Медиацияның дамуына кедергі көп

«Айқын» 2012 M10 8
489
0
0
0

    06.10.12.Тұрмыс пен жұмыста туындайтын дау-дамайды сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешудің бірден-бір жолы - медиацияға жүгіну. Яғни бір-біріңді сотқа сүйремей тұрып, кәсіби медиаторлар...

 
 

06.10.12.

Тұрмыс пен жұмыста туындайтын дау-дамайды сотқа жеткізбей, бітімгершілік жолмен шешудің бірден-бір жолы - медиацияға жүгіну. Яғни бір-біріңді сотқа сүйремей тұрып, кәсіби медиаторлар арқылы өзара келісімге келуге. Соттардың жұмысын жеңілдетіп, түрлі дау-дамайлардың жергілікті жерде шешілуі үшін 2011 жылы «Медиация туралы» заң қабылданған еді. Дегенмен қабылданар кезде үлкен пікірталас тудырып, өзінен зор үміт күттірген бұл заңның бүгінде жүзеге асуы көңіл көншітпейді. Өйткені жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асса да, медиаторлардың қатысуымен өткен сот отырыстарының қатары некен-саяқ.

«Қазақстанда медиация институтын енгізу» тақырыбында ұйымдастырылған өңірлік семинарға жиналған судьялар, прокурорлар мен кәсіби медиаторлар істі бейбіт келісіммен бітірудің алдында тұрған кедергілерді ортаға салды. Жо­ғарғы соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот ал­қасының судьясы Ұлбосын Сүлей­менова­ның айтуынша, тұрмыстық деңгейдегі дау-шаралар Жоғарғы сотқа дейін жететін көрінеді. Осыны болдырмас үшін жергілікті жерлерде медиацияны дамыту қажет. Туыстар арасындағы, жұмыс беруші мен қыз­меткер, банк пен борышкер ара­сын­дағы, коммуналдық қарызға қатысты істердің бейбіт жолмен шешілуіне медиаторлар үлкен ықпал ете алады. Алайда олардың қызметіне жүгінетін­дердің қарасы көп емес. Сондықтан жергілікті әкімдіктерде ақпараттандыру жұмыстары кеңінен жүргізілуі қажет­тігін айтады ма­мандар.
Шындығында, халықтың медиатор­лар туралы білетіні аз. Білген күннің өзінде, елдің сеніміне кіре қойған жоқ. «Қазақстандық медиация орталығының директоры», кәсіби медиатор Ирина Виговскаяның пікірінше, халық аса таныс емес, санаға сіңе қоймаған ме­диация институтынан гөрі, сара жолы бар - соттарға жүгінгенді жөн көреді. Ал негізінде тұрмыстық дау-шараларды бейтарап үшінші тұлғаның қатысуымен, сұхбат арқылы шешу жеңіл. Бұл бір жағынан уақыт пен қаржыны үнемдесе, екіншіден келісімге келген адамдардың арасында жылы қарым-қатынас сақта­лады. Сондай-ақ істің сотқа жетпей шешілуі - соттардың да жүктемесін азайтуға сеп. Осы орайда Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Абай Рахметулин кәсіби медиаторлармен қатар, кәсіби емес медиаторлармен жұмыс жүргізу қажеттігін алға тартады.
- Бұл қазақта бұрыннан қалыптасқан би­лер дәстүрін жаңғыртуға себеп бо­лады. Халқымыз ежелден сыйлы адам­ның уәжіне тоқтаған. Сол игі дәстүр бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында қайта жаңғырып жатыр. Ол жақтың хал­қы аузы дуалы, елге қадірлі азамат­тардан өз төбе билерін сайлап алған. Мәселен, бір ғана Қазығұрт ауданында 14 іс сотқа жетпей, төбе билердің ше­ші­мімен тоқтапты. Осы тәжірибені басқа аймақтарда да қолға алу керек, - дейді Абай Жамбылұлы.
Медиация мәселесі халықтың бір сеніміне тіреліп тұрған жоқ. БҰҰ Қа­зақстандағы Даму бағдарламасының тиімді басқару және аумақтық даму департаментінің үйлестірушісі Балтаев Ержанның пікірінше, заң қабылдаумен барлық мәселе шешіле қоймайды. Ол заңды жүзеге асырудың нақты меха­низм­дерін жасап, нормативтік-құ­қықтық негізін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ кәсіби медиаторларды дайындау, оларды оқыту модульдерін жасау да кезек күттірмейтін мәселе. Шетелдік тәжірибеге де көз жүгірту артық болмайды. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы әлемнің 166 елінде жұмыс істейтіндіктен, халықаралық тәжіри­бемен алмасу да маңызды рөлге ие.
«Жер жүзінде дау-дамайды реттеудің танымал әдісі болып тұрған медиацияны Қазақстанда тек түрлі семинар мен конференциялар өткізу арқылы дамыта алмаймыз», - дейді «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ президенті, медиатор-жаттықтырушы Жанділдә Жақыпов.
- Өйткені ол жерлерде айтылған мә­селелер айтылған күйінде қалып жа­тады. Бірлесе өткізілген шараларда бірлесе жұмыс істеу бағытындағы бірде-бір құжат қабылданған жоқ. Яғни олардың бәрі формальді түрде. Түрлі жиындарға қатыса жүріп, сот ғимарат­тарында медиаторлар туралы ақпарат ілу, сайттарында сілтеме жасау, жеке кабинет бөлу секілді мәселелерді көтеріп жүрміз. Бірақ оның барлығы қол­дау таппай, соттармен өзара әрекеті­міз тек ақпараттық плакаттар ілумен шектелінді. Бізге жеке кабинет көр­сетілетін қызметтің ақшасына келісу үшін емес, екі жаққа істің мән-жайын түсіндіру үшін керек. Себебі біздің медиаторлар медиацияны сотқа дейін немесе қылмыстық істі тергеу бары­сында жүргізеді. Өкінішке қарай, сот ісі барысында біздің қызметке жүгінетіндер болмай тұр. Ал тәжірибе барысында кездесетін қиындықтар осы саланы реттейтін нормативтік актілерге өзгерту енгізу қажеттілігін туындатуда, - деп пайымдайды Жанділдә Әжіға­лиұлы.

Үмітжан ЖАПАР

 

Оцените пост

0