Yvision.kzYvision.kz
kk
Qaz
Qaz
492 постов4 подписчика
2
05:09, 27 декабря 2012

Ескі жылдың соңғы премьералары

Сонымен бізге қиял-ғажайыбы бар, атыс-шабысы бар, күлкісі бар, мұңы бар түрлі фильмдерді сыйға тартқан 2012 жыл бірнеше күннен соң «шаң басқан архивтерден табылады». Өткен жылға Киностан үлкен көлемді шолу жасап жатыр (әлемдік фильмдерге, қазақстандық туындыларға және 2013 жылы елге келетін премьераларға), оны сіз, құрметті оқырман, осы апта бойы сайттың «Мақала» атты бөлімінен тауып, оқып отыра аласыз (ол жерде басқа да «ммуа» материалдар бар:)).

Бүгін біз жылдың соңғы аптасында қазақстандық кинотеатрлардың төріне шығатын туындылар туралы азды-көпті әңгіме айтамыз.

Cirque du Soleil: Алыстағы әлемдер / Cirque du Soleil: Сказочный мир в 3D

Blog post image

Осы аптаның ең үлкен премьерасы десе де болады. Заманауи цирк өнерінің алдыңғы қатарлы өкілі, құрамында 4 000-нан астам адам қызмет атқаратын Cirque du Soleil (Күн циркі) мен Джеймс Кэмерон ұсынған бұл туынды үлкен шоуды экрандардан көру мүмкіндігін ұсынып отыр.

Тағдыр жолдарын екі айырған қос ғашық қайта қосылу үшін ұзақ уақыт бойы көрмегенді көріп, өмірдің ащы-тұщысын әбден татады.

 

Джентльмены, удачи!

Blog post image

Кем дегенде соңғы жарты жыл бойы елдің тіліне тиек болып жүрген жоба кинотеатрлар экранына да келіп жетті. Сонау 1971 жылы шыққан, кеңестік киноның классикасына айналған «Джентельмены удачи» «жұмыртқадан жүн қырыққан» Тимур Бекмамбетовтың қолына түсіп, қайта түрленіп жарық көрді. Көненің көзін көрген жұрт қарғап-сілеп жатыр. Ал сіз ше?

Сюжет сол (ремейк деген аты бар ғой): Балалар орталығының жас аниматоры Леша Трешкин (Сергей Безруков) – бейқам да көңілді, ештеңемен шатағы жоқ "хипстер". Бірақ, ол Смайлик есімді қауіпті ұры, кісі өлтірушінің сойып, қаптап қойғандай ұқсас сыңары болып шығады (өлтірер алдында күлімдейтін әдеті үшін Смайлик атанып кеткен ғой ана қарақшы). Смайлик Санкт-Петербургтың мұражайынан Қазақстанның ұлттық символы - Алтын адамның сауытын ұрлап кетеді. Полиция лейтенанты, сұлу Ирина Славина Трешкинді ұстап, оны тергеу ісіне көмектесуге мәжбүрлейді. Нағыз қылмыскердің орнына түрмеге қамалатын болған соң, амал жоқ Трешкин келіседі.

Айтпақшы, киноға Төлепберген Байсақалов түскен, фанаттары болса, мархабат!

 

Марко Макако

Blog post image

Тропикалық аралда күзетші болып істейтін маймыл (!) туралы даниялық (!) мульфильм. Бастығына адал Марко Макако жатса-тұрса үлкен қылмыс ашуды армандайды. Болмашы нәрсеге бола шу шығарып жүретін бас кейіпкер күндердің бір күнінде «көктен іздегенін жерден табады»: Лулу есімді сұлудың көңіліне жағам деп жүріп, Марко бастық болуға ниеттенген Карло байдың зұлым жоспарын әшкерелейді.

 

Жаңа жылдарыңмен, аналар! / С новым годом, мамы!

Blog post image

Слоганын «Мерекелік кино» деп алған «Жаңа жылдарыңмен, аналар!» ресейлік біраз жұлдызды жинап алған әдемі отбасылық фильм болатын секілді. Әйтеуір, анасын ертіп апарған адамдар риза болып әлеуметтік желілерде пікірлерімен бөлісіп жатыр.

«Жаңа жылдарыңмен, аналар!» көрермендерге Анаға деген махаббат атты бір сезім аясында бастары қосылған жаңа кейіпкерлердің жаңа оқиғаларын көрсетеді.

5 новелла. Күлкілі және әсерлі, лирикалық және қызық - әр новелла әлемдегі ең жақын екі адамның, ана мен баланың оқиғасын баяндайды. Өйткені қай уақытта да ананың балаға деген көңілі алабөтен.

Зы. Фильмде Ален Делон ойнайды (залда қышқыру, айқай-шу, шапалақ, «Ален, мен сені сүйемін» деген қарлығыңқы дауыстар, сахнаға лақтырылған гүлдер, атылған отшашулар).

 

Три богатыря на дальних берегах

Blog post image

Алеша Попович, Добрыня Никитич және Илья Муромецтың басынан кешкендері жалғасуда. Мыстан кемпірдің мыстандығы үш батырды жеті теңіздің арғы жағындағы аралдан бір-ақ шығарады. Олар жоқ кезді пайдаланып Колыван саудагер Мыстан екеуі патшалықты Киев князінің қолынан тартып алмақ болады. Аңғал патшаға Юлий ат, батырлардың әйелдері мен олардың туыстары көмекке келеді.

Ана үшеуі сол жүр... Бірақ, олар да бар мультфильмде.

 

Қар патшайымы / Снежная королева

Blog post image

Бізге «Жаңа Жылдың басты оқиғасы» дейтін ресейлік мульфильм. Жалпы Қар патшайымы туралы кино әлемінде көптеген туындылар тіркелген. Бұл да соның кезектісі деуге болатын шығар. Әрине, қазіргі ресейлік анимацияның қал-жағдайы қандай екені қызықты болса, міндетті түрде көріңіз. Немесе Быков дәрігерді ұнатсаңыз... Немесе Нюшаны сүйіп тыңдасаңыз... (Фильмнің басты кейіпкерлерін Охлобыстин мен Нюша дыбыстайды).

Суық, эмоциясыз жаңа әлем құрмақ болған Қар Патшайымы шығармашылықпен айналысатын жандардың көзін жойып отырады. Оның әлемінде теріскей желі адам жандарын суытып отыру үшін керек. Кішкентай болса да батыл Герда өзінің бауыры Кайды құтқару үшін қауіпті сапарға аттанады. Ол Қар Патшайымының суық әлеміне қарсы тұруы тиіс. Жолындағы бар қиындықтар мен кедергілерді жеңе отырып, Герда отбасын ғана емес, өзіне деген сенімді табады, жаңа достарға ие болады.

Құрметті киносүйерлер!

Киностан алдын-ала хабарланған, бірақ дер кезінде прокатқа шықпай қалған туындылар үшін жауап бермейді.

Шолу Киностан сайтында жарияланған мәліметтер негізінде дайындалды.

Киностанның фильмдерге арналған ақпарат бетінен сіздердің пікірлеріңізді қуана-қуана оқимыз және қызықты фильмдер көруді тілейміз!

Дінмұхамед Зиядин

2
1108
2