Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 772 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:29, 10 октября 2012

Сен бар жерде...

 
11.10.12.
Blog post image
Жаңа телемаусымда «Астана» телеарнасы көпшілікке «Саған сенемін» жобасын ұсынды. Мәңгі бірге болуға серт берген ерлі-зайыптылардың сенімі мен сезімі сынға түсетін жобаның алғашқы қадамдары көңілден шықты. Ер-азаматтар бағдарлама барысында ерлік танытып, жарына деген ақ пейілін көрсетсе, әйелдер қауымы отағасына қалай сенетінін танытады.

Замана ағымы сондай ма, әлде көрерменнің қалауы сол ма, кім білсін, әйтеуір қазақ телевизиясына «ойын-сауықтың ордасына айналды» деп, сын айтып, мін тағушылар көп. Күз түскелі отандық телеарналарда дамыл жоқ. Әр телеарна көрерменін баурап алудың тың әдістерін ұсынуда. Әйтеуір қазақ­ша ет дәріптеліп, аналар мен балалар өзара сынға түсіп, шетел асып, өзге ел­дермен спорттық бәсекеде бақ сы­на­сып, көкке қол созған тар­лан­дардың өмірін насихаттау - отандық телеар­налардың негізгі міндетіне айналған. Бүгінгі қазақ телеарна­лары­нан жаны­ңызға жайлы, талғамыңызға сай бағ­дар­ламаны оңай табасыз. Ал отандық өнім көңілден шықпаса, Ре­сейден дайын күйінде сатып алынған жобалар тағы бар.
Телевизия - тәрбиелеуші құрал. Күні бойы қосулы тұратын «көгілдір экраннан» көргенімізді санаға түюге асығамыз. Осы ретте телеарналар ар­қылы отбасы құнды­лықтарын наси­хаттап, жанұя атты маңызды инсти­туттың мерейін өсіріп, мәртебесін асырған жөн. Өйткені отбасы - кі­шігірім мемлекет. «Астана» телеарнасы «Саған сенемін» ойын-сауықтық жобасын назарға ұсынды. Бағдарлама барысында ерлер білгені мен көңілге түйгенін, күші мен ақылын сынға салса, нәзікжандылар барынша ерін қол­дай­ды. Динара Сәтжан әйел­дердің пікірін біліп, ерлерге қолдау біл­дірсе, актер Берік Тұрсынбеков ерлер сайы­сының көркін қыздырады. Бағдарлама туралы сан түрлі пікір айты­луда. Біз бүгін жобаға қатысып, бағы мен бабын сынап көрген азамат­тардың пкірін бі­луді жөн көрдік.
«Отан отбасынан басталады» демек­ші «Астана» арнасындағы «Саған сене­мін» жобасы орыс және қазақ аудито­рияларына жақсы сый болды.
«Бағдарлама ойымнан шықты. Біздің қоғамға осындай жобалар керек деп есептеймін. Отбасы мүшелерінің атса­лысуымен өтетін тәрбиелік маңызы зор, ойын-сауықтық бағдарламалардың көптеп шығарылғаны жөн-ақ. Отбасы бірлігі әрқашан бірінші орында тұруы керек. Сонда ғана болашағымыз жар­қын болады. Егер елімізде «Саған сене­мін» деп ерін сыйлайтын аруларымыз бен жарын қорғайтын ерлеріміз көп болса, онда Қазақстанда барлығы дұ­рыс деген сөз» дейді әнші, продюсер үш баланың әкесі Қыдырәлі Болманов. Ал актер Рахман Омар бағдарлама­-
ның тәрбиелік мәнімен қатар кө­рер­мен­дердің көңілін көтеруге мол септігін тигізетінін тілге тиек етті. «Саған сене­мін» атты жобаға қатысып, бағымызды сынап көрдік. Ойын өте керемет болды. Көптеген танымал тұлғалар жұбайын көпшілікке таныстырып жатыр. Негізі, көрерменге жұлдыздардың же­ке өмірі құпия болып келеді. Осы бағдарлама арқылы көпшілік қарап, өз бағасын береді. Бізді отбасына көңіл бөлмейді, тек өз өнерімен ғана жүреді деп ой­лай­тын шығар. Ал негізінде от­басыда біз қарапайым әке, жармыз. Отбасымызға көңіл бөліп қараймыз. Ойынға қаты­сардағы басты мақсаты­мыз - әдемі ойын көрсетіп, көңіл-күйімізді көтеру. Берілген тапсырма­ларды орындау еш­қандай қиындық тудырған жоқ. Ең бастысы, тапқырлық әрі қулық керек екен. Нәзікжанды­лардың сеніміне ие болу үшін тау қопа­рып, тас көтерудің еш қажеті жоқ. Сенімін ақтап, тапсыр­масын орындаса­ңыздар болды» дейді актер.
Жасы алпысты еңсерсе де, бабын жоғалтпаған Ақжол Мейірбеков те жо­баға қатысып, жеңімпаз атанды. Жоба барысында аяғына ролик киіп, кез келген қиыншылықты оңай еңсерген әнші ағамыз «Саған сенемін» сынды отбасылық бағдарламаның тәрбиелік мәнін ерекше атап өтті. «Осы бағдар­ламаның алғашқы жеңімпазы болға­ныма қуаныштымын. Алпыс жастан ассам да, әлі күш-жігерімді жоғалтқан жоқпын.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, өзіміздің жан-жақты екендігімізді көр­сете білуіміз керек. Ән айтып, сахнаға шығып қана қоймай, басқа да қыры­мызды көрсетуіміз керек. Жаңадан үй болып, бас қосқан жандарға бір-бірін қалай сыйлап, түсінісу керектігін көрсету маңызды. Ойынға берілгенім соншалық, өз-өзімді ұмытып кеттім. Кере­мет әсер алдым. Бұл бүгінгі қоғамға керек бағдарлама екен. Өйткені әйел мен ер адам тең құқылы заманда олар бір-біріне сенім арта білуі керек. Бұл бағдарлама қазақтың менталитетіне келеді. «Саған сенемін» - қосағына адал жандардың, сезіміне берік жарлар­дың думаны. Арулар дем беріп, аза­мат­тар қиын жерден қаймықпай, тар жер­ден тайсалмай өтетін думан» дейді ол.
Әрине, бағдарлама барысында негізгі салмақ та, күш те ерлерге жүкте­леді. Ал кез келген қиындықты еңсеруге нәзікжандылардың сенімі күш берері хақ. Осы ретте, «Саған сенемін» жо­ба­сына қатысты Майра Ілиясова былай пікір өрбітеді. «Бұл ойын-сауықтық жоба тың дүние екені көрініп тұр. Та­нымал әртістеріміздің үлгілі отбасы ре­тінде бақ сынап жатқандары қуан­тады. Өйткені жастарымыз осы аза­маттарға қарап бой түзейді. Жарын сыйлаған жандарды халық та құр­мет­тейді. Динара Сәтжан мен Берік Тұр­сын­бе­ковтің осы бағдарламаны жүр­гізе­тіндері жақсы болған деп ойлаймын. Екеуі де халыққа өз қабілеттерімен та­нылып жүрген жандар. Жүргізу тәсіл­дері жобаның әрін келтіріп тұр­ғандай.Жобада қазақы дәстүріміз - жілік сын­дыру сияқты сайысты көрдік. Бо­лашақта сайыс ретінде қазақы дәстүр­леріміз көбірек қолданылса құп болар еді. Кө­рермендерге айтарым, осы бағ­дар­ла­маны көріп үлгі алыңыздар. Өйт­кені отбасында береке-бірліктің бол­ғаны, еліміздің бейбітшілігіне әке­леді. Жоба­ның ғұмыры ұзақ болғай».
«Сен бар жерде терезем тең сияқты, Тең сияқты керегем кең сияқты». Жұбайлардың бір-біріне деген сенімі осындай болсайшы. Қазақ отбасында әрдайым ер-азаматты сыйлау, сену сияқты қасиеттер берік болған. «Саған сенемін» жобасы халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, бүгін үй болып, ертең ажырасуды дағдыға айналдырған жастарға үлгі болса, қазақтың отбасының керегесі кең, терезесі тең болары айқын.

Әйгерім ДОСЫМ


 
0
757
0