Бізде жаңа қуат көздері жетерлік

«Айқын» 2012 M10 3
607
0
1
0

    03.10.12.Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның энергетикалық саласындағы басты оқиғасы - KAZENERGY VII Еуразиялық форумы басталды. Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет...

 
 

03.10.12.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның энергетикалық саласындағы басты оқиғасы - KAZENERGY VII Еуразиялық форумы басталды. Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет басшысы Серік Ахметов қатысты. Жылдағы дәстүрмен, бұл жолы да еліміздің бас қаласына саладағы беделді халықаралық ұйымдардың, әлемдік және отандық алпауыт энергетикалық компаниялардың басшылары, әралуан мемлекеттердің ресми тұлғалары және белді сарапшылар жиылып, индустриядағы соңғы жаңалықтармен бөлісті, энергетиканың ең көкейкесті мәселелері бойынша алқа құрып, ақыл қосты.

Биылғы KAZENERGY форумы се­німді де орнықты қуаттандырылатын болашақты қалыптастыру сынды ауқым­ды мәселеге арналып отыр. Бұл ретте оның отырысына «Өзгерістер дәуіріндегі әлем: тұрақты энергетикалық болашақ­ты қалыптастыру» деген тақырып арқау етіліпті. Осыған орай форумға әлемнің
50 мемлекетінен қатысып жатқан де­легаттар 10 бағдарламалық секцияларда және 4 интерактивті диспуттарда екі күн бойы кеңесіп, еркін пікір алмасып, заманауи энергетика саласының негіз­гі мақсат-міндеттерін талқылайды, әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қам­тамасыз етудегі Қазақстанның ор­ны мен рөлін саралайды. Бұл ретте бизнес­тің әлеуметтік жауапкершілігі, энергия­лық тиімділік және экологиялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ сарапшы мамандар энерге­тика саласының даму болашағына көз жүгірте келе, оның алдағы онжылдық «сценарийін» құрастырып көрмек. Осы форумдағы басты оқиға - Дүниежүзілік мұнай кеңесінің (WPC) отырысы болмақ, ол қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр.
Жаһандық жиынға модератор ретінде бельгиялық журналист, «Аптадағы Еуропа» бағдарламасының жүргізушісі Пол Хаккет шақырылыпты.
- Бүгінде KAZENERGY форумы қа­зақстандық және әлемдік энергетиканың өзекті мәселелері талқыланатын негіз­гі халықаралық алаңға айналып келеді, - деп жоғары баға берді, форумның ашы­лу рәсімінде Премьер С.Ахметов. - Себебі бұған дейін өткен мәжілістер осы іс-шараның тиімділігін көрсетті. Мемле­кет пен бизнес арасындағы байланыс кү­шейіп, Қазақстанның мұнай-газ кешенін тұрақты дамытуға қажетті алғышарттар жасалды.
Өз сөзінде Үкімет жетекшісі бірне­ше елеулі жаңалықтарды жариялай кетті. Серік Ахметовтың айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы бойынша Қа­зақстанның мұнай өңдеу зауыттары 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғыртылып шықпақ. Атап айтқанда, қайта жаңғыртудың арқасында Аты­рау мұнай өңдеу зауытында жоғары сапа­лы бензинді өндіру көлемін үш есе артты­руға болады.
Бұл ретте Премьер-министр келесі жылы Солтүстік Каспий қайраңы­нан мұнай өндіру басталады деп жоспарла­нып отырғандығын жеткізді. «Бүгінде табиғи газды өндіру көлемі артуда, - деді ол. - Осыған орай Қарашығанақта жылына 5 миллиард текше метр газды өңдейтін зауыт салынатын болады!»
Серік Ахметов KAZENERGY фо­румында Қазақстан Үкіметінің қа­зақ мұнайы мен газын тасымалдау ба­ғыт­тарын ары қарай да әртараптандыру­ға ықпал етуге ниетті екендігін мәлімде­ді. Бұл әлдебір елдер мен нарықтарға тәуел­діліктен құтқаруға тиісті. Осы тұста бүгінде әлемдік экономиканың «бел­гісіздікке» маңдай соғып тұрғандығын айта кеткен Қазақстанның жаңа Премьері тіпті соның өзінде қуат көз­деріне деген әлемдік сұраныстың өсетіндігіне күмәнданбайтындығын нықтады. «Сондықтан біз ары қарай да қуат көздерін тасымалдау бағыттары мен түпкі тұтыну нарықтарын әрта­раптандыруға ықпал етуге ниеттіміз» деді ол.
С.Ахметов Қазақстанда барын­ша жоғарғы өндірістік әлеуетке қол жет­кі­зу «жаңа инвестицияларды тартқанда» ғана мүмкін болатындығын айтты. «Үкімет инвестициялық ахуалды же­тілдіру және жеке сектормен өзара тиім­ді әріптестікке жәрдемдесу бойынша ұдайы жұмыс жүргізеді, - деді Үкімет басшысы. - Қазақстан тек шикізатты өндіруге ғана емес, сондай-ақ оны те­рең қайта өңдеуге де инвестиция тартуға ұмтылуда» деген ол «қазақстан­дық қамтуды» арттыруға және тех­но­логиялар трансфертіне бұрынғыдай басымдықты көңіл бөлінетіндігін мәлім етті.
Қазақстан «қайта қалпына келе­тін қуат көздерінің мүмкіндіктерін де мойындайды». «Сол себепті Үкімет осы саладағы бірнеше ірі де перспектив­ті жобаны қолдайтын болады! - деп ха­барлады Серік Нығметұлы. - Бірінші кезекте, бұл - күн энергетикасын дамыту, жел қуатын пайдалану». Ол «жер-жаһандағы ауа райының өзгеріс­­тері планета тұрғындары үшін барған са­йын үлкен қатерлер төндіріп келе жатқандығын түсінгендіктен» де Қа­зақстанның «адами капиталды дамы­туға, инфрақұрылымға және техно­ло­гияларға айтарлықтай қаражат ин­­­вестициялап жатқандығын» жеткіз­ді. «Біздің қуат үнемдеу және энергия­лық тиімділік туралы заңымыз өнеркәсіп­­тің қуат шығынын 2015 жылы 10 пайыз­ға және ағымдағы онжылдықтың соңы­на қарай 25 пайызға дейін азайтуға бағытталған» деді сөзінің соңында ел Үкіметінің жетекшісі.
Ал KAZENERGY қауымдасты­ғының төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстанда баламалы энергетиканы жаппай ендіру әзірге тиімсіздеу екен­дігін бағамдады. Ол күн және жел қуатының арзандайтын күні әлі-ақ туатындығын болжады. Бұл бағыттағы зерттеулер, мәселен, «Назарбаев Уни­верситетінің» Энергетикалық зерттеу­лер орталығында жүргізілуде. Айтқандай, дәл осыған ұқсас байламды «Назар­баев Университетіндегі» дәрісі барысын­да Қазақстан Көшбасшысы білдіргені есте. Ол Германияда ендігі дәстүрлі электр­ден бірнеше центке арзан күн қуатын өнді­ру жолы табылғандығын жеткізген.
- Баламалы энергетика өте өзекті, барлығы сол туралы айтады, - деді Тимур Құлыбаев. - Қазақстанға Жарат­­қан ие көмірсутектің барлық түрін сыйла­ған, бізде мұнай да, газ да, көмір де бар. Біз уран өнімі үшін қажетті ши­кізатты өндірушінің ірісіміз. Әрине, технологиялардың даму барысымен бірге энергиялық теңгерім-баланстың өзгеруі қоса жүреді. Мәселен, Еуропада өте қымбат газ қымбат баламалы энер­гетикамен ауыстырылуда. Барлық технологиялар арзандатылуда, қандай да бір мезетте, технологиялардың да­­муы және таралуымен бірге, баламалы энергетика да мейлінше қолжетімді болады. Сол кезде, өзімізде қуаттың баламалы көздерін белсенді дамытуға біз дайын болуға тиіспіз.
Т.Құлыбаев қазақ елін күннің сәуле мен нұрынан қақпайтындығын атап көрсетті: «Бізде күн сәулесі жеткілікті, Қазақстанның көптеген өңірлерінде күн жылына көп жағдайда нұрын төгіп тұрады, - деген ол қазақ жеріндегі желдің де қуатты екендігіне назар аудартты. - Бұған қоса, 5 нүкте бар, олар анықталған, бұлар - жел энергетикасын дамытуға болатын жақсы жерлер. Бү­гінгі таңда Қазақстанда баламалы көздерден өндірілетін қуат, дәстүрліге қарағанда, қымбат болып отыр».
Әйткенмен KAZENERGY қауым­дастығының төрағасы қазіргі уақытта мұнай өндіру үдерісінің, геологиялық барлаудың қымбаттап жатқандығы­нан, тиісінше, мұнай бағасының да өсу үстінде екендігінен құлағдар етті. Бұл да болса, оның ойынша, баламалы энергетиканың әлемдік қуат теңгері­мінде өз орнын алуына ықпал етпек.
Кейін журналистер алдына шық­қан Т.Құлыбаев 2013 жылдың наурызын­да Қашаған кен орнынан мұнай өндіру басталатындығын растады. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында ол қазіргі уақытта Қазақстанда, соның ішінде мұнай-газ секторында «қазақстандық қамтуды» арттыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Әйтпесе көптеген сарапшы­лар еліміз ДСҰ-ға кірген соң, дәл осы са­ладағы ірі компаниялардың сатып алуларында қазақстандық тауарлар мен қызметтерге беріліп келген басым­дық жойылатындығын айтуда. Әрине, сапасы төмен болса, «Қазақстанда жа­салған» таңбалы болса да, оны сатып алуға ешкімді ешкім міндеттей алмайды. «Бұл жерде жолдың жалғыз екендігіне мен сенімдімін, ол - тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемдік нарықта да тұтыныла алатын, бәсекеге қабілетті өнімді шығару!» деді Тимур Құлыбаев.
Ал «Қазэнерджи» форумынан шық­қан еліміздің Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев, журналистерге Қашаған кен орнын игеріп жатқан консорциум­ның акционерлерінің бірі - Conoco­Phillips-тің жобадан шығуы мүмкінді­гін хабарлады: «Олар өз үлестерін са­ту­ға ниетті, - деді министр. - Сатып алу­шының кім болатындығына келсек, бірінші кезекте, әрине, мемлекеттің ол үлесті иеленуге басымдықты құқығы бар, ары қарай қалған акционерлер­­дің басымдықты құқықтары бар. Кім­нің сатып алуға тілек білдіретіндігін біз білмейміз».
Мұнай және газ министрі ешкім ресми түрде сатып алатындығын жа­рияламағандығын жеткізді. Әзірге, тек ConocoPhillips өз үлесін сатуға ниеті барлығы жөнінде хабарлады. Оның өзі сөз жүзінде ғана екен. «Болды, одан басқа қазіргі мезетте біз артық ештеңе білмейміз» деп қайталады С.Мыңбаев.
Осы орайда Мұнай және газ министрі ConocoPhillips жобадан шықса, Өнім бөлісу туралы келісімнің (ӨБК) шарт­тары өзгермейтіндігін айтты. «ӨБК неге өзгерсін? - деп сұраулы жүзбен қарады журналистерге министр.
- Үлестер ғана өзгеруі мүмкін, Үкімет пен консорциумның келісімдік мін­деттемелері өзгермеуге тиіс». Алайда сарапшылардың айтуынша, дәл осы ӨБК шарттары кесірінен, Қазақстан қолайсыз жағдайда тұрған еді: шетел­дік алпауыттар, келісім бойынша, барлау және игеруге кеткен жүздеген мил­лиард шығындарын тегіс өтемейінше, еліміз­ге ештеңе бермейтін. Бұл кем­шілікті тү­зету үшін ел Үкіметі жобадан үлес сатып алып, енші иеленді. Жалпы мұнай қоры 38 миллиард баррелді не­месе 6 миллиард тоннаны құрайтын бұл кен орнынан өнім өндіру мерзімі бір­неше рет кейінге қалдырылды, сондай бір шегеру мерзімін келісу кезінде Қазақстан бұл жобадағы үлесін 8%-дан 16,8%-ға дейін арттыра алды және өзіне бастапқы келісімде болмаған роялти­дің төленуіне қол жеткізді.
Мұнай және газ министрі үшінші фазасында «Қарашығанақ» жобасына Ресейдің кіруі мүмкіндігін де айтты: «Біз және тараптар үшінші фаза аясында жобаны кеңейтуге дайынбыз. Мұндай кеңеюдің нақты параметрлерін РФ-мен талқыладық. Өйткені шикі газдың ай­тарлықтай ауқымы Орынбор газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Басқа бөлігін біз Қазақстан аумағында салынатын газ өңдеу зауытына жеткізуді қарасты­рудамыз». Оның мәліметінше, Қара­шығанақ бойынша да даулы мәселелер реттелген. Бұл ретте министр «Қаз­МұнайГаздың» осы жобада 10 пайыз­дық үлеске қол жеткізгендігін еске салды.
Сауат Мыңбаев «Теңіз» кен орнын­дағы «Болашақ өсім» деп аталатын жобаның да акционерлердің қарауын­да жатқандығын мәлімдеді. «Министр­лік оның барлау бойынша орталық ко­миссияға тезірек енгізілуін күтеді. Ал­дын ала қарау нәтижелері бойынша министрлік бұл жобаның әріптестер мен Қазақстанның мүдделеріне жауап береді деп санайды» деді Мұнай және газ министрі.
KAZENERGY VII Еуразиялық форумы өз жұмысын бүгін де жал­ғастырады.

Айхан ШӘРІП


 

Оцените пост

1
Дальше