Yvision.kzYvision.kz
kk
Qaz
Qaz
492 постов4 подписчика
5
00:36, 04 октября 2012

Алаштың салмағы – «69»!

Blog post imageҚазақ боксы алыс Кеңес одағы тұсында да мықтылығымен танылған-ды. Былғары қолғап киген оғландарымыз талайға таңдай қақтырды. Тәуелсіздік алғалы қатысқан бес Олимпиадада бокстан алты алтын алуымыз осы сөзімізді айғақтай түседі. Солардың үшеуін 69 келіде сайысқа түскен тарландарымыз жеңіп алған екен.

Blog post imageТұңғыш рет Қазақстан дербес ел ретінде 1996 жылы Атланта Олимпиадасына қатысты. Ол кездегі ережеге сәйкес біз сөз еткелі отырған 69 келі салмақ дәрежесі жоқ болатын. Бұл салмақ кейіннен Афиныда қосылды. Мұхиттың арғы бетінде өткен додаға елімізден 8 боксшы аттанды.

Бапкерлер сегіз ұланның ішінен Болат Жұмаділов, Василий Жиров, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетовтің жүлдеден үміткер екенін айтып еді. Тәжірибелі мамандар қателеспеген екен. Василий Жиров Олимп шыңын бағындырып, ең үздік боксшыға берілетін «Баркер» кубогына ие болды. Ал, Болат Жұмаділов күміс, Болат Ниязымбетов қола медальға қол жеткізді. 71 келі салмақта сынға түскен Ермахан Ыбырайымов та жүлделі үшінші орыннан көрінді.

Алаш өрендері Сиднейдегі төрт жылдың дүбірлі додасында айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақтың төрт боксшысы финалда! Жасыл құрлықтың шаршы алаңында жасындай жарқылдаған Бекзат Саттарханов Олимпиада чемпионы атанды. Тағы бір шойын жұдырықты боксшы Ермахан Ыбырайымов та жеңіс тұғырына көтерілді. Орта салмақтағы жеңіс жылнамасының бастауын Ермахан салып кетті. Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміс медальдің иесі атанды. Осы Олимпиададан кейін 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесі алынып тасталды. Оның орнына жаңа салмақ қабылданып, 64-67 және 67-71 келі біріктіріліп, 69 келі салмаққа ауысты. Айта кету керек, әлі күнге дейін боксшыларымыз Сиднейдегі жетістікті қайталай алмай келеді.

Олимпиаданың өз Отанында жалауы желбіреген дода бізге сәтсіз болды. Соңғы сәтке дейін қоржынымыздан алтынның сыңғыры естілмеген болатын. Күрзі жұдырықты жігіттеріміз болмағанда, елге алтынсыз оралар ма едік, кім білсін? Афинының шаршы алаңдарында Бақтияр Артаев қарсылас шақ келтірген жоқ. Екі дүркін Олимпиада чемпионы Олег Саитов, екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагон сынды саңлақтарды алтыннан қаққан Бақтияр «Баркер» кубогына да ие болды. Араға сегіз жыл(!) салып ең үздік боксшыға берілетін жүлде біздің өренге бұйырды. Алғаш рет алтыны сарапқа салынған 69 келінің шыңы Алаш оғланына бағынды. Афиныда Бақтиярдан бөлек екі боксшымыз жүлдеге ілінді. Геннадий Головкин күміс, Серік Елеуов қола медальге ие болды.

Blog post imageБоксшыларымыз үшін Бейжің Олимпиадасы аса сәтсіз болды. Жарысқа аттанған он боксшының екеуі ғана жүлдеге ілінді. Еркебұлан Шыналиев қола медальге қол жеткізді. Бокстағы жалғыз алтын Бақыт Сәрсекбаевтың еншісіне тиді. Бейжіңдегі дүбірлі додада қаптаған қалың қытайдың арасынан суырылып шыққан қандасымыз Қанат Ислам да үздіктер қатарынан көрінді. Әрине, ол кезде Қанат Қытайдың намысын қорғаған еді. Алайда бұл – Алаш өрендерінің жетістігі! 69 келідегі кезекті алтын! Кездейсоқтық па?..

Тәуелсіздік алғалы ең сәтті дода – Лондон Олимпиадасы болды. Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет 7 алтынға қол жеткізді. Ауыр атлетикада 4, жеңіл атлетика, веложарыс, бокстан бір-бірден алтын алдық. Иван Дычко қола, Әділбек Ниязымбетов күміс медальдің иесі атанды. «Тұманды Альбионда» әлем жұртын аузына қаратқан, қарсылас шыдатпаған Серік Сәпиев Олимп шыңына шықты. Сонымен қатар Серік Лондон Олимпиадасының ең үздік боксшысы болып танылды. Тағы да 69 келіде Алаш боксшысы үздік шықты.

Бокстағы орта салмақ болып саналатын «69 келі» Алаштың оң жамбасына келіп тұр. Ермаханның салмағы 69 келіге жақын екенін ескерсек, Алаш алған 6 алтынның 4-еуі орта салмақтағыларға бұйырыпты. Тіпті Ыбырайымовтың алтынын есептемеген күннің өзінде соңғы үш Олимпиада ойындарында 69 келіде қатарынан 3 алтын алуымыз бұл салмақтың бізге ақжолтай екенін айғақтайды. Бұның кездейсоқтық болуы мүмкін бе? Қалай десек те, «69» – Алаштың салмағы деп айтуға хақымыз бар. Тіл-көзден сақтасын, қазақтың өрендері «69»-ды әлі талай бағындырары сөзсіз!

 

P.S. Төрт жылдың дүбірлі додасы енді Рио-Де-Жанейрода өтеді. «Алаш салмағына» талантты боксшы Данияр Елеусінов өтуі мүмкін. Жас сайыпқыран Лондонға да барып, бағын сынады. Тәжірибе жетіспегені болмаса, Данияр барын салды. Енді ол Риода өтетін Олимпиадада ағаларының жолын жалғастырып, «69»-да атой салады деген сенімдеміз.

Толық: Нұр Астана

Тұрсынғали Еділов, бапкер:

– Орта салмақты Алаштың салмағы деп айтуға толық негіз бар. Себебі, орта салмақтағы қазақтардың атой салуы Серік Қонақбаевтың кезінен басталады. Кейіннен Ермахан Ыбыраймов 71 келіде Олимпиада чемпионы атанды.

Әлем халықтарын алып қарайтын болсақ қазақтар бой жағынан да, салмақ жағынан да орташаға жатады. Қытайлар секілді майда емеспіз. Сондықтан орта салмақта қазақтар жеңіске жетуі тиіс. Бапкерлер де осы салмақтағы боксшыларға көп көңіл бөлгені жөн. Яғни, 63-81 келі арасы нағыз қазақтың салмағы.

Алдағы Олимпиадада жеңіс жылнамасы жалғасын табады деген ойдамын. Талантты боксшы Данияр Елеусінов Рио шыңын бағындыруы тиіс.

5
796
0