Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
21:55, 01 ноября 2012

Зауытты «тірілту» керек

 

02.11.12.
«Қазақстанда ТМД көлеміндегі тұңғыш және жалғыз биоэтанол зауыты пайдалануға берілді» деген хабарды естігенде сауатты жұрттан қуанбағаны аз шығар. Өйткені бұл кешен сөздің тура мағынасында посткеңестік аумақта бұрын-соңды болмаған өнім өндірмек. Инновация деген осы емес пе?! Бірақ осы қуаныш ұзаққа созылмады. Биоэтанол зауыты өнімін экспорттамай жатып тоқтады. Себебі мұндай өртену қаупі мол тауарды өз аумағынан өткізуге Ресей федерациясы келісімін бермеген екен. Ал тұтынушы жақ - Еуропаның дамыған елдері екені белгілі.

Таяуда осы биоэтанол зауыты тө­ңірегінде тағы бір хабар естідік. Оның иесі, бәлкім, алған несиесін қайтара алмағандықтан шығар «жасырынуға» көшкен көрінеді. Еліміздің тиісті қыз­меттері оның үстінен қылмыстық іс қозғап, іздеу салғандай. Осы екі ақиқат­ты салыстыра келгенде келесі бір ақи­қатқа тап болдық. Біріншіден, біздің бұған дейін талай рет «Айқын» газетінде жазғанымыздай, Қазақстанда рынок­ты маркетингтік зерттеу дұрыс жолға қо­йылмаған. Жалпы алғанда, кеңестік дә­уірдің жоспарлау комитетін жойдық та, оның орнына жаңа қоғам талабына сай жұмыс істейтін құрылым жасақтай алмадық. Ал дамыған шетелдерде өн­дірісті жоспарламас бұрын оның өнімін сатып алатын базар мүмкіндігін жан-жақты сараптан өткізеді. Биоэтанол за­уыты жағдайында біздің жаңа өнімді Еуропа сатып алатынын білгенмен оған сол тауарымызды жеткізетін жолдың өткізгіштік қабілеті назардан тыс қалған. Бұл, әрине, қылмыстық әрекет емес, жұмыс барысындағы үлкен қателік. Қазақстан 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын қарқынды жүргізіп жатқан шақта осынау қателігіміз үнемі есте болуы керек секілді. Бұл - бір. Екіншіден, қалай десек те, биоэтанол бүгіннің ғана емес, ертеңнің де сұра­ны­сына ие болатын тауар. Сондықтан оның иесін қудалағаннан гөрі қажет болып жатса тағы да инвестиция құйып, зауыт жұмысын жандандырып, несиені толы­ғымен қайтаратындай өндіріс орнына айналдыру керек. Міне, осы соңғы ой кө­кейге тірелген соң «Мұндай игілікке қалай қол жеткізуге болады?» деген сұ­рақ төңірегінде ізденістер жүргіздік. Сон­дағы тоқтамымыз былайша өрнек­телді:
1) Қазақстанда бензиннің орнына газ­ды пайдаланатын машиналар уақыт озған сайын көбейіп келеді. Өйткені жекеменшік иелері газдың бензиннен 30 пайызға арзан екенін түсінді. Жалпы алғанда, осы үрдісті мемлекет қолдауы, бәлкім, заңдастыруы қажет секілді. Біз дүниежүзі бойынша энергияны аса мол пайдаланатын елдер қатарына жататы­нымыз ақиқат. Осыны ескерткен Елба­сымыз энергияны үнемдеу саясатын ұстанатынын, жасыл энергия баста­масына қосылатынын мәлімдеген бо­латын. Демек, отандық көліктердің барлығын ең кемі жаздың алты айында бензиннің орнына газбен жұмыс іс­тей­тіндей жағдайға көшіруді заңдасты­ру қажет. Егер осылай істей алсақ, энер­гия өндірісіндегі шығынымыз сезінерлік­тей мөлшерде азаяды. Және осы жолмен ең әуелі өз биоэтанолымызды өзіміз пай­даланатын жол ашамыз. Ескерте кете­йік, бір зауыттың бір жылғы өнімін пайдалану Қазақстан жағдайында онша қиындық тудырмайтын іс. Әрі осылайша қоршаған ортаның ластану деңгейін азайтатын боламыз. Үлкен ұтыс емес пе?!
2) Бізде соңғы кездері «кемшілікті» «күнә» деп шатыстыру белең алып бара жатқандай. Әрине, биоэтанол зауытын салушы кәсіпкер бұл іске қажет деп ал­ған ақшаны «жеп» кетсе, онда ол күнә болар еді. Қылмысты іс сонда қозғалса оны қате дейтін жан болмас. Ал егер зауыт салынып, ол өнімін шығаруға да­йын болып, бірақ дайын өнімді тиісті ба­зарға жеткізу жолында кедергіге тап болып, соның салдарынан несиені қай­тару мүмкіндігі шектеліп қалса, бұл күнә емес, кінә. Кінә кешіріммен қарай­тын айып. Олай болса, Қазақстан бір кә­сіп­керді соттағаннан пайда таппайды. Біздің пайымдауымызша, тіпті оның бүкіл дүние мүлкін тәркілесе де зауыт салуға кеткен шығынды қайтара ал­майды. Демек, кінәліні түрмеге қама­ғаннан гөрі оның қателігін жөндеуіне жағдай туғызған әлдеқайда пайдалы секілді. Әрі-берідесін қылмысты топтың өзінде борышкерді «өлтіру» пайдалы емес деп саналатынын білеміз ғой. Ен­деше, бой тасалап жүрген зауыт иесін тауып алсақ, оны қамаудың орнына жұмысын жалғастыруға пайдалансақ біз заң алдында да, құдай алдында да дұрыс шешім қабылдаған боламыз.
Қорыта айтқанда, ерте ме, кеш пе Қазақстан бәрібір биоэтанол пайда­ланатын елге айналады. Міне, осы био­этанол пайдаланатын ел болу мерзімін қысқартсақ, үлкен ұтысқа шығамыз. Кі­нәліміз қамауда отырмайды, зауы­тымыз қаңтарылып тұрмайды, бұл ұтыс­тың бергі жағы ғана. Ал қоршаған ор­таның ластану мөлшері азаятынын ескерсек, ұтыстың үлкені сонда жатыр. Ендеше, осы мәселемен айналысып жүрген қызметтер, сондай-ақ халық қа­лаулылары бас болып биоэтанол зауы­тының жұмысын жандандыруға атса­лыссақ, ең пайдалы шешім сол болар еді.

Таңшолпан БЕКБОЛАТ

 

0
389
0