Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:51, 30 октября 2012

Зүлфия Чиншанло елге оралды

 
 
30.10.12.
Blog post image
«Ауыр атлетикадан Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы 19 жасар Зүлфия Чиншанло Қытайға қайта оралып, алдағы уақытта Аспанасты елінің туы астында өнер көрсететін болыпты» деген сыбыс желдей ескені күні кеше.

Айтулы басылымдар «Чиншанло 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында Қытай құрамасы сапында күш сынасуға ниетті. Сол себепті де сол елдің аза­маттығын алу үшін құзырлы органдарға құжаттарын тапсырып қойған» деп жарыса жазды. Онымен қоймай түрлі дәлелдер мен дәйектерді алға тартуға тырысты. Бір сөзбен айтсақ, Зүлфия Чиншанло Қазақстанда қор болып жүр­ген екен. Қытайға оралып, қайта ба­қытты өмір кешуде. Міне, қызық қуып, сенсация іздеген журналистердің бар айтқаны осыған келіп саяды.
Жайсыз жаңалықты естіген бетте Ауыр атлетика федерациясының пре­зиденті Қайрат Тұрлыхановқа телефон шалдық. Ол кісі: «Бұл - бос сөз. Қы­тай­дың БАҚ өкілдері жалған ақпарат тара­тып отыр. Зүлфия ешқайда да кеткен жоқ. Иә, осыдан бірер күн бұрын ол өзінің командалық әріптесі Майя Ма­незамен бірге Аспанасты еліне аттанып, өзінің туған-туысқандарына қыдырып барғаны рас. Содан күні кеше Майя елге оралды. Ал Зүлфия Бейжің-Алматы» рейсі бойынша билетті 26 қазанға алған. Ол 27 қазан күні таң ата Қазақстанға қайтып оралады. Сол себепті уайымдауға еш негіз жоқ. Чиншанло алдағы уақытта да Қазақстанның туы астында өнер көрсететін болады», - деп кеудедегі күдікті сейілтті.
Тұрлыханов мырза және ел спор­тының тізгінін ұстаған басқа да ше­неуніктер БАҚ өкілдеріне сұхбат бе­ріп, жоғарыдағы әңгіменің барлығын жоқ­­қа шығарды. Республикалық ауыр атлет­и­ка федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсірге телефон шалға­ны­мызда ол: «Бұның бәрі қысыр әңгіме. Чиншанло Қазақстанның азаматы, сол себепті де алдағы уақытта да ол Қазақ елінің туы астында өнер көрсететін бо­лады. Оған еш күмәнданбай-ақ қойы­ңыздар. Іштері күйген қытайлар жалған ақпарат таратып, елді әбден зеріктірді. Ол оны біздің БАҚ өкілдері іліп әкетіп, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетті», - деп әңгімені қысқа қайырды.
Чиншанлоның жеке бапкерлері спортшының өзімен хабарласып, мән-жай­ды сұраған екен. Сөйтсе, Зүлфияның өзі мұндай ақпараттың қайдан шыққа­нын білмейтін көрінеді. Чемпионның өзі таң-таң. «Бұл сыбыстың қайдан шық­қаны мен үшін құпия. Не болғанын өзім де түсінбей отырмын. Бір анығы, азаматтығымды өзгерту жөнінде мен ешбір жерге арыз берген жоқпын. Бұл - шын сөзім. Қытайда жүргенде өзімнің алғашқы бапкеріме сәлем беру үшін тек жаттығу залына барған едім. Сол жерде мені журналистер суретке түсіріп алды. Әңгімені де ушықтырып жүрген солар болса керек. 27 қазанда Қазақстанға ораламын. Сол кезде барлық сауалда­рыңызға жауап беремін», - деп ол тіл қатты. Бірақ кейбір журналистер бәрбір Олимпиада чемпионының елге орала­тынына шүбә келтіріп, қысыр әңгімені өрбітуден тайынбады.
Содан 27 қазанда таң ата Алматы әуе­жайына бардық. Ауыр атлетика феде­рациясы басшыларының айтқан сөздері ақиқат екеніне сол жерде анық көз жет­кіздік. Чиншанло аман-есен елге оралды. Оны жеке бапкері Виктор Ни күтіп алды. Әуежайда олармен сұхбаттасудың реті келмеді. Чемпион қыз шаршап тұрғандығын алға тартып, сұхбат беру­ден бас тартты. Ни мырзаның да журна­листермен емін-еркін әңгімелесуге зау­қы соқпады. Бірақ ең бастысы - Зүлфия елге оралды. «Қытайда қалсам» деген ойы жоқ екенін аңғартты. Олай болса, 2016 жылы Рио-де Жанейрода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында Чиншанло Қазақстанға тағы бір алтын медальді сыйға тартуға тиіс. Оған біз кәміл сенеміз.
Негізі жоғарыдағы әңгіме осыдан берер жыл бұрын өрбіген болатын. Алайда ол кезде бұл сыбысқа ешкім ай­тарлықтай мән берген жоқ. Ал Лондон Олимпиадасы барысында осы әңгіме өрши түсті. Қытай ұлттық құрамасының бапкерлері Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаның мықтылығын мойындап, айтулы қос спортшымыз өнер көрсететін салмақ дәрежелеріне өз өрендерін қоспады. Себебі бұл тарыста бағы жан­байтындарын олар анық білді. Зүлфия мен Майя алтын тұғырға көтерілгеннен кейін қытай журналистері: «Чиншанло мен Манеза біздің елдің түлектері, олай болса оларды елге қайтаруымыз керек», - деп дабыл қақты. Осындай сипаттағы әңгімелерді көрші мемлекеттегі түрлі басылым беттерінен кезіктірдік.
Сол кезде Ауыр атлетика федерация­сының президенті Қайрат Тұрлыхановты сөзге тарттық. Ол кісі: «Иә, Чиншанло мен Манезаның Қытайдан келгенін еш­кім жоққа шығармайды. Бірақ олар майталман мамандардың назарына ілікпеген болатын. Ұлттық құрамаға қабылдануы былай тұрсын, қос ауыр атлет елішілік жарыстың өзінде жүл­дегерлер санатына ілікпеген. Ешбір жа­рыстарда оза шауып көрмеген қа­тардағы көп зілтеміршілердің бірі болды. Оның өзіндік себебі бар. Ол кезде Зүл­фия небары 14 жастағы тәжірибесі аз спортшы. Майя жарақатынан айыға алмай, үнемі тасада қалып жүрді. Тіптен келешекте оларды Олимпиада дуына қосу жайында әңгіме де болған жоқ. Ал олардың бойында дара таланттың бұғып жатқанын ең алғаш байқаған біздің бапкерлер екеніне ешкім шүбә кел­тірмейді. Содан екеуін елге алдырдық. Еш алаңсыз жаттығуына барынша жағ­дай жасалды. Көп кешікпей үкілеген үміт ақталды. Чиншанло мен Манеза халықаралық аренада жасындай жар­қырады. 2009-2012 жылдар аралығында әлем чемпионатында екі рет алтыннан алқа тағынып, Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Олар бұл атақтың барлығына Қазақстанның намысын қор­ғай жүріп, қол жеткізді. Сондықтан да Зүлфия мен Майяның біздің елдің түлектері деп еш ұялмай айта аламыз», - деп ақтарыла сөйлеген еді.
Расында да солай. Егер қытайлар керек қылса, Чиншанло мен Манезаны ешқайда жібермейтін еді ғой. «Бұлар біздің түлектеріміз» деп табандылық танытып, қасарысып отырып алса, еш­кім қолынан қақпайтын еді. Бірақ олардың өздерінің ішкі есептері болды. Жасыратыны жоқ, ол кезде Аспанасты елінде айтулы спортшылардың алдын он орайтын талант иелері жетіп артылды. Сондықтан да еш ойланбастан бізге «бо­лашағы күмәнді спортшыларын» бере салды. Қазақстандық мамандар Зүлфия мен Майяға «құда түскенде», қытайлар «Таңдағандары осылар ма? Онда жетіс­кен екенсіңдер» миығынан күлді. Уақыт оза бәрі өзгерді. Біздің ма­мандар өз көрегендіктерін танытып, бірер жылдан соң Зүлфия Чиншанло мен Майя Манезаны төрткүл дүниенің теңдессіз ауыр атлеттері санатына қосты. Ал сан соғып қалған қытайлардың баспасөз беттері арқылы байбалам салып, дабыл қағудан басқа амалдары қалған жоқ.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

0
403
0