Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:55, 08 ноября 2012

ҰЛТ ӨНЕРІ

 
09.11.12.
Сан әуеннің сырын ұққан шебер

Blog post image
Қолөнер шебері Төреғали Балманов домбыра жасаумен машықтанады. Шебердің қолынан тек домбыра емес, қазақ даласын әнге бөлейтін алуан түрлі аспаптар да шығады. Олардың қатарында жетіген, дауылпаз, даңғыра, қобыз сынды 10-15 шақты аспап түрі бар. Сан әуеннің сырын ұққан шеберді фотограф болған деп, әсте ойламайсыз.

Батыс Қазақстан топырағында дүниеге келген ол, қолөнерге келмес бұрын талай асуды артта қалдырыпты. Бірнеше мамандыққа да қызыққан. Нәтижесінде, қолөнерді таңдаған. «Мен алғашқыда фотоөнерге қатты қызықтым. Бала кездегі арманым - мықты фотограф болу еді. Өзімнің фотоаппаратым да болған. Бірақ барлығы өзің ойлағандай бола бермейді ғой. Өсе келе, арманың мен мақсатың басқа арнаға жетелеп кете береді. Міне, осылайша тағдыр айдап, шеберлікті таңдадым. Бұл - қолөнерге амалсыздықтан, шарасыздықтан келдім деген әңгіме емес. Жалпы, жас кезімнен ағашқа жақын болдым. Ағаштан түрлі бұйымдар, мүсіндер жасау - менің сол кездегі ермегім еді. Сондай-ақ арғы аталарым да бұл салаға келгенде, қара жаяу болмаған көрінеді. Яғни қанымда бар. Сол үшін де қолөнерді өзіме жат өнер деп санамаймын» дейді шебердің өзі.
Төреғали ағаның бір кездері суретшілікке де көңілі ауған екен. Бейнелеу өнеріне қызыққан ол, мектепті бітірген соң, Алматыға келіп, көркемөнер училищесіне тапсырады. Өкінішке қарай, жолы болмайды. Көркемөнердің есіктері тарс жабылғанымен, бұл сәтсіздіктерге еш мойымайды. Есесіне, қолөнерге апарар сара жолы айшықтала түседі. Осылайша ұсталыққа ден қояды. «Бұл жайттар менің қазіргі сүйікті ісіммен шұғылдануыма себеп болды. Бұрын армандаған мамандықтардан гөрі, осы қолөнердің рөлі басымырақ болды. Суретші болмай, қолөнерші болдым. Қолыма қылқалам емес, ағаш ұстадым. Қазір осы салада жүргеніме еш өкінбеймін. Қарасаңыз, аты аталған екі мамандық та шығармашылықты талап етеді. Екеуі қосылып, менің шығармашылығымның шыңдала түсуіне сеп болды» дейді шебер.
Талаппен келген еңбекті ұнататын шебер «пейілің түзу болса, еңбегің де жемісті болады» деген ойда. Қазақтың талай домбырасын жасаған ол: «Алғаш қолөнер жұмыстарына кіріскенде, барлығын бірден керемет жасап кеттім деп айта алмаймын. Білмегенімді сұрап, қателескен тұсымды түзеп жүріп үйрендім. Мені бұл өнерге үйреткен Мейірбек Ділманов десем, артық айтпағаным. Ол - ағаштың бабын табатын мықты шебердің бірі. Сол маған домбыраға ағаш таңдауды, оны кептіру мен қыру-жону тәсілдерін түгел үйретті. Қазір шүкір, қолдан келген аспаптардың түр-түрін жасап жүрмін. Бір оркестр ұжымынан тапсырыс түсіп, оның аспаптарын жақында ғана жасап бітірдім» дейді. Осыншама көп аспаптың өзіне тән дауысын шығару шеберліктің қыр-сырын терең ұққан ұста үшін аса қиындық тудыра қоймаса керек. «Домбыраның өзі әртүрлі болады. Тұрпаты бір домбыраның өзін «ән домбырасы», «күй домбырасы» деп бөледі қазақ. Абайдың домбырасы, Жамбылдың домбырасы, Динаның домбырасы деп бөлінетіні тағы бар. Міне, осындай домбыралардың түр-түрін жасайтын шеберлер әр домбыраға өзіндік үн береді. Сол себепті де олар үшін, пішіні бөлек алуан түрлі аспаптарды жасау еш қиындық тудыра қоймас деп ойлаймын. Ал менің бұл салада жүргеніме 20 жылдай болыпты. Сол аралықта қай аспаптың үні қандай болатынын ажыратуды үйренген секілдіміз» дейді ұста.
Талай жылдар талмай еңбектенген тәжірибелі қолөнершінің жұмысы қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие. Жеке әншілер, күйшілер, білдей бір оркестр ұжымдары мен музыкалық мектептерден тапсырыс жиі түсіп тұратын көрінеді. Туындыларына қызыққан жұрттың еліміздің шалғай аудандарынан арнайы ат шаптырып келіп, алып кететіні де бар.
Қолөнерші 2008 жылы «Үкілі домбыра» байқауына қатысып, лауреат атаныпты. Бірақ бір қызығы, оған дейін ешбір бәйгеде бағын сынап көрмеген екен. «Алғашқыда мен шеберлердің еңбегі ескерілмейді деген ойда болдым. Сондықтан болар, ешбір байқауға қатысып көрмеппін. «Үкілі домбырадан» кейін бұл ойым түбегейлі өзгерді. Ұсталар мен қолөнер шеберлерінің еңбегі ескерілетін осындай жобалардың болғаны дұрыс. Бір байқағаным, мұндай бәйгелерге өз ісін сүйетін, өнерге шын берілген адамдар қатысады. Олардың жүлде үшін емес, өзін шыңдау үшін, өзгелермен тәжірибе алмасу үшін қатысатыны анық. Енді мұндай додалардан қалмауға тырысамын» дейді қолөнер шебері.

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ


 
0
737
0