Үш масақ

nazgulnaz January 2, 2013
517
0
1
0

КСРО Орталық атқару комитеті (ОАК) мен Халық комиссарлары кеңесінің (ХКК) «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық(социалистік) меншікті нығайту...

КСРО Орталық атқару комитеті (ОАК) мен Халық комиссарлары кеңесінің (ХКК) «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық(социалистік) меншікті нығайту жөніндегі» бірлескен қаулысын ел ішінде әдетте «үш масақ заңы» атап кеткен. (Постановление ЦИК и СНК СССР «Об охране имущества государственных предприятий, колхозов и кооперации и укреплении общественной (социалистической) собственности» //07.08.1932г).


Жаңа заң бойынша мемлекеттік мүлікті ұрлағандарға аса ауыр жаза қолдану қарастырылды. Оның қабылдануына И.Сталиннің өзі тікелей ықпал еткен. Колхоздастырудың алдында бай-кулакты тәркілеу науқаны жүргізілгені естеріңізде. Жаңа заң, оның алдында ғана мал-мүлкінен, жеке шаруашылығынан айырылған шаруалар (сталиндік лагерьлерге қамалғандарынан аман қалғандары) үшін аса қиынға соқты. Өйткені, аштық қысқан колхозшы егістік даласынан үйіне балалары талғажау етсін деп 3-4 тал масақ әкелгені үшін бар дүниесі тәркіленіп, 10 жылға түрмеге айдалып кетуі, әйтпесе тіпті ату жазасына ұшырауы әбден кәдік еді. Бұл заңмен сотталғандар амнистияға ілікпеді.
Ресей Федерациясының мемлекеттік қорынан табылған Сталиннің Каганович пен Молотовқа осы заңның қабылдануы «қажеттігі» туралы жазған нұсқауында былай дейді: «Кейінгі уақыттарда, біріншіден, темір жол көліктерінен жүк ұрлау (ондаған миллион рубль ұрланған), екіншіден, кооперативтік және колхоз мүліктерін ұрлау көбейіп кетті. Оны біздің жаңа құрылысымызды құлатуды армандап жүрген кулактар мен басқа да қоғамға жат элементтер ұйымдастырып жүр. Заң бойынша бұл мырзалар қатардағы жай бір ұры сияқты көрінеді, екі-үш жылға сотталады, сосын 6-8 айдан кейін амнистиямен бостаныққа қайта шығады. Бұл мырзаларға қатысты мұндай режимді социалистік деп атау дұрыс емес, бұл олардың контрреволюциялық «жұмыстарын» жүргізе берулеріне ынталандырғанмен бірдей...Аса үлкен ықпалды социалистік шараларсыз жаңаша қоғамдық тәртіпті орнату мүмкін емес, ал ондай тәртіпсіз – біздің жаңа құрылысты орнатуымыз бен оны ұстап тұруымыз мүмкін емес, 20 шілде 1932 ж» (Документы и материалы. М., 2005.).
Сталиннің өзі мүдделі болған заң қабылданғаннан кейін тіпті болымсыз айыбы үшін адамдарды жаппай жазалау орын алды. Жер-жердегі шолақ белсенділер халықты қойша қайырып, үстінен қорқытып-үркітіп қамшы үйірді. ОГПУ-дың 1932-33 жылдардағы хабарламаларында осы келесідегі тектес жазбалар жиі кездесетін болды: колхоз даласынан масақ ұрлаған, колхозшылардың туған жерін тастап түнделетіп жаппай қашуы , т.с.с. Жаңа заң бойынша жаппай жазалау науқанының қаншалықты ауқымды болғанын мынадан да көруге болады: мәселен, заң 7 тамызда қабылданды, ал 15 қазан күнгі ақпарда ол бойынша 211 340 адам түрмелер мен лагерлерге қамалғаны айтылған (Фицпатрик Ш. Сталинские крестьяне. Социальная история Советской России в 30-е годы, М., 2001). 
Жаппай ұжымдастыру кезінде «үш масақ заңы» аса ауыр шаралардың бірі болды. Бірақ, халықты жайлаған ашаршылық адамдарға колхоз егістігінен еріксіз «мемлекеттік мүлікті» ұрлаудан басқа жол қалдырмады. Сөйтіп, аштан өліп қалмас үшін егістік даласынан алған 3-4 тал бидай масағы үшін талай адамдар 10 жылға сотталып кете барған. Сосын, егер түрменің ауыр тұрмысынан аман шықса, «адамзат баласына бақыт сыйлайтын жаңа құрылысты құру үшін» тегін жұмыс істеп, барлық денсаулығы мен қайратты күндерін жоғалтып 10 жылдан соң бір-ақ оралады. Міне, іргетасы адамның қаны мен сүйегінен қаланған, керегесі құл еңбегін тегін пайдалану арқылы көтерілген Кеңестер Одағы ақыры іріп-шіріп құлап тынды. Қазақ жаманат қайтып келмесін деп, оның соңынан топырақ шашатын.Осы шағын мақаламыз сол ырымның есебінде жүрсін.
Дәулетқали Асауов

 

Оцените пост

1