Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:49, 20 декабря 2012

Ресейдегі атақты балерина – Алтынай Асылмұратова

Атағы әлемді шарлаған айтулы балерина, Ресейдің Халық әртісі, А.Ваганова атындағы әйгілі орыс балет академиясының директоры һәм көркемдік жетекшісі, профессор Алтынай Асылмұратованың қазақ қызы екенін біреу білсе, біреу білмес. Айтулы тұлғаны алғаш рет қазақ оқырмандарына таныстырған «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы – Динара Ізтілеу

Blog post image

…Оның бала болып былдырлап тілі шыққалы білгені – балет, естіген ертегісі де балет болды. Анасының ақ шәркейімен ойнап жүретін тұлымы желбіреген қыз бір күні өзінің жер жүзінің Жизеліне айналатынын сезді деймісіз?! Иә, Алтынайды бүгінде әлем Жизель деп таниды. Атақты Адольф Аданның «Жизелін» Алтынайдан асып ешкім билей алмады. Мұны біз алғаш айтып отырған жоқпыз. Бұл туралы әлем баспасөзі баяғыда жарыса жазып, бас шұлғыса мойындап тастаған. Ол – Аврора («Ұйқыдағы ару»), Одетта, Одиллия («Аққу көлі»), Зарема («Бақшасарай фонтаны»), Медора («Корсар»)…. Кете береді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз – ол театр репертуарында барлық шығармалардың бас кейіпкері. Ол – атақты Ольга Моисееваның шәкірті. Көкейімізде «Алтынай қазақтың маңдайына біткен жұлдызы болар еді-ау» деген өкініш қалып, көмейімізге өксік тығылады. Егер, әрине, Алматының би училищесіндегі баз біреулердің «Алтынайдың балеттегі болашағы бұлыңғыр. Қабілетсіздеу. Баланы қинамаңдар» деп білгішсінбегенінде. Нағашы атасы дереу Алтынайдың қасына апасын ілестіріп, балет мектебіне түсіру үшін Ленинградқа жөнелтеді. Алматыдан асығыс аттандырған Алтынайды Ваганова атындағы балет мектебі қуана қарсы алды. Бітірген соң әйгілі Маарин театрына жұмысқа тұрды. Бірден басты әрі жетекші рөлдерді иелене бастаған өнерпаз қазақ қызы 22 жасында (!) Ресейдің еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Күн санап жұлдызы жарқырай түсті. Есімі елге таралған соң табынушылары көбейе түсті. Тіпті сонау Лондонның Корольдік балетіне Алтынайдың баратынын естіп, оны көру үшін Америкадан бір топ балетомандар арнайы Британ аралдарына ұшып келген деседі. Балеттегі жұбы Фарух Рузиматов екеуі бүкіл әлемнің сахнасында өнер көрсетіп қана қойған жоқ, елдің аузында жүрді. АҚШ баспасөзі бұлар туралы «Азиаттық ару Алтынай мен парсылық ханзада Фарухтың биі – шедевр!» деп жазды. Бірақ бәрі біз діттегендей бола бермейтіні секілді, Алтынайды театрда сыйдырғысы келмеген сыңай танытқандар табылды. Биші де мұны сезгендей еді. Сол кезде француздың әлемге әйгілі хореографы Роллан Петидің өзі Алтынайды Марсельге шақырады. Бұл 1995 жыл еді. Бұдан былай Петидің жаңа туындылары тек Алтынайға арналып жазылатын болды. Алтынайдың атағы тіптен аспандап кетті. Араға жылдар салып Ресейге оралған Алтынайға бірден А.Ваганова атындағы орыс балет академиясын басқаруды ұсынады. Алтынай бұл ұсынысты қабыл алды. Айырылып қалмаудың амалын іздеген Ресей Маарин театрына жетекшілік етуді де қоса ұсынды. Бірақ балерина сыпайы түрде бас тартты. Қалған ғұмырын театр труппасын емес, балеттің болашақ жұлдыздарын баулуға арнағысы келетінін айтты. Содан бері жылдар өтті. Бүгінде Ресейдің балғын балет жұлдыздарының бәрі Алтынайдың алдынан өтіп, бағасы мен батасын алғандар екен. Тағы да сол Ресейіңіз қазақ қызының қырық жасына тамаша тарту жасап, Ресейдің Халық әртісі атағын берді. Балеринаның бұған дейінгі басқа атақтары  да баршылық еді. Питерлік белгілі сыншы Л.Абызова Алтынайдың кісілік келбеті, адами болмысы туралы «Ол – нұр, ол – ғажап. Оның әлемі – мейірімділік мекені» деп жазады. Бұдан артық баға бар ма десеңізші?!

«Тектінің ұрпағы тек кетпес». Алтынай – Абдулахим Асылмұратовтай асылдың ұрпағы. Абдулахим қазақ балетінің бір кездегі бетке ұстар бишісі еді. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі болды. Бас әрі жетекші рөлдерді ғана билейтін ол қайталанбас талант иесі-тін. Жібектей мінезімен жұртқа жаққандықтан оны ортасы «Абдулка» атап кетті. Жастықтың жалын оты лаулаған жылдары Санкт-Петербордан келген балерина Галина Сидоровамен бас қосты. Кейін тағдыр тәлкегімен отбасы мүшелерінің жолы екіге айырылды. Абдулахим ағамыздың жұмбақ өлімі жайында бүгінде ешкімнің жақ ашқысы жоқ. (http://anatili.kz/?p=3754 осы сілтемеден Алтынай туралы, Абдулахим ағамыздың тағдыры туралы оқи аласыздар. (Д.І.)

Білдей бір театрдың тізгінін ұстап отырса да, Ресейдей ұлы державаның Халық әртісі болса да, Алтынай тым кішіпейіл.  Оны Алтынаймен телефон арқылы аз-кем тілдескенде байқадық. Байланысқа шыққысы келетіндер Алтынай қызмет ететін театрға тікелей телефон шалуына болады.

Басқа біз не дейміз, тек: «Қап, Алтынай біздің елде жүргенде балетіміздің бағы жанар ма еді…» деп бармақ тістеу ғана…


Дайындаған Хазірет Әбділда

 
0
1963
1