Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:58, 07 ноября 2012

Су астындағы құбыжықтар

 
08.11.12.
Blog post image
Адамзат айдағыны зерттеп, талай ғылыми жаңалықтарға қол жеткізді. Алайда ол өзі мекен ететін Жердің құпиясын әлі де толық аша алған жоқ. Қарапайым жер әлемнің үштен бір бөлігін құрайтын қарапайым құрлықтардың өзінің ішіне бүккен сыры көп. Оның зерттелмеген таулары, құзар шыңдары, мұздықтары, тас үңгірлері, терең жыралары да жетерлік.

Ал жер шарының қалған екі бөлігін алып жатқан судың қойнына тыққан сыры біз ойлағаннан да көп болуы мүмкін. Аңыздардан судан шыққан алып құбыжықтар жайлы, кемелерді құрдымға кетіретін жойқын күшті су жануарлары жайлы көп естіген боларсыз. Мұхиттардың түбін жайлаған тіршілік иелерін толық зерттеп болмаған ғалымдар әлі күнге сол саланың соңында жүр. «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» деген нақылға сүйенген олар, адам білмейтін керемет жаңалыққа қол жеткізуге талаптанып-ақ жатыр.

Лох-несс құбыжығы

Ғалымдар теңіздерден ескі дәуір­де өмір сүрген мәдениет жұрнақтарын, апатқа ұшыраған кемелердің қалдықтарын және адам­зат естіп білмеген жаңа тір­шілік иелерін іздестіреді. Олардың бұл ізденістері жеміссіз болды де­сек, өтірік болады. Кейбір ғалым­дар мұхит түбінен көне өркениет іздерін, су асты пирамидаларын тапқан. Десек те, олардың мүм­кін­діктері шектеулі. Зерттеушілер әлі күнге Бермуд үштағанының сыры мен Атлантиданың орнын таба алмай дал. Олар сонымен бір­ге ескі аңыздарда жиі аты ата­латын су құбыжықтарының бар-жоғын да анықтай алмай отыр. Мысалы, Лох-несс құбыжығы жайлы аңыздар көп айтылады.
Шотландияның шағын көлі Лох-несстен бірінші болып құ­бы­жықты көрген Рим легионерлері болса керек. Ал көлді мекен ететін құбыжық жайлы жазбалар сонау VI ғасырда-ақ пайда болып қойса керек. Судан ойда жоқта шығатын бұл құбыжық талай адамдардың жанын жалмап, біраз қайықтарды жұтқан-мыс. Аңыздың кең тарала бастағаны соншалық, ол жайлы ақпарат 1933 жылдары газеттерге де шыға бастайды. Содан бастап оның атағы жер-жаһанға жайы­лып, көпке танымал құбыжыққа жұрт «Несси» есімін береді. Сол жылдары айналдырған бір айдың ішінде Несси су бетіне 15 мәрте шығып, көпшілік көзіне түседі. Осыдан соң көл маңын жайлаған жұрт су түбінде сондай құбыжық­тың бар екеніне еріксіз сенеді. Таң­ғажайыпты көрген адамдар­дың айтуында құбыжықтың басы кішкентай, мойны ұзын, денесінің пішіні ірілеу. Яғни, барлығының айтқан әңгімесінің арасы алшақ емес. Мұны көпшілік жануардың шын мәнінде көл түбін мекен ететінін дәлелдейтін таптырмас дерек деп түсінеді. Бұл оқиға халықты біраз әбігерге салған соң, жергілікті билік құбыжықты ұстауға күш жұмылдырмақ бо­лады. Алайда ғалымдар еш дерек­сіз аңыз әңгімелерге бола шу шы­ғарудың қажеттілігі шамалы екенін айтып, бұл шараларды тоқ­татқан екен. Ал 1943 жылы бір ұшқыш көл үстінен ұшып бара жатып, айдыннан алып жыланның сұлбасын көріп суретке түсіріп алады. Аңыздың ақиқатына сен­діретін мұндай фото-суреттер де аз емес. Құбыжықтың бар-жоғын білгісі келген мамандар көлде дыбыстық зерттеу жұмыс­тарын да жүргізген. Олар көл түбінде оңай көтеріліп, ептілікпен жүзетін ауыр денелердің бар екенін анық­таған. Бірақ ғалымдар оның не нәрсе екенін біле алмаса керек. Бұл құбылысты зерттеп жүрген зерт­теушілер бүгінгі күні екі жаққа бөлінген. Бірі мұны түкке тұрмайтын жасандылық деп тү­сін­дірсе, екіншілері құбыжықтың бар екенін дәлелдейтін дәйектер келтіріп әлек. Вирджиния универ­ситетінің профессоры Хенри Бауэр «бұл - ежелгі плезиозавр­лардың тірі қалған бір түрі болуы мүмкін» деген болжам айтқан. Сан түрлі болжамдар айтылып, түрлі суреттер дәлел ретінде келтіріліп жатқанымен ғылыми нақты деректердің жоқтығы осы саланы зерттеушілердің ақиқатқа жетуіне кедергі болып отыр. Осын­дай адам сенгісіз әңгіме­лерімен көпшіліктің қызығу­шы­лығын тудырған құбыжықтың көлін көруге алыс-жақын шетел­ден арнайы келетіндер саны арта түскен. Қазіргі таңда құбыжығы­мен аты шыққан Лох-несс көлі туристер жиі баратын мекенге айналған. Тіпті ол елде Несси құбы­жығының мүсіні де бар.
Дәл осылайша таңғажайып аңыздармен аты шыққан көл - Бросно. Бұл көлде төменгі Нов­город­ты бетке алған татар-моңғол әскерінің күл-талқанын шығарған алып құбыжық мекен еткен-мыс. Бұл жердің адамдары да кезінде айдын бетінен аузынан от шашқан айдаһарды көрген. Алайда бұл оқиғаларға айдаһардың еш қа­тысы жоқ екен. Мәселенің мән-жайы кейін белгілі болды. Атал­мыш көл түбінде қысымы өте жо­ғары газдар жинақталатын көрі­неді. Газ су түбіндегі тербе­ліс­тер кезінде алапат күшпен көкке атылады. Міне, балықшылардың із-түссіз жоғалуына, шағын қайық­­тардың су түбіне кетуіне осы жайттар себепші болған. Ал егер сол уақытта балықшылар темекі тартып отырған болса, айдын беті бір сәт қызыл отқа оранады. Көл айдаһары жайлы аңыз осыдан шықса керек.
Норвегияның Ремшен көлі де құбыжығы көп айдынның бірі. Бұл көлден де бірталай куәгерлер ұзын­дығы 15 метрге жететін жы­лан­дарды, алып айдаһарларды көрген. Ремшенді зерттеген мамандардың құрылғылары да су түбінен шыққан беймәлім дыбыс­ты жазып алған. Алайда құрыл­ғы­дағы бұл дыбыстар ғалымдардың нақты шешім қабылдауы үшін жеткіліксіз болып отыр. Таңға­жайыптан үмітін үзбеген мамандар сол маңдағы Сендберг, Сельорд, Ремшен сынды көлдерге зерттеу жұмыстарын әлі күнге жүргізіп келеді.


Мариан шұңғымасы

Көлдер мен теңіздерге қатыс­ты осы сипаттағы аңыздар көптеп кездеседі. Ғалымдар бұл аңыз­дардың түп-төркінін іздестіріп, олардың көпшілігіне ғылыми дәйек келтіріп үлгерген. Сонау 1700-1800 жылдар аралығында мұхитта себепсізден себепсіз жоғалып отырған кемелердің күйреуінің сыры ашылды. Жаңа аралдар мен құрлықтарды ашқан сол заманның талай саяхатшылар көз ұшында тұрған жерге жете бергенде қирап, су түбіне кететін болған. Мысалы, Ваникоро ара­лына жақындай бергенде сая­хат­шы Ла Перуздың кемесі сонымен бірге бірнеше француз кемелері су түбіне кеткенін Жюль Верннің кітаптарынан оқығаныңыз есіңіз­де болар. Міне, сол кемелердің аяқ астынан суға кетуіне табиғи қор­ғандар - яғни тосқауыл риф­тер себеп болғандығы анықталған. Ал ол уақытқа дейін оқиғаға мұ­хит құбыжықтары себеп болды деп келген болатын.
Мұхиттардың құпиясын ізде­ген мамандар күн сайын жаңа жетістіктерге қол жеткізуде. Олар­дың заманауи зерттеу құралдарына ірілі-ұсақты түрлі жануарлардың сұлбасы түсіп жатады. Олардың ешкімге түсініксіз суреттерін көр­ген адам ежелгі аңыздардың шындығына бір мысқал сенгендей болады. Сондай-ақ кейде теңіз жағалауына адам естіп білмеген, өмірінде көрмеген жануарлардың қаңқасы мен денесінің шығып қалатыны да өтірік емес. Осындай ерекшеліктерді ескерген зерттеу­шілер суда әлі де толық зерттеліп болмаған тіршлік иелері бар деген ойда. Мысалы, жердің ең терең нүктесі саналатын Мариан шұң­ғымасы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Бұл шұңғыманың түбіне 2012 жылға дейін ешбір елдің ғалымдары жетіп көрмеген болатын. Ал 2012 жылы оның түбіне режиссер Джеймс Кэмерон «Челенджер» атты бір орындық су асты кемесінің арқасында жеткен болатын. «Титаник» фильмінің режиссері бұл сапарында талай ғасырлар бойы ғалымдарымыз қол жеткізе алмай жүрген дерек­терге қаныққан. Өзімен бірге ала кеткен 3D форматындағы камера­сына ол тұрпаты адамзатқа беймә­лім су жануарларын түсіріп үлге­ріп­ті. Бұл ғалымдардың «су терең­дігі 6000 метрден асқан соң, қы­сымы жоғары, температурасы 0 градусқа дейін жететін ортада еш­бір тіршілік иесі өмір сүре ал­майды» деген тұжырымын жоққа шығарды.
Ал оған дейінгі зерттеушілер­дің құрылғылары беймәлім жа­нуар­лардың сұлбасын түсіріп, су түбі­нен әртүрлі дыбыстарды жазған. Америка ғалымдары бір жылдары шұңқырға «Кірпі» аталатын құ­рылғысын түсіріп, оның камера­сына түскен бірнеше басты ай­даһарға ұқсайтын жа­нуар­ды бай­қап қалған. Құрылғыны су бетіне қайта шығарғанда ма­мандар зерт­теу аппаратының себепсізден се­бепсіз майысқанын және оны ке­мемен байланыс­ты­рып тұрған тростың мүжілгенін байқаған. Шұң­ғыманың «иелері» дәл осы­лайша неміс ғалымда­ры­ның да үрейін алыпты. Германия зертеу­шілері «Хайфиш» зерттеу құ­рылғысын 7 шықырым терең­дік­ке дейін түсірген. Алайда сол дең­гейге жеткенде не төмен түс­пей, не жоғары көтерілмей қойған «Хай­фиш» мамандарды біраз әбігерге салған. Неміс ғалымдары да сол аралықта өздерінің құрыл­ғысына ұмтылған алып жануардың сұлбасын камерадан анық көрген. Міне, осындай таңғажайыптары көп шұңғыма тереңдігінің ар­қасында адамзаттың қызығушы­лығын тудыратын, әлі сыры ашы­лып болмаған ең құпиялы нүкте болып қала бермек. Мүмкін онда расында да, неше түрлі айдаһарлар мен құбыжықтар бар шығар...

Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ


 
0
2122
0