Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
01:07, 30 октября 2012

Ерлер неге ерте көз жұмады?

30.10.12.
Blog post image
«Егер ерлер уақытында емделсе, онда олардың өмір сүру ұзақтығы да артар еді» деді Президент жанындағы Әйелдер істер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова. Бірақ Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның пікірі басқа: «ел заңнамасы репродуктивтік денсаулықты қорғауда тек аналарды ғана қолдайды».

Ел азаматтарының репродуктивті ден­саулығы мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы заңнама талданған бұл жиынға ЮНФПА Атқарушы директоры, БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары, нигериялық Ба­батунде Осотимехин қатысты.
- Бұл менің Қазақстанға бірінші келуім, - де­ді Бабатунде мырза. - Осында келгелі бері мұн­да мені базбір қазақтай, яғни осы жерде бұ­рыннан тұрып келе жатқан тұрғындай жылы қа­былдады. Мен осы сапарымнан ләззат алу­дамын. Мен үшін осында болу - құрмет!
Жалпы, ЮНФПА-ның Атқарушы дирек­торы һәм БҰҰ-ның Бас хатшысының орын­басары Астанада осымен үшінші күнді қар­сы алыпты. Сапарын ары қарай Алматы бағытында жалғастырмақ ниетте. Осы үш күнде көргені-ақ байлам жасауға жететіндігін айтты: «Қазақ­стан өте танымал, әркім білетін елге айна­лып келеді, - деді ол семинарға жиналғандарға. - Қа­зақстанның көшбасшылық тұғырларды иелене беретіндігі және әлемдегі озық дамудың келесі сатысына шығатындығы анық. Біз Қа­зақ­станды өңірлік лидер ретінде қарастыратын боламыз. Сіздер халықаралық қатынастарға белсенді қатысу мүмкіндігіне ие боласыздар».
БҰҰ-ның Халық қоныстануы саласындағы қорының басшысы Халық қоныстануы және даму бойынша халықаралық конференцияның Іс-қимылдар бағдарламасында көзделген көп­теген мақсаттарға қазақ елінің ендігі қол жет­кізгендігін айтты. «Мен Қазақстанның қол жет­­кізген көрсеткішін қарап шықтым, ол тек алға ұмтылатындығын көрсетеді» деген Ба­батунде Осотимехин әйткенмен алаңдатарлық мә­селелер де барлығын нықтады. ЮНФПА Ат­қару­шы директоры-БҰҰ-ның Бас хатшы­сының орынбасары олар қатарында Қазақ­стандағы ерлер мен әйелдер санының тең еместігін, атап айтқанда, ерлердің аздығын, кең таралған бедеулікті, «ВИЧ» жұқтырған­дардың барлығын, аборт жасату коэф­фициен­тінің жоғары екендігін атады.
Мәжіліс депутаты Н.Петухованың айтуын­ша, 2012 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, Қазақстанда 19 мыңнан астам «ВИЧ жұқтырғандар» және 1560-тан астам СПИД-пен ауыратындар бар көрінеді. Бір жақсысы, тіпті атының өзінен адам жаны тітірейтін осы дертпен ауыратын әйелдерден сау бала туғызуға отандық «ақ халатты абзал жандар» әбден машықтанғанға ұқсайды. Соңғы жылдары ондай аналардан «ВИЧ жұқтырған» балалардың туылуы оқиғасының тіркелмегендігі жаһандық есепте де аталып өтіпті.
Депутат Н.Петухова да мемлекеттің реп­родуктивті денсаулықты қорғауда тек аналарға ғана жағдай туғызатынын атап өтті. Атап айтқанда, «Ана мен бала орталықтары» барлық облыстарда ашылуда. Ал соңғы кездегі үрдіс әсі­ресе, қазақстандық әкелердің «әйелдер бойына бала бітіру» қабілеттерінің нашарла­ғандығын білдіреді. Оның үстіне ерлер саны азаюда екен.
- Тұтастай алғанда, еліміз бойынша біркел­кі емес демографиялық даму байқалуда, - деді өз кезегінде Президент жанындағы Әйелдер істер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова. - Біріншіден, жеке­леген өңірлерде бала туу деңгейінің төмендігі және халықтың көшіп кетуі кесірінен тұрғын­дар саны азаюда. Екіншіден, ерлер мен әйел­дердің өмір сүру ұзақтығында үлкен айыр­ма­шылықтар бар. Бұл бойынша Қазақстан әлемде ендігі бесінші орында тұр. Үшіншіден, Қазақстанда халықтың жыныстық белгісі бойынша диспропорциясы бар.
Гүлшара Наушақызы қазақ елінде әйел­дердің ерлерді басып озу межесі 21 жастан бас­талатындығын мәлім етті, көптеген ер кін­дік­тілер осы табалдырықтан әрі аттай алмай қа­ла­­ды екен: «Ұл балалар артық туады, 21 жас­тан кейін ерлер аз болып қалады, - деді ген­дерлік комиссия төрайымы. - 21 жасқа дейін ерлер мен әйелдердің тепе-теңдігі болады, со­дан кейін апаттар, ауыр жұмыс, маскүнемдік, темекі тарту сияқтылар кесірінен ерлер саны кемиді».
Г.Әбдіхалықованың мәліметінше, соңғы 10 жылда жаңа туғандар саны 1,6 есе артқан, сөй­тіп, былтыр Қазақстанда 373 мың сәби дүние есігін ашыпты. Ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылықтар 1,3 жылға қысқарған екен.
Ал Дариға Назарбаева Қазақстанда жұмыс іс­тейтін 1 адамға 3 масылдан (иждивенец) ке­ле­тіндігін алға тартты. «Яғни тек өмір сапасы туралы ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда, экономикалық әл-ауқат, азаматтардың ауқаты ту­ралы мәселе туындап отыр» деп түйді
Мәжіліс депутаты.

Елдос СЕНБАЙ


0
322
0