Жас ұстаздар бүгінгі білім беру саласы жайында не дейді?

Алия November 12, 2012
15256
8
7
0

Баланың қабілеті арқылы болашақ мамандығын анықтап, соған бейімдей бастау керек. Қызығып, ниеттенген бала өз дегеніне жетеді. Кейін маман болғанда, өз мамандығын жете игеріп, жаңа жетістіктерге өрлеуі

Ұстаздар күніне орай «Екпін» журналы жас мұғалімдер мен оқытушылардан сұхбат алып, бүгінгі білім берудің сапасы, проблемалары жайында сұрастырған еді.


Саясат Идеятұлы, 24 жаста. Атырау қаласындағы Н.Тілендиев атындағы облыстық Кіші өнер академиясының журналистика мамандығының мұғалімі, еңбек өтілімі 3 жыл.

Жалпы қай қазақстандықтан сұрасаңыз да «Қазақстанда білім деңгейі төмен, дұрыс оқытпайды» деген пікірге кезігеріңіз сөзсіз. Алайда, мен орта білім беру жағынан Қазақстан жоғары деңгейде деген ойдамын. Әрине, өзім мұғалім болған соң, «су ішкен құдыққа түкірігім» келмегендіктен емес, себептері бар. Негізінен кеңестік заманнан қалған әдістемелік құралдармен жұмыс жүргізіп отырған мұғалімдерге кінә қоя алмаспыз. Әйтсе де сол құралдар оқушылардың жас ерекшеліктерін екшеп, сараптап барып жасалғандықтан өз нәтижесін бере алады деген ойдамын. Алайда, бір мәселе сол әдістемелермен қазіргі оқулықтарды оқыту мәселесі әбден жауыр болған тақырып болды. Оқулықтарды жасаушылардың мектеп табалдырығын түлек боп аттап, жиырма-отыз жыл бойы қайтып қарасын көрмегендер болғаны қынжылтады. Қателікке толы оқулықтардың сапасыздығы педагог қауымды жыламсыратпасқа қоймай тұрғаны. Содан соңғы күйіп тұрған мәселе ҰБТ жағдайы. Маған дейін айтылған, құлақ сасытса да айналып өтер болсақ, сөзімнің дәмі кетер деген ойдамын. Алайда, менің айтарым басқа.

«Достық» деген дәрменді орталық бар. Он бір жыл бойы шақшабасына шаң да қонбай келген «ақпақұлақты» «құймақұлаққа» айналдыратын жарнамасы желпең қаққызбай қойғызбасы белгілі. Әлқиссасы былай, оқушы он бір жыл бойы оқып келген мектебін аяқтауға үш төрт ай қалғанда «Достыққа» тартып отырады. Сабақ жайында қалған... Сол орталық жетістікке жеткізді дейік, ал сонда не бары бірнеше айда жетістікке жетуге қабілетті оқушының он бір жыл бойы миын кептірген мектеп не оқытып отыр деген ой келеді емес пе?! Не үшін орта білім беріп жатыр орта мектептер? Түсініксіз. Ал оқушылар болса «жанды қинап не қыламыз, „Достыққа“ бара саламыз» деген оймен сабаққа енжарлық танытады. Ал ұстаздар ше? Оқушысы өзгеден үйреніп жоғары балл алса да, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ол да жанын қинамайды. Себебі «біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» көрініп қойған бағасы ақталды. Ал басқасында шаруасы қанша?! Дегенмен кері жағдай болып, «Достығы» достық таныта алмаса ше? Онда баланы психологқа апарудан басқа жол жоқ. Өйткені оның үлбіреген үмітінің үзілуі өмірінің үзілуіне апарып соқпасына кім кепіл?! Алайда ҰБТ-ға қарсы болмас едім.

ЖОО-ғы оқу орындарындағы мәселелерге май шамды жақындата алмаспыз. Әйтсе де шеті шығып тұрғанды суыртпақтап көруге кетәрі емеспіз. Диплом қорғау әрбір студент үшін алынбас қамалдай көрінері сөзсіз. Содан соң басталады «көке» мен «тәте» іздеу. Өз басым дипломды бүкіл студентке қорғатуға қарсы болмас едім. Себебі диплом төрт жылғы оқуыңның көрсеткіші. Студент қандай мамандықты бітірсе де академиялық дәрежеге (бакалавр) ие болады. Демек, ғылым баспалдағының алғашқы сатысында тұрған болашақ ғалым. Ендеше неге ғылыми жобасын таныстырмасқа, неге өзінің алған білімін теория жүзінде дәлелдемеске?! Ал біздің ЖОО-да төрт пен беске шыққандарға қорғатады. Бірақ бәріне бірдей академиялық дәреже береді...

Қорғалған дипломның тақырыптары да белгілі бір мәселелерді қозғайды деу артық болар. Ылғи жауыр болған дүниені қайта қаузау, немесе өзгенің жазғандарын көшіру. Ішінара болмаса «студент дилом жұмысында мынадай келелі мәселені қозғап, көтере білді» дегенді естіген емеспін. Оның бәріне студентті де, оқытушыларды да кінәламаймын. Кінә оқытудың жүйесіздігінде деп білемін. Өйткені бізде әр министрмен бірге келетін білім саласындағы эксперименттер жүйелі жұмыс жасауға кедергісін келтіртпей қоймасы анық. Ал нағыз эксперимент жасайтын сала білім емес, ғылым екенін түсінетін кез жеткенге дейін ертең күнге емірене қарағаннан басқа амал жоқ.

Жоғарыда айтып кеткендей, білім жүйесіне керегі — өзгерістер емес, тұрақтылық. Ал өзгерістерді ғылым ғана қажет етіп тұр. Өйткені толыққанды білім берудің жолын жүйелі жұмыс жасаған ғылым нақтылай алса керек. Яғни, ғылым білімнің іргетасы. Ал біз болсақ, іргетасы шөге бастағанына қарамастан, қабырғасын сылап сипауға әуеспіз.

Сабаққа қызықтыру үшін сол тақырыпқа байланысты тың жаңалықтар әкеліп, таң қаларлық дүниелермен таныстыруға тырысамын. Себебі, қазіргі интернетпен жете таныс оқушыларды ескірген көрнекіліктермен қызықтыра алмасың анық. Сондықтан қазіргі ұстаздар үшін өмір бойы оқумен қатар, озық жаңалықтармен уақытында танысып отыру да міндет саналады.

Жарқын Серкеев, 29 жаста. Алматы қаласындағы «Көкіл» өнер мектебінің тарих пәні мұғалімі, еңбек өтілімі 7 жыл.

Білім саласының ең маңызды проблемаларына тоқталсам, біріншіден оқулық, одан кейін білім жүйесінің проблемасы, мектептегі коррупция, мұғалімдердің сапасы және қазіргі оқушылардың таным-түсінігі. Таным-түсінік дейтініміз — бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың айырмашылығы өте үлкен. Әсіресе қала балаларын оқытудың өзінің проблемалары бар... Сондай-ақ мектептегі бұзақылықтар мен оқушылардың өз-өздеріне қол жұмсауы да өте үлкен проблема болып табылады.

Қазіргі мектеп бағдарламасы да қиын. Бір әзіл бар ғой «Қазіргі оқушы үй тапсырмасын орындайтын кезде түсінбей әкесіне барады, әкесі шешесіне жібереді, шешесі түсінбей апасына, апасы атасына жібереді. Сөйтіп баламыз бір есепті шығарар кезде бүкіл отбасымызбен бас қатырамыз» деген. Бұл әзіл болса да ащы шындық. Бағдарламалардың қиындығы негізінен оқулық проблемасынан шығады. Мысалы, тарихтың сегізінші сынып бағдарламасында біз бір кезеңді тұтастай бір сабақта өтеміз. Яғни, 1945-тен бастап қазіргі уақытқа дейін. Бұл оқиғалар ең көп орын алған кезең екендігі баршамызға анық. Ондағы он параққа дейін созылатын бір параграфты оқушыға түсіндіру өте қиын. Тәжірибелі мұғалімдер ішінен қажеттісін теріп алып, балаға үйретпесе, жас мамандардың қолынан олай істеу келмейді. Оған қоса, қазір бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту қолға алынып жатыр. Былайша айтқанда, жыл сайын бағдарламалар күрделене түсуде. Бірақ біздің мектеп жекеменшік болғандықтан, мектебіміздің бағдарламалары оқушы санына байланысты. Сондықтан біз үлгереміз деп айта аламын. Ал 30-40 балалы сыныптары бар мектептер қалай үлгеретіндіктерін мен білмеймін.

Оқушы мектепті бітіргеннен кейін ҰБТ тапсыратыны бар. ҰБТ негізі коррупцияның алдын алуы үшін құрылған жүйе. Оның жақсы жақтары да, жаман жақтары да бар. Жақсысы — оқушылардың барлығы бір деңгейде тапсырады, жауаптарын компьютер есепке алады дегендей. Бірақ ол тарих, қазақ әдебиеті сынды қоғамдық пәндерге сәйкес келмейді. Өйткені оқушылар ҰБТ-ға 9-10 сыныптан бастап құрғақ фактілерді, даталарды жаттап дайындалады.

ҰБТ бір сөзбен айтқанда таза адамның жадына арналған. Мысалы, тарихшы ретінде айтатын болсам, тест кітапшаларындағы жауаптардан оқушы тек 1931 жылғы аштықта халықтың үштен бірі, 1916 жылғы көтерілісте халықтың жарты миллиондай қырылғандығын жатқа білгенімен, ол өте үлкен нәубет екендігін олар бар жан-тәнімен сезіне алмайды. Егер әрі қарай тарихты осылай тек құрғақ санмен өтетін болса, оқушылар тарихты түсінбейді. Тарих онда прагматикалық пән болмайды. Былайша айтқанда, оқушы өзінің үйренгендерін өмірде қолдана алмайды және бала өзіне мінез қалыптастыра алмайды деген сөз.

Меніңше, ҰБТ-дан мықты болып шыққан оқушыны емес, әр жоғарғы оқу орны өзіне мықты студенттерді қабылдау үшін қабылдау емтихандарын өздері ойлап табуы керек. Мысалы, Назарбаев университетіне түсу үшін емтихан ағылшын тілінде өтеді және үш кезеңнен тұрады.

Оқушыны пәнге қызығу-қызықпауы пәнге де, сабақтың тақырыбына да байланысты. Қуанышқа орай өзім беретін пәндер қызықты. Қазақстан тарихы мен дүние тарихына қызықпайтын бала кемде-кем шығар. Қазір бұрынғыға қарағанда мүмкіндік көп. Түрлі проекциялық, интерактивті тақталар, интернет. Пәннің қызықты болуы үшін бастысы мұғалім жалқауланбай көп ізденсе, одан басқа ештеңе қажет емес. Қазір қарап тұрсаңыз, оқушылар мұғалімдерге қарағанда жаңа технологияларды жақсы игерген, түрлі энциклопедияларды оқып, интернеттен түрлі мәліметтерді сабақ болмастан бұрын алдын-ала біліп отырады. Сондықтан да мұғалім оқушылардан қалып қалмауы тиіс екендігін, олардан бұрын бәрін қамтуы керектігін түсінуі қажет. Сонымен қатар, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас та маңызды орын алады. Көбіне мұғалімдер сабақ өтудің классикалық әдісін пайдаланып, 45 минут монолог оқып, оқушылармен ешқандай диалог жасамайды. Қазіргі кезде сабақ өтудің неше түрлі әдістері бар, сондықтан да классикалық әдісті ұзақ қолдану баланы сабақтан жалықтырып жібереді. Маған мұғалімдерге арналған «Қырық жыл ұстаз болсаң да, қырық минуттық сабағыңа дайындал» деген қағида өте ұнайды.

Еркебұлан Бибеков, 25 жаста. Алматы қаласындағы №84 ЖББМ-тің география пәнінің мұғалімі, еңбек өтілімі 2,5 жыл.

Қазіргі білім саласындағы ең басты проблемалардың бірі — ҰБТ. Жас жеткіншекке білім беру үшін жанталас емес, көрші мектептен асу керек, немесе екінші ауданнан асу, болмаса облыстар арасындағы бәсекелестік болып жатады. Шындығына келгенде, оқушыға білім беру мақсатқа қойылмаған. Мысалы, бір оқушы ұялы телефонмен кіріп-ақ, айды аспанға шығарса, екіншісі құр ғана әріптерді белгілеп, 100 баллын алып кете баруы да ғажап емес. Ал, 11 жыл мектепті жақсы оқыған бала аз балл алып қалады. Осы әділдік пе?! Қазіргі кезде жасыратыны жоқ, жас жеткіншектердің ой-санасы әлсіз. Тіпті өз-өзіне қол жұмсағандары да жоқ емес. Егер ҰБТ-мен қалар болсақ, балаларды 5 сыныптан бастап дайындағанымыз дұрыс болар. Психологиялық тұрғыдан... ҰБТ-дан туындайтын тағы бір мәселе — балалар сөйлей алмайды. Кешке дейін сұрақ-жауаппен дайындалған баланың сөйлеу мүмкіндігі шектелген.

Мектеп шаңырағында 9 сыныптан кейін әрбір оқушыны өз талабына, өз қабілетіне қарай икемдеп оқыту керек. Біреуіне математика ұнаса біреуіне қазақ тілі ұнауы мүмкін. Мысалы, өзім физика немесе химиядан жазған формулаларды осы күнге дейін тұрмыста пайдаланып көргенім жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, баланы миына кірмейтін сабақпен басын қатырудың қажеті қанша?!

Баланың қабілеті арқылы болашақ мамандығын анықтап, соған бейімдей бастау керек. Қызығып, ниеттенген бала өз дегеніне жетеді. Кейін маман болғанда, өз мамандығын жете игеріп, жаңа жетістіктерге өрлеуі ғажап емес. Ал қазір не?! Біреуі ата-анасы бар деген жерге барса, біреуінің өз сүйікті мамандығын таңдауға қаржы тапшылығы бөгет дегендей. Түптеп келгенде өз мамандығын сүймейтін маман шығуы мүмкін. Ол қазіргі қоғамның дерті. Сонымен қоса, мұғалім мәртебесін көтеру керек. Қазір шынын айту керек, оқушыдан мұғалім қорқады. Бұрын керісінше еді.

Бұрын қоғам мұғалімге басын исе, қазіргі кезде ақшасы аз, өкіметтің жұмысшысы ретінде қарайды. Білім саласы алға басу үшін мұғалімге жағдай жасалу керек деп ойлаймын.

Артем Игликов, 27 жаста. Қазақ Британ Техникалық Университетінде PhD дәрежесін алуда, осы университеттің Ақпараттық Технологиялар факультетінде дәріс берумен қатар, информатика бойынша ҚР мектеп құрамасының жаттықтырушысы. Мұғалімдік еңбек өтілімі 6 жыл.

Өз тәжірибеме сүйенетін болсам, бізде студенттердің білім деңгейін орташа есепппен ала отырып курс бағдарламасын құрайтынын байқадым. Мысалы, пәнді жақсы меңгерген немесе оны оқытушыдан да жақсы білетін студентке көп ретте көңіл бөлінбейді. Курстағы тапсырмалар студенттің білім деңгейінен төмен болса, яғни сәйкес келмесе де, студент қажетті балл алу үшін оларды орындауға мәжбүр болады. Яғни бұндай студенттер үшін бағдарлама құрылмайды, ал оқытушылар оларға мән бермейді.

Енді дипломдық жобаларды қорғау турасында айтып өтсем, комиссия құрамы көп ретте еңбек тәжірибесі мол профессорлардан құралады, көбі үлкен кісілер. Кейде оларға жобаның маңыздылығы мен қиындығын бағалау қиынға соғады, содан түкке тұрғысыз ұсақ-түйектерге назар аудара бастайды. Осыдан индустрияда жұмыс жасап, шынайы жобалар жасауда тәжірибесі бар мамандарды шақырған дұрыс деп санаймын. ҚБТУ-де бұл проблемалармен қазіргі кезде жұмыс жасалынып жатыр.
Кейбір ЖОО-да оқытушы қызметіне пәнді білмейтін «кездейсоқ» адамдар келетіні құпия емес. Осындай кездерде бүкіл білім беру процессі — материалды диктант ұқсап оқып беру мен оны студенттерге мазмұндап беруді талап етуден құралады.

Грант саны мөлшерден тыс болғандықтан, оларға қол жеткізу жолы да жеңілдейді (ҰБТ-ға дайындық мектепте 3 жылдай жүреді, әрине, осындай уақыт ішінде оқушының ақылы тасып бара жатпаса да, қажетті баллын жинап алуға мүмкіндігі зор), осыдан университетке түскендердің арасында «кездейсоқ» талапкерлер кездеседі.

Студенттердің саны ұлғайып, сапасы азайып бара жатыр. Осы проблеманы шешу үшін грантқа түскендерге университетте қосымша емтихан жасауға болады деп ойлаймын. Егер де білім алуға құлшынысы болмаса, грантты ақтай алмаса немесе ақшасы жоқ болса, колледж не техникумға барсын, әскерде де орын бар.

Кейде оқытушылар студенттерді аяй бастайды: стипендия немесе гранттан айрылады, оқудан кетеді, кафедраның статистикасына нұқсан келтіреді деген сияқты. Бірақ студент қай бағаға лайық, сол бағаны қою керек, не деп сұраса да. Студент нашар оқыса, бірдеңеден айырылып қалатынын түсінуі керек.

Дана Байғожина, 22 жаста. Әл—Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасында Интернет журналистика пәнінен 4 курс студенттеріне сабақ береді.

Негізі, өзімді толықтай педагог деп айта алмаймын. Педагог деген атқа лайық болу қажет. Себебі, менің оқытушылық жолым енді ғана басталды.

Қатал мұғалім деп тәртіппен қатар, өз білімін аудиторияға толық жеткізіп, сабағына студенттердің қызығушылығын арттырып, жемісін ала алатын оқытушы дей аламын. Құр студенттердің артына айғай салып, балағаттап ұрысу, не болмаса қорқыту қаталдыққа жатпайды деп ойлаймын. Ал демократты мұғалім — дос, ол әрқашан құнды. Себебі, оқытушы бір жағынан психолог болуы шарт. Әр студент әр түрлі, ойлау қабілеті де әр түрлі болып келеді. Олармен ашық сөйлесіп, пікір алмасу, білімді жеңіл жеткізу әсіресе журналистер үшін өте қажет.

Қазіргі жастардың басым бөлігі сауатты. Оларға жаңаша білім беру үшін оқытушының өзі әрдайым ізденісте және білімді болуы керек. Негізі оқытушы қызметі қай заманда болмасын құнды болған. Тек қазір біраз жаһандану кезеңінде жастар тым тез алға жылжып, тез көтерілуді қалайды. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Жастар оқытушыларды бағаламайды деп айта алмаймын. «Модный» емес деп айту келмес, тек оқытушылар санын, сапасын арттыру қажет сияқты. Сонда мықты оқытушыдан мықты тәлімгер шығары анық.

«Ұстаздар күнінде», біріншіден, ұстаздарға денсаулық, бақыт тілесем, екіншіден шығармашылық жағынан көрінулерін, еңбектерінің жемісін көруді тілеймін.

Әйгерім Кеулімжай, 25 жаста. Биыл докторантурадағы соңғы жылы болған соң, ғылыми жетекшісінің кеңесімен диссертацияға көбірек күш салу мақсатында сабақ беруден бас тартыпты. Ал өткен жылы «Есептеу техникасы және программалық қамтама» және «Информатика» мамандықтарының 1, 2, 3 курс студенттеріне «Нейрондық желілер», «Бейнелерді нейрожелілік тану», «Жүйелер теориясы», «Басқару моделдері мен әдістері», «Программалау технологиясы» секілді пәндердің практикалық және лабораториялық сабақтарын жүргізген.

Факультеттегі студенттердің дені — мемлекеттік грант иегерлері болып келеді, және олар өздерінің не үшін жүргендерін жақсы біледі. Тым құрығанда, шәкіртақыдан қағылмау үшін, берген тапсырманы жүгіріп жүріп орындайды. Орындалу деңгейі — ол енді басқа мәселе. Өздеріне сай бағаларын объективті түрде қоюға тырысамын. Жалпы, студенттерге баға қоюдағы жалпақшешейлікке қарсымын. Орындауымен ерекшеленген студент, бағасымен де ерекшеленуі тиіс.

Мұғалім тұтас оқу орны және ондағы білім туралы көзқарас қалыптастыра алады. Уақытша қағазбастылықты алып тастағанда, университеттегі жұмыстың өзі қызық. Күнде бір оқиға, күнде бір шара, күнде бір жаңалық.

Бағаланбайды деп айта алмас едім, қазір өз айналамда университет мұғалімі болғысы келетіндер көп. Университетте магистратура білімінсіз сабақ беруге рұқсат жоқ, ал оған кез келген адам түсе алмайды.

Бүгінгі таңда мемлекет мұғалімдерге жақсы жағдай жасап отыр. Дәл қазір мұғалім болуды қаламайтындар — не «призваниесі» жоқтар, не икемі бола тұра, бұл кәсіптің артықшылықтарын білмейтіндер деп айтар едім.

Әлемнің барлық ұстаздары, мерекелеріңізбен! Сіздерге шығармашылық табыс пен ақылды да жігерлі шәкірттер тілеймін. Биыл зейнетке шыққан анамды, осынау қиын жолды абыроймен аяқтағанымен тағы да бір рет құттықтаймын. Өзім құралыптас жастарға айтарым — мұғалімдіктен қашпаңыздар! Елімізде жоғарғы санатты, білікті ұстаздар көбейе берсін!

© Екпін

Оцените пост

7

Комментарии

1
Мугал!мд!кке катысты сурактар бастан асады , улг!л! , енбеккор , кабылетт! , зерек тагысын тагылармен жеке окытып игертер замандардык оку таж!рибес! туралы Жас Мугал!мдерд!н коре б1лг!шт!г!не риза болмауга болмайды , алдынгы катарлы устаздар лег!нен ,айтылмай уйренген устаздык мектепт! игертер кундер келе берс!н дей!к ,ар таж!рибел! устаздын бала таныгыштык жылдар бойына жиналган урд!с!н кабылданар кездерге жетет!н уакыттар келс!н демекп!з ! Устаздарга койылар талап аз болмагандыктан , Жастын кабылеттену! арине мектеп кабыргасынан калыптасары белг!л! , аша тускенге не жетс!н , ук!мет ескерер маселе аз емес , министрлер онды болса деп айту артыкшылык етпес , отырганша уадел! улг!л! болып , отырганнан кей!н чиновникке айналар басшылар шынымен шаршатты , мына жерде балалардын окуына коз салар ниет жасайтындар коп болу керек!
3
Айгерімнің сөзіне қосылам, мұғалім мамандығын қызықтырмайтын себеп - қағазбастылық
0
Бәрімізге де сәйкесінше білім алуымызға мұғалімдеріміздің әсері мен көмегі болғанын мойындауымыз қажет. Дегенмен, айта кететін жайттар бар мәселен:
- "Кінә оқытудың жүйесіздігінде деп білемін. Өйткені бізде әр министрмен бірге келетін білім саласындағы эксперименттер жүйелі жұмыс жасауға кедергісін келтіртпей қоймасы анық.";
- "Мектеп шаңырағында 9 сыныптан кейін әрбір оқушыны өз талабына, өз қабілетіне қарай икемдеп оқыту керек. Біреуіне математика ұнаса біреуіне қазақ тілі ұнауы мүмкін. Мысалы, өзім физика немесе химиядан жазған формулаларды осы күнге дейін тұрмыста пайдаланып көргенім жоқ. Осы тұрғыдан алғанда, баланы миына кірмейтін сабақпен басын қатырудың қажеті қанша?!", - деген теріс пікірлі "ҰСТАЗдардың" қалайша өздерін "Ұстазбын" деп жүргеніне таңым бар.
Профориентациямен толық келісемін бірақ, әрбір пән арқылы оқушының білімі, дүние танымы кеңи түсінетінін естеріңізге саламын аса қадірменді псевдоұстаздар, сонымен қатар, бүгінгі оқушы ертеңгі студент, ал ол сәйкесінше ертеңгі күні бір саланың маманы болатыны айдан анық. Сол мамандар әр саланы дамытып, Еліміздің (сол елдің ішіне сіздерде, сіздердіңде ұрпақтарыңыз кіретінін атап өткенді жөн деп санаймын) өркендеуіне ат салысады. Өзгенің баласы "Күл болмаса бүл болсын" деген ұстанымнан бас тартып, әр оқушымен жеке дара тіл табысатын уақыт келген секілді. "Әр министрмен бірге келетін білім саласындағы эксперименттерге" тоқталатын болсақ, әрбір "жаңа бастама" орталық органдармен қабылданбас бұрын, сол саланың тиісті деңгейінде келісіліп, сараптамадан өткеннен кейін "пилоттық жоба" ретінде белгілі аймаққа енгізілетінін хабарлаймын. Сондықтан, өздеріңізге жүктелген міндеттерді абыроймен, адал орындауға шақырамын!!!
1
Болатжан,айналайын, мектеп мұғалімі болмағаның көрініп тұр. Мүйізің қарағайдай академик болсаң да,мектепте жұмыс жасамасаң,акадимиктігің бес тиын. Эксперимент жасайтындар университет профессорлары, ал оқытатындар мектеп мұғалімдері екенін жай ғана көзге елестетіп көрші. Бағдарламаның күрделігін қай ата ана да жылап айтады. Қалай күрделі болмасын? Жиырмадағы студентке айтатын дәрісін жеткіншекке арнап жазса. Эксперимент жасап әуре болғанша,педагогика ғылымына көңіл бөлсе дейсің. Жалпы мектеп білімнің іргетасы болса,универ ғылымның. Демек "тауық сойса да қасапшы сойсын" деген тәмсілді түсінгенше күте тұрамыз да.
0
ЖОО тарихшаларын тест жуйесі,қағаздағы, яғни кредиттік технология бойынша силабус жоспары бойынша емес ,Тарихты талдау,оқыту әдісі жане тарих мәселесіне көзқарасы деңгейін қадағалау міндетті!Әсіресе бұл мәселе болашақ тарихшаларда дурыс тарихшы оқыту маселесі бойынша оте маңызда!Дұрыс тарих-Өткеннен Болашаққа жалғыз аманат емеспе!!
Показать комментарии