Yvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
00:46, 30 октября 2012

Атасын неге атты?

 
 
30.10.12.
Қазақ қоғамы қатыгезде­ніп барады.
Дәл Құрбан айт­тың алдында Қазақстан арналары келеңсіз сұмдық бір оқиғаны көрсетті. Мектепте оқитын немересі атасын атып өлтірді. Қасындағы сыныптас досы пышақ салды. Кездейсоқ емес. Қасақана кісі өлтірді.
Күн сайынғы теледидардан осындай жантүршігерлік хабарлар жиі беріледі. Адам жаны ойыншық болып қалғандай. Қазір адам өлтіру шыбын өлтіргеннен де оңай болып кетті. Жойдасыз жағдайға жұртшылықтың бойы да, ойы да үйреніп, тіпті еті өліп кетті.

Мына оқиғаны да талайдың «Е, атса атқанда! Қазір кімді кім атпай жатыр?» дегендей немқұрайды қалыпта қабылдағаны рас. Бұ­рын шетелдік кинолардағы атыс-шабысты көріп отырып, мұның бәрінің біздің елге қатысы жоқтай сезінетін едік. Бүгінде сол кинодағының бәрі Қазақстанда айна-қатесіз қайталанып жатыр.
Қылмысты кәнігі қандықол қарақшы
жасаса бір жөн. Әлі кәмелетке жетпеген жас­өспірімдер қолға суық қару алып, басқа басқа, дәл өзінің туған атасын атып салудан тайынбайтын жағдайға жету - шектен шыққандықтың өзі!
«Әкесін сабағанды көріп едік, ал арба­ға байлап сабағанды бірінші рет көрдік» деген сөз бар. Сол сөзді естігенде денеміз дір ете тү­сетін. «Астапыралла» деп жағасын ұстайтын үлкендер.
«Атасын атып кетіпті» дегенде жаға тү­гілі жүрегін ұстайтын жан қалмай барады. Неге? Неге біз осыншалықты қатыгез болып барамыз?
Баяғының шалдары бір-бірімен керісіп қалса, бір-бірімен ұстасып тұрып: - «Байқа, байқа жағамды жыртып алма» дейді екен. Төбелес қай кезде де болған. Бүгінгінің бал­дары қазір төбелеспейді. Бірден суық қаруға жүгінеді. Бірін-бірі атады.
Мектеп оқушылары арасында ұйымдас­қан қылмыстық топтар пайда бола бастады. Таразда, Шымкентте оқушылар арасында
бұрқ-бұрқ атыстар жүріп жатыр. Әлсіз оқу­шы­ны ұрып-соғу, қорқыту, төменгі сынып­тар­дан ақша бопсалау Қазақстан мектептерінің
бәрін жайлап барады.
Бала әдетте үлкендерге қарайды. Үлкенде үлгі жоқ. Қазір кім күшті, кім қарулы, кім азулы? - соның заманы жүріп тұр...Тырнақты тырнағын батырады. Тізелі тізеге басады. Тіректі ойына келген тірлігін істейді. Селт еткен, селк еткен адам аз.
Қоғам таскерең, тасжүрек пе сонда? Неге ешқандай реакция жоқ?
Мына түрімізбен, қатыгез қалпымызбен қайда барамыз?
Біреу атса, атасын атты. Ол басқа елдің, басқа қоғамның адамы сияқты. Әркім қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылысты өзіне еш қатысы жоқтай көреді. Ауыл қайда? Аудан қайда? Облыс қайда? Мемлекет қайда? Әр өңірдің той болса бата бергіш қариялары қайда? Тоқта дейтін, тоқтам айтатын, талқыға салатын ежелгі елдік дәстүріміздің бәрі быт-шыт болғаны ма? Үлкен үлкендігін жасайтын, телі мен тентегін тиятын, топқа салып тәрбиелейтін, құрмет пен ізетке, кісілік пен кішілікке толы қазақ өмірі көзден бұл-бұл ұшып кеткені ме шынымен? Әлде, өзінің ғана атасын атқанша үнсіз отыра бере ме әркім?!.
Осы күні жұрттың көбісі ататегін түзеп, шежіре жасап, қолдан келгендері мен қаржысы жеткендері ата-бабаларын ардақтап, ас беріп, жер-жерде еңселі ескерткіш тұрғызып, ырду-дырдумен жүр. Шын мәнінде рушыл, елшіл, жершіл болсаң, құрғақ қиқумен шапқылай бермей, қазақтық қалпыңды, ата салтыңды неге түземейсің? Телі-тентегіңді неге жөнге салмайсың? Өз елдік қалыбыңды неге сақтамайсың? Осыған да онсан орыс кінәлі ме? Өз атасын өзбек неге атпайды? Ұйғыр неге атпайды? Неміс неге атпайды? Кәріс неге атпайды? Татар неге атпайды?
Ататын да қазақ. Атқызатын да қазақ. Арам қатқызатын да қазақ. Сонда біз не болдық? Қандай ел болдық? Елміз бе өзі?!.
Мақтан мен мадаққа семіріп, майлы жілік кеміріп, кемел болашаққа қадам басып бара жатырмыз деп күмпілдейміз. Қандай болашаққа? Әркімнің атасын оқ тосып тұрған болашаққа ма?!.

Нұртөре ЖҮСІП

 

0
494
0