Алия December 26, 2012
2815
1
10
0

«Асылбек Еңсеповтің орындауындағы «Әке толғауы» күйі үйдің теледидарынан жиі көрсетілетін. Көрген сайын қызығып, қызыққан сайын құштарлығым оянып, бірде анама: «Мен де күйші болам» — дедім.

«Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы,

Ұнатады ел сондықтан биікке көп қарауды»

Өмір — өкініш пен қуаныштың қосындысы. Жылап жүріп, жұбанған қандай жақсы! Ал қуанып жүріп, кенеттен қайғыру неткен өкінішті еді! Тау биік. Мәңгіліктің мызғымас көрінісі. Тау тұлға. Өмір бойы жанымда жүретіндей көрінетін. Кім білген!? Мәңгіліктің де мәңгі емес екенін.

Мойындаймын. Жақын араласқан жоқпын. Шындығы сол — жарқын бейнесі жүрегімде қалатындай сәттер жетерлік. Сол бір жаймашуақ жүздесу бүгінде сағынышқа айналған, маған қалғаны сағыныштан шым-шымдап сыр шерту ғана.

1998 жыл. Ол кезде жеті жасар баламын. Әкем мені Сатыбалды көкемнің (Фарида апатайымның әкесі) мерейтойына ертіп апарған. Өзіммен жасты балалармен тәттіге таласып, мәре-сәре боп жүрміз. Той басталып, соңына таяп қалған кез. Бір кезде асаба боп жүрген шашы артқа қайырылған, ұзын бойлы, батыр пішіндес, мұртты кісі (кейін Жасарал жездем екенін білдім) жанымызға келді де: «жігіттер, кімнің қандай өнері бар? Кәмпиттің де қарызын қайтаратын кез келді. Кім өнерін көрсетсе, соған керемет сыйлық берем». Бәріміз ойынымызды тастап, күбірлей кеттік ішімізден. Әрең дегенде есіме түсірдім-ау: «Асың, асың, асыңа... Береке қонсын басыңа». Иә, алғаш рет ел алдында тақпақ (бата) айттым. Жұртшылықтың «бәрекелділеп» қол соққаны әлі есімде. Тойдан соң мұртты аға қолымды қысып: «Жарайсың, азамат!» — деді. Осы бір ауыз сөз кейінгі жеңісті күндеріме жол ашқандай болды. Бұл алғашқы кездесу еді.

«Асылбек Еңсеповтің орындауындағы «Әке толғауы» күйі үйдің теледидарынан жиі көрсетілетін. Көрген сайын қызығып, қызыққан сайын құштарлығым оянып, бірде анама: «Мен де күйші болам» — дедім. Сөйтіп, екі жыл бойы музыкалық мектептің домбыра сыныбына қатыстым. Пайдасы көп болды. Мен үшін емес, музыкалық мектеп үшін. Қабілетің болмаса, қаржы да көмектеспейді екен!? «Кеңес» күйінен әріге бара алмай, тежедім ақыры өзімді. Сөйтіп, сол оқиға ұмытылған сияқты болып еді!? Кейін «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысуға мүмкіндік алып, ақ басты Алатау баурайындағы Алматыға ат басын бұрдық. Жездемнің үйінде қонақ болып, шай ішіп, тым жақсы отырғанбыз, кенет әкем: Мына баланы домбыраға бердік. Түк шығармады. Құр ақшаны жұмсағанымыз болмаса...» - демесі бар ма? Ой, ұялғаным-ай! Сәл үнсіздіктен соң Жасарал жездем: «Баланың күйші болуы міндетті емес. Бастысы, өнерді сезіну ғой. Мүмкін, домбыра балаңның өнерге деген сүйіспеншілік сезімін оятқан шығар?! Шешім қабылдауға асықпа» -деген еді. Бәлкім, даналық та, даралық та осы шығар. Осыдан кейін мені анам да, әкем де, «жұмсалған қаржы» да мазаламайтын болды.

Үйге қайтарда маған қарап: «Талабың зор. Есіңде болсын, өмір ақ және қара жолақтан тұрады. Екеуі де пенденің пейіліне қарай табыс әкелуі мүмкін. Ақ жолақ мейлінше қиындыққа толы, бірақ соңы баянды болмақ. Ал қара жол қулық-сұмдық, зорлық-зомбылықтан жасалған, ол уақытша ғана қуаныш, аяғы қасірет. Адамдық ажарыңа кір түсірме. Кейін тазарту қиын болады. Ақ жолмен келсең, сені қашанда құшақ жая қарсы алам». Біз осылай қоштасқанбыз.

Соңғы кездесу, соңғы тілек еді бұл. Әттең, ақырғы рет тілдесіп тұрғанымды білсемші сол кезде... Әлі күнге сол бір сәттегі бебеулеген күйдің үні құлағымнан кетер емес. Домбыраңның үнін сағындым. Домбыра сені сағынды, шандозым!

Пенделіктен биіктетіп парасатын,

Сездірер әрдайым асқарлығын,

Асқақтық... бәрі-бәрі жарасатын,

Әр сөзі тұп-тұнық, астарлы ұғым.

Елін сүю-үлкен жүректілік,

Өнерге керек ерен асаулық,

Тәуекелге бел буды білек түріп,

Өнерді елге ұсынды жасау ғып.

Бағасы зор бақытқа кенеледі,

Мақсаты айқын арманшыл айбатты ерге.

Талайға үлгі — өмірің өнегелі.

Шыңдалған құрылысшыдан қайраткерге.

Асыл тас айналмайды үйіндіге,

Еселі еңбек жеткізер ғасырларға,

Қалдыра кет, қасиетіңді кейінгіге.

Зәру болып жүрмесін асылдарға!

Мейрамбек Таубалдиев Ерланұлы

тележурналист

Оцените пост

10

Комментарии

0
Өте тамаша мақала! Сенің осындай өнеріңді бағалайтын жандар көбейе беруіне тілектеспін!
Мико алған бағытыңнан тайма, әлі де осындай мақалаларыңмен бізді қуантатыныңа сенемін! Жарайсың!
Динара
Показать комментарии