Үш жолдама алды

«Айқын» 2012 M11 8
339
0
0
0

  09.11.12.Биылғы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өзгелерден бұрын жолдама алған үш команда белгілі болды. Олар - Испанияның «Малага», Португалияның «Порту» және Англияның «Манчестер Юнайтед»...

 
09.11.12.

Биылғы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өзгелерден бұрын жолдама алған үш команда белгілі болды. Олар - Испанияның «Малага», Португалияның «Порту» және Англияның «Манчестер Юнайтед» ұжымдары. Дәл осы клубтардың қатарын Испанияның «Барселонасы» да толтырады деген болжамның күлі көкке ұшты. Шотландияның «Селтик» командасы өз алаңында азуы алты қарыс «Барсаны» 2:1 есебімен ұтып, тосын оқиға тіркеді.

Кездесудегі алғашқы голды «Селтик­тің» қатарын өткен жылы толтырған ке­ния­лық шабуылшы Виктор Маньяма соқты. Бұл кезде ойынның 21- минуты өтіп жатқан. Лионель Месси бастаған «Барселона» таразы басын теңестіру үшін неше түрлі айлаға барды. Бірақ алаң иелерінің қорғаныс шебі сыр бермеді. Есесіне кездесудің 83-минутында Глаз­годағы стадион дүр сілкінді. Өйткені Шотландия футболының жарқын бо­лашағы саналатын 18 жастағы Энтони Уотт испандықтар қақпасына екінші гол­ды тоғытқан еді. ойынның соңына таман Лионель Месси тамаша мәнерде гол ен­гізіп, есеп айырмасын қысқартқанымен, жеңіс алаң иелеріне бұйырды. Енді Тито Виланова жаттықтыратын «Бар­селона» жолдама мәселесін келесі турда шешуге тырысатын болады.
Бұдан бір күн бұрын Испанияның «Малага» командасы Италияда жергілікті «Миланмен» тең түсіп, ұпай санын 10- ға жеткізген еді. Соның арқасында плей-офф кезеңіне қатысуға мүмкіндік алды.
Сырт алаңдағы тең нәтиже Португа­лияның «Порту» клубының да келесі ке­зеңге өтуіне жағдай жасады. Португалдар Киевте «Динамомен» 0:0 есебімен тең тарасқан болатын.
«А» тобында «Портудан» кейін жолда­маға жақын тұрған Францияның «ПСЖ» клубы. Оның еншісінде 9 ұпай бар. 3-орын­дағы Украинаның «Динамосы» әзірге 4 ұпайды қанағат тұтуда. Мұндағы аутсайдер Загребтің «Динамосына» ұпай бұйырмай тұр.
«В» тобында теоретикалық тұрғыда барлық төрт команданың да келесі кезең­ге өтер мүмкіндіктері сақтаулы. Бұл топта 4 кездесуде 8 ұпай олжалаған Германия­ның «Шальке» клубы топ бастап келеді. Одан кейінгі сатыда 7 ұпайы бар Англия­ның «Арсеналы» тұр. 6 ұпайға қол жеткізген Грекияның «Олимпиакосы» мен жалқы ұпай иемденген француздың «Монпельесі» сәйкесінше 3 және 4-орындарға жай­ғасты.
«С» тобында «малаганың» ізін қуғысы келетін Ита­лияның «Миланы» - 5, Бель­гияның «Андерлехті» - 4, Ресейдің «Зениті» - 3 ұпайдан еншіледі.
«D» тобындағы жағдай да осыған ұқ­сас. Бұндағы төрттіктің арасында әзірге 8 ұпайы бар Германияның «Боруссиясы» алда тұр. Одан бір саты төменде Испа­нияның «Реал» командасы келеді. Король­дік клуб басты қарсыласынан бір ғана ұпай кем жинады. 3- орындағы Голландияның «Аякс» клубы 4 кездесуде 4 ұпай жинаса, ағылшынның «Манчестер Сити» коман­дасы 2 ұпайға қол жеткізді.
«Е» тобында Англияның «Челси» клубы мен Украи­наның «Шахтеры» үзеңгі қағыстырып келеді. Бұл екі ұжымның әрқайсысында 7 ұпайдан бар. Италияның «Ювентус» клубы да плей-офф кезеңінен дәмелі. Оның еншісінде 6 ұпай бар. Ал бұл топтағы Данияның «Нор­шеланн» коман­дасының келесі кезеңге шығуы екіталай болар.
«F» тобында Испанияның «Вален­сиясы» мен Германияның «Бавариясы» иық тірестіріп тұр. Төрт кездесуде бір-бір реттен ұтылып үлгерген қос команда 9 ұпайдан олжалады. Екі мықтыға бәсекелес Белорус­сияның «БАТЭ» командасы да оңайлықпен беріле қоймас. Бұл ұжымның еншісінде 6 ұпай бар. Ал фран­цуздың «Лилль» клубы төрт турдан бері ұпай ала алмай келеді.
«G» тобында 9 ұпаймен «Барселона» топ бастап тұр­са, одан кейінгі сатыға «Селтик» (7 ұпайы бар) жай­ғасты. Португа­лияның «Бенфикасы» мен Ресейдің «Зе­нит» клубтары сәйкесінше, 4 және 3 ұпай­дан иеленді.
«Н» тобының серкесі «Манчестер Юнайтед» 4 кездесуде де жеңіске жетіп, жолдама мәселесін шешіп алды. Ал осы топтағы 2-орын үшін талас өте қызу жүрмек. Қазіргі уақытта қалған үш ұжым­ның да ұпай сандары деңгейлес. Мәселен, Румы­нияның «ЧФР» және Түркияның «Галатасарай» клубтары 4 ұпайдан ол­жаласа, Португалияның «Брагасы» 3 ұпай­ға ие.

Шалқар ЕСТЕН


 

Оцените пост

0