Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
04:52, 17 января 2013

ЕСЕТ ЖҮНІСОВ: ҚЫЗЫЛАҒАШ ҚАСІРЕТІНЕ ЖАУАПТЫЛАР ӘЛІ ДЕ ҚЫЗМЕТТЕ ОТЫР

2010 жылдың 12 наурызында түнде Алматы облысындағы 3,5 мың халқы бар Қызылағаш ауылында су қоймасының бөгеті жарылды. Ресми деректер бойынша, сол түні 45 адам қаза тапты, 146 үйді су шайып кеткен, 251 үй бұзылған. Осыған қатысты ресми сараптамадан тыс қалған мәліметтер туралы Қызылағаш ауылдық округінің бұрынғы әкімі Есет Жүнісовты әңгімеге тартқан едік.

Толығымен: http://janaozen.net/shbat/eset-zhnsov-yzylaash-asretne-zhauaptylar-l-de-yzmette-otyr.html?lang=kz

- Есет мырза, Қызылағаш қасіретінен соң көп уақыт өткенімен, көптеген сауалдардың жауабы әлі де анықталған жоқ, көкейесті мәселелер шешілмеді. Бірақ, арнайы комиссия құрылып, жағдайдың себептері анықталып, жәрдемақылар берілді. Сіздің редакциямызға келіп, Қызылағаш жағдайына қатысты пікір білдіруіңізге не түрткі болды?

- Біріншіден, сот үкімімен болған трагедияға біз кінәлі болып танылдық. 2012 жылдың 21 ақпанында менің ағам мен Бикеевке («Қызылағаш» су пайдаланушыларының кооператив басқармасының төрағасы) амнистия жарияланып, бостандыққа шықты. Бізді соттаған тұста, жағдайдың анық-қанығын көрсететін фактілер назарға алынбады. Тергеу комитетінің полковнигі Лупечок тергеу сараптамасын өткізу туралы комиссия құру бойынша қаулы шығарды. Сараптама жүргізу үшін құрылыс ұйымдары, гидрометео қызметі, геологиялық барлау т.б. сол сияқты құрылымдық бөлімдер жұмылдырылуы тиіс. Бірақ бөгет жарылғанымен, мұндай комиссия құрылған жоқ. Қожақов деген бір адамнан тұратын тергеу тобы ғана сараптама жүргізді.

– Сонда Қожақов деген кім? Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің сарапшысы ма?

– Жоқ, Ішкі істер министрлігінің сарапшысы. Ол тек сол айналаны бір қарап шығып, аварияның қалай болуы мүмкін екенін айтып берді. Бізді соттап жатқан кезде, ақиқатты айтқанымызбен, оны еститін адам болмады. Алайда, менде кінәсіздігімді дәлелдейтін айғақтар болатын. 
Сотта біріншіден, мені «отбасыммен бірге қашып кетті», екіншіден, «эвакуация жасамадың, трагедияның алдын алмадың, өз жұмысыңа салғырттық таныттың» деген сияқты айыптар тақты. Сол күні эвакуация жариялау үшін ресми ұйымдардан қандай да бір ескерту түсуі тиіс. Су бөгетінің қожайыны бір қауіпті байқаса, ең алдымен Алматы облысының әкіміне, Ақсу ауданының әкіміне, Балқаш-Алакөл бассейнінің басқармасына, «Қазгидрометке» т.б. мекемелерге хабарласуы керек.

– Ал су қоймасының иесі сіздің туысқаныңыз емес пе?

– Жоқ. Қойманың иесі мүлдем басқа адам. Қазақ жүзге бөлінеді ғой, сол секілді ол Ұлы жүзден, мен Орта жүзденмін. Ауылда су пайдаланушыларының кооперативі құрылған. Су бөгетінде су реттеу каналы болды, міне осы каналдың директоры менің ағам болды. Су реттеу каналы ауылдың ішінде орналасты. Сол сияқты канал ауылдан 9 км шақырым жерде де бар. Онда Қызылағаш ауылының тұрғындары жұмыс істеді, олар да жағдайды біліп, алдын алар еді. Ал бөгет болса, судың толуынан жарылған жоқ, су толмай тұрып-ақ жарылды. Түсінесіз бе, мен онда жеткенімде, кішкене су иірімі болып, су шыға бастады. Сол уақыттан бастап, мен барлық мекеме орындарына, адамдарға хабарласа бастадым.

Жалпы, 10 мен 11 наурыз күндері біз күні бойы жұмыста болдық. Сол күндері толассыз жаңбыр жауды, ауыл ішін су баса бастады. Арнайы штаб құрып, кезекшілер мектеп пен ауруханада қызмет атқарды. Мектеп директоры мен мұғалімдер түнгі 12-ге дейін әкімдікте болып, кезекшілік атқарса, біз түнгі 12-ден кейін кезекші болдық. 11 наурыз күні сағат 19:00-де су бөгетінің күзетшісі хабарласып, бөгетте су көлемі көбейіп, шлюздерді ашуға үлгермей жатқанын айтып, көмек сұрады. Мен адамдарды жинағанымша, бір сағаттай уақыт өтті. Содан кейін бөліне бастадық. Бұл хабарды естіген соң, бірден аудан әкімі Берік Тынышбаевқа хабарластым. Жағдайды түсіндірген соң, 1-2 минут өткенде маған қайта телефон шалып: «Жоғарыға шығыңдар, адамдарға көмек керек» деді.

Содан бастап, 30 адамды жинап, кімнің тауға, кімнің осында қалатынын бөлдім. Сол кезде 60 жастағы төтенше жағдайларға жауапты маман Дәулет Істібаев «Менің шамам жоқ» деп ауылда қалды. Ал су қоймасының қызметкерлері мықты адамдардың қажеттігін айтқан. Сондықтан, зор денелі жігіттерді қасыма алып, тауға шықтық. Қойма тауда, 300-400 метр биіктікте орналасқан, оған дейінгі 10 км жолды 1,5-2 сағат жүріп, түнгі сағат 10-да әрең жеттік. Онда жеткенімізде, қойманың атылуға жақын екенін жеткізді. Қазайдаровпен бірге қойманы қарағанымызда онда шұңқыр пайда болған. Сонда барлығы туыстарына хабарласа бастады. Бәрін қойып адамдарды алып шығумен айналыстық. Бәрі қаша бастады, у-шу пайда болды. Мен өз кезегімде Дәулет Істібаевқа қойманың жарылайын деп жатқанын айтып, адамдарды шығару керегін хабарладым. Ал сол кезде ауылда жауапты деген бар-жоғы 10-15 адам қалған. Олар көшелерді аралап, халыққа ескертуі керек еді.

Қызылағаш – бұл ауылдық округ, Қызылағаш деген ауыл, ал өзеннің арғы жақ бетінде Ақтоған ауылы бар. Олар бүкіл адамдарын алып шығарған. Ауылдарында 4-5 адам ғана қалғанымен, оларға су жетпей, аман қалды. Ал Қызылағашта 17 отбасынан 45 адам қаза болды.

– Айтқаныңызға қарағанда, сіз трагедияны алдын алу үшін барыңызды салған болып шықтыңыз. Дегенмен, су бөгетінің жарылуы себебіне нақты кім кінәлі?

– Тергеу барысында анықталғандай, 1985 жылы бөгет өте көп талаптар бұзылған күйде салынған болып шықты.

– … Сіз өзіңізді Қызылағаш трагедиясын алдын алу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым деп ойлайсыз ба? Сізбен бірге басқа да адамдарды да соттауы қаншалықты заңды деп санайсыз?

– Иә. Мүмкін. Менімен бірге соттауы тиіс демесем де, тергеу бірден әділетті жүргізілмеді. Прокуратура 163 том істі 11-нде алып, оны сол күні-ақ толық таныспастан, қайта өткізіп жіберді. 163 томды бір күнде оқып, танысып шығу оңай дүние емес. Бірақ, тергеу жұмысы о баста тек мені ғана кінәлі етіп шығару бағытын ұстады.

– Сонда, сот алдында кімдер жауап беруі тиіс?

– Ең бірінші болып Алматы облысының төтенше жағдайлар жөніндегі Департаменті (ТЖД) тиісті қызметін атқара алмады.

– Бірақ, қойма жеке меншікте емес пе еді?

– Иә, қойма жекеменшікте. Бірақ оның иесі ТЖД-ны ескертуі керек емес пе? Сағат 20:00-ден 20 минут өткенде ондағылар бөгеттің жарылғанын біліп отырды.

– Олар мұны су бөгетінің иесінен білді ме?

– Жоқ, Ақсу ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің (ТЖБ) бастығынан білген.

– Сіз айтып отырған сөздердің жазбасы бар ма?

- Әрине. Алматы облыстық ТЖД-ның кезекшісі мен Ақсу аудандық ТЖБ-ның бастығы арасында 22 сағат 15 минут кезінде бөгеттің жарылып жатқаны турасындағы хабардың жазбасы бар. Алматы облысындағы Азаматтық қорғаныс пен ТЖБ басқа қызмет түрлерімен де байланыста болуы керек еді. Онда Салағаев деген мырза жұмыс істейді. Міне, оның қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады.

22 сағат 21 минутта облыстық Ішкі істер департаменті мен патрульдік қызмет Департаменті ескертілген. Осы патрульдік қызмет адамдардың өзін алдын ала ескертуі тиіс, өйткені тек оларда ғана ескерту құралдары бар.

– Қазіргі таңда, сіздің алдыңызда өз ауылыңызды қайта қалпына келтіру жұмысы тұр. Әлбетте, мұны эмоционалдық тұрғыдан айтқаныммен, нақты фактілерге көшсек. Сіз құтқару операциясы үшін награда алған ТЖ-ға жауапты адамның фамилиясын айттыңыз. Сөзіңізге сенетін болсақ, аудан мен облыс әкімдігі болатын су тасқыны туралы біле тұра, алдын ала және одан кейін де салдарын жою жөнінде қажетті шараларды қолданбағаны ма?

– Өзіңіз білетіндей, біздер осындай үлкен төтенше жағдай бірінші рет болғандықтан, бәріміз сол таңда абдырап қалдық. Біріншіден, облыс әкімдігінде азаматтық қорғаныс пен ТЖ жөніндегі басқарма құтқару жұмысымен айналысатын барлық құрылымдық бөлімдерді, ТЖД-ны жұмылдырып, жұмыстарын реттеуі керек болатын. Бұл ведомствоны басқаратын Салағаев мырза және оның орынбасары Қылышбаев қажетті шараларды қолданбады. Меніңше, егер олар тиісті шараларды жасағандарында, мұндай сұмдық орын алмайды. Облыс әкімі Үмбетов әрбір құрылымға түрлі міндет жүктегенімен, оны Салағаев, Қылышбаев, Данаев (ТЖД), Ақсу ауданы әкімі Дүйсембаев орындаған жоқ. Сонда менің кінәм неде? Сол кезде ГАИ қызметкерлері ескертумен айналысулары тиіс. Ауылдың барлығын түгедей ескерткен жоқ, адамдар біз хабарласқаннан кейін барып, бір-біріне хабарлап отырды. 00 сағат 32 минуттағы жазбада ГАИ қызметкері ТЖД кезекшісіне хабарласып, адамдарды сабырға шақырып, үйлеріне оралтуды айтқан. Көрдіңіз бе, мәселе қайда? Ал 22 сағатта ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Жайлаубаев Салағаев пен Қылышбаевтан автобус алдыруды сұрайды. Автобустар 01:21 минутта келеді. Тергеу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов осы күнге дейін Қызылағашта су бөгеті бар екенін білмегенін айтты. Бұл облыстағы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның төрағасы болған облыс әкімі орынбасарының сөзі! Негізінде, осы мәселені бақылау Баталов мырзаның міндетіне кіреді. Ол оған Ақсу ауданы әкімі Асқарбек Дүйсембаевтың айтпағанын алға тартады.

– Демек, әкімнің орынбасары өз міндетін білмегені ғой. Дегенмен, су бөгеті ауылдағы жай ғана құдық емес, қайткенмен де үлкен су қоймасы екені белгілі. Ал қазір Баталов мырзаның өзі қайда?

– Баталов мырза қазіргі кезде де облыс әкімінің орынбасары. Ақсу ауданы әкімі Асқарбек Дүйсембаев та өз орнында. Және осы күнге дейін олар көпшілік алдында орын алған қасіретке мені кінәлайды.

– Зардап шеккен Қызылағаш халқының әр жанұясында кемінде он-жиырма шақты қойлары мен сиыры, жылқылары болды. Бірақ, Үкімет Қызылағаш тұрғындарына жәрдемақы ретінде тек малдың бір басы үшін ғана ақша төлеген деседі. Шынымен де солай ма?

– Жоқ, олай емес. Әкімдіктегі шаруашылық кітабында көргеніміздей, бәріне тиісті көмек көрсетіпті. Өзімде мал түрі болмағанымен, әпкемде үлкен шаруашылық болды. Онда отыздан астам ірі қара мал болған. Соның 37 бас ірі қара малын қалпына келтірдік. Әрбір мал басы үшін болмаса да, базар бағасы бойынша 50 пайыз көлемінде қаражат берді. Сиыр 80 мың теңге тұрса, онда 50 мың теңге төледі.

– Сіз әкімдік пен ТЖД-ны тиісті шараларды қолданбай, салғырттық танытқаны үшін кінәладыңыз. Өзіңізге амнистия жарияланып, бостандыққа шықтыңыз. Өзіңізді кінәлі санасаңыз, неге сотқа жүгініп Қызылағаш трагедиясына кінәлі емес екеніңізді, жоғарыдағы азаматтардың кінәлі екенін дәлелдемейсіз бе?

– Амнистиядан кейін мен сотқа қайта жүгінген жоқпын. Сот алдында емес, халық алдында өз атымды қалпына келтіру үшін БАҚ-тарға пікір білдіруге барғаныммен, барлығы бірдей жылы қабылдаған жоқ. Мен мүлдем ештеңе айтпаймын деп те ойлағанмын. Бірақ, сотта төртеумізге 500 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Сөйтіп, күнде сот орындаушылары келіп, мүліктерімізді тәркілеуде. Бұл соманы ағаммен бірге, зейнеткер жасындағы және мүгедектігі бар азамат төлеуі қажет.

– Сонымен, сіз бұл трагедияға тікелей кінәсі бар азаматарды сотқа бересіз бе?

- Жоқ, мен сотқа ешкімді бермеймін. Сотқа өзімнің адал атымды қайта қалпына келтіру үшін ғана барамын.

Әңгімелескен Алмат АЗАДИ

«Ашық алаң» (Трибуна) газеті 16.01.2013, №2(20) (аударма)

 
0
755
0