Аптаның қызықты материалдары #19

Алия 2012 M11 12
2027
0
6
0

Киноиндустрияның жаңа өнімі жылт етсе, кинотеатрға тартатын әдетім бар. Сол әдетім мені осы аптада тағы да киноэкранның алдынан бірақ шығарды. Алдын ала афишаны зерттегенімде, көзім бірден «Орда» деп

Алтынға күйе жағылған күн

Киноиндустрияның жаңа өнімі жылт етсе, кинотеатрға тартатын әдетім бар. Сол әдетім мені осы аптада тағы да киноэкранның алдынан бірақ шығарды. Алдын ала афишаны зерттегенімде, көзім бірден «Орда» деп аталатын фильмнің жарнамасына түскен еді. Фильмді түсірген ресейлік режиссер Андрей Прошкин деген сабаз екен. Фильмнің аннотациясы атауынан бетер қызықтырды: «XІV ғасыр. Алтын Орданың Еуразия материгінің басым көпшілігіне билігін орнатқан заман. Мәскеу княздігі де салық төлеп тұрған алмағайып дәуір» - деп қойыпты.

Әншейінде, орыс ағайынымыз аспаннан аяғы салбырап түскендей, тарихи фактілерді мойындамай жатушы еді, бұл фильмнің мазмұны қандай екен деп көруге асықтық. Оның үстіне Алтын орда заманы күллі түркі тілдес бауырларға ортақ, әсіресе қазақтың нақ өзінің тарихы ғой. Сондықтан, «Орданы» тамашалауға асыққанымыз заңды да (жалғасы).

Шал

Бізді қуантатын бір жайт бар. Қазақ киносының премьерасы оқиға бола бастады. «Жаужүрек мың баладан» жаппай жылап шыққан халық Ермек Тұрсыновтың «Шалына» да жапа-тармағай ұмтылғандай көрінді. Қасқырмен шайқасқан жалғыз шал жоңғарға шапқан «мың» баладай қызықтыра алмаса да, зиялы ортада едәуір пікір тудырғаны анық. Ең алдымен, «Атышулы «Келіннен» кейін Ермек не түсірер екен?» деген қызығушылықтың болғаны сөзсіз. Естеріңізде болса, «Келінге» запыранын төккен бәзбір ағаларымыздан аса алмай, елдің бәрі Ермекті жарыса жамандап еді. Былай шығып, «бірақ мықты түсірген, кәззап» деп тісін қайрағандар да болған. «Келін» үшін Ермек өзін титтей де кінәлі сезінбесе де, «Келесі фильмімен ақталар ма екен?» дегендер де болды. Бірақ жеме-жемге келгенде Тұрсыновты қазақтың жауы қылып жариялағандар үнсіз қалып, «Шалды» орыстілді сыншылар мақтай жөнелді. Мәшһүр киносыншы Олег Борецкий «Шал» – 2012 жылдың ең үздік фильмі» деп мақала жазды. Атағы дардай Гүлнәр Әбікеева: «Шал» картинасымен Ермек Тұрсынов қазіргі қазақ киносының көшін бастады» деп баға берді. Тұманның өзі тұман емес, қазіргі қоғам деді, құтқарушының өзі құтқарушы емес, қазіргі билік деді, телефонның өзі телефон емес, техногендік апаттың символы деді. Тізе берсең, кинодағы әр детальдан пәлсапалық астар ізделді. Ол түсінікті де. Өйткені «Келін» арқылы-ақ Тұрсынов бізге символдармен ойнайтынын ұғындырып қойған. Айырмашылық – «Келінде» «мен метафорамын!» деп айқайлап тұрса, «Шалдағы» көркемдік заманауи жағдайға, сіз бен біз білетін сұрқай кеңістікке көшірілген. Сондықтан фильмдегі кейбір жайттарды метафора деп қабылдауға да болады, қабылдамауға да болады (жалғасы).

«Шәкерім» симфониясына екі мыңнан астам адам келді

«Шәкерім» симфониясын Марат Бисенғалиевтің оркестрі - 50 жуық музыкант пен хор әншілері орындады. Симфонияның солистері - Марат және Арухан Бисенғалиевтер, Анар Қасымова (сазсырнай), Асқар Сұлтанғазин (домбыра), Еділ Құсайынов (шаңқобыз). Ал хорды Чайковский атындағы музыкалық колледждің «Алатау» жастар хоры орындады.

«Шәкерім» симфониясын тыңдауға екі мыңнан астам көрермен жиналды. Концерт бағасы 5 мың теңге болғанына қарамастан, классикалық музыка тыңдармандары көп болды. Оның ішінде арнайы осы симфонияны тыңдау үшін ғана келгендер бар. Солардың бірі, алматылық Айхан Қайсарова:

- «Шәкерім» симфониясының Лондондағы қойылымын интернеттен көргенмін. Алматыдағы қойылымына арнайы келдім. Ағылшындық композитордың Шәкерімге туынды арнауы мені қуантады, - дейді (толығымен).

Көз алдымда көрме тұр...

90-жылдардан кейін «заманауи өнер» (contemporary art), яғни мағыналық құбылуындағы «өзекті өнер» белең алған. Өткен ғасырдың басынан белгі беріп, орта шенінен басталған жалпы өнердегі түрен салудың біраз тыңды игергені бар. Мейлі ол абстракционизм, сюрреализм, кубизм, метафизикалық живопись болсын, мейлі модерн, авангардшылдық, постмодерн, оптикалық өнер болсын, бәрі де өнер үшін, адамзат құндылықтары үшін қызмет етті. Сурет өнерінде Дж. де Кирико, Пабло Пикассо, Сальвадор Дали, Малевич, Моранди, Кандинский, Эрнст, Рене Магритт кейпінде көрінген бұл жаңашыл бағыттар бүгінгі өмірімізде алғашқы қауым суретшісі салған үңгірдегі бұқа бейнесіндей ғана әбден қалыпты болған дүниелер еді. Сол секілді өткен ғасырдың үшінші-төртінші ширегінде пайда болған «инсталляция», «перформанс» ұғымдарына құлақ үйренісіп қалғанмен, алайда оларды отандық суретшілердің шығармашылығынан көремін деген ойдың өзі кәдімгідей қызығушылық тудырады екен. Әсіресе, оның дала мәдениетіне қатыстылығы. «Көрме» залына кіріп келгенімде... тамсанудан таңырқауым басым болып шықты. Әуелі көзге түскені - төбеден төмен қарай салбырап тұрған киізден жасалған үш аттың алып басы және төменнен төбеге қараған аттың алып басы! Оның алыптығы - кемі төрт-бес құлашты құрайды (толығымен).

Аида ЖАНТІЛЕУОВА: «СЫРТЫҢ СУЫҚ» ДЕГЕН СӨЗГЕ «ТОЙЫП» КЕТТІМ

– Осы уақытқа дейін үш спектакльде басты рольді сомдадыңыз. Сіз үшін ең қиыны қайсысы болды?

– Бөліп-жаратыны жоқ, үшеуі де оңай емес. Бүгін «Қарагөзге» қалай қиналсам, бұрын Луизаға солай толғаттым.

– Қарагөздің де, Луизаның да жынданатын сахнасы бар. Жынданған адамды өзіңіз көріп пе едіңіз? Бұл сахналарға қалай дайындалдыңыз?

– Колледжде «Қарагөзді»  дипломдық спектакль ретінде қойғанымыз бар. Бәйтен Омаров ағамыздың көзі тірі болатын, Қарагөзді маған берді. 15-16 жастағы маған осындай үлкен рольді қалай сеніп тапсырды екен деп таңқаламын. Сөйтсем, сол кезде маған сеніп, менен Қарагөзді көрген екен ғой... Ал дайындыққа келсек, арнайы жындыханаға барғаным жоқ. Материалмен жақсы танысқан соң, ішкі дүниеме салдым, жүрегім алып шықты деуге болады.

– Өзіңіз үшін Қарагөздің трагедиясы неде?

– Осы оқиға дәл бүгінгі күні өтсе, мұндай трагедияға ұласпас еді. Неге десеңіз, қазір махаббаттың өзі арзандап кетті, адамдар бір-бірін оңай ұнатып, оңай ұмыта салады... бәрі жеңіл сияқты. Ал Қарагөздің ең алдымен сезімге деген құрметі және махаббат үшін күресе білгендігі тәнті қылады.

– «Қызыл орамалды шынарым» қойылымындағы Әсел – осыған қарама-қарсы образ. Онда да үлкен махаббат бар, бірақ ол махаббат үшін күреспейді. Сіздің өзіңізге осы образдың қайсысы жақынырақ?

– Мүмкін, мен Қарагөз сияқты ұлы сезімді бастан кешірмеген шығармын, әйтеуір жеке басыма Әселдің образы жақын. Әсел сезім үшін күреспесе де, махаббатына адал. Түбінде Ілияс та оған қайтып келді ғой. Әрине, мұндай оқиғадан өз басымызды Құдай сақтасын, рольдерімді ғана уайымдап, қамсыз жүргенге не жетсін... (толығырақ)

Ең алғашқы Еңлік

Талант алдымен Алладан берілсе, одан кейін тек пен тәрбие арқылы бойға сіңеді. Дәлилә Оңғарбаеваны тал бойынан осы аталған екі артықшылықтың екеуі бір мезетте табылған тума талант иесі деп атауымызға әбден болады. Өйткені, Дәлилә апамыздың отбасы өнерді ерекше қастер тұтқан әулет санатынан. Соның әсері болса керек, Қарақбай атаның Дәлилә мен Хабиба есімді қос бірдей қарлығашы ұясынан өнер деп ұшып, театрға қарай бағыт түзегені. Өнерді өмірлеріне өлшем  тапқан апалы-сіңлі актрисалардың үлкенінің ғұмыры келте болғанымен, Жүсіпбек Елебековтей ән еркесімен бір тағдырды бөліп сүрген кенжесі бүгінде сахнаның әз анасына, кемеңгер қариясына айналып отыр. Елебеков әулетінің шырағын өшірмей, ошағының отын маздата жаққан Хабиба Елебекова апамыздың шаңырағына арнайы амандаса барғанымызда әз ананың аруақты әулеті, талантты әпкесі жайында айтар сағыныш араласқан салиқалы әңгімесі кеңінен өрбіді.  Өнерге бастар алғашқы қадамдарын көз алдынан тізбектей өткізіп,  байыппен баяндады (толығымен).

Оцените пост

6