БЕСІК – Даналықтың белгісі ме, әлде ақымақтығымыздың БЕЛГІСІ МЕ?

Ibragim_Zhunisbekov 2013 M01 6
1298
1
4
0

Маған, бала кезімде әжем, апам «Бесікте жатқан баланың денесі, аяғы түзу өседі, бала таза болады» дейтін. Ал мен өзімізді, яғни қазақтарды, бесікті пайдаланбайтын елдердегі азаматтармен салыстырсам...

Маған, бала кезімде әжем, апам «Бесікте жатқан баланың денесі, аяғы түзу өседі, бала таза болады» дейтін. Ал мен өзімізді, яғни қазақтарды, бесікті пайдаланбайтын елдердегі азаматтармен салыстырсам, керісінше екен. Бесікті пайдаланбайтын елдердегі азаматтардың бойлары да, аяқтары да ұзындау, әрі түзурек, ой-өрісі де, мәдениеті де жоғары, санасы проблемалардан (уайымнан) тазарақ. Сана неғұрлым таза болған сайын,  санада соғұрлым бос кеңістік үлкен болады, ол кеңістік еркін ойлауға, яғни өмірге жаңалықтар енгізуге, жаратуға мүмкіндік береді. Ұлы ғалымдар сол елдерден шығады, біз пайдаланып отырған барлық техника мен электрониканы, үйіміздегі қасық, вилка, шәйнекке дейін солар ойлап тауып, солар шығарып отыр, керек болса киіп жүрген киімдерімізді де солар шығарады. Ал біз тұтынушымыз (потребитель), керек болса, шығарылған бұйымдарды, кейбіреулеріміз дұрыс тұтына да алмаймыз.

Одан бөлек, басқа елдермен салыстырғанда, денсаулығымыз да нашар. Неге? Себебі, біздің бесігіміз бар деген тұжырымға келдім.

Нәресте ананың құрсағынан  «Мен кіммін, не үшін жер бетіне келдім, енді қайда барам» деп жылап еркіндікке шыққан кезде, біз оның еркіндігін шектеп, матамен орап, немесе  бесікке байлап қоямыз. Солайша, нәрестенің санасында «мен құл екенмін, біреу қаласа мені байлап қояды, қаласа шешеді, қаласа тамақ береді екен» деген құлдық ұғым қалыптасып қалады. Ал кішкентай нәресте не біледі, оның әлі миы дамымаған ғой дейтіндер қатты қателеседі, олар бәрін жанымен қабылдайды. Сондықтан, біздің кішкентай балдарымыздың  үлкен көздері мен үлкен құлақтары болады дейді. Өз еркімен қимыл-әрекет жасай алмаған нәресте, өз бетінше ойлай да алмайды, біреуге бағынышты, құл екенін бесіктен сезіне бастайды. Сондықтан, өскен кезде де, біреудің ойымен, сөзімен жүретін, өз ой-пікірі жоқ,  ерме  болады.

Байқасаңыздар, нәресте туылған кезден бастап аяқ-қолын жоғары көтеріп жатады. Себебі, табиғат дана, кішкентай нәрестенің, енді өсіп келе жатқан жүрегі әлсіз болғандықтан, қанды жүрек аяқ қолға қуады, бірақ қайта қанды айдауға күші жетпейді, сондықтан, табиғат, баланың аяқ-қолындағы қаны өзі жүрекке қайта ағып келуі үшін, аяқ-қолын көтеріп жататын етіп жаратқан, яғни, әлсіз жүрекке жәрдем болуы үшін. Ал, аяқ-қолы байлаулы баланың әлсіз жүрегі қиналып жұмыс істейді. Ол жағдай денсаулыққа кері әсер ететіні мәлім жай.Еркін қимыл-әрекет болмаған соң нәрестенің денесі де, миы да жақсы, яғни табиғи дамымайды. Қимыл жоқ, немесе аз болса өсу де төмен болатыны ешкімге құпия емес. Тірінің бәрі, қимыл-әрекеттің, күрестің арқасында өседі, дамиды. Ал құлдың миы, санасы тұтынушылық денгейден өспейді.

Баланың өмірге көз қарасы, негізінен, 7-8 жасқа дейін қалыптасатынын ескерсек, 1-3 жасқа дейін денесі бесіктің  қамауында, одан кейін әке-шешесінің ойы мен сөзінің қамауында ( үйтпе-бүйтпе, көп сөйлеме, айқайлама, ананы болмайды, мынаны болмайды, ол ұят болады, үлкендердің сөзін тыңдау керек ж.т.б) болған баланың ой-өрісі дамымай, нәтижесінде еркін ойлай алмайды, әке-шешесінің ойымен, басқалардың ойымен жүруге бейімделіп, өз пікірі болмайды. Ол баланың ой-өрісі, әке-шешесі сияқты (әке-шешесі де бесіктің, өз әке-шешесінің қамауында болған) тұтынушы денгейінен көтерілмейді, тұтынушы ретінде денгейі өсуі мүмкін, бірақ өмірдің құндылықтарын  жаратушы ретінде санасы өспейді.   Бұл айтылғандардың растығын өмір дәлелдеп отыр. Себебі, бесік пайдаланбайтын елдер мен бесік пайдаланатын елдердің денесі мен санасының денгейін салыстырсақ, өте үлкен ерекшеліктерді көреміз.

Тәуелсіз Қазақстанымыз, жер бетіндегі мемлекеттермен салыстырғанда, ғалымдарының санының көптігі  жағынан алдыңғы қатарда болғанымен, мемлекетіміз заводтар, үлкен құрылыстар салу үшін шет мемлекеттердің ғалымдарын милиондаған қаржы беріп жалдайды. Біздің ғалымдардың дипломдары ғана ғалым, өздері ғалым болмағаны ма? Неге ғалымдарымыз  орта мектеп оқулықтарын да жаза алмай отыр? Біздің ғалымдардың жұмыстары көп болғандықтан, қолдары тимейді ме, жоқ, әлде  ғалымдық дипломдарын сатып алған ба екен?  Әлде санасы тұтынушы денгейінен көтеріле алмай қалды ма? Мүмкін байлық іздеп, бір-бірімен жарысып жүрген шығар?    Бір сөзбен айтқанда олардың, ғалым деген дипломдарына сай емес екенін түсініп жеттім. Президентіміз де бір сөзінде, «... біздің елде ғалымдар көп бола тұрып, неге біз Ресейдің ғалымдарын қыруар ақшаға жалдаймыз?» деген еді.

Бесікте байланып жатқан балада қимыл болмағандықтан, қан айналымы да төмендейді. Өздеріңіз білесіздер, организміміздің барлық органдарына қоректік заттар, витаминдер қан арқылы тарайды. Адам денесін табиғат дана жаратқан. Егер дене (физикалық, психикалық тұрғыдан) еркін болса, денедегі аптека барлық органдарға қажетті қоректік заттар мен химиялық элементтерді керек мөлшерінде жеткізіп, саулығын қадағалап отырады. Денеге сырттан физикалық, психикалық қысым болғанда, денедегі аптеканың қалыпты жұмысы бұзылып,  дене дұрыс өспейді және аурулар пайда болады. Демек дененің дұрыс өсуі дененің қимылына тікелей байланысты болғандықтан, орап тастауды(пеленанияны), бесікті көп пайдаланатын отбасылардың балаларында «дисплазия» деген ауру да көп кездеседі. Себебі аяқтары  қимылдамағандықтан жанбас сүйектері жақсы өспей қалады, ол ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы жайлап өтіп отырады, кейінгі туылғандарының ұршық сүйектерінің жанбас сүйектегі тұратын жері жылдан жылға кішірейіп,ол ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, соның салдарынан қазіргі ұрпақтарының ұршық сүйектері орнынан шығып кете беретін болып отыр.

Ал бесікті пайдаланбайтын елдерде дисплазия ауруы жоқтың есебі. Мысалы орыс халқы нәрестелерін корзинаға немесе коляскаға салып қояды, нәресте аяқ-қолын қимылдатып еркін ойнап жатады, қимыл болған соң, денедегі  қан  жақсы айналып, қоректік заттар органдарға уақытында жеткізіліп, дене сүйектерінің өсуі дұрыс болады. Еуропа халқының, негізінде, денелері биік, аяқтары түзу, сүйкімді болуының, «дисплазия» ауыруының салыстырмалы түрде, аздығының себебі - бесіктің жоқтынан екенін түсіндім. Оған, дәлел, қазіргі таңда, медицина,  нәрестені туылғаннан кейін  аяқ-қолын орауды(пеленания)   тиым салуда, себебі нәресте еркін қимылдап, табиғи өсуі керектігін түсінуде. Ал, бесік те, сол орап тастаудың бір түрі емес пе?

Әлемдік статистика, нәрестенің дисплазия ауыруына шалдығуының , нәрестені туылғаннан орап тастауға тікелей байланысты екенін айтып отыр. Нәрестені орамайтын елдерде дисплазия ауыруының кем кездесетіні анықталған. Ал Японияда дисплазия ауыруы 1,1- 3,5 пайызға дейін кездесетін, 1975 жылдан бастап туылған нәрестені орамайтын болғаннан бері, аталған көрсеткіш 0,2 пайызға дейін төмендегені анықталып отыр.

Біз, ата-аналар, ой-өрісіміздің саяздығынан, өзіміз құл болғандықтан, санамыздың төмендігінен, есепті білмегендіктен,  шамамызға қарамай, араларын 1-2 жыл етіп, 5-10 баладан туып алып, баламызға қарауға уақытымыз болмай, оларға дұрыс көңіл де бөле алмай, не істерімізді білмей, өз нәпсіміз үшін, уақытымызды үнемдеу үшін, айналамыздағылармен жарысып, анаған-мынаған үлгерсек деп, бесікке байлап,  өзіміз сияқты құл жасаймыз.

Сондықтан,  балаларымыздың аурушыл болуының, бірінші,  себебі, ол- санымыз болса  да, санамыздың оянбағанынан деп есептеймін. Ал мен саналы деп бүкіл әлем болмаса да, алдыңғы қатарлы елдер мойындаған ғалым, психолог, ойшыл азаматтарды айтамын. Қазіргі таңда біздің «жазушыларды», «ғалымдарды», «психологтарды» тек біз ғана білеміз, біз ғана мойындаймыз, біз,  немесе басқа елдер пайдаланатындай  ештеңе жаратып, ешқандай жаңалық ашпаса да. Өкінішке орай бізден әлі, менің білгенімше, нағыз жазушы, не ғалым, не нағыз психолог  шыға қойған жоқ-ау, бірақ мақтанғанда бүкіл әлемге жар саламыз.

Еліміздің материалдық жағынан дамып келе жатқаны, ол біздің санамыздың өсуінің нәтижесі деп бағаламайтын едім, себебі, ол Қазақстанның жер байлығын сатуымыздың нәтижесі деп білемін.

Ұлы ғалым Альберт Эйнштейн айтқанындай, өмірде бәрі салыстырмалы түрде бағаланады, сондықтан менің жазғандарым да салыстырмалы.

Қорытындылай келіп айтарым, бірінші кезекте біз - өзімізге, екінші кезекте-бесікке қапа болуымыз керек деп ойлаймын. Мен, қазақ болып туылғаныма қуанам, мақтаныш тұтам,  қазақ болғаным үшін ойымды ашық жазып отырмын.  Ұлттық намысқа тырысып, өз ұлтымның санасының өсуін,  санасы жоғары мемлекеттер қатарына қосылуын қалағандықтан, қатесін, кемшілігін жазып отырмын деп есептеймін.  Себебі, өз кемшілігін, қателігін білмеген ел, ұлт өспейтінін түсіндім. Бізді дамытпай отырған, себептердің бірі, ол- біздің салт дәстүр, бірі, ол- құр көкіректігіміз деп түсінемін. Құр көкіректіктен, негізсіз мақтана береміз.

Мен де, көпшілік сияқты, айналамдағыларға, оқырмандарға жағу, ойларынан, көңілдерінен шығу мақсатында, солардың жалған сезімдерін қолдап, ұлтымның кемшіліктерін, қателіктерін жасырып, негізсіз мақтап, мақтанып, өтірік жаза аламын. Бірақ одан ешкімге пайда жоқ! Сондықтан,  пайдасы болатынына сеніп, ауыр болса да, түсінгенімді жазып отырмын.  Тіке жазғаныма айып етпеңіздер, түсінемін, көпшілікке айтқандарым жақпайды, ауыр тиеді! Бірақ, бұл, менің ойымның жемісі, ал жемісті таратуым керек!

Сарыағаш ауданы тұрғыны:                                            Ибрагим Жунисбеков

ұялы тел:87019535042

Оцените пост

3

Комментарии

Дальше