгілі бір тақырыпты талдау әдісі философиялық талдауда ақыл-ойдың тек ақыл-ой мақсатында алғаш рет қолданылуы еді. Сократ алдымен бір тақырыпты таңдап алатын. (Ол мысалы әділет деген не немесе қалай әскербасы болу керек деген сияқты әртүрлі мәселе болуы мүмкін еді). Cодан кейін Сократ өзімен әңгімелесуші адамның таңдалған тақырыпқа анықтама беруін сұрайтын. Айтпақшы, тақырып асқақ болсын, күлкілі болсын әдіс біреу еді. Диалектиканың жаңашылдығы да осында болатын: ол кез келген нәрсеге қолдануға болатын құрал ролін атқарды.

Заттың анықтамасы айтылғаннан кейін Сократ ол анықтаманың кедір-бұдыр, түсініксіз жерін табуға тырысатын, сөйтіп заттың ең дұрыс анықтамасын табуға ұмтылатын. Осылайша ол жеке нәрселерден – ұғымдарға, яғни жалпылай қолдануға болатын, ақыр соңында ақиқатқа жеткізетін ұғымдарға өтетін.

Бұл ақиқат пен оған жетудің Сократ ұсынған әдісінен барып логика пайда болды. Оны жүз жылдан кейін Платонның шәкірті Аристотель дүниеге әкелді. Аристотель де формалар немесе идеялар теориясын жасады, бірақ оның теориясы өзінің әлем туралы ұғымына сай болды. Сократ пен Платоннан мұраға қалған философиялық ойдың бағытын өмір шындығына қарай бағыттап бұрған осы Аристотель еді. Ол философияның күшімен бәрін – космологиядан бастап моллюск қабығын тану іліміне дейін, ғылымнан күнәға дейін түгел қамтығысы келді. Алайда оның басты жетістігі адам білімі жететін жердің шекарасын сызып беруге апарып соқты. Сөйтіп, өмірде қолдануға пайдасы бар нақты білімге емес, қайтадан теорияға басымдық берілді. Дәл осы себепті римдіктер Грекияны жаулап алғаннан кейін философия құлдырады. Өйткені, ол римдіктер үшін еш пайдасы жоқ нәрсе болып шықты.

Рим империясының құлауы «қаратүнектегі ғасырларға» және Орта ғасырлардың діни мәдениеті пайда болуына ұласты. Философия тоқыраған күйі қалды. Ол діни догмалармен жан-жағы тарс бекітілген вакуумдағы абстрактілі білімді туғызды. Ақыл-ой қуаты барлық сұраққа жауап беретін деңгейдегі терең теологияны жасап шығаруға жұмсалды. Жаман лашықтар тұрған лас көшелерде готика үлгісіндегі зәулім шіркеулер бой көтерді, жұрт оба дертінен ырымдардың көмегімен жазылуға болады деп сенді.

Бұл үшін Сократ кінәлі емес еді. Бірақ оның философиясын оқығаннан кейін адамдардың ақыл-ойы белгілі бір бағытқа бұрылды. Адамзат Сократтың алдындағы қарызын өтей алмақ емес. Ол ақыл-ойды қалай пайдалануға болатынын көрсетті, алайда оны пайдалану мүмкіндігін белгілі бір шекаралармен шектеп қойды. Соның салдарынан интеллектуалды даму тоқырап қалды. Философияның төрттен үш бөлікке тең уақыты босқа кетті деуге болады.

Мысал ретінде Орта ғасырларда жұрттың оба дертіне көзқарасын айтайық. XIV ғасырда ол аурудан Еуропа халқының тең жартысынан астамы қырылып кетті. Обаның жұқпалы екенін бәрі білетін. (Оған дәлел, қоршауға алынған Генуяға қарасты сауда портының ішіне обадан өлген адамдардың өлігі катапультпен лақтырылды да, осыдан кейін індет Еуропаға жайылып кетті). Cоған қарамастан, нақты факт, нақты білімді пайдаға асырып, ауруды жеңу үшін ештеңе жасалған жоқ. Өйткені, ол кездегі сана руханияттан басқаны ойлатпады. Өйткені, Сократ диалектикасының ізбасары болған логика практикалық мәселелерге емес, абстрактілі идеялар үшін қолданылды.

Алайда, бұл үшін біз Сократты кінәлай алмаймыз. Ең ұлы деген ғұламалардың өзі қателеседі. Бірақ сол қателіктердің екі мың жыл бойы түзетілмейтінін олар қайдан білсін?

Сократтың айтқандарынан

Шешесі әйел босандырушы болған Сократ өзінің философиялық әдісін анасының жұмысымен былай салыстырады:

— Менің шешем бала туғызушы болғанын білуші ме едің?.. ...Менің де осы кәсіппен айналысатынымды білесің бе?

Менікі де дәл соған ұқсас жұмыс. Жалғыз айырмашылығы, мен әйелдерді емес, еркектерді босандырам, тәнді емес, жанды туғызам...

...Өзім ешқандай даналықты білмеймін... Сондықтан мен асып бара жатқан дана емеспін, өз басым ең жақсы жеміс – жанымның жемісін туғызу бақытына әлі ие болғам жоқ... Ендеше адам менен ештеңе үйрене алмайтыны анық. Олар тек өздеріндегі жақсылықты көре біліп, оны жарыққа шығарады, әрине өздерінде бар болса. Бұған көмектесетін – құдай және мен. (Платон, «Теэтет», 149а, 150с, е).

«Ал мұндай зерттеусіз адамның өмірі – өмір емес» (Платон, «Сократтың апологиясы, 38а).

«Жоқ, жарқыным Агафонт, сен ақиқатпен дауласа алмайсың, ал Сократпен дауласу – қиын іс емес» (Платон, «Пир»).

Жолшыбай Афиныға тоқтаған бір шетелдік физиономист Сократты көріп, оған нағыз құбыжықсың, ең жаман қасиет пен құмарлық атаулы ішіңде жасырулы жатыр дейді. Сократ оған «Несі бар мырза, сіз мен жақсы біледі екенсіз!» деп жауап беріпті (Ницшеден алынды, «Құдайлардың күні батқан кез», Сократ проблемасы).

«Үйленейін бе, жоқ әлде үйленбегенім дұрыс па?» деп ақыл сұраған адамға Сократ «Қалауың біледі, бірақ бәрібір өкінесің» деген. «Тастан мүсін қашайтындар оны адамға мейлінше ұқсатуға тырысады, бірақ өздерінің тасқа ұқсап кетпеуін ойлап, қам жемейді». (Диоген Лаэртский, «Әйгілі философтардың өмірі», II, 3).

Сотта сөйлеген Сократ афинылықтардың өзін неге жақсы көрмейтінін түсіндіреді. Ол «Ең дана адам – Сократ» деген Дельфи оракулы пифиясының сөзіне тоқталады.

«...Мұнымен құдай не айтпақ болды? Өйткені, мен әрине өзімде даналық бар екенін сезінген емеспін. Ендеше мені бәрінен дана деп тапқандағы оның айтпағы не? Ол бірақ өтірік айтпайды; ол өтірік айта алмайды.

Оның не айтқысы келгенін түсіне алмай көп дал болдым. Ақырында бойдағы бар қуатымды жиып бұл мәселені шешудің мынадай бір жолына бекіндім. Дана деген аты шыққан адамдарға барып, сол жерде әлгі сәуегейлікті теріске шығарам, оракулға «Сен мені бәрінен дана атап едің. Міне, мына кісі менен дана екен» деп айтармын деп ойладым. Ол адамның атын атаудың еш қажеті жоқ, бірақ ол мемлекет қайраткерлерінің бірі болатын, о Афины ер-азаматтары!

Сонымен мен оны көрдім, көргенде онымен әңгімелестім. Сонда мен ойладым, бұл кісі өзгелерге, әсіресе өзіне дана болып көрінеді екен, ал шынында дана адам емес екен. Данамын деп ойлайтынын, бірақ шынында дана еместігін оның өзіне де дәлелдеуге тырыстым. Сол үшін ол адам және сол жерде болғандардың көбі мені жек көріп қалды. Қайтып бара жатып өзім ойға қалдым: «Басқасын білмеймін, мен нақ жаңағы адамнан гөрі данамын осы. Өйткені, ол екеуміз де ештеңені мықты білмейміз. Бірақ ол білмейтініне қарамай бірдеңені білем деп ойлайды, ал мен білмеймін, сондықтан білемін деп те ойламаймын. Яғни сәл де болса одан дана екенмін. Өйткені, мен бірдеңені білмейтініме қарамай, ол затты білетін сияқты болмаймын.

Ол жерден шығып мен дана кісі саналатындардың тағы біріне бардым. Ол жерде де көргенім дәл осы болды. Содан бері ол да, одан өзге жұрт та мені жек көреді».

(Платон, «Апология», 6-тарау).

Өлетін күні таңертең Сократ сотталғандар отыратын камерада достарымен жан, ақиқат, даналықтың өлімсіздігі тақырыптарында әңгімелеседі.

«Жалғызаяқ сүрлеу бізді мына бір ойға жетелеп әкелетін сияқты.

Денеміз бар болып тұрғанда және жанымыз бұл бәлекеттен құтылмай тұрғанда біз өзіміз аңсаған нәрсеге жете алмаймыз. Ол нәрсеміз – ақиқат. Шынтуайтында, дененің бізге әкелмейтін әуресі жоқ. Оған тамақ керек, ол аз десең дене ауру-сырқауға ұшырайды, ал әрбір ауру біздің болмысты тануымызға кедергі жасайды. Дене әрнені бір тілейді, құмарлық, үрей сияқты толып жатқан мағынасыз күйге түсіріп, есімізден тандыратыны соншалық, бізге тіпті бір нәрсені ақылға салуға мүмкіндік бермейді. Ал соғыс, бүлік, қантөгіс дегендер дене мен оның құмарлығының ісі емей немене? Соғыс атаулының бәрі байлыққа жетсем деген тілеуден шығады. Бұл тілеуді тілететін – бізді билеп отырған дене. Міне, осы себептерден, дененің кінәсінен біздің философияға мойын бұруға мұршамыз жоқ.

Ең жаманы, денені күтуден бір сәтке болса да босап, ойға беріле қалсақ, талдау жасай бастасақ болды, дене тағы да біздің үреймізді алып, шатастырады да, ақиқатты көруге мүмкіндік бермейді.

Сондықтан мына нәрсені дәлелдеуге болады. Денеден арылып, әр нәрсеге сол нәрсе күйінде ақылдың өзімен қарамай біз таза білімге жете алмаймыз. Сонда ғана, яғни пайымдауымыз көрсетіп отырғандай өлгеннен кейін ғана біз аңсаған нәрсемізге жетеміз. Тіршілігімізде ол мүмкін емес. Денеден құтылмай таза білімге жетуге болмайды десек, онда мына екі пайымның біріне келісуіміз керек: я білімге жетудің өзі ешқандай жағдайда мүмкін емес, я оған тек өлгеннен соң жетуге болады. Тек өлгеннен кейін ғана жан денеден босанып, өзімен өзі қалады. Ал тірі кезімізде білімге барынша жақындау үшін біз денемен байланысымызды мүмкіндігінше шектеп, оның залалын жұқтырмауымыз, құдай өзі босатып алғанша жанымызды таза ұстауымыз қажет. Осылайша тазарып, дененің санасыздығынан арылғанда ғана біз сірә өзіміз сияқтылармен бірігеміз және өз күш-қуатымызбен барлық таза атаулыны тани аламыз. Ал ол ақиқат болса керек. (Платон, «Федон», 89-бет, «Сократтың апологиясы», 42а).

Философиядағы маңызды даталар

Б.д.д. VI ғасыр — Милеттік Фалес мектебінен батыс философиясы басталды.

Б.д.д. VI ғасырдың аяғы — Пифагор өлді.

Б.д.д. 399 жыл — Афиныда Сократ өлім жазасына кесілді.

Б.д.д. 387 жыл — Платон Афиныда өзінің Академиясын ашты. Бұл алғашқы университет болатын.

Б.д.д. 335 жыл — Аристотель Афиныда Академиямен бәсекелес Лицейді ашады.

Б.д. 324 жылы — император Константин Рим империясының астанасын Византияға көшірді.

Б.д. 400 жылы — Августин Блаженный өзінің «Тәубе» («Исповедь») атты еңбегін жазды. Философия христиан теологиясының ішіне жұтылып кетті.

Б.д. 410 жылы — Римді вестготтар қоршауға алды. Осылайша Орта ғасырлардағы «қаратүнек ғасырлар» басталды.

Б.д. 529 жылы — Император Юстинианның Афиныдағы Академияны жабуы эллин мәдениетінің ақыры болды.

ХIII ғасырдың ортасы — Фома Аквинский Аристотель еңбектеріне комментарий жазды. Схоластика дәуірі басталды.

1453 жыл — Константинопольді түріктер жаулап алды. Византия империясы құлады.

1492 жыл — Колумб Американың жағалауларына жетті. Флоренцияда Қайта өрлеу дәуірі басталды, грек мәдениетіне деген қызығушылық оянды.

1543 жыл — Коперник «Аспан денелерінің айналуы туралы» атты еңбегін жариялап, онда Жердің Күнді айналатынын математика арқылы дәлелдеді.

1633 жыл — Шіркеудің қысымына ұшыраған Галилей Ғаламның гелиоорталық теориясынан бас тартуға мәжбүр болды.

1641 жыл — Декарт «Философиялық толғаныстарын» жариялады, осылайша қазіргі заман философиясы дүниеге келді.

1677 жыл — Спиноза өлгеннен кейін оның «Этика» атты еңбегі жарыққа шықты.

1687 жыл — Ньютон «Принциптер» еңбегін жариялап, тартылыс ұғымын енгізді.

1689 жыл — Локк «Адамның түсінуіне қатысты тәжірибелер» шығармасын жазды. Бұл эмпиризмнің дүниеге келуі еді.

1710 жыл — Беркли өзінің «Адам танымының принциптерін» жариялап, эмпиризмнің көкжиегін одан әрі кеңейте түсті.

1716 жыл — Лейбниц қайтыс болды.

1739–1740 жылдар — Юм «Адам табиғаты туралы трактатын» жазды. Бұл эмпиризмді логикалық тұрғыдан аяғына жеткізді.

1781 жыл — Юмның «көмегімен» «догмалық ұйқыдан» оянған Кант «Таза ақылға сын» еңбегін жазып шықты. Неміс метафизикасының ұлы дәуірі басталды.

1807 жыл — Гегельдің «Ақыл феноменологиясы» – немістің классикалық философиясының шедеврі жарияланды.

1818 жыл — Шопенгауэр «Әлем ерік пен елестің көрінісі» еңбегін жазып, неміс метафизикасына үнді философиясының элементтерін қосты.

1889 жыл — Құдай өлді деп мәлімдеген Ницше Туринде ақылынан адасты.

1921 жыл — Витгенштейн «Логика-философиялық трактатын» жазып, онда философия проблемаларының шешімін тапқанын айтты.

1920-шы жылдар — Вена үйірмесі логикалық позитивизм теориясын жасады.

1927 жыл — Хайдеггер «Болмыс пен уақыт» еңбегін жазып, философияның аналитикалық және құрлықтық (еуропалық) дәстүрлері арасындағы алшақтық туралы айтты.

1943 жыл — Сартр «Болмыс және ештеңе» атты еңбегін жариялап, онда Хайдеггердің идеяларын дамытты, сөйтіп экзистенциализмнің алғашқы кірпішін қалады.

1953 жыл — Витгенштейн өлгеннен кейін оның «Философиялық зерттеулері» жарыққа шықты. Лингвистикалық анализдің гүлдену дәуірі басталды.

Сократ өмірінің хронологиясы

Б.д.д. 469 жыл — Афиныға жақын жерде Сократ дүниеге келді.

Шамамен б.д.д. 440 жыл — Дельфи оракулының пифиясы Сократты «адам атаулының данасы» деп атады.

Шамамен б.д.д. 430 жыл — Сократ Пелопоннес соғысына қатардағы жауынгер болып барды және Потидей қаласы маңындағы шайқаста Алкивиадты өлімнен құтқарып қалды.

Б.д.д. 423 жыл — Аристофан өзінің «Бұлт» комедиясында Сократты әжуа етеді.

Шамамен б.д.д. 469 жыл — Сократ Ксантиппаға үйленеді. Ол екеуінің үш ұлы болды.

Б.д.д. 406-405 жылдар — Заң шығару кеңесінің мүшесі болып жұмыс істеді.

Б.д.д. 404 жыл — Отыз тиранның Леонт Саламинскийді тұтқындап әкелу туралы бұйрығын орындаудан бас тартады.

Б.д.д. 399 жыл — Сократқа «жаңа тапқан құдайларға» табынады, жасөспірімдерді аздырды деген айып тағылды. Сотталып, нәтижеде өлім жазасына кесілді. Үкімнен кейін Сократ у ішіп өлді.

Сократтың дәуірі

Б.д.д. 460 жыл — Әлем әдебиетіндегі алғашқы даңқты трагик Эсхил шығармашылығының шыңға жетуі.

Б.д.д. 460 жыл — Афины мен Спарта арасында I Пелопоннес соғысының басталуы. Аңызға сәйкес, медицинаның негізін қалаған Гиппократ Кос аралында дүниеге келеді.

Б.д.д. 445 жыл — I Пелопоннес соғысының аяқталуы.

Б.д.д. 440-жылдардың ортасы — Перикл басқарған кезеңдегі Афиныда «алтын ғасырдың» басталуы. Осы кезеңде Афины мәдениетінің гүлденуі.

Б.д.д. 447 жыл — Афиныдағы Акропольде Парфенон салына бастады.

Б.д.д. 441-440 жылдар — Самос аралындағы көтерілістен кейін Эгей теңізіндегі бейбітшілік бұзылды.

Б.д.д. 431 жыл— Спарта мен Афины арасында II Пелопоннес соғысының басталуы.

Б.д.д. 429 жыл — Периклдің өлімі.

Б.д.д. 428 жыл — Афинылық алғашқы философ, Сократ пен Периклдің ұстазы Анаксагордың өлімі.

Б.д.д. 415 жыл — Афины Сицилияны жаулап алу үшін үлкен экпедиция жібереді, бірақ ол сәтсіз аяқталады.

Б.д.д. 404 жыл — II Пелопоннес соғысы Афины үшін қорлық жеңіліспен бітеді: Афиныдағы билік Отыз тиранға өтеді.

Б.д.д. 403 жыл — Отыз тиран өкіметі құлап, демократия қайта қалпына келтіріледі.

Б.д.д. 400 жыл — Заңдар өзгертіліп, жаппай амнистия жарияланады, алайда бір жылдан кейін ол амнистия Сократқа берілмейді.

Аударған Ержан Әбдіраман

Оцените пост

5