Мұқанов Моңғолияда

nazgulnaz 2013 M01 14
880
0
0
0

АСТАНА. 17 қараша. BAQ.KZ – Қазақ әдебиеті алыптарының бірі – академик-жазушы Сәбит Мұқанов 1966 жылдың жазында ресми сапармен Моңғолия қазақтары қоныстанған Бай-өлке аймағына барған.   Бұл кездесу...

АСТАНА. 17 қараша. BAQ.KZ – Қазақ әдебиеті алыптарының бірі – академик-жазушы Сәбит Мұқанов 1966 жылдың жазында ресми сапармен Моңғолия қазақтары қоныстанған Бай-өлке аймағына барған.

 

Бұл кездесу ондағы қазақтар үшін көктен Ғайса түскендей әсер қалдырған көрінеді. Сәбеңді көріп, қолын алған, қасына отырып әңгімесін тыңдаған адамдар әлі күнге: «Баяғыда Мұқанов келген жылы...» деп, ұзын сонар хикаясын бастайды-ау. Расында, осы жылдары бай-өлкелік қазақтар арасына Сәбеңнің «Ботакөз» романы кең тарап, сауаты бар қазақ баласы оқып шыққан, сауаты жоқтар оқытып тыңдаған, «Сұлушаш» поэмасын екінің бірі жатқа айтатын, нағыз бір рухани таза жұтынып тұрған заман еді.
Бүтін халық аяғынан тік тұрып далада қарсы алады. Сәбең бай-өлкелік бауырлары арасында арқа-жарқа екі-үш күн қоныпты. Кеңес елінен келген өкілдерге арнап әкімшілік қонақ үйінен арнайы люкс бөлме әзірленіп, оған ресми делегацияны бастап келген Бурят АССР-нің бірінші хатшысы Хохолов пен Сәбеңді жатқызады. Сәбең болса ресми сапар естен шығып кеткен бай-өлкелік ақын Ақтан мен социалистік Еңбек Ері шопан, әсіре шежіре қарт Серікбайды жанынан тастамай, күнді түнге жалғап әңгіме соғады. Тіпті тамаққа да қарамапты жарықтықтар. Содан кешке қоналқыға жатарда бастықтар келіп Сәбеңді арнайы бөлмесіне орналастырады. Арада он минут өтпей Сәбең қашып шығыпты. «Әй, қарақтарым!» - депті: Мен әтір сасыған орыстың қасында күнде ұйықтап жүрмін ғой, бүгін ана теке сасыған екі шалдың қасына жатайыншы, - деп жалыныпты. Содан, шыт жаңа бөлме әзірлеп үш шалға темір төсек қойып беріпті. 
Ертеңінде Сәбеңді ауыл ақсақалдары бар, аймақ әкімшілігі «Ике бұлан» деген аралға апарып далада мал сойып, ас береді. Жазушының астына ат мінгізіп алып жүреді. Осында қонаққа келген барлық адамға бір-бір төстік қақтатамыз деп, 70-80 қой сойыпты. Мұны көрген Сәбең басын шайқады, дейді. «Тым ысырапқа бармаңдар, әсіре ақкөңіл екенсіңдер»,- деген де қойған.
Сапар аяқталған соң Ұланбатырға ұшаққа отырып аттанады. Жолай мемлекет басшысы Ю.Цеденбалға кіріп Бай-өлке қазақтарына қатысты ұстанып отырған партияның көзқарасына үлкен рахмет айтыпты. Қазақстанға оралған соң осы сапары жайында «Социалистік Қазақстан» газетіне шағын мақала жазды. Осылайша Бай-өлкеде Сәбеңнің аңыз болып ізі қалды.


Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

Оцените пост

0