Жаңа қырынан көрінген режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Тыныштық» фотоальбомының тұсаукесері

Алия 2012 M11 26
2372
0
8
0

...Мектепте менің ең жақсы көретін сабақтарымның бірі сурет салу еді. Өкінішке қарай, бұл пәнді бізге ешкім оңдыртып оқытпады, кейде тіпті үйге де жібере салатын. Кім біледі, мүмкін менің мынау...

«Өмір» (1982), «Шілде» (1988), «Қайрат» (1991), «Профессия – контроллер» (1993), «Кардиограмма» (1995), «Киллер» (1998), «Жол» (2001), «О любви» (2006), «Шұға» (2007), «Студент» (2012) сынды фильмдердің авторы қазақ кино өнерінде «Жаңа толқын» деген атпен салмақты орын алған кезеңнің белді өкілі. Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың аталған фильмдерінің кез келгені белгілі бір тәрбиелік функцияға құрылған. «Жаңа толқындықтардың» бірі Абай Қарпықов: «Меніңше, жаңа буын келді - жас мөлшері жағынан емес, өзгеше дүниетанымы, бөлек мәдениеті барлар мағынасында», - деген сөзінен-ақ фильмдерінен өзгеше сарын байқалатынын аңғаруға болады. Тек қазақ көрермендері ғана емес, өзге де көптеген шет ел халықаралық кинофестивальдерінен жүлделі орын алып жүрген режиссер фильмдерінің кез келгенін сәтті шыққан туынды деп бағалауға болады.


Көрермен назарына тек фильмдерін ұсынып жүрген режиссер қараша айының 8 күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенттеріне «Тыныштық» деген атпен тұңғыш рет шығып отырған фотоальбомының тұсаукесерін өткізді.

Суретке түсірумен айналысқанына он шақты жылдан асқан режиссер алғашқыда қызығушылықпен отбасылық фотолар түсірсе, кейін шетелге шыққан сапарларында фотоаппаратын серігі етіп алып жүретін болған. Эстетикалық тұрғыдан түсіргенді жөн көрген автор бұл іспен бос уақытында айналысатын сүйікті ісі ретінде қабылдайды. Оқушы кезінде сурет пен математика сабақтарын ерекше қызығушылықпен оқыған. Ауылдық жердегі басты қиыншылық кадр жетіспеушілігі. Режиссер оқыған мектепте математика сабағынан өз маманы берсе, суреттен кез келген мұғалім сабақ беретін. Кейін Мұсаев есімді оқытушысының қызықтыра оқытқан сабағының арқасында суретке деген қызығушылығы арта бастаған.

«...Мектепте менің ең жақсы көретін сабақтарымның бірі сурет салу еді. Өкінішке қарай, бұл пәнді бізге ешкім оңдыртып оқытпады, кейде тіпті үйге де жібере салатын. Кім біледі, мүмкін менің мынау бүгінгі түсіріп жүрген фильмдерім, суреттерім сол баяғы өтілмей қалған сағаттардың орнын толтырмақ болғаным шығар...», - деген балалық шағындағы өкінер сәтін еске алған режиссердің кішкене кезінен-ақ өнерге деген зор қызығушылығы болғанын аңғарамыз.

Бірнеше жылдан жиналған фотоларын жинақ қып шығаруды көздеген Дәрежан Өмірбаевтың жолына кесе көлденең бола бергені Алматылық басылымдардың фотоальбом шығармайтындығы. Фототілші Жанарбек есімді азаматтың ғана жеке альбомы шыққанын көрген ол: шетелдіктерге түйе, басқа да ұлттық нақыштағы естелік заттар қазақтың барлық қырын көрсете алмайды, керісінше осындай ауқымды мәлімет алатын зат сыйлаған дұрыс болар. Режиссер альбомындағы суреттер сапалы, көркемдік мазмұны болғанымен, халықтың құндылықтарын толық көрсете алмады. Жалпы альбомға 100-тарта фото енгізілген, оның 20-пленка, қалғаны сандық фотоаппаратпен түсірілген.

«Ары қарай мұндай фотографиялар шығарылуы керек. Қазақта «өнер алды – қызыл тіл» дейтін мақал бар. Бұл өлшем әлдеқашан ескірген және қазіргі уақытта мәдениетіміздің дамуына кедергі келтіреді. Еуропада қалай болып еді? Мәселен, Францияда XIX ғасырдың соңында импрессионистер әдебиетті екінші кезекке ысырып тастады. Ол жөнінде Анна Ахматова: «Француз кескіндемесі француз поэзиясын өлтірді» деп қайғырды. Одан кейін фотография, кино пайда болды. Қазір сананы телеэкран жаулап тұр, онымен ғаламтор бәсекелесе бастады», - деген пікір айтады.

Фотоның астыңғы жағына мәтін қосып жазуды ойлаған авторға уақыттың тығыздығы кедергі болып, тек суреттер ғана жарыққа шыққан. Шетелде мұндайды фотобук деп атайтын көрінеді. Жапон халқында бұл тәсіл «Ямаки» деп аталады екен. Дизайнын жасаған Анастасия Таукенова кейбір суреттерді фотошоппен өзгерткен.

Автор альбомын қарап отырсаңыз, оның отбасылық фото мен табиғат көріністеріне (әсіресе әр елде өскен әсем ағаштардың сұлулығы) қатты қызығатыны байқалады. Суретке қойылған тақырыптар да ерекше. Мәселен, «Жанкештілер», «Қазына», «Мәжнүн», «№50-ші электр қорабы», «Анар», «Мединадағы телефонмен әңгіме», «Еуропа», «Мойынқұмда», «Жел», «Су перілері», «Ымырт», «Ананың құшағында».

Әр суреттің өзіндік шығу тарихы бар. Бірі Тараздағы туған жерінде түсірілсе, біразы шет елге шыққан сапарларында түсірілген. Мәселен, «Еуропа» фотосында Роттердам қаласындағы тамырын тереңге жайған кәрі ағаштың құлашын кең жайған бұтақтары алтын құрсақты ананың балаларын алақанына салып аялап отырғанындай сәтті елестетесің. «Есек» деген атпен қойылған суреттен құбылып тұрған ауа райымен көңіл-күйі мәз емес боп тұрған өсіп келе жатқан қодықты көреміз. Мені де аясаңдаршы, ей адамзат деп жалынышты үн қатқандай болады жануар. «Ананың құшағында» кішкене баласын құшағына алып қамсыз ұйықтап жатқан ана мен ұйқысынан оянып ап, анасының тыныштығын бұзғысы келмей жатқан кішкене мысықтың бақытты сәтін көреміз. Ал «Жексенбіден» Өнер академиясының жексенбілік  мамыражай тыныштығы көрініс тапқан. «Әкемнің мұрасы» Жер Анадан нәр алып күн көріп келе жатқан адамзат қауымының басты құрал-сайманы күрек, айыр, кетпен, тырмақ. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді іске асыратындығын әкесінен қалған мұра ретінде осындай заттарды қабылдауынан байқаймыз.

«Пленкамен жақсы шығады, бірақ бүгінгі таңда сапасы жоғары фотоаппараттар да шыға бастады және олар пленканың орнын басты». Ал суретке түсірерде мазмұнына мән бересіз бе, әлде сапасы қызықтырады ма деген студенттер сауалына режиссер «бірінші әдемілігі қызықтырады», - деп ағынан жарылды. Десек те, әр суреттен көрермен өзіне қажет әдемі әсер мен философиялық ой түйері сөзсіз.

АЙЖАН РАХМЕТОВА

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер

академиясының «Кинотеледраматургия»

мамандығының IV курс студенті

Оцените пост

8