Түрік республикасы

Дана жол December 11, 2012
6607
0
7
0

Дана Жол бұл мақалада түрік төңкерісінің себептері мен салдарларын қарастырады. Түрік немесе Кемалшылдар төңкерісі — 1919-1923 жж. аралығында М. Кемаль Ататүріктің басшылығымен жүзеге асқан ұлтт

Түрік төңкерісі (1919 ж. 19 мамыр –1923 ж. 29 қазан)

Дана Жол бұл мақалада түрік төңкерісінің себептері мен салдарларын қарастырады. Түрік немесе Кемалшылдар төңкерісі  —  1919-1923 жж. аралығында М. Кемаль Ататүріктің басшылығымен жүзеге асқан ұлттық төңкеріс. Бұл төңкеріс халифа атағы (мұсылман қауымының басшысы) бар түрік сұлтаны және оны қолдаған, діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктерге қарсы бағытталды.

Себептері:

  • Түркияның бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілуінің нәтижесінде ұлттық тәуелсіздігін толықтай жоғалту қаупі;
  • Сұлтандық үкіметтің Англия, Франция елдерінің алдында тізе бүгуі және оларға толық бағынуы;
  • Англия, Франция елдерінің Осман империясы аумағын басып алуы және оған әскерлерін енгізуі;
  • Мудрос уақытша бітімі (1918 ж.) мен Севр бейбіт келісімшартына (1920 ж.) қол қойылуы;
  • Осман империясының аумағының көп бөлігінен, яғни, Солтүстік Африка мен Мысыр, Ирак, Сирия, қазіргі Сауд Арабиясы, т.б. айырылуы.
 

Мақсаттары:

  • Шетелдік басқыншыларға қарсы күресу және Түрік империясы аумағының қалған бөлігін сақтап қалу;
  • Сұлтанат пен халифатты жою;
  • Жартылай феодалдық, жартылай отарлық Түркияны тәуелсіз ұлттық буржуазиялық мемлекетке айналдыру.

Нәтижелері мен салдарлары:

  • Түркияның егемендігі мен аумақтық бүтіндігінің заңды түрде мойындалуы;
  • Тізе бүгу тәртібі, халықаралық қаржылық бақылау және шетелдік концессионерлердің саяси артықшылықтарының жойылуы;
  • Сұлтанат (1922 ж.) пен халифаттың (1924 ж.) жойылуы;
  • Лозанн бейбіт келісімшартына қол қойылуы (1923 ж.);
  • Түрік республикасының жариялануы (1923 ж.).

Түрік төңкерісінің себептері

Осман империясы бірінші дүниежүзілік соғысқа (1914-1918 жж.) Германия жағынан қатысты. Бұл соғыста Осман империясының жеңіліп, Мудрос уақытша бітіміне қол қойылғаннан кейін, жеңген державалар оның аумағын бөлісуге кірісті, сондай-ақ, империяның астанасы Стамбулды өз бақылауына алды. 1918 ж. 30 қазанында  Мудрос кемежайындағы «Агамемнон» ағылшын крейсерінің бортында Ұлыбритания өкілдері мен Түркияның сұлтан үкіметінің арасында Мудрос уақытша бітімі жасалды. Түркия бітімде көрсетілген ауыр шарттарды орындауға мәжбүр болды:

  • Антантаның әскери флоттарына бұғаздарды ашу және одақтастарға Босфор мен Дарданелл форттарын басып алу құқықтарын беру (1-бап);
  • Осман империясының араб аумақтарында, яғни, Ирак, Сирия, Хиджаз және Йеменде қалған түрік гарнизондарын алып кету;
  • Ираннан,  Күнгей Кавказдың бір бөлігінен және Киликиядан Түрік әскерлерін көшіру (11 және 16-баптар);
  • Егер 6 армяндық уәлаяттың біреуінде тәртіпсіздіктер орын алса, онда оны одақтастардың басып алуына келісу (24-бап), сондай-ақ, одақтастардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайға дейін жеткен Түркиядағы кез келген стратегиялық бекетті басып алуға келісу (7-бап);
  • Түрік жауынгерлерін әскерден тез арада қайтару (5-бап);
  • Түрік әскери кемелерін Антантаға тапсыру (6-бап);
  • Одақтастардың радио, телеграфқа (12-бап) және темір жолдарға (15-бап) бақылауын орнатуы;
  • Одақтастарға барлық кемежайлар мен айлақтарды пайдалану құқығын беру (8-бап);
  • Түрік әскери тұтқындарын одақтастардың қарауына қалдыра отырып, одақтас державалардың құзырындағы адамдар арасынан әскери тұтқындарды қарсылықсыз қайтару (22-бап);
  • Түркияның орталық державалармен барлық байланыстарды үзуі (23-бап).

Осман империясы соғыста жеңілуінің нәтижесінде іс жүзінде өзінің бүкіл аумағынан айырылды. Сирия мен Ливан Францияның, ал Палестина, Иордания және Ирак Ұлыбританияның бақылауына өтті. Арабия түбегінің батысында ағылшындардың қолдауымен (Арабиялық Лоуренс) Хиджаз, Неджд, Асир және Йемен тәуелсіз мемлекеттері пайда болды. Кейіннен Хиджаз бен Асир Сауд Арабиясының құрамына кірді. Түркия Мысырдағы барлық құқықтарынан бас тартып, ондағы ағылшын протекторатын мойындады. Сонымен қатар, Түркия Суданға қатысты барлық құқықтарын жоғалтты, Кипрдағы британ аннексиясын, Марокко мен Тунистағы Францияның протекторатын мойындады. Түркия Эгей теңізінің аралдарына (Додеканез) деген барлық құқықтарды Италияға берді.

Уақытша бітімнің шарттарына сәйкес, 1918 ж. 13 қарашада Антанта Константинопольді басып алды. Сөйтіп, Антанта елдерінің, Грекия және жаңадан құрылған Армения демократиялық республикасының Түркиядағы интервенциясы басталды. Сонымен, Мудрос уақытша бітімі шарттарының негізгі мақсаты Түркияны біржола бөліп алу болды. Аймақта бірінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесін Севр бейбіт келісімшарты қорытындылады. 1920 ж. 10 тамызда Түркияның сұлтан үкіметі мен жеңген державалардың (Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Бельгия, Грекия, Польша, Португалия, Румыния, Сербтер, хорваттар және словендер Корольдігі, Хиджаз, Чехословакия және Армения) арасында Севр бейбіт келісімшартына қол қойылды. Оның нәтижесінде Осман империясынан араб аудандары күшпен тартып алынды, сондай-ақ, түрік аумағы бөлшектелді.

Сұлтан үкіметінің бұл шарттарды қабылдауы түрік халқы мен әскерінің қарсылығын тудырды. Сұлтан уақытша бітімнің шарттарына түсінік бере отырып, «Бұл шарттар қанша қатал болса да, біз оларды қабылдаймыз. Біздің пікірімізше, Англияның достық саясаты өзгерген жоқ. Біз кейінірек олардың кешірімі мен рақымына ие боламыз». Сұлтан және оның айналасындағы адамдар өз өмірлерін ұлттық апатқа айырбастай отырып, империалист басқыншылардың ыңғайлы құралына айналды. Мехмед V Решад сұлтанның басқаруы кезінде көп соғыстар болды. Ел бұл соғыстарда үнемі жеңіліске ұшырап отырды. Түркия 1912-1913 жж. Балқан соғысында жеңіліп, Триполиді Италияға берді. Барлық жерде азғындық пен парақорлық өрістеді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс империя халқының орасан зор шығындарға ұшырауына әкелді. Әскерге шақырылған екі миллион сегіз жүз мың адамның алты жүз мыңынан астамы қайтыс болды, төрт жүз мыңы жараланды, бір жарым миллионнан астамы хабар-ошарсыз жоқ болып кетті. Осман империясының халқының басым бөлігі кедейшілікте өмір сүрді. Ал дәл сол уақытта сұлтан мен феодал-шенеуніктер кабаре, таверна және мейрамханаларда өте көп ақшаны ысырап етті.
Сол уақыттағы Стамбулға қайыр сұраған соғыс мүгедектері, канто әншілері мен шетелдік әртістер, жартылай қираған тұрғын үйлер, аштық пен жоқшылық тән болды.  Елдің жалпы экономикасы мен ауыл шаруашылығына дүниежүзілік соғыстың төрт жылы ішінде үлкен зиян келді. Мал саны 45-тен 19 млн.-ға азайды. Инфляция өте жылдам қарқынмен өсті: бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасы 1916 ж. шілдесінде 235-тен 1918 ж. 4717 пиастрға дейін көтерілді. Осман құрама штаттарының өмір сүретініне македондықтар, армяндар, гректер, арабтар және  түріктердің ешқайсысы бұдан бұлай сенбеді.

1517 жылдан бастап түрік сұлтандары император ғана емес, исламдық әлемнің ресми басшысы халиф атағын да иеленді. Бұл исламдық әлемде империялық жаулап алуларға және монархтың ел ішіндегі абсолюттік билігіне легитимділік берді. Осман империясындағы мемлекет тұжырымдамасы тек діни сипатта болды. Дін саяси басшылықтың заңдылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар, дін Осман империясының орталығы мен шеткі аймақтарын байланыстырушы буын болып табылды. Осман империясындағы бүкіл жергілікті басқару ислам дінбасыларының қамқорлығында болды. Олар барлық басқару элементтерінің қызметтерін бақылап отырды. Осман бюрократиясы екі бюрократиялық құрылымнан тұрды. Оның біріншісі азаматтық бюрократия, ал екіншісі медреседе оқыған адамдардан құралған «діни бюрократия» болды. «Діни бюрократтар» мен улемдер үш маңызды саланың, яғни, білім беру жүйесі, сот жүйесі және шариғатты түсіндіру салаларының қызметтеріне жауапты болды.

Діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктерге сүйенген түрік сұлтаны (халиф) елді күйреуге ұшыратты. Бір кездердегі мықты мұсылман елі басқарушы таптың, яғни, түрік сұлтаны мен діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктердің саясатының салдарынан жойылды. Түрік сұлтаны исламның негізінде қуатты, дамыған мемлекет құруды жалғастырудың орнына, дінді билікті ұстап тұру мен өз халқын тонау құралы ретінде пайдаланды. Мұндай саясаттың салдарынан Осман империясы ғылыми-техникалық прогресске сүйенетін қуатты өнеркәсіп құра алмады. Нәтижесінде, бір кездердегі мықты ислам мемлекеті құлады. Елдің ыдырауы мен мемлекеттіліктің жойылу қаупі түрік қоғамының ұлттық-прогресшіл күштерін төңкеріс жасауға итермеледі.

Зайырлы ұлттық тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер, яғни, түрік зиялылары мен офицерлері ұлт-азаттық төңкерісті ұйымдастыру мен жүргізуге жетекшілік етті. Олардың арасынан Мұстафа Кемал-паша (Ататүрік) ерекше көзге түсті.

Мұстафа Кемал Ататүрік 1881 ж. Грекияның Салоники қаласында, Македония аумағында дүниеге келді. Оның әкесі орта шенді кеден шенеунігі, ал анасы қарапайым шаруа әйелі болды. Кемал немістерді ұнатпады. Ол сұлтанның бірінші дүниежүзілік соғыста немістермен одақтасқанына қатты таңғалды. Ол 1915 ж. сәуір айынан бастап жарты айдан аса уақыт бойы Галлиполида британ күштеріне тойтарыс бере отырып, жеңіске жетті. Бұл жеңіс Бірінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі түріктердің сирек жеңістерінің бірі болды. Кемал бұл шайқаста «Стамбул құтқарушысы» деген атқа ие болды. Ол 1916 ж. Кавказдың оңтүстігінде 2 және 3-әскерлерді басқара жүріп, орыс әскерлерінің шабуылын тоқтатты. Кемал соғыстың аяғында, яғни, 1918 ж. ағылшындармен соңғы шайқастарды жүргізе отырып, Алеппо маңында 7-әскерді басқарды.

Кемал офицерлер мен жауынгерлер арасында адалдығы және отансүйгіштігімен танымал болды. Мудрос уақытша бітіміне қол қойылғаннан кейін, Кемал өз әскерлерін Киликиядан көшіріп, ағылшын әскерлеріне тойтарыс беруге тырысты. Бұл ретте ол сұлтан үкіметінің тарапынан ешқандай қолдау таппағандықтан, отставкаға шығып, Стамбулға кетіп қалды. Кемал Стамбулда өз айналасына сұлтан үкіметінің Антанта елдеріне қатысты ымырашыл саясатына наразы адамдарды топтастыра бастады. Бірақ, басып алынған Стамбул шетелдік басқыншыларға соққы ұйымдастыруға ыңғайлы орын болып табылмады. Сол уақытта Анатолиядан шаруалардың партизандық отрядтарының басқыншыларға қарсы күрес жүргізіп жатқандығы туралы хабар келді.

Кемал достарының жәрдемімен Шығыс Анатолияға әскери қадағалаушы ретінде іссапар алып, 1919 ж. мамыр айында Самсун қаласына келді. Ол кезде Анатолияда партизандық отрядтар ғана емес, буржуазиялық ұлттық-төңкерістік ұйымдар да жұмыс істеп тұрды. Ұлттық күштер бытыраңқы болды, яғни, іс-әрекеттерді келісілген түрде жүзеге асырмады. Кемал оларды біріктіруге кірісті. Ол ел ішіне циркулярлық хаттар жіберді. Бұл хаттарда «отанымызға қол сұқпаушылық пен ұлтымыздың тәуелсіздігіне қауіп төніп тұр», «орталық үкімет өз міндетін орындай алатын жағдайда емес» және сондықтан, «Анатолияда ұлттық жиналыс шақырылуы тиіс» деген пікірлер айтылды. Аз уақыт өткеннен кейін, Стамбулдағы сұлтан үкіметі өз қатесін түсінді. Сұлтан Кемалға Стамбулға қайтуға бұйрық берді. Бірақ, Кемал қызметінен кететінін және Анатолияда жеке тұлға ретінде қалатынын мәлімдеді. Сөйтіп, ол өз тағдырын ұлттық қозғалыспен біржола байланыстырды.

Бұл уақытқа қарай Осман империясы өмір сүруін тоқтатқанын түсіну қажет. Бүкіл ел Англия мен Франция әскерлерінің қоластында қалды.  Этникалық түріктердің алдында өз мемлекетін сақтап қалу мәселесі тұрды. Түрік сұлтаны (халиф) іс жүзінде өз халқын сатып, шетелдік басқыншылар жағына өтті. Ол өз билігін халифа (бүкіл мұсылмандар басшысы) ретінде және басқыншыларға бағынуға мәжбүрлеу құралы ретінде пайдаланды. Сонымен, сұлтан мен діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер осылай істеу арқылы өз билігінің қалдықтарын сақтап қалуға үміттенді.

 

Төңкерістің жүру барысы

1919 ж. шілде айында М. Кемалдың шақыруымен Эрзерумда шығыс уәлаяттарының құқықтарын қорғау қоғамының конгресі, ал қыркүйек айында Сиваста бүкілтүркілік құқықтарды қорғау Қоғамдарының конгресі өтті. Бұл конгрестердің үндеулерінде түрік ұлтының егемендігі мен тәуелсіздігі мәселесі қарастырылды. Сивастағы конгресте бүкілтүркілік Анатолия мен Румелияның құқықтарын қорғау Қоғамы және оның орталық органы – Өкілетті комитет  құрылды. Мұстафа Кемалдың төрағалығымен құрылған бұл комитет жаңа Түркияның бірінші уақытша үкіметі болып табылды.

1920 ж. 16 наурызда Стамбул ресми түрде басып алынды, басқару құқығы одақтастардың жоғарғы комиссарларына  берілді, парламент таратылды, ұлы уәзірдің орнына ағылшын қолшоқпары тағайындалды. Бұған жауап ретінде Өкілетті комитет 1920 ж. 23 сәуірде Анкарада жаңа парламенттің (мәжіліс) құрамын бекітті. Оған Анатолиядан қашқан оттомандық парламенттің депутаттары (105 адам) мен жаңадан сайланған депутаттар (233 адам) кірді. Бұл парламент Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі (ТҰҰМ) деген атауға ие болды. ТҰҰЖ өзін елдегі жалғыз заңды билік деп мәлімдеді. Оның төрағасы Мұстафа Кемал болды. Мәжілісте Түркияның тәуелсіздігі мен бүтіндігі ресми жарияланды. Содан кейін Кемал үкіметі Арменияға қарсы Кеңес үкіметімен одақтасты. Армения Кемал және Кеңестік Ресей әскерлерінен жеңілді. Осы жеңілістің нәтижесінде Арменияның аумағы Эриван және Гокчин аудандарына дейін қысқарды. Карс, Ардаган, Сарықамыш қалалары Түркияның қарамағына өтті. Ал, Арменияның қалған бөлігі Кеңестік Ресейдің құрамына кірді.

Түрік-грек майданында сұлтанға бағынудан бас тартып, Кемал жағына өткен түрік әскерлері бастапқыда грек әскерлерінен жеңілді. 1921 ж. жазына қарай грек әскерлері Кіші Азияның батыс бөлігін түгел дерлік жаулап алды. Кеңестік Ресей тарапынан әскери көмектің көрсетілуі мен әскерлер арасында қатал тәртіптің орнатылуы арқасында, Кемал Грекияны толықтай күйреткен әскер құра алды. Сонымен, соғыстың нәтижесінде Грекия толық талқандалып, гректер мен түріктер өзара тұрғындармен алмасты.

Кемалшылдар төңкерісінің нәтижелері мен салдарлары

Түркия аумағын басып алуын жалғастырып жатқан Англия және Франциямен бейбіт келісімге қол жеткізу үшін, интервенттер мен басқыншыларды қолдап отырған күшті, яғни, сұлтанатты жою қажет болды. Себебі, түрік сұлтаны және оны қолдайтын, діни тұғырнамада тұрған феодалдар өз биліктерін сақтап қалу үшін, басқыншылармен кез келген келісімге келуге әзір болды. ТҰҰМ-ның радикалды және реакциялық-консервативтік топтарының арасында сұлтанатты жою мәселесі төңірегінде қызу күрес жүрді. Радикалды топтың жетекшісі М. Кемал болды. Реакциялық-консервативтік топтың құрамына тек «сәлделілер» ғана емес, сондай-ақ, басқа да реакциялық элементтер кірді. 1922 ж. 1 қарашада мәжіліс Түркиядағы сұлтанатты жою туралы заң қабылдады. 1923 ж. Түркия сұлтаны Мұхаммед VI тақтан түсіп, британдық әскери кемемен жасырын түрде кетіп қалды. Алайда, көп кешікпей оның мұрагері, ханзада Абдул-Межид халиф лауазымын иеленді. Түркияда жарты жыл бойы ресми түрде қос өкіметтің билігі, яғни, республика президентінің және халифтің биліктері орнады. Тек 1924 ж. наурыз айында заң арқылы халифаттың қызметі тоқтатылды. 1922-1923 жж. өткен Лозанна конференциясының нәтижесінде 1923 ж. 24 шілдеде Түркия мен оның дүниежүзілік соғыстағы қарсыластарының арасында (Ұлыбритания, Франция, Италия, Жапония, Грекия, Румыния, Югославия) Лозанна бейбіт келісімшартына қол қойылды. Лозанна бейбіт келісімшартының аумақтық баптары (2-22-баптар) Осман империясының жойылғанын заңды түрде көрсете отырып, сондай-ақ, қазіргі Түркия аумағын белгілей отырып, Түркияның жаңа шекараларын бекітті. Сонымен қатар, Лозаннада Түркия мен Грекия арасында тұрғындармен айырбас туралы конвенцияға қол қойылды. Бұл конвенцияға сәйкес, Түркиядан бір жарым миллионға жуық гректер, ал, Грекиядан 600 000 мұсылман күштеп көшірілді.

М. Кемалдың реформалары мен олардың нәтижелері

Ататүрік Түркия үшін өмірлік маңызы зор бірқатар реформаларды жүзеге асырды. Бұл реформалар келесідей бес топқа бөлінеді:

 

1. Саяси реформалар:

  • Сұлтанаттың жойылуы (1922 ж. 1 қараша);
  • Республиканың жариялануы (1923 ж. 29 қазан);
  • Халифаттың жойылуы (1924 ж. 3 наурыз).

2. Қоғамдық өмірдегі реформалар:

  • Әйелдерге ерлермен тең құқықтардың берілуі (1926 – 1934 жж.);
  • Бас киім мен киім реформасы (1925 ж. 25 қараша);
  • Діни шіркеулер мен ордендардың қызметтеріне тыйым салынуы (1925 ж. 30 қараша);
  • Фамилиялар туралы Заң (1934 ж. 21 маусым);
  • Аттарға лақап аттар мен атақтар түріндегі қосымшалардың алынып тасталуы (1934 ж. 26 қараша);
  • Халықаралық сағат, күнтізбе және өлшем жүйелерінің енгізілуі (1925 – 1931 жж.).
 

3. Құқық қорғау саласындағы реформалар:

  • Меджелле күшінің жойылуы (шариғатқа негізделген заңдар жинағы) (1924 – 1937 жж.);
  • Жаңа Азаматтық кодекс пен басқа да заңдар қабылдау нәтижесінде зайырлы мемлекеттік басқару жүйесіне көшу.
 

4. Білім беру саласындағы реформалар:

  • Барлық білім беру органдарының бір басшылыққа бағындырылуы (1924 ж. 3 наурыз);
  • Жаңа түрік әліппесінің қабылдануы (1928 ж. 1 қараша);
  • Түрік лингвистикалық және тарихи қоғамдарының құрылуы;
  • Университеттік білім берудің реттелуі (1933 ж. 31 мамыр);
  • Әсемдік өнерлер саласына жаңалықтардың енгізілуі.
 

5. Экономика саласындағы реформалар:

  • Ашар жүйесінің (ауыл шаруашылығының ескірген салық салу жүйесі) жойылуы;
  • Ауыл шаруашылығындағы жеке кәсіпкерліктің ынталандырылуы;
  • Үлгілі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының құрылуы;
  • Өнеркәсіп туралы Заңның шығарылуы және өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылуы;
  • 1-ші және 2-ші Индустриалды даму жоспарларының қабылдануы (1933-1937 жж.), бүкіл ел аумағында жол құрылыстарының жүргізілуі.
 

Саяси реформалар

1922 ж. 1 қарашада Ұлы ұлттық мәжіліс Мехмед VI сұлтанатын таратып, ал 1924 ж. 3 наурызда халифаттың қызметін тоқтатты. Содан кейін бірден халиф пен оның қолшоқпарларын елден қуып жіберіп, түрік азаматтықтарынан айырды, сондай-ақ, олардың мүліктерін тәркіледі.

Барлық діни мекемелер мемлекеттік аппараттың құрамдас бөлігіне айналды. Діни мекемелер департаменті имамдар, муәззиндер және уағызшыларды тағайындау мен орындарынан алумен, сондай-ақ, мешіттер мен мүфтилердің қызметтерін бақылаумен айналысты. Құран түрік тіліне аударылды. Азан (халықты намаз оқуға шақыру) түрік тілінде айтыла бастады. Мешіттер ерекше бақылауға алынды. 1925 ж. 30 қарашада діни шіркеулер мен ордендардың қызметтеріне тыйым салынды. Түркияның Қылмыстық кодексі дін негізіндегі саяси қауымдастықтардың қызмет етуіне тыйым салды. Сонымен қатар, халиф, шайқы, дәруіш, мүрит (шайқының ізбасарлары), сеид (Мұхаммедтің ұрпағы), челеби (дервиштік орденнің басшысы), т.б. діни атақтарды қолдануға тыйым салынды.

Бірақ, Кемал Ататүріктің мұндай іс-шараларды атқаруы оның діннен бас тартуын білдірмейді. Ислам Ататүріктің кезінде бұрынғысынша азаматтардың жеке өмірлерінің маңызды бөлігі болды. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді. Мұхаммед пайғамбардың туған күні мейрам күні болып жарияланды. Ал ислам діні Түркияның мемлекеттік діні ретінде сақталып келеді. Түркияның қазіргі Конституциясының преамбуласында: «зайырлы мемлекет қағидасына сәйкес, киелі діни сезімдер мемлекеттік істер мен саясатқа ешқандай әсерін тигізбеуі тиіс», - делінген. Сонымен қатар, 24-бапта: «әр адамның ар-намыс, иман және дін ұстану еркіндіктеріне құқығы бар. Құдайға құлшылық ету, діни салт-жоралар еркін жүргізілуі қажет. Ешкімді діни ғұрыптар ұстануға немесе діни салт-жораларға қатысуға, діни наным-сенімдерін білдіруге мәжбүрлемеу керек. Ешкім өз иманы үшін айыпқа тартылмайды немесе сотталмайды», - деп айтылған. Зайырлы республикада діни әдеп пен мәдениетті үйрету бастауыш және орта мектептердің оқу жоспарларының негізгі элементі болып табылады, бірақ, мемлекеттің бақылауымен жүзеге асады.

Кемалдың барлық іс-әрекеттері исламға емес, діни тұғырнамада тұрған және исламды өз билігін сақтап қалу құралы ретінде қолданған феодал-шенеуніктерге қарсы бағытталды. Кемалдың саясаты Түркияны басып алу үшін діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктерді пайдаланған Англия мен Францияның бақылауына қарсы бағытталды. Сонымен қатар, Кемал да, бүкіл түрік ұлты да діни тұғырнамада тұрған феодалдардың Осман империясын күйреткенін көрді. Сондықтан, Кемал исламды өздерін байыту әрі өз биліктерін сақтап қалу құралы ретінде пайдаланған адамдардың ары қарай әрекет етуіне ешқандай  мүмкіндік бермеді. Ол бұл адамдарға ұлтқа ықпал етудің аз мүмкіндігін қалдырғанның өзінде, олар оны бірден елдегі билікті басып алу мақсатына пайдаланатынын жақсы түсінді. Осыдан кейін бұл адамдардың бүлдірушілік саясаты салдарынан тіпті Осман империясының қалған азғантай бөлігі, яғни, қазіргі Түркия шекарасы да сақталмас еді.

1934 ж. Түркияда фамилиялар туралы Заң қабылданды. Оған дейін империяда тек есімдер мен лақап аттар ғана қолданылып келген болатын. Мұндай аттар, әдетте, адамдардың кәсіптеріне немесе өзіндік ерекшеліктеріне  байланысты қойылды, бірақ, олардың балаларына берілмеді. Мұстафа Кемал пашаның түрік халқының, Түркияның алдында сіңірген орасан зор еңбегін ескеріп, ТҰҰМ (парламент) арнайы қаулымен оған «Ататүрік» («түріктердің әкесі» деген мағы­нада) фамилиясын берген. 1930 ж. әйелдерге муниципалитеттерге, ал 1934 ж. парламентке сайлану құқығы берілді. Әйелдер бетперделерін шешіп, қоғамдық өмірге белсене араласа бастады. Мұндай саясаттың нәтижесінде бірнеше ондаған жылдардан кейін елдің премьер-министрі болып әйел, Тансу Чиллер, тағайындалды.

1925 ж. 25 қарашадан бастап Түркияда түрік дәстүрлі киіміне қатысты қарсылықтар туындай бастады. Себебі, кемалшылдар дәстүрлі киімді артта қалғандықтың белгісі деп есептеді. Мұстафа Кемал өзінің бір сөзінде түрік дәстүрлі киімін кию жайында өз ойын келесідей түрде білдірген болатын. «Тақияны киюге тыйым салып, оның орнына қалпақ кию қажет болды. Себебі, тақия надандық, бейберекеттік, бірбеткейлік, өркениетке жек көрушілікпен қараудың белгісі болып табылады, ал қалпақты бүкіл өркениетті әлем пайдаланады. Біз бұл қадам арқылы түрік ұлтының ойлау деңгейі мен басқа да қырлары жағынан өркениетті қоғамдық өмірден еш қалыспайтынын көрсеткіміз келді». Түрік шенеуніктерінен костюм, яғни, «әлемнің барлық өркениетті ұлттары үшін ортақ киім» киюді талап еткен декрет шығарылды. Сонымен, бұдан бұлай тақия киюге тыйым салынып, ұлттық бас киім ретінде қалпақ пен кепеш танылды.

1925 ж. желтоқсан айында Түркияда халықаралық сағат, күнтізбе және өлшем жүйелері енгізілді. Мұсылмандардың хижра жыл санау жүйесін (хижра жылы, яғни, 622 жылы Мұхаммед пайғамбар мен оның жақтастары Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударды) қолдану тоқтатылды.  Батыстық кәсіпкерлермен жұмысты оңтайландыру мақсатында демалыс күн жұмадан жексенбіге ауыстырылды. 1924 ж. 8 сәуірде Түркияда сот реформасы туралы заң қабылданды. Бұл заңға сәйкес, шариғат соттары жойылды. 1926 ж. 4 қазаннан бастап жаңа азаматтық кодекс заңды күшіне енді. Аталған кодекс бойынша неке, ажырасу, мұрагерлік және жеке меншік қатынастары мәселелері реттеле бастады. Сонымен қатар, көп әйел алуға тыйым салынды, әйелдерге ажырасу мен мүлікті мұраға қалдыруда ерлермен тең құқықтар берілді. Ататүрік қысқа уақыт аралығында сауатсыздық деңгейін төмендетуді көздеді. 1920-жылдары Түркияда сауатсыз адамдардың саны 90-95 %-ды құрады. Тіл реформасы жүзеге асқаннан кейін, бұл көрсеткіш күрт төмендеді. 1928 ж. 1 қарашада араб әліппесі қарапайым әрі ыңғайлы латын әліппесімен алмастырылды.

Кемализм бағыты Түрік Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізін қалады.  1937 ж. Түркия Конституциясына енгізілген кемализмнің алты қағидасы: 1) республикашылдық (Осман абсолюттік монархиясына балама ретінде конституциялық демократиялық республиканы алу); 2) халықшылдық (таптық теңсіздік пен сословиелік артықшылықтарға қарсы күресу); 3) ұлтшылдық; 4) мемлекетшілдік; 5) зайырлылық (мемлекеттен дінді бөлу); 6) реформизм (тоқырауға жол бермеу, үнемі даму үстінде болу).

 

Экономика және өнеркәсіп салаларындағы реформалар

Жаңа мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық құрылымы едәуір артта қалды. Түркиядағы 14 млн. халықтың 77 %-ға жуығы ауылдарда тұрды. Осы 14 млн. халықтың 81,6 %-ы ауыл шаруашылығында, 5,6 %-ы өнеркәсіпте, 4,8 %-ы саудада және 7 %-ы қызмет көрсету саласында жұмыс істеді. Ұлттық табыстағы ауыл шаруашылығының үлесі 67 %-ды, ал өнеркәсіптің үлесі 10 %-ды құрады. 1920-жылдардың басына қарай Түркияда ұлттық түрік кәсіпкерлігі болмады. Өнеркәсіп салаларының көп бөлігі шетелдік капиталға тиесілі болды. Француздық компаниялардың өндіру өнеркәсібіндегі үлесі 67,5 %-ды, ағылшын компанияларының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 75 %-ды және неміс компанияларының теміржол құрылысындағы үлесі 67,5 %-ды құрады. Елдегі көпестердің басым бөлігі гректер, армяндар және еврейлерден тұрды. Теміржолдардың көпшілігі шетелдіктердің қолында қалды. Сонымен қатар, шетелдік капитал банк ісіне, сақтандыру компанияларына, муниципалдық кәсіпорындарға, тау-кен өнеркәсібіне қожалық етті. Оттомандық банк ақша басып шығару құқығымен қоса алғандағы мемлекеттік банк функцияларын ары қарай да атқара берді. Сол уақытта Оттомандық банк ағылшын-француз капиталының бақылауында болды. Жергілікті өнеркәсіп қолөнер кәсібі мен ұсақ кәсіпшіліктер түрінде болды. Ол халықты тек ең басты қажеттіліктегі тауарлармен, яғни тамақ және киіммен қамтамасыз етті. Фабрикадан шыққан тауарларға сұраныс импорт есебінен қанағаттандырылды. Бірнеше мемлекеттік фабрика нарықты емес, тек әскерлерді шұға, мата, етік, оқ-дәрі, зеңбірек, мылтық, т.б. қамтамасыз етті. Түрік үкіметі 1920-1930 жж. аралығында ішкі нарықта шетелдік бәсекенің ықпалын азайту үшін, сырттан әкелінетін импорттық тауарларға шектеу қойды. Жаңа кәсіпорындар құрыла бастады. Түрік өнеркәсібінің көлемі артты. Мемлекет қаржысына жаңа теміржолдар салынды. Республиканың Орталық банкі ашылды.

1927 ж. 1 маусымда өнеркәсіпті ынталандыру туралы Заң өз күшіне енді. Бұл заң баптарында қарастырылған жеңілдіктердің өнеркәсіпті дамытуда маңызы өте зор болды. Кәсіпорын ашқысы келген өнеркәсіпшіге 10 га жер телімі тегін берілді. Сонымен қатар, бұл өнеркәсіпші жабық орындар, жер телімдері, табыс, т.б. салықтардан босатылды. Құрылыс жұмыстары мен кәсіпорынның өндірістік қызметі үшін импортталатын материалдарға кеден баждары мен салықтар салынбады. Мұндай материалдарды теміржолмен және кемемен тасымалдау құны 30 %-ға кемітілді. Әр кәсіпорынға бүкіл өндірілген тауар құнының 10 %-ы көлемінде сыйлықақы тағайындалды. Бұл сыйлықақылар кәсіпорындардың өндірістік қызметтерінің тек бірінші жылында ғана берілді.

1929 ж. сыртқы сауданы реттеуге толық бақылау орнатылды, баж салықтарын шамамен 50 %-ға көтеруді қарастырған кеден тарифі бекітілді.

1920-1930-жылдары ұлттық жеке капитал өңдеу өнеркәсібінің мақта-мата, тоқыма салаларында дамуға мүмкіндік алды. Үкіметтің жергілікті тоқыма өнеркәсібін қол­дауының қызық бір түрі 1925 ж. желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес жүзеге асырылды. Мемле­кеттік қызметкерлер отандық өндіріс матасынан тігілген киім киюге міндетті болды, тіпті ол мата шетелдікінен 10 %-ға қымбатқа түссе де солай етуге тиіс. Бағаның айырмашылығы мемлекеттік мекемелер мен муниципалитеттер есебінен жабылды. Бұл өнеркәсіп түрі мақта өндірісі мен оны сыртқа шығару дамыған аудандарда (Адан және Эгей) орналасты.

Мақта-мата фабрикалары жүн тоқу фабрикаларына қарағанда жылдамырақ өсті. Себебі, мақта-мата фабрикалары ел ішіндегі шикізатпен қамтамасыз етілді. Мақта сұрыптары үнемі жетілдіріліп отырды. Жүн тоқу фабрикалары жергілікті жүнді (қылшықты, қысқа талшықты сұрыптар) тек жарым-жартылай ғана пайдаланды, ал, меринос жүнін өзге елдерден импорттауға мәжбүр болды. Жергілікті меринос тұқымдарын өсіру бойынша талпыныстар ұзақ уақытқа дейін жағымды нәтижелер бермеді.

Жеке кәсіпкерлік тоқыма және тамақ өнеркәсіптері салаларында үлкен табыстарға қол жеткізді. Себебі, осы салалардағы қор иелері қорғау және ынталандыру жөніндегі іс-шаралардан өте үлкен пайда көрді. Олар мақта, жүн, астық сияқты шикізат түрлері өндірісімен, олардың саудалануымен (экспортты қоса алғанда) тығыз байланыста болып, тұрақты әрі жеткілікті түрде өзін-өзі қаржыландыра алды. Өнеркәсіптің басқа салалары несие алуға көбірек мұқтаж болды.

Аграрлық сектор

Елдің өндіргіш күштері еркін дами алу үшін, ортағасырлық аграрлық қатынастар қалдықтарын  жоюға тиіс болды. Ірі жер иелері өз жерлерінде ешқандай ірі шаруашылық түрлерін жүргізбеді, қайта оларды шаруаларға өңдеуге берді. Шаруалар өз кезегінде шыққан егіннің жартысына жуығын жер иелеріне беріп отырды. Жерді бұлай пайдалану жүйесі шаруаларды кедейлендірді. Шаруалар егін өнімдері салықтары (ашар) мен ақшалай салықтар да төлеп отырды. Егін шаруашылығындағы феодалдық қалдықтарды жою қажеттілігі айқын болса да, ірі жер иелерімен тығыз байланыстағы басқарушы топ радикалды аграрлық реформа жүргізуден бас тартты. Оның орнына олар бірқатар іс-шаралар (несиелер, сырттан егіншілік құралдарын әкелген жер иелеріне жеңілдіктер беру) арқылы ірі жер иелері мен кулактарды ынталандырып, оларды егіншілер-кәсіпкерлерге айналдыруға тырысты.

1929 ж. қарай дәнді және техникалық дақылдардың егістік алқаптарының көлемі соғысқа дейінгі деңгейіне жетті. Бірақ, олардың көпшілігінде шығымдылық төмендегендіктен, жинау мөлшері тек шамамен 80 %-ды, ал үй малының саны соғысқа дейінгі деңгейінің 85 %-ын құрады.

1923-1945 жж. аралығында өкімет 1,1-1,2 млн. га жуық өңдеуге жарамды жерлерді жер иелеріне сатты және тегін берді. Бұл сол уақыттағы бүкіл ауыл шаруашылығы алқаптарының 10 %-ын құрайды. Нәтижесінде, 270 мыңдай отбасы жер иелеріне айналды.

Сонымен, төңкеріс нәтижесінде зайырлы ұлттық тұғырнамада тұрған түрік феодал-шенеуніктер діни тұғырнамада тұрған түрік сұлтаны мен феодал-шенеуніктерден билікті күшпен тартып алды. Сөйтіп, олар Осман империясының қалған аумағын, яғни, қазіргі Түркия шекараларын сақтап қала алды. Тарих талай рет көрсеткендей, билік басында мылжыңдар отырса, олар ерте ме, кеш пе, ел аумағын жоғалтып, өз ұлтын күйреуге әкеледі. Бұл адамдардың қандай тұғырнамада тұратыны маңызды емес. Себебі, олар одан ақылдырақ болып кетпейді. Ақыр соңында олар жеңіліске ұшырайды.

Қазақстанда да діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер бар. Оларға Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, әртүрлі уахабиттік және салафиттік ағымдардың басшылары жатады.

Бұл мырзалар Қазақстанды Кувейт, Катар немесе БАӘ сияқты елге айналдырғысы келеді. Бірақ, олар ешқандай экономикалық және қоғамдық даму заңдарын түсінбейді әрі білмейді. Мысалы, олар Кувейттің мұнайдан түсетін табысы жылына $ 70 млрд. құрағандықтан, бұл елдегі жан басына шаққандағы табыс $ 70 000 екенін білмейді. Біздің елімізде мұнайдан түскен табыс $ 53 млрд. құрайды. Қазақстанда 17 млн. адам тұрады, сондықтан, жан басына шаққандағы табыс $ 3 000-ды құрайды. Бұл – Кувейтке қарағанда 23 есе төмен көрсеткіш. Сол себептен, олар Қазақстанда ешқандай екінші Кувейт орната алмайды.   Ал, олардың елімізді екінші Ауғанстан, Сомали немесе Суданға айналдыра алатыны сөзсіз. Бұл мырзалар неліктен Араб халифаты өз уақытының ең мықты әрі дамыған мемлекеті болғанын, не нәрсе түріктер бастаған мұсылман Осман империясын алдыңғы қатарлы елге айналдырғанын және ислам Темір мемлекетінің күш-қуаты неге негізделгенін түсінбейді. Сонымен қатар, олар қалай Үндістандағы Бабыр негізін қалаған Ұлы моғол мұсылман империясының саны жағынан басым түсетін үнді князьдықтарын жеңіп, өз уақытының мықты әрі дамыған елдерінің қатарына кіргенін білмейді.   Бұл барлық мұсылман елдері исламды техникалық прогресс ретінде түсінгендіктен, ұлы елдерге айналды. Олар исламдық құқықтың негізінде сауда мен қолөнердің, ғылым мен техниканың дамуына жағдай жасаған заңдар қабылдады. Бұл мемлекеттерде әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдардың құқықтары, еркіндіктері мен меншіктері қорғалып отырды. Біздің қазіргі ислам туралы айтып жүрген феодал-шенеуніктер осылардың ешқайсысын білмейді және түсінбейді. Қазақстанда мұндай феодал-шенеуніктердің билік басына келуі ақыр соңында Осман империясы сияқты бытырап кететінімізді білдіреді.

Қазіргі Түркия – бұл демократиялық зайырлы парламенттік республика. Елдегі негізгі билік премьер-министрдің қолына шоғырланған. Премьер-министр ұлттық парламенттік сайлаулар нәтижесінде ең көп дауыс жинаған партиядан тағайындалады.

Түркияда 77 млн. астам адам тұрады. Бүкіл халықтың 90 %-ы түрік тілінде сөйлейді. Түркия халқының басым бөлігін сүнниттік исламды ұстанатын (99,8 %) түріктер (70-75 %, 2008 ж.) құрайды. Екінші орында күрдтер (18 %, 2008 ж.) болып табылады. Түркияда азшылық ұлттарға гректер, армяндар, еврейлер, арабтар және парсылар (7-12 %, 2008 ж.) жатады. 1920-жылдардың аяғынан 1980-жылдардың басына дейінгі аралықта мемлекеттік сектордың үлесі  50 %-дан 75 %-ға дейін жетіп отырды. 2003 ж. дейін елдің басқарушы табы зайырлы ұлттық тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер табы (кемалшылдар) болды. Бірақ, елді дағдарысқа ұшыратқан және кедейлендірген нашар экономикалық саясат, сондай-ақ, мемлекеттік аппараттағы бюрократия мен жемқорлық салдарынан, кемалшылдар түрік кәсіпкерлері мен діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктерден құралған одақтан жеңіледі. Кемалшылдар 2000-жылдардағы дағдарыстан кейін, билігін жоғалтты. 2001 ж. ақпан айында Түркияда банк дағдарысы орын алғанда, бірнеше несие мекемесі бірден күйреуге ұшырады. Дағдарыс түрік экономикасының барлық салаларына жағымсыз әсерін тигізді. Түркияның ұлттық валютасы екі күннің ішінде екі есеге құнсызданып, бір долларға 1 350 000 лирға дейін түсті. Сонымен, бұл дағдарыстың нәтижесінде кемалшылдар билігін жоғалтты.

Діни тұғырнамада тұрған қазіргі түрік феодал-шенеуніктері өткен кезеңдегі қателерін түсініп, Түркияның ішкі тауар өндірісін дамытуға барынша күш салып отыр. Олар ислам жөніндегі түсініктерін өзгертті. Бүгінгі таңда олардың діни идеологиясы ішкі тауар өндірісін көтеруге, ғылыми-техникалық прогрессті ынталандыруға, сондай-ақ, елдің капиталистік дамуындағы кедергілерді алып тастауға бағытталған. Саяси тұрғыдан алғанда, олар Әділет және даму партиясы (ӘДП) атынан әрекет етеді. Партияның жетекшісі – Түркияның қазіргі премьер-министрі Реджеп Тайып Эрдоган.

Эрдоган 1954 ж. 26 ақпанда кедей отбасында дүниеге келді. 1976 ж. Стамбулдағы Хатил имамның діни лицейін аяқтады. Ол дәл осы жерде оның саяси көзқарастарының қалыптасуына ықпал еткен исламмен таныс болды. Реджеп Тайып Эрдоган Мармара беделді университетінің Экономикалық факультетін тәмамдады. 1994 ж. қалалық сайлау кезінде Реджеп Тайып Эрдоган Стамбулдың әкімі болып тағайындалды. Сол уақыттағы басқа саясаткерлердің көпшілігімен салыстырғанда, Реджеп Тайып Эрдоган сыбайласқан жемқорлықпен байланысы болмады. Сондықтан, ол ресми емес астана тұрғындарының арасында жақсы танымал болды. 1997 ж. исламдық Берекет партиясының (БП) қызметіне тыйым салынды. Реджеп Тайып Эрдоган осы партияның мүшесі болатын. Ал, Стамбул әкімі Эрдоганның өзі  Шиирттегі наразылық кезінде ұлтаралық алауыздықты өршіткен көзқарастарды насихаттады деген Конституциялық соттың айыптауымен түрмеге жабылды.

Түрмеден босағаннан кейін, 2001 ж. Реджеп Тайып Эрдоган Әділет және даму партиясын (ӘДП) құрады. Бұл партия Берекет партиясының мұрагері бола отырып, оның негізгі исламдық бағыттарын қабылдайды. ӘДП  2002 ж. 3 қарашадағы сайлауда жеңіске жетуінің нәтижесінде билікке келді. Бұл жеңіс өз бастауын өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан алады. Ол уақытта премьер Тұрғыт Өзалдың жүргізген реформаларының арқасында Түркияда жаңа бизнес түрлері өте жылдам қарқынмен дамыды. Жеке сектор дами бастады. Бастапқыда жиһаз, тамақ өнеркәсіптері, тоқыма өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, ал, кейіннен машина жасау дамыды. Бұл жаңа бизнес түрінің дамуы мемлекеттің жоғары тиімділікпен басқаруын және жемқорлық деңгейін төмендетуін талап етті. Бұл талапты орындауға уәде берген саяси құрылым 2002 ж. билік басына келген ӘДП болды. Түрік кәсіпкерлері мен діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктердің одағы осылай қалыптасты. 2002 ж. сайлаудан кейін, жаңа үкімет қаржы тәртібін бекітіп, экономикалық реформалар жүргізді.

Базалық корпоративтік табыс салығы 30 %-дан 20 %-ға дейін төмендеді. Ал, жеке табыс салығы 15 %-35 % аралығында өзгеріп тұрады. Технологиялар импортына ҚҚС мен кедендік баж салығы салынбайды. Кейбір фирмаларда елуден аса адам ғылыми-зерттеу және технологиялық-конструкторлық жұмыстарда (ҒЗТКЖ) еңбек етеді. Мұндай фирмалар айтарлықтай салықтық жеңілдіктерге ие болады.

2005 ж. реформаға дейін, инфляция деңгейі жылына 100-120 %-дан асып отырды. 20, 10, 5 және 1 млн. лиралық  банкноттар айналымда жүрді. Ақша реформасы жүргізілгеннен кейін, түрік лирасының алты нөлі алынып тасталды. Бұдан бұлай бір жаңа түрік лирасы 1 000 000 ескі түрік лирасына тең болды. Түркияда инфляция деңгейі 2005 ж. 7,7 %-ға дейін төмендеді. Бұл соңғы 30 жылдың ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болып табылады.

Банктердің несиелік портфеліндегі тұтынушылық несиелердің үлесі 2003 ж. 6 %-дан 2008 ж. 22 %-ға дейін өсті. Жиынтық несиелік портфельдегі ипотекалық несиенің үлесі 2002 ж. 1 %-дан 2007 ж. 11 %-ға көбейді.  2002 ж. жалпы сатып алынған үйлердің тек 3 %-ы ғана банктік ипотека арқылы қаржыландырылды. Бұл жоғары инфляция деңгейі мен ипотекалық несиелерге жоғары пайыз мөлшерлемелерінің болуымен түсіндіріледі.

Жоғары инфляция мен жоғары пайыз мөлшерлемелері көп уақытқа дейін түрік несие нарығының дамуына кедергі келтіріп келді.

1-кесте. Түркиядағы бес коммерциялық банктің негізгі көрсеткіштері (коммерциялық банктердің жалпы активтер, депозиттер және несиелер сомасынан иеленетін %-ы)

Бес ірі банк

2002

2006

2009

Активтер

58

62

63

Депозиттер

61

63

66

Несиелер

55

56

58

Ірі түрік банктері – ТС Ziraat Bankasi, Turkiye Is Bankasi, Turkiye Garanti Bankasi,  Akbank,  және Turkiye Vakiflar Bankasi банк секторы активтерінің  63 %-ын және депозиттерінің 66 %-ын иеленеді.

2007 ж. пассивтер құрылымындағы салымдардың үлесі 64 %-ды құрады. Оның 42 %-ы түрік лирасындағы салымдар, ал, 22 %-ы еркін айырбасталатын валютадағы (ЕАВ) салымдар болып табылды. Соңғы жылдары жеке тұлғалардың түрік лирасындағы депозиттерінің өсу қарқыны шетел валютасындағы депозиттердің өсу қарқынынан асып түсті. Бірақ, 2000-2003 жж. кері үрдіс байқалған болатын (2-кесте).

2-кесте. Банк секторындағы халық салымдары (%)

Жылдар

Түрік лирасындағы салымдаР

Еркін айырбасталатын валютадағы салымдар

2001

34

35

2002

30

35

2003

33

36

2004

36

29

2005

28

36

2006

40

25

2007

42

22

Экономиканың нақты секторын несиелеу бойынша операциялардың дамуы 2001 ж. дағдарыстан кейін банк секторы активтерінің артуына әкелді.  Соңғы бірнеше жыл бойы несиелеу көрсеткіштерінің абсолютті, сондай-ақ, ЖІӨ-ге қатысты мәні (2002 ж. 14 %-дан 2010 ж. 41 %-ға дейін) де күрт өскенін байқауға болады.

3-кесте.

Жылдар

2002

2003

2004

2005

2006

2007

2008

2009

2010

Несие/ЖІӨ

14

15

18

24

29

33

37

37

41

 

Дағдарыстан кейін ЖІӨ-нің өсуі, халық пен кәсіпорындар табыстарының артуы және валюта бағамын тұрақтандыру нәтижесінде несие төлеуге қабілетті қарыз алушылар саны көбейді. Бұл несиелендіру көлемінің өсуіне әкелді. Валюта бағамы тұрақты болғандықтан, банктерге біраз активтерін валютада ұстау тиімсіз болды.

Несиелік портфельдегі өнеркәсіптік сектор несиелерінің үлесі 37 %-ды, сауда саласы 13 %-ды, қызмет көрсету саласы 13 %-ды және құрылыс саласы 7 %-ды құрады.

Діни тұғырнамада тұрған түрік феодал-шенеуніктері отандық өндірісті дамыту мен қолдау саясатына да үлкен көңіл бөледі.

Өкімет экспорттаушыларды барынша ынталандырып әрі қолдап отырады. Түркияда демпингке қарсы саясат туралы заңдар әрекет етеді. Егер импорт көлемін шектеу қажеттілігі туындаса, онда бірден демпингке сілтеме жасалады. Түрік үкіметі өз экспорттаушыларына: «Барыңдар, бүкіл әлемді жаулап алыңдар, ал, біз сендерге барлық жағдайларды жасаймыз!», - дейді.  Бұл ретте олар мемлекетті байытуға тиіс және байытып та отыр. Түркия одан әрі өсу перспективаларын жақсарту мақсатында Грузия экономикасын іс жүзінде сатып алды. Мемлекет ірі тұтынушы ретінде отандық өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу жүйесін іске асырып отыр. Мысалы, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын іссапарларға міндетті түрде түрік әуе компаниясының ұшақтарымен ұшу керек. Елде шетелдік капиталдың қатысуына шектеулер енгізілген. Мәселен, әуе, теңіз, автокөлік және теміржол көліктерінде капиталдың 51 %-ы түрік резиденттерінің қолында қалуы тиіс. Тек Түркия азаматы ғана  кеме капитаны бола алады. Экипаж мүшелерінің басым бөлігі түріктер болуы тиіс.

Қалалардағы қараусыз қалған бос жерлерде бейінді тауар өндірушілерді біріктіретін ондаған өнеркәсіптік аймақ құрылған. Мысалы, Стамбул маңындағы былғары кәсіпорындары аймағында тері өңдеумен, киім, аяқ киім тігумен және әртүрлі керек-жарақтар өндірумен айналысатын үш жүзге жуық фирма бар. Тоқыма, тамақ және темекі өндірушілерінің де бірлестіктері жұмыс істейді. Әр өнеркәсіптік аймақтың өз инфрақұрылымы, яғни, тазалау құрылыстары жүйесі, спорт кешендері, өрт қызметі және мешіт тері де бар. Әр қала маңынан осындай көріністі байқауға болады. Тек шағын және орта бизнеспен айналысқандар ғана  мұндай бірлестіктердің шикізат, көлік сатып алу бойынша шығындарды қалай төмендететінін біледі. Дәл осындай «жеңілдікті өнеркәсіп аймағында» Indesit компаниясы (Еуропадағы үлкендігі бойынша екінші компания) орналасқан, сондай-ақ, Ariston-ның соңғы үлгілері және Vestel кондиционерлері мен теледидарлары шығарылады.

Түркияда туризм мен сауда салалары жақсы дамыған. Сонымен қатар, бұл елде экономиканың нақты секторы, химиялық, фармацевтикалық өнеркәсіп, энергетика, металлургия, кеме жасау, автокөлік жасау және электр тұрмыс тауарлар өндірісі белсенді түрде дамып отыр. Ел экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі шамамен 28 %-ды, ал, құрылыс саласын қоса алғандағы өңдеу өнеркәсібі  84 %-ды құрайды. Үкімет экспортқа бағдарланған салаларға, сондай-ақ,  70 миллиондық, тұрақты түрде өсіп жатқан халықты ескере отырып, ішкі тұтынуды қанағаттандыруға бағытталған салаларға сүйенеді.

Шағын кәсіпорындарға жеңілдікпен несие беру мақсатында Ұлттық банк құрылды. Бүкіл елде оның мыңға жуық кеңсесі ашылды. Бұл кеңселердің директорлары әр клиентке бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге шамамен $ 35 мың несие бере алады. Бірақ, мұндай несиелер тек тауар өндіруші кәсіпорындарға ғана беріледі. Осындай саясаттың нәтижесінде, бүгінгі күні тауар өндіруші кәсіпорындар елдегі бүкіл компаниялардың 95 %-ға жуығын құрайды, ал, әрбір үшінші түрік шағын бизнесте жұмыс істейді.

Шетелдік акционерлердің акционерлік капиталға қатысу үлесі теледидар мен радиохабар таратуда 25 %-ды, авиация мен теңіз көлігінде  49 %-ды құрайды. Алайда, мұндай компанияларға құрылғаннан бастап ұлттық режим белгіленеді. Отандық және шетелдік инвесторлар қаржы қызметі (банктік қызмет көрсетулер мен сақтандыруды қоса алғанда) және мұнай саласы бойынша кәсіпорын құру үшін, Үкіметтен арнайы рұқсат алулары тиіс. Түркияның Коммерциялық кодексінің ережелеріне сәйкес, шетел капиталының қатысуымен құрылған барлық компаниялар (жұмыс істеп жатқан және жаңадан құрылған шетелдік компаниялар) түрік компаниялары ретінде қарастырылады. Демек, құқықтар мен міндеттемелер бойынша теңдей режим қолданылады. Компанияларға салық салынатын базадан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған шығындардың 40 %-ын шегеруге рұқсат етіледі. Инвестиция салу және өндіріспен айналысатын компаниялар салық пен сақтандыру жарналарын төмендету, энергетикалық қолдау мен жерді еркін алу құқықтарына ие болып табылады. Мысалы, қазіргі таңда елдің автокөлік саласында шетелдік компаниялар басым болып келеді. Мұнда шамамен 20 әлемдік автогигант өз филиалдарын ашқан. Олар үшін Түркия қолайлы құрастыру орны болып табылады. Нәтижесінде, автокөлік экспорты дәстүрлі тоқыма бұйымдарының экспортынан асып түсті (экспорттың 20 %-ы).

Енді жоғарыда аталған іс-шаралардың түрік экономикасына қалай әсер еткенін көрсетейік.

4-кесте. ТШИ ағыны

Жылдар

2000 ж.

2005 ж.

2010 ж.

Тікелей шетелдік инвестициялар

$ 982 000 000

$ 9 805 000 000

$  7 154 000 000

5-кесте. Экономикалық көрсеткіштер

Атауы

2000 ж.

2003 г.

2010 ж.

2000 ж. салыстыр-ғандағы өзгерісі, %

1

ЖІӨ

 

$ 444 000 000 000

 

$

458 200 000 000

$ 960 000 000 000

 

+ 116 %

2

Жан басына шаққандағы ЖІӨ

$ 6 761

$ 6 727

$ 12 345

+ 82 %

3

Азаматтар саны

 

66 000 000

 

68 109 470

78 000 000

 

+ 18 %

4

Жалпы сыртқы қарыз

 

$ 100 000 000 000

$ 118 300 000 000

$ 270 000 000 000

+ 158 %

5

Жұмыссыздық деңгейі

7,3 %

10,8 %

12,4 %

+ 70 %

 

6-кесте. Ауыл шаруашылығы

Атауы

2000 ж.

2003 ж.

2010 ж.

1

Ауыл шаруашылығы алқаптары, мың га

38 757

40 645

38 911                           (2009 ж.)

2

Егістік жерлер, мың га

23 826

23 372

21 351                         (2009 ж.)

3

Егістік алқап, мың га

2 553

2 656

2 943                            (2009 ж.)

4

Парлар, мың га

4 826

4 991

4 323                           (2009 ж.)

5

Суармалы жерлер, мың га

3 093

5 215

5 215                            (2009 ж.)

6

Бидай өндірісі, мың тонна

21 000

19 000

19 660

7

Арпа өндірісі, мың тонна

8 000

8 100

7 240

8

Қант қызылшасы өндірісі, мың тонна

18 821

12 623

17 942

9

Дәнді дақылдар өндірісі, мың тонна

32 249

30 807

32 748

10

Дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі, мың тонна

1 182

1 437

12 035

11

Техникалық дақылдар өндірісі, мың тонна

1 233

1 209

895                              (2009 ж.)

12

Майлы дақылдар өндірісі, мың тонна

2 253

2 388

2 396                           (2009 ж.)

13

Түйнектілер өндірісі, мың тонна

24 191

17 922

22 491

14

Жемшөп өндірісі, мың тонна

5 374

6 117

20 698                         (2009 ж.)

15

Шитті мақта өндірісі, мың тонна

2 261

2 345

2 150

16

Күріш өндірісі, мың тонна

210

223

500

17

Көкөністер өндірісі, мың тонна

22 358

25 824

25 997

18

Жемістер өндірісі, мың тонна

13 421

13 141

16 386

19

Мал саны (ІҚМ), мың бас

10 907

9 901,5

10 811,2                       (2009 ж.)

20

Жыл аяғындағы қой саны, мың бас

28 492

25 431,5

21 749,5                       (2009 ж.)

21

Жыл аяғындағы ешкі саны, мың бас

7 201

6 771,7

5 128,3                        (2009 ж.)

22

Ет өндірісі (ірі салмағымен), мың тонна

491,5

367

412,6                            (2009 ж.)

23

Құс еті өндірісі (сойыс салмағымен), мың тонна

662,7

905,2

1 323,6                         (2009 ж.)

24

Сүт өндірісі, мың тонна

9 794

10 611

12 542                          (2009 ж.)

25

Жұмыртқа өндірісі, млн. дана

13 508,6

12 666,8

13 832,7                      (2009 ж.)

26

Жүн өндірісі, мың тонна

43,1

46,5

40,3

 

7-кесте. Өнеркәсіп

Атауы

2003 ж.

2005 ж.

2009 ж.

1

Мақта жібінің өндірісі, мың метр. тонна

-

788

645

2

Жүн жібінің өндірісі, мың метр. тонна

-

63

26

3

Газет, жазу және баспалық қағаз өндірісі, мың метр. тонна

-

508

331

4

Қатты көмір өндірісі, мың метр. тонна

2 059

2 392                           (2000 ж.)

2 863

5

Шикі мұнай өндірісі, мың метр. тонна

2 375

2 749                           (2000 ж.)

2 237

6

Табиғи газ өндірісі, млн.текше м.

561

639                              (2000 ж.)

685

7

Электр энергиясының өндірісі, млн. кВт/сағат

140 581

124 926                       (2000 ж.)

194 813

8

Лигнит өндірісі, мың тонна

-

63 654

81  283

9

Темір кенінің өндірісі, мың тонна

-

6 027

3 766

10

Хром кенінің өндірісі, мың тонна

-

603

1 565

11

Қорғасын-цинк кендерінің өндірісі, мың тонна

-

137

362                               (2008 ж.)

12

Темір құймаларының өндірісі, мың метр тонна

-

8 470 144

8 852 262                    (2008 ж.)

13

Өңделмеген болат пен оның құймаларының өндірісі, тонна

-

21 644 439

30 129 290

14

Алңашқы алюминий өндірісі, тонна

-

154 793

89 129

15

Тазартылған мыс өндірісі, тонна

-

134 557

24 209

16

Алғашқы цинк өндірісі, тонна

-

4 003

20 373

17

Алғашқы қорғасын өндірісі, тонна

-

17 352

8 523

18

Азотты тыңайтқыштар өндірісі, мың метр. тонна

-

1 744

1 483

19

Бидай ұнының өндірісі, мың метр. тонна

-

5 259

5 693

20

Түрлі-түсті теледидарлар өндірісі, дана

-

19 471 348

9 198 841

21

Жолаушы автокөліктерінің өндірісі, дана

-

648 678

753 015

 

Көріп тұрғанымыздай, тауарлар өндірісінде айтарлықтай жақсару орын алмаған. Сондай-ақ, Түркия электроника өндірісі бойынша Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен артта қалды. Теледидарлар өндірісі 2005 ж. 20 млн. данадан 2010 ж. 9 млн. данаға дейін қысқарған. Сонымен қатар, Түркия экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағынында маңызды өзгеріс жоқ. ТШИ ағыны 2000 ж. $ 1 млрд.-дан 2005 ж. бар болғаны $ 10 млрд.-ға өсті, ал, 2010 ж. $ 7 млрд.-ға дейін азайды. Әрине, қазіргі артық өндіру дағдарысының да ықпалы болды. Бірақ, түрік экономикасы инвестицияларға емес, сыртқы несиелерге сүйенеді. Керісінше, елдің сыртқы қарызы өте жылдам өскен. Яғни, елдің сыртқы қарызы 2000 ж. $ 100 млрд.-дан 2010 ж. $ 270 млрд.-ға дейін көбейді. Дәл осындай уақыттың ішінде шетелдік инвестициялар $ 6 млрд.-ға, ал, сыртқы қарыз $ 170 млрд.-ға артты. Сыртқы қарыздардың көп бөлігі тұтынушы секторы мен ипотекаға жұмсалды. Бұл тауарлар импорты мен ЖІӨ-нің өсуіне әкелді. Бірақ, қарызға сүйенетін экономика өте тұрақсыз болып келеді. Қарызды, ерте ме, кеш пе, қайтаруға тура келеді. Әзірге Түркияның жаңа басқарушы табы экономиканы дағдарысқа ұшыратпай отыр.

Сонымен, біз басқарушы таптың нашар саясаты салдарынан күйреуге дейін барған мықты мұсылман елдерінің бірі Осман империясында ұлттық-буржуазиялық төңкеріс жүзеге асқанын көрдік. Бастапқыда діни тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер билік үшін күресте жеңіліп, елді жоғалтып алды. Олардың орнына билік басына зайырлы ұлттық тұғырнамада тұрған феодал-шенеуніктер келді. Бұл басқарушы тап кемалшылдар төңкерісін жасау арқылы бір кездердегі ұлы Осман империясының қалған аз бөлігін сақтап қалды. Қазіргі таңда Түркияда діни тұғырнамада тұрған феодалдар қайтадан билік басына келді. Олар түрік кәсіпкерлерімен одақтаса отырып, өздерінің өткен уақыттарда жіберген қателерін түзеуде. Сонымен қатар, олар ислам идеологиясының негізінде қуатты индустриялық держава құруға тырысуда. Егер олар дұрыс жолдан таймаса, онда мақсаттарына міндетті түрде жетеді.

 

Оцените пост

7