Yvision.kzYvision.kz
kk
Разное
Разное
399 773 постов41 подписчиков
Всяко-разно
0
23:38, 01 октября 2012

«Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих»

Blog post image

«Алдоңғар» мәдениетті дамыту қоғамдық қоры танымал мұнайшы, қоғамдық және мемлекеттік қайраткер Равиль Чердабаевтың төл туындысы «Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих» кітабының жарық көргені жайлы хабардар етеді.

Автор әлемдік мұнай өнеркәсібінің тарихи-саяси қырын зерттеу жұмысын көп жыл бұрын бастаған болатын. Зерттеу нәтижесінде қазақстандық мұнайдың 110-жылдығына орай 2009 жылы оқырмандардың назарына ұсынылған «Мұнай: кеше, бүгін, ертең» монографиясы жарық көрді. Бұл еңбекте көне дәуірден бастап заманауи кезеңдегі әлемдік мұнай өндірісіндегі жағдайға дейінгі әлемдегі «қара алтын» өндіру жайлы жинақталған мәліметтер баяндалды. «Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих» кітабында Равиль Чердабаев мұнай мен оның тарихын қарастыруды біздің елдің мұнайгаз саласы үлгісінде жалғастырды.

Автордың айтуынша, «кітап оқырманға Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің пайда болып, қалыптасуы тарихының ең толық сипаттамасын жеткізуді, осы саламен қатар республиканың жалпы экономикасының кейінгі дамуына ықпал еткен оқиғалар жайлы, отандық мұнай өндірісінің кеңес дәуірінде, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шешуші және елдің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы маңызы жағынан кем түспейтін рөлі жайлы сыр шертуді мақсат тұтады.

Кітапта саланың айтулы өкілдері: ғалымдар, тұңғыш ашушылар, ұйымдастырушылар, қарапайым мұнайшылар мен жұмысшылар, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, сала жетекшілері жайында әңгіме қозғалады, олардың қажырлы еңбегінің арқасында біз бүгін көмірсутек шикізатының барланған орасан қорына, жоғарытехнологиялық мұнайгаз өндіру және өңдеу өнеркәсібіне қол жеткізіп отырмыз».

«Қазақстан мұнайы» кітабының алғысөзінде Равиль Чердабаев мұнайгаз секторының жас мемлекеттің қалыптасуындағы шешу рөлдердің бірін ойнағанын атап өтеді. Тәуелсіздіктің 20 жылының ішінде ел әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізіп, әлемнің мойындауы мен құрметіне ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстан мұнайдың дәлелденген қорының көлемі бойынша әлем елдерінің алғашқы ондығына және ғаламшардың жиырма ең ірі мұнайөндіруші мемлекеттерінің қатарына кіреді.

Басылымды дайындаған эксперттік топтың құрамына автор Бақтығожа Ізмұхамбетов, Балтабек Қуандықов, Болат Еламанов, Қадыр Байкенов, Ляззат Қиынов, Махамбет Батырбаев, Сәдуақас Құрманов, Тимур Құлыбаев, Нұрлан Қаппаров, Қанат Бозымбаев, Төлеген Хасанов, Ұзақбай Қарабалин, Нұртас Шманов, Анатолы Тегісбаев, Садуақас Мералиев секілді елдің айтулы мұнайшыларын шақырған болатын.

«Қазақстан мұнайы. Ғасырлық тарих» кітабының тұңғыш үлгілері автордың өз қолымен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғылыми кітапханасына табысталды. Кітаптың ресми таныстырылымын «Теңгізшевройл» компаниясының Қазақстандағы табысты іс-әрекетінің 20-жылдығына орайластырып атап өту жоспарлануда.

Қазіргі кезде кітапты мемлекеттік және ағылшын тілдерінде басуға дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

Қосымша ақпарат алу үшін хабарласыңыз:

Мейіржан Құрманов: +7 701 727 76 97, e-mail: m_kourmanov@aldongar.org

   

Автор жайлы:

Равиль Тәжіғариевич Чердабаев – мұнайгаз саласындағы еңбек өтілі 1000 жылдан асатын Чердабаевтар мұнайшылар әулетінің жарқын өкілі.

М.И.Губкин атындағы Мәскеу мұнайхимиялық және газ өнеркәсібі институтының түлегі. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық минералды ресурстар академиясының академигі, Халықаралық және Республикалық инженерлік академияларының және Еуразияның Экономикалық академиясының академигі. Бірқатар ғылыми жарияланымдар мен кітаптардың авторы.

«Теңгізшевройл» қазақстан-американдық бірлескен кәсіпорнының тұңғыш директоры. Тәуелсіз Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібінің тұңғыш министрі.

Түрлі кезеңдерде Қазақстан Республикасының Атырау облысының әкімі, Қазақстан Республикасының Украина мен Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР СІМ ерекше тапсырмалары бойынша Елшісі және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселелері бойынша келіссөздердегі Қазақстанның арнайы өкілі, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты лауазымдарын атқарған.

Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері.

КСРО, Қазақстан Республикасы және Украинаның көптеген ордендері мен медальдарымен марапатталған.

http://www.aldongar.org/

0
1313
1