Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов42 подписчика
Всяко-разно
0
06:34, 10 ноября 2012

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҚАЙДА КЕТІП БАРАСЫҢ?!

Blog post image

«Қазақ қызы!» Қандай қастерлі сөз! Ежелден ер азаматпен қатар түзде жауға қарсы найза ұстаған, үйде ошақтың берекесі, алыптардың анасы атанған Қазақтың қызы. Он мың әскерімен парсының патшасына қарсы тұрған Тұмар, даналығымен белгілі Айша бибі, Жиреншеге серік болған Қарашаш, жары дүние салғанда ошағын сөндірмей тағын ұстап, хандық құрған Айғаным ханым, жер мен су жарлыға берілсін деп ұрандаған Шолпан, Алма, фашистке қарсы қан майданда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк, еңбек майданында алға озған Кәмшат, Желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззат, егемендіктің туын көтерген сәтте барша жұрттың анасындай болып жүрген Сара апайымыз тізімін бастаған қазақ қыздары қашанда өз қадірімен ерекшеленді. Тарихтан  ойып тұрып орын алды.

Ал, «бүгінгі қазақ қызы ертеңге қалай барады? Барғанда не алып барады?» деген заңды сауалдар айналаға қараған сәтте өзінен-өзі туындайды. Айман-Шолпан, Қыз Жібек пен Баян сұлудай қазақтың бұрымды, сұлу келбетті қыздарын қазіргі кезде шынымен де жырдан ғана оқитын болдық па?!. Бүгінгінің Баяны, ару Айманы, атына сай есілген Жібегі қайда жүр?! Оларды  көшеден де, киелі сахнадан да, теледидардан да көру арман болып кетті-ау.

Есімде қалыпты, әкем мен анам апаларымызды күн ұясына батқан сәтте аулаға да шығармайтын. Қыдыру түгілі, құдықтың маңына да жолатпайтын. Қырық үйден тыйым салып, бойжетіп отырған қызды ауыл болып тәрбиелеу - тек біздің қазаққа ғана тән тәрбие. Әрлі-берлі жүрген жүрісіне де мән беріп, тіпті шолпысының сыңғырына дейін ауылдың бақылауында болатын. Жүрісі ерсілеу, шолпысының сыңғыры қоңырауға айналған қызды «Қоңыраулы қыз» деп атап, ата-анасына ескерту жасап отырған. Басына үкілі бөрік киіп, қос бұрымын күміспен әшекейлеген  салтанатымен Алтай мен Атыраудың арасына сән беріп ғасырдан ғасырға айнымас қалпында жеткен қазақтың қызы әп сәтте басқа арнаға неге бұрылып кетті?! Бәрі емес, бірен- сараңы ғана ғой деп елемеуге болмас. Бір қыз бір ауылдың анасына айналатынын ұмытпайықшы. Елдің анасына айналады деп үміт артқан қыздар, елді жерге қаратып жүрген жайы бар. Қыздарға кеңес беріп жүрген Жамал апамыздың өзі жауыр болғандай. Жамал апамыз жалыққан бұл тақырыпты қозғауыма мына жағдай еріксіз себеп болды.

Алматыдан Астанаға алғаш келген бетім. Вокзалдан қалаға шыққан бетте қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітова атындағы өнер ордасына бірден көзім түсті. Қара шаңырақты екі жағынан Ілияс пен Біржан салдың атындағы екі көше орап жатыр. Даңқты Жеңіс атындағы даңғыл бұл көшелерді келесілерімен жалғастырып жатыр. Жан-жағыма қарап, Астана осындай болады екен ғой деген ойымды жасы елудің шамасындағы қазақ әйелінің даусы бөлді: «Қыздар, қыздар бар, арзан. Жігітім, группа поддержки керек емес пе?» деп суырылып ала жөнелді. Әуелде түсінбей: «Қандай группа?» деген оймен бетіне бажырайып қарап қалдым. Апайым жымиып менің жауабымды тосып тұр екен. Бетіне ұзақ қарап алып, өз бетіммен жүріп кеттім. Басты шаһарға кіріп келгенде алғаш ұсынатын «тауары» қазақ қызының абыройы болған Астанаға көңілім суып сала берді. Қайтарымда сол жолда: «Жігіттер, қыз бар. Арзандауы да бар» деп жариялап тұрған қазақ жігітін көргенде намыстан жарылып кеттім. Ел орданың паспорты вокзалдан басталады емес пе?! Паспортының суреті мына көрініс болса, қалғанының күйсегенін де көргім келмеді. Бизнестері дамып, клиенттері күннен күнге көбейіп, өздерінің арасында бәсекелестік пайда болған секілді. Жазда келгенімде аздау еді, күзде көбейіпті. Анадай жерден «тірі тауарлар да» көрінді. Әдетте іздейтін бұрым шашты бұл жолы іздемедім. Көк түтінге тұншығып, бір жапырақ көйлектерімен алданыш күлкіні мәнсап қылған қара көз қыздарды көргенімде, өсіп келе жатқан қарындастарымыздың өмірлерінің жалғасы өте қорқынышты екенін түсіндім. Түр дейтін түрлері де қалмапты. Шамасы шайтанға ұқсап барады. Бұдан әрісін тамашалауға уақытым да болмады. Шынымды айтсам,Алматыдағы Сайн көшесінің көрінісі әнші Күләш атындағы театрдың маңында қайталанғанына ішім удай ашыды.

Интернет желісінде отырып, қазақ қызына тапсырыс қабылдайтын сайттардың бар екенін естіп, қарап тауып  көрдім. Қазақтың оюымен әшекейленген мына сайтта қаракөздеріміз толып жүр.  Батысқа еліктеп жалаңаштанған қазақтың тепсе темір үзер азаматтары мен болашақ жар, біреуміздің әкпеміз, біреуміздің қарындастарымыздың осы сайтта шағын өнер көрсететіндері тіпті қынжылтады. Өзіміздің қандастарымыздың бір- бірлерін төсекте қолдап, жыныстық қатынас, зина жасап жатқандарын «Казашки.ру» атты шулы сайттан қарап шошитын болдық. Бұның бәріне айналып кеп адамның ар-ұяттан арылып бара жатқандықтарын мойындайсың.

Осының бәріне кім кінәлі деген сұраққа жауап іздеп сан саққа жүгіресің. Біздің болашақ жар, болашақ аналарымыздың тәндерін сатып жүргендері  құмар арттырушылық дегенге аузым бармас. Оңай жолмен ақша табуды көздеген деуге де келіспеймін. Келіскен ақшаға сағатына тыным таппай қызметін атқаратын қыздарымыздың кері қайтып айналып келулеріне ешкім де ешқашан кепілдік берген емес. Бұның бәрі шынайы дүние. Қаншама жанарлары тұнып тұрған, отау құрса киелі бесіктің басын тербетіп, ақ жаулықты тағып отыратын қара көз қыздарымыздың осындай жолда сұрауы жоқ төсеніш болып жүргендері жанарыңа қара судан басқа ештеңені толтырмайды. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деген ән жолдары кейіпкерлерінің мына өмірі ешкімді бейжай қалдырмасы анық. «Қайтшы , қарындас, үйіңе, сен бір қолыңмен бесікті, бір қолыңмен әлемді тербететін құдіреттің иесісің ғой! Қасиетіңнен айырылма, саған ер азаматқа ақылшы, сәбиінің анасы, елдің берекесі болу ғана жарасады!» деп ақылға шақырғым келеді.

   
0
4644
0