Бейбіттен бала сүйгім келеді!

«Айқын» 2012 M10 1
538
0
0
0

  02.10.12.«Бүгінгі қазақ жігіттері қандай болуы керек?» деген сұрақ мені ғана мазаламасы анық. Өйткені бұл сауал - жалпы жұрттың жүрегінде жүрген, көпшіліктің көкейінен кетпейтін, түн ұйқысын төрт...

 
02.10.12.

«Бүгінгі қазақ жігіттері қандай болуы керек?» деген сұрақ мені ғана мазаламасы анық. Өйткені бұл сауал - жалпы жұрттың жүрегінде жүрген, көпшіліктің көкейінен кетпейтін, түн ұйқысын төрт бөлетін маңызды мәселе.

Әрине, көптің көзіне топырақ шашуға болмас, алайда қазіргі қазақ жігіттері әлсізденіп бара жатқан сияқты. Ұсақ-түйек әңгімеден аса алмай, ұсақ-түйек ұрлық жасап, темір тордың арғы жағында өмірін өксікпен өткізіп жүрген жігіттер туралы ойлағанда, төбе-шашым тік тұрады. Ертеңгі күнге сенімсіздеу, керісінше, өзінен бұрын әйеліне сенетін серілер көбейіп барады. Қанша жігітпен танысудың реті келді, бәрінің алдымен қояры «қайда қызмет істейсің, үйің бар ма?» деген секілді сұрқиялау сұрақтар. Керісінше, «болашақтың іргетасын бірге қалаймыз, қорықпа...» деп басу айтар бір жігітті көре алмадым...

Осындай ойлардан басым қатып, кейде түнде кірпігім ілінгенше нағыз қазақтың жігіттерін өзімше тізіп шығамын. Қазір биліктен бастап басқа салаларда да жүрген танымал азаматтарымыздың басына қонған бақыт - олардың туған тіліне жетіктігі, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятындығы. Амал қанша, бұл бақыттың басына теуіп жүргендер де жеткілікті. Алладан бұйырған, ата-анадан қанына сіңген асыл қасиетті бәрінен жоғары қойып, ұлтының ұлылығын дәріптеуге ұмтылған жігіттерге жаным сүйсінеді.
Жақында «Қазақ барысы» атанған Бейбіт Ыстыбаев. «Міне, қазақ жігіті!» деп мақтауға да тұратын, мадақтауға да лайықты азамат. Ол былтыр да биіктен көрінгісі келген, биыл діттеген шыңына шықты. Алдына мақсат қойса, соған жетпей тынбайтын, өршіл, жігерлі, білегінің де, білімінің де мықтылығымен таразы басын тең ұстайтын текті жігітке қазақтың барша қаракөз қыздары ғашық десем, артық айтқаным емес. Тіпті оның сүрбойдық екендігін «Айқыннан» оқыған мыңдаған қыздың үкілі үмітін жүрегінде жандырып, «балуан жігіттің бағын ашуға лайықты жар болсам» деген ой арулардың асқақ арманына айналып кеткені анық.
Жасыратыны жоқ, солардың қатарында мен де бармын. Жоғары оқу орнын бітіргенмін. Қазір мектепте мұғаліммін. Өз басым билікке ұмтылып, қызмет қуалап, жеке пайдасын ойлайтындардан ұдайы аулақ жүремін. Керісінше, кім қарапайым халыққа жақын, жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлттың үмітін оятуға құштар... міне, сондай жігіттерді жақсы көремін. Айналама бажайлап қарасам, қазір қоғамда көзге түсіп, елдің құлағын елеңдеткен бірден-бір азамат - Бейбіт Ыстыбаев. Құрыш қолды, сом білекті жігіттің боз кілемде тұрысының өзі ғажап. Қазақтың көсегесін көгертетін де, болашағына деген сенімді оятатын да Ыстыбаев секілді ыстық ықыласқа бөленген азаматтар. Шынымды айтсам, осындай жігітке қолым енді жете ме, жетпей ме? Бәрі бір Аллаға аян...Дәл осы жігітке тұрмысқа шығып, Бейбіттен бала сүйгім келеді.

Әрине, жан сырымды жайып салып, ашық әңгіме айтып отырғаным біреулерге ұнамас. Мейлі, ұнамаса ұнамасын. Бірақ ұйқымды қашырған ойларды оқырман назарына ұсынып, олардың да пікірін білгім келеді. «Жақсыдан жақсы туса игі» дейді қазақ. Жақсы адамның жары болып, жақсы ұрпақ өсіруді ойлағаным, ешкімнің шамына тимесі анық. Қазақтың келешегі мықты ұрпақпен ғана зор болғалы тұр. Жастар да Бейбітке еліктеп, білімі мен білек күшін қатар сынға салып жатса, сондай асылдарымызға арулар да ғашық болып, тұрмыс құрып жатса, одан ешкім ұтылмайды.

Б.БАЗАРбАЕВА,
мұғалім


 

Оцените пост

0
Дальше