Қазақ Гиннесі кімге керек?

Бейсен Бұқарбай 2012 M12 3
433
0
0
0

http://abai.kz/content/beisen-akhmet-kazak-ginnesi-kimge-kerek Қазақтың  ұлттық құндылықтарын Гиннес рекорттарына енгізу Қытайға не үшін керек болды? Немесе қазақтарға қандай пайдасы бар? Шетелдегі...

http://abai.kz/content/beisen-akhmet-kazak-ginnesi-kimge-kerek

Қазақтың  ұлттық құндылықтарын Гиннес рекорттарына енгізу Қытайға не үшін керек болды? Немесе қазақтарға қандай пайдасы бар?

Шетелдегі атап айтқанда, Қытайдағы  қандастарымыздың бұл салада - ұлттық құндылықтарды Гиннес рекорттарына кіргізу жағынан істеп жатқан жұмыстары шаш-етектен. Аталмыш рекордтар кітабына енген ұлттық құндылықтарымыздың  ұзын саны 13 ке жетіп жығылады екен.

Бұл шараны  біреулер  ұлттық рухты көтеріп, жігерді жанитын, мақтаныш сезімін тудыратын шара десе, біреулер атаққұмарлық пен құр далбаса тірілік деп баға беруде. Деседе осы  қазақы құндылықтардың түрлі деңгейдегі рекордтарға тіркеліп әлем назарын аударуы бізге де біраз ой салғандай. Елміздің «көкпар», қымыз сыяқты төл құндылықтарын лицензиялап алып жатқан шетелдіктерге азда болса  тосқауыл жасауға болатын бір жолды көрсеткендей. Өз қазағымыз үшін намысын жанып, ұлттық санасын оятатын бұндай қимылдар ұйымдастыруды қазақ елі неге қолға алуға құлықсыз? Әсіресе саяхат кәсібін жандандыруды мақсат еткен саяхат орындары үшін мұның пайдасы көп екенін қашан түсінеміз? Бұл кімге тиімді, қытайға ма, қазаққа ма? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Қытайдағы қандастарымыз біраз жылдан бері Гиннес рекордын жасауды кәсіп қылып алғаны белгілі, бұл туралы қандасымыз Қалиакпар Үсемханұлының : «Жүз метрлік қазы мен он мыңнан астам адам билеген қаражорға «шаңхай әлемдік Гиннес рекордына кіріпті  дегенде елең етпеген ел, қуанбаған қазақ болған жоқ. Бәріміз де ұлттық  биіміз бен қасиетті қазымыздың халықараға танылғанына тауымыз өсіп, шарық ұрып шаттансақ, Толыдағы 10 мыңнан астам адам топтасып домбыра шертіп, тағы да Гиннестегілер қатарынан көрінгенде қазақ қамданса халықарада Гиннистен гиннес қалдырмайтындай-ақ асерленіп, айырықша күй кешкеніміз де шын. Енді бұған кеше ғана көрікті Қыранның(Алтайдағы Қыран өзені ) жағасындағы тау қаласы Алтайдың 90 метрлік дастарқаны мен 17 мың 58 адам билеген «жар-жар» биінің  қос Гиннесті қатарынан байланғанын қосыңыз, айналасы 5 жылға жетпейтін уақытта 10 ға жуық Гиннестің кіндігін кесппіз. Былай қарағанда, оңай нәтиже емес сияқты. Тіпті, бұл ұлтымызды үгіттеуде, ұлттық құндылығымызды әйгілеп, халқымызды халықараға  танытуда табылмайтын тиімді жол сияқты біздің түсінгімізде», - деп бастапты өткен жылы Шинжиаң газетіне берген мақаласында.  Оған биыл, яғни 2012 жылы шілдеде Қытайдың Іле аймағының Нылқы ауданында өткен «Кестешілер» мерекесі мен сол мерекеде Гиннестің рекордтарына тіркелген 10 мың адамдық кестешілер «Қазақ кестесін»  тіксе, киз үйдің үлкендігіндей «қызай қалпағын» тіккен және биктігі 4,5 метрлік Қызай ана бейнесін кестелеген болатын. Сонмен жалпы 3 түрден Гиннес рекордтар кітабіна тіркелгені де белгілі болды. Бүгін тағы бір жаңа рекорт туралы ақпарат орындары жарыса жазды, тағы да Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған шынашақтай домбыра Гиннестің рекордтар кітабына еніпті.

Бұның қытайлар мен қазақтар үшін қандай пайдасы бар? Немесе соншама қаражат пен адам күшін, уақытын сарып еткен Гиннес  рекордтарының  Қытайға керегі не? деген заңды сұрақ туады. Ендеше, бұған бірнеше түрлі жауап қайтаруға болатын сияқты.

Біріншіден, тамаша саяси құн жаратады. Бұл Қытай елінің әлемге көрсетіп отырған  демократиясының бір жарнамасы болуы мүмкін, осы сияқты жан саны аз ұлттарды дәріптеу арқылы дүниеге өзін демократиялы ел ретінде көрсету.

Екіншіден, Экономикалық құн жаратады. Үлкен экономикалық табысқа апартын, саяхат кәсібін жандандырып, халықтың кіріс көзін көбейтетін тамаша тәсіл. Әлемдік жарнама. Себебі, осындай ғажап ұлттарды көріп, саяхаттап қайту қаншама ауқатты қауымының арманы екені белгілі.

Үшіншіден, Рухани құн жарататын идеалогиялық саясат. «Партия мен мемлекеттің құрылғандығынығының  40-50жылдықтарына» арнау ретінде ұйымдастырылған бұндай қимылдар Қытай үкіметінің аз санды ұлттардың көңілін көтеріп, отаншылдық пен ұлттық  ынтымақты  дәріптеуінің бір жолы. Себебі  осындай жарысқа немесе қимылдарға үкімет арнаулы мүмкіндік жасауда, қолдап, қаражат жағынан көмектесуде. Тіпті бұндай кең ауқымды бұқаралық қимылдарға қазақтармен қоса  басқа ұлттардың да қатысып жатқанын айта кеткен жөн шығар. Десе де Қытайдың  бір жымысқы саясаты тағы бар сияқты. Ол аз санды ұлттардың назарын  осындай нәрселерге бұру арқылы жайбырақаттандырып,енді бір жағынан топ-топ қытай жұмысшыларын қоныстандырып, жері мен байлығын игеру. Өйткені, атам заманнан бұндай жымысқылықтың талайын таңдайларына татырған Қытайлар ешқашан соғыспен емес, жымысқылықпен өзге елдерді жаулап келе жатқаны белгілі.

Міне, бұдан Қытайдың ұпайы артығымен екенін көреміз. Ал енді Қазаққа қандай пайдасы бар?

Ең алдымен, осындай кең көлемді қимылдардың қазақтар үшін тәрбиелік мәні зор, өте үлкен рухани құн жарататыны белгілі. Қытайдағы қандастарымыздан шыққан үкіметтегі және басқа салалардағы атқа мінер ел ағаларының  ұлттың  рухын көтеріп, жігерін  жаныу үшін, қытайлануға бет алған ұрпақтардың  мақтаныш сезімін ояту арқылы өздерін сақтап қалу үшін жасап отырған жан таласқан саясаттарының бірі болуы шындық. Енді бір жағынан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан ұлттық құндылықтарымызға ие боп қалудың бір жолы сияқты. Экономикалық жағынан алғанда ұлттық құндылықтарды жарнамалап ғана қоймай, базарландырудың тамаша тәсілі. Рухани және экономикалық құн жарататын сауапты іс.

Қалай айтсақ та қандастарымыздың бұндай тірілігі бізгеде  ой салуға татиды деп есептеймін, мейлі ұлылық болсын, мейлі атаққұмарлық, даңғойлық болсын әйтеуір өз деңгейінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлағатымызды асыру үшін жасалып жатқан шара. Ұлтымызды әлемге танытып, ұрпағымыздың санасынан саңлау тауып жатқан мәдени саясат. Азды-көпті қандастарымыздың күн көрісіне жарап жатқан шаруашылық. Әсіресе саяхат кәсібін дамытуды көздеп отырған Қазақстан үшін өзімізді әлемге көрсетіп, қаридар (клинттердің қазақшасы) шақырудың бір жолы болады деп қараймын. Онсызда қазақ десе Қазақстан көз алдыңа елестейтіні шетелдіктер үшін бұл рекордтар біздің елдің де жарнамасы бола алатыны хақ. Деседе Қазақстанда  осындай рухани және экономикалық құн жарататын шараларды ұйымдастыру мәдениетінің әлі де қалыптаспауы көңілге реніш тудыратыны шындық. Тек пайдасыз мақтауға толы самиттер мен жиналыстардың рухани және экономикалық құн жаратқанды қойып, қарызға батырып кеткенін көзіміз көріп отыр. Тіпті сол самиттерді өткіземіз деп қаншама жағымсыз заңдарды қабылдап, қаншама сұмдықтарға жол бергенімізді өзіміз де білмей қалған жоқпыз ба!? Міне, бұл нағыз даңғойлық пен атаққұмарлық болар. Күні кеше ғана болған Астандағы жастардың сүйісуден немесе жалаңаш жүруден рекорд жараптақ болған шуы әлі басылмағаны белгілі. Ендеше, біз, Қазақстандағы қазақ жастарын тәрбиелеу үшін не істеп жатырмыз?  Анау алыстағы ағайындармен салыстырып көріңіз.  Қандай жағымен үлгі боп жатырмыз? Сауапты да пайдалы  іске мойын бұру кім-кімгеде шығар жол екенін түсінер кезге қашан жетеміз, ағайын?!

Ендеше, тарыдай шашылған қазағымыздың басын қосып, қазымызды қарбытып, қымызымыды ашырқана жұтып,  Қара жорғамызға билеп,  өмір  көкпарынан өз несібемізді өзіміз жеп жүруді құдіреті күшті Алла нәсіп етсін!

«Abai.kz»

Оцените пост

0