место в рейтинге
  • 63664
  • 72
  • 14
Нравится блог?
Подписывайтесь!

Аштықпен күрескен Айнабек.

Аштықпен күрескен Айнабек.

 

Ақынбеков Айнабек (1882-1972 ж.ж.)

 

Биыл қазақ халқын қынадай қырғынға ұшыратып, тірі қалғанын жан-жаққа шілдей бытыратып жіберген ашаршылықтың басталғанына 80 жыл толып отыр.

Әдетте, біз осы алапат аштықпен күрескендер  туралы сөз болғанда, осы мәселені Сталинге жеткізіп Одақтық деңгейде көтерген  Т.Рысқұлов, ел жадында «Бесеудің хаты» деген атпен қалған Голощекинге жазылған хаттың авторлары сияқты республикалық деңгейде  қозғаған  тұлғалардан басқа көп адамның атын атай алмаймыз. Зерттеушілеріміз оның түпкі себебін, қауіпсіздік органдары мұрағатының көпшілік зерттеушілер үшін әлі күнге жабық болуымен түсіндіріп жүр.  Біздің де қауіпсіздік органдарының мұрағатына  кірсем деген әрекетіміз сәтсіз аяқталды. Ал, басқа мұрағаттарда, мысалы ОҚ Облыстық мұрағатында 1931-33 жылғы деректер өте аз. Бейне бір, осы жылдары қоғамдық өмір баяулап қалғандай. Дегенмен,шыдамы жетіп, тереңірек қазған зерттеуші үшін тікелей болмаса да жанама деректер табылады. Ол деректерден жергілікті жерлерде де өз мүмкіндігі жеткенше ашыққан халыққа көмек қолын созған азаматтарымыз болғанын білуге болады.

Сол ашыққан халыққа қанатымен су сепкен құстай жәрдем берген азаматымыздың  бірі,1931-34 жылдары   Оңтүстік Қазақстан Облыстық Өндірістік Одағы (Облпромсоюз) төрағасының орынбасары  болып қызмет атқарған Айнабек Ақынбековті бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.

Зар заманда  туылып, нағыз  кемеліне келіп, қайрат-жігері  толысқан  шағы  зұлмат  кезеңге  тура  келсе де, басын бәйгеге тігіп, туған халқы үшін жан аямай қызмет еткен Айнабек Ақынбековті бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді. Ал, Айнекеңнің  үлкен  бір  романға  арқау боларлық,  драмаға  толы  өмір жолына  тереңірек  үңілсек,  кейінгі  жастарға  ғибрат  боларлық  істері  жеткілікті-ақ.

Кеңестер Одағының  басты  газеті  «Правда»  болса, басты  журналы  «Огонек» болғаны  белгілі. Міне,  осы «Огонек»  журналының  арнаулы  тілшісі  1960 жылдардың  соңында,  Мәскеуден  «Кеңесарыққа»  арнайы келіп, Айнабек  атадан   сұхбат алып, суретін  журналдың  бетіндегі  мұқабасына  шығарған. Ал, ол уақытта,  өз  суретін  «Огонектің» мұқабасынан  көру,  тіпті  кез-келген  облыстың  бірінші  басшыларына  немесе  «Халық  артистеріне»  бұйыра  бермейтін  бақыт  еді.

Одан кейінгі бір мақаланы  республикалық «Айқын» газетінің  2006 ж. 31 қазандағы санынан  кездестірдік. Онда  М.Әділханов деген  журналист «Бір ауылды ашаршылықтан аман алып қалған»  атты  көлемді  мақаласында  Айнабек туралы  жақсы жазыпты, бірақ, одан  әрі  тереңдетуге  деректердің тапшылығы мүмкіндік  бермегені  байқалады. Ал біздің бірнеше жыл мұрағаттарда отырып, ел аралап  қариялардың аузынан жазып алған естеліктерден түйгеніміз, Айнекеңнің шарапаты бір ғана ауылмен немесе бір ғана ауданмен шектеліп қалмаған екен. «....Ауыл  қарияларының айтуынша Айнабек ел қадірлеген кісі екен. Отырған, жүрген жерінде: «Аруағыңнан айналайын Бекасыл баба, сіз үйреткен имандылық жолынан адаспасам деп келем. Адастыра көрме, құдайым,-деген сөзді көп айтыпты» (Мамытбек Қалдыбаев «Сахара ғұламасы»  Алматы, «Жібек жолы» баспасы ,2004 ж. ) деген жолдардан Айнабектің Бекасыл әулиені өзіне ұстаз, пір тұтқанын байқауға болады.

Сайрамсу өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан Қарасора ауылында 1882 ж туылған  Ақынбеков Айнабек ―1908 ж. анасы, 1917 ж. әкесі қайтыс болғаннан кейін, отбасының бар  ауыртпалығын мойнына алады. Жасында ауыл молдасынан  білім алып, кейінірек  «Әліпби» ауысқанда өз бетінше ізденіп, латынша  сауатын ашқан. Көрші орыс селоларының тұрғындарымен  жақын араласып, орысша үйренген Айнекең  бүкіл  саналы  ғұмырын,  ел игілігі  мен  ұрпақ  қамы  үшін  қызмет  етуге   арнаған.

Сонау,  патша  заманында –ақ, бүкіл «Төс» (Қазығұрт пен Түлкібас аралығын ілгеріде солай атаған) елінің  шым-шытырық  дау-шарларын  еш қайсысына бұра тартпай  әділ  шешіп,  ел  арасында  үлкен  беделге  ие  болған  Балға, Әлімбек  билердің  қасында ― «атын  ерттеп,  қолына  су  құйып»  дегендей – бірге жүріп, қаршадайынан  қазақ  халқының  ғұрыптық  заңдарын  жастайынан  көңіліне тоқып, бойына  сіңірген  Айнабек  жаңа  үкіметтің  де   аяқ  алысын, алдын ала  бағдарлап  отырған.  Кеңес өкіметі тұсында, алдымен «Қосшы» одағы мен кеңес органдарында, 1929 жылы құрылған «Кеңесарық» колхозының төрағасы секілді түрлі жауапты  қызметтер  атқарған Айнабек 1931 ж. Шымкент Облыстық Өндірістік Одағы (Облпромсоюз) төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылаған.

Қазақ халқы рулық санадан қолын әлі үзе қоймаған сол заманда, іргелі бір қазақ руының сөзін ұстап тұрған Айнабекпен жас кезінен таныс, әрі құрдас  ҚазАССР  Орталық  Атқару  Комитетінің  төрағасы   Елтай  Ерназаровтың өзі  санасқан ―жақындасуға, жекжат болуға ұмтылған. Осындай себептерден, 1929 ж. елге келген сапарында  Елтай Ерназаров өз ұлы Мырзабиге Айнекеңнің бесіктегі қызын атастырған. (Мырзаби Ерназаров (1922 -1943 ж.ж.) Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан.Ол  туралы Сәбит Мұқанов, Әзілхан Нұршайықовтың кітаптарында кеңінен айтылған)

Айнабек  үкіметтің  қазақтарды  отырықшыландыруға  бет  алғанын  және  бұл  үдерістің  кері  күші  болмайтынын терең  түсіне  білген.  Құдасы  Елтай арқылы  үкіметтің  жүргізілгелі жатқан шаралары туралы  алдын-ала  хабардар болып отырған және өзі алған ақпараттарды жергілікті халық үшін барынша ұтымды пайдалануға тырысқан.

Кеңес өкіметі 1926-1927 жылдары егіншілік және жайылымдық жерлерді бөлуді жүзеге асырды. Заман  ағымын  бағамдаған  Айнабек  өзінің бала кезден бірге өскен досы Байтеліұлы Атай (ОҚ Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Оспанбеков Қанаттың туған нағашы атасы) екеуі күндіз-түні  ат  үстінен  түспей, елдегі  өзімен  пікірлес,  ниеттес  өзге де  жігіттерді  жанына  ертіп, құрылысы рулық қауымға негізделген, қазақ ауылы тұрғындары ― Ақсу мен Сайрамсу  өзендері бойындағы  сай-саланы  мекендейтін  қалың елдің шашырап кетпей, әулет-әулет болып бір жерге қоныстануына күш салған.

Өзен аңғарларындағы  шұрайлы жерлердің барлығын патша үкіметі тұсында қоныс аударған келімсектер тартып алғаны белгілі. Отаршылар ығыстырған қазақтар, «Ақсу» мен «Балдыбірек» өзендерінің аралығындағы  кең жазыққа,«Сайрамсу», «Науытсай»,  «Машат», «Ақсу», «Жергентал», «Балдыбірек» өзендерінің аралығындағы сай-саланың қия беткейлеріне өздеріне ғана белгілі әдістермен  арық тартып, су жүргізіп, жаз айларында қос, шайла тігіп отырып, егін салады - тары, қонақ (тары тұқымдас дақыл) егіп жан бағады (Сол арықтардың сілемдері  әлі жатыр).

Сол маңайдағы  Георгиевка (қазіргі Көксәйек), Петропавловск (Тасарық), Суплатово, Гавриловка , Колосовка (Қасқасу), Сахаровка, Даңғырашалған (Қаратөбе ауылының маңында сондай ауылдар болған) орыс- украин селоларының тұрғындары-келімсектер, енді Кеңес үкіметіне арқа сүйеп, жергілікті тұрғындардың жаңа игерілген жерлеріне көз аларта бастайды. Петропавловск (Тасарық)  селосының  тұрғындарымен болған  (орыс-украин шаруалары) «Ақсу» мен «Балдыбірек» өзендерінің аралығындағы  «Саңлақ» аталатын кең жазық (қазіргі Көксәйек пен Қаратөбе ауылдарының аралығындағы, ені шамамен 8, ұзындығы-20 шақырымдай жазық) үшін талас, тіпті қарулы қақтығысқа ұласып кеткенін көнекөз қариялар әлі күнге жыр қылып айтып отырады.

Осы жерлердің барлығы Айнабектің күш салуымен 1927 ж. желтоқсан айында сот орындары арқылы заңдастырылып, өз иелерінде қалғанын  бүгінгі күні мұрағат құжаттары дәлелдеп отыр.

1928 жылғы 27 тамызда – «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декрет жарияланды.

Айнекеңдердің осы  кәмпеске науқанындағы жасаған ісі тіпті адам таңқаларлық...

Науқанның басталатынын алдын ала сезген Айнабек сенімді серігі Байтеліұлы Атай екеуі қулыққа барған.Олардың негізгі мақсаты―басталған науқанның елге тиетін залалын барынша жеңілдету еді.

Кешегі үзеңгілес достар, көпшілік  алдында қатты керісіп, жиі-жиі сөзге кеп қалып жүреді. Ел бұларды «билікті бөлісе алмай жүр» деп сан-саққа жүгіртеді.

Сондай бір кезекті «жанжалдан» кейін Атай Өзбекстанның Ангрен деген аймағына көшіп кетеді. Бір қызығы бара сала, сол жақта ауыл кеңес төрағасы қызметін иеленген. Кейін, Бадам ауданындағы кәмпескеге ілінуге тиісті бақуат жандардың көпшілігі Атайды сағалап  Ангренге қоныс аударған. Тіпті, олардың арасында бүкіл «Төс» еліне белгілі бай, патша заманында «старшын» болған Үсіпұлы Байжан (облысқа белгілі балалар дәрігері, ұзақ жылдар бойы Қасқасу ауруханасында дәрігер болып қызмет істеген, облыстық кеңестің бірнеше шақырылымында депутат болып сайланған Сеңгірбай (марқұм) Байжановтың әкесі), балдыбіректік Сыйқымның байлары Нұржан, Құлажандар да болған. Адамға адам сенбейтін, қиын кезеңде Айнабек пен Атай  өздерінің ара қатынасын, тіпті  жақын туыстарынан  да жасырған.

Өкінішке орай, Байтеліұлы Атай сол жақта,шамамен 1936 ж. қастандықпен өлтіріледі. Оның  артында қалған отбасын  немере інісі Өмірзақұлы Қозыбақ (қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың әкесі) елге көшіріп әкеледі.

1931 ж. Шымкент Облыстық Өндірістік Одағы (Облпромсоюз) төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған Айнабек  ―ашаршылық жылдары басын бәйгеге тігіп, қызмет бабын пайдаланып, ашыққан елге есебін тауып, астық жеткізіп, талай халықты аш-өлімнен құтқарады. Сол кездегі «ұқпақұлақ» жас балалар ―бүгінгі қариялардың айтуынша, 1932-33 жылдары  нағыз ашаршылық басталып, ел ― ит, мысық, тышқанды тауысып, адам етін жей бастаған уақыттарда, Бадам ауданының (қазіргі Төлеби ауданы) көптеген ауылдарына, түнде-түнде белгісіз жақтан  кейде - арпа-бидай, кейде - қарақұмық пен раң деп аталатын шөптесін өсімдіктің дәні арбамен жеткізіліп тұрған. Ресей халқына жіберу үшін, халықтан тартып алынып, поезға тиеу үшін  Шымкентте жинаулы тұрған астықтан Айнабек есебін тауып, сенімді адамдары арқылы  ауылдарға жіберіп тұрған . Екі көзің бір біріне дұшпан болып тұрған, сол бір зұлмат жылдар үшін бұл енді – көзсіз ерлік еді. Тіпті, оның қандай астық екенін жергілікті жерлердегі «шолақ белсенділерден» де жасыруға мәжбүр болған. Айнекең «Кеңесарық», «Оңтүстік» ауылдарына жіберген астығын Тұрғынбаев Танабай, Тойболов Өтебай, бұл кезде бұрынғы Петропавловск атауының орынына жергілікті большевик  Блинков дегеннің аты берілген Блинков  (Тасарық)  селосындағы  Ауылдық  тұтынушылар  қоғамының  (СельПО) бастығы Майлиев Қонақбай (әйгілі боксшы Серік Қонақбаевтың атасы) және өз інісі Ақынбеков Жақатай сияқты сенімді адамдары арқылы аштарға таратқан.

Ал, Шымкент қамбаларындағы астықтың барлығы, осы өзіміздің халықтан тартып алынған астық еді. Халық жадында «Ұра тап!» деген атаумен  қалған сол науқанның мәні―әр колхозға белгілі мөлшерде астық және т.б. салықтар салынған (тіпті салықтың азық-түліктен басқа,тасбақаның сауыты, иттің терісі сияқты миға қонбайтын 26 түрі болған). Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан―белсенділер үй ішін астаң-кестең етіп тінтіп тартып әкететін болған. Олар «өзің не жейсің, бала-шағаң қалай күнелтеді»– деген сияқты сұрақтармен өз бастарын қатырып, әуре болмаған.

«Айнабек жіберген астықты, ұжым төрағасы Тойболов  Өтебай қоймашы Байниязов Ниязымбет арқылы ашыққандарға тарататын»  деп еске алады Кеңесарық ауылының тұрғыны Баялиев Кертай ақсақал.

«Кеңесарық»  ауылының тұрғыны Жалдыбайұлы  Сырлыбай: «1932 жылы   менің әкем Жантөреұлы  Жалдыбай  мен  сенің әкең Етекбайұлы  Шыныбек (1911-1980 ж.ж.) «Оңтүстік»  ауылында  біреудің  қорасында  аштан  өлуге айналып, ісіп- кеуіп, естері  кіресілі-шығасылы  болып, өмір мен  өлімнің  арасында  жатады.  Сол кезде үй-үйді  аралап, Айнекең жіберген  астықтан  таратып жүрген  Қонақбай  келіп, ауыздарына  шалап тамызып, талқан беріп  бастарын сүйейді.  Қонақбай  көмектесу  үшін  өзінің  бір  ағайын  інісін (атын  атап, түсін түстеп, ұрпақтарының  көңіліне  қаяу салудың  қажеті жоқ - деп ойлаймыз.Ө.Ш.) ертіп  жүр екен. Қонақбай  әлгіге  «Мыналарды тамақтандыр» - деп бұйырады. Әлгі інісі  «Бұл «шешеңді пәлен  қылайындар» ауқат  берсең  де  өледі, бермесең  де  өледі, бидайды  қор  қылмай-ақ  қоялық!» – деп, ағасына қарсылық білдіреді. Сонда  Қонақбай  әлгіге кейіп, «Не  оттап тұрсың?  Аш өле ме, тоқ өле ме, оны бір Жаратқан біледі!»-деп,  Шыныбек  пен Жалдыбайды  өз  қолымен  тамақтандырады.  Міне,  осылайша, Айнабек  жіберген  астықты  ашыққан  ағайындардың  бәріне  тегіс  таратып, солардың  көпшілігі  аман  қалады». Бұл  бір  ғана  мысал, ал  сол  зұлмат  кезеңде  жоғарыда  аты аталған кісілердің  шарапаты  тиіп, жақсылығын  көргендердің  көбісінің  бүгінде  көзі жоқ,  енді, бізге ешқашан  естелік те айта алмайды.

Мұнда ескерте  кететін бір жайт, аштарға  азық таратуға тиісті жігіттер пенделікке бой алдырып ―біреуге көбірек, біреуге аздау деген сияқты бұра тартуы әбден мүмкін. Көпке жағу қиын, өз кезегінде аштықтан құтылған адамдар да, кейін пәленше өз туғанына «тары талқан», ал  бізге «қарақұмық» пен  «раң»  дәнін  жегізді- деп, азық-түлік жіберген адамды күстаналаған теріс әңгімелер де болған.

Айналадағы  елдің  аштықтан естерінен айрылып, каннибализм (адам етін жеу) дертіне шалдығып жатқанда, бұл енді, ашығын айту керек ―таза пендешілік!

Сөз арасында айта кеткен ләзім, жағдайдың ушығып кеткенін сезген  үкімет 1933 ж. колхоздарға тұқымдық астық таратады. «Шолақ белсенділер»  «өте жоғары белсенділік» танытып, дән сеуіп жүрген колхозшылар  дәнді жеп қоймады ма -деп, олардың үлкен дәретке отырған жерлерін таяқпен шұқылап, тезектерін тексереді екен. Қанша шайнасада, асқазан шикі дәнді толық қорытуы мүмкін емес, жарымы  сыртқа шығады. Ондайды байқап қойса, тепкінің астына алып, ит сілікпесін шығарады.

1935 жылы  8 ақпан  күні  ашаршылық жылдары жұртқа  жасаған   жақсылығы – басына  «пәле» болып жабысып,  Айнабек  тұтқынға  алынады. Оған себеп болған, күнделікті өмірімізде күнара кездесіп жататын тұрмыстық төбелес . Сол кезде қылшылдаған  25-тің ол жақ, бұл жағындағы жастар ―Танабай мен Жақатай көрші ауылдың бозаға тойған жігіттерімен төбелесіп,сабап тастайды. Сосын мастығы тарқасын деп Сайрамсудың тастай суық суына «тоғытып» алады. Тергеу барысында, ашаршылық кезінде елге таратылған астықтың да «ұшы» шығып қалып, сот  ―«үштік» тарапынан төбелес – жай төбелес емес, «Кеңес өкіметіне қарсы террорлық әрекетке» баланады. Танабай мен Қонақбай - 5 жылдан, Жақатай мен Өтебай -10 жылды арқалап кетеді. Ал, Шымкент қаласында тұратын, төбелестің болғанын тұтқындауға келген ОГПУ қызметкерлерінен естіген  Айнабек «террорлық әрекеттің» дем берушісі ретінде 3 жылға кесіледі («Адам болса-болғаны, ал заң бабы табылады» И.В.Сталин). Арызданушылармен де, «терроршылармен» де жақсы таныс Қызылбілек ауылының мұғалімі Құттыбаев Сүлеймен жігіттердің ақтығын айтып, ара түспек болғаны үшін, түрмеде 5-6 ай жатып шығады. Қонақбай мен Өтебай айдауда жүріп қаза табады. Неге екені белгісіз, Айнабекке құдасы Елтай көмек көрсетпейді. Дегенмен, Елтай қызметтен босап, 1944 ж. Георгиевка селосына көшіп келгенде Айнабектің  бірнеше рет оған сәлем бере барып, екеуінің ұзақ сұхбаттасқаны, сол кезде бірге еріп барып жүрген бозбала –Айнабектің немере інісі, бүгінде қадірменді қария Садырбай Қамбаровтың әлі есінде екен.

Жазықсыз жапа шегіп, жазасын өтеп қайтқан  Айнекең  ағайынға өкпелеп, теріс қарап жатып алған жоқ, колхоздың қоғамдық тірлігіне бел шеше кірісіп кетеді.

Жасы асып кеткендіктен ҰОС-на қатыса алмаған Айнабек ақсақал― соғыс жылдары, ауылдағы түрлі маңызды науқандардың қалың ортасында жүрді. Соғыстағы  азаматтар қаза тауып, ауылға «қарақағаз» күнара келетін―оны жауынгердің отбасына «естірту» де  Айнекеңнің мойнында болады. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдардың Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін өте қиын болғаны белгілі. Сол қиындық Кеңесарықты да айналып өткен жоқ, экономикалық көрсеткіштері жағынан, аудандағы ең артта қалған шаруашылық еді. Нан тапшылығы әлі сезілетін. Соғыс жылдары ауылдағы  «беті жылтыраған» панасыз әйел-қыздарға «қырғидай тиген»  ұжымшар төрағасы астық ұрлаған «сұғанақтығы»  үшін 1944 ж. ұсталып кетеді. Міне, осы қиын кезеңде ауыл тұрғындары  «Кеңесарық» ұжымшарының басқарма төрағалығына  пайғамбар жасына жетіп қалған Айнабекті ұсынды. Ұжымшарда қалыптасқан күрделі жағдайды шешу  Айнабектен басқа адамның қолынан келуі қиын екенін анық сезінген  аудан басшылығы  оның «өмірбаянына» (ол кезде сотты болғандарды, жауапты қызметтерге жолатпайтын)  назар  аудармай-ақ бекітті. Ауылдастарының қолдауымен  басқарма төрағасы болып сайланған Айнекең ел сенімін ақтайды, балалардың «ауызы ағарғанға» тиіп, қолы нанға жете бастайды (айта кетуге тиіспіз, өзінің кешегі үзеңгілес досы Атайдың 15 жасар ұлы Мақұлды  есепшілікке тағайындап, билікке баули бастайды).

Соғыс аяқтала салысымен, сол кездегі ауыл мұғалімі Қозыбақов Жамалбекті

(аудандағы көптеген мектептерге басшылық еткен Жамалбек аға бүгінде – құрметті зейнеткер, үлкен бір әулеттің қадірменді ақсақалы) жіберіп, бастауыш мектептен өзге мектептері жоқ айналадағы ауылдардың сабаққа бара алмай қалған балаларын  жетіжылдық мектебі бар Кеңесарыққа  алдырады. Ауыл тұрғындарының үйлеріне бөліп орналастырып, осында оқуларын жалғастыртады.

Соғыс жылдары үзіліп қалған оқуын Айнекеңнің арқасында жалғастырған,  сол  оқушының бірі Рысбаева Әсем апа Қалқабайқызы – бүгінде  «Ардақты Ана», Төлеби ауданы Майбұлақ ауылында тұрады. Сталиндік лагерьде қаза тапқан Тойболов Өтебайдың әкесінен 2 жасында қалған ұлы Кеңес те «Оңтүстік» ауылындағы бастауыш мектептен кейін, Кеңесарықта білімін жалғастырған. Кеңес кейіннен ұшқыш мамандығын игеріп, Қазақ азаматтық авиациясының  Шымкент бөлімшесінде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарды.

Соғыс біте салысымен, аудандағы қазақ ауылдарын  электрлендіру бастамасын да  ең  алғаш  көтерген –Айнабек.

Жұмысы біршама дұрыс жолға қойылған шаруашылықты басқаруға, енді  басқа да  азаматтардың ойлары кете бастайды. Аудан басшылығы  мен кей ағайындардың  есіне оның баяғы «өмірбаяны» және т.б. «кемшіліктері» түседі. Сонымен,  аудан  басшылары «үстіңнен арыз бар»- деп, 1947 ж. төрағалыққа  бекітпей қойды. Бірақ, қоғамдық жұмыстан бәрібір қалған жоқ.1950 жылдардың соңында іріленген Абай  атындағы ұжымшардың  тексеру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Осы жауапты қызметті 1970 жылдарға дейін атқарды.

Кеңесарық ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Жүгінісов Таңсық ақсақал еске алады: «Айнекең өмірінің соңына дейін ұрпақ қамын ойлаудан танған жоқ...1970 жылдардың басында Победа» ұжымшарының бастығы Кириченко деген біреу, аупарткомның бірінші хатшысы Кирпичкинмен дос-жарлығын пайдаланып, Абай атындағы ұжымшардың  іргеде тиіп тұрған Ақсу мен Машат өзендері аралығындағы жайылымдық - шабындық жерлерін өз ұжымына қосып алуға әрекет жасайды. Есесін Қазығұрт тауының түстігінде орналасқан ― тау баласы үшін «күні шаңқиған, ыстығы мидан өтетін» Қарақия деген жерден қайтармақ болады (қазіргі Қазығұрт ауданы Рабат ауылының маңы). Соған байланысты Кирпичкиннің өзі бір топ нөкерімен  ұжымжар орталығы Қасқасуға келіп жиналыс өткізіп, жоғарыдағы шешімнің «экономикалық жағынан тиімділігін» дәлелдемек болады. «Мәдениет үйінің» ат шаптырым кең залы - лық толы, ел сілтідей тынған. Қарсы уәж айту – «қылышынан қан тамған» партияға қарсы шыққанмен тең. Сол кезде, Айнекең орнынан көтеріліп: «Жоқ, біз оған көнбейміз! Заманында ол жерлерді біреуге сыйға тарту үшін игерген жоқпыз, құдайға шүкір біздің де балалардың басы өсіп келеді.Балаларды қысқы шілденің суығында  аязға тоңдырып, жазғы шілденің ыстығында «қаратышқақ» қылдырып, неше мәрте көлік ауыстырып қатынайтын  «ит арқасы» қияндағы Қарақияңның бізге керегі жоқ. Халықпен санаспайтын болсаңдар, баратын жерге біз де барамыз, айтатын жерге біз де айтамыз!» дейді.Залдың іші «гу» ете қалады, қызбалау жігіттер бастаған некен-саяқ шапалақ  «ду қолшапалақтауға» ұласады. Қандарын ішіне тартып, жүздері сұрланып шығып кеткен аудан басшылары, содан кейін ол әңгімені қайта көтермейді».

Осы соңғы сөздерінен-ақ Айнекеңнің бар болмысын байқауға болады.

Бүгінгі күні Айнабек Ақынбековтің ұрпақтары ауылда, Алматы, Астана, Тараз және т.б. қалаларда тұрады. Көпшілігі жоғары білімді, жауапты қызметтер атқарады. Үлкен ұлы Әмзебек –республикаға белгілі кәсіпкер (ҚР-ң тұңғыш премьер-министрі С.А.Терещенко ұйымдастырған «Интеграция-Достық» АҚ-ң акционері).

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, осыдан біраз жыл бұрын Әмзебек Кеңесарық ауылының көшелеріне асфальт төсетіп, бағандарына шам орнатып жарықтандырып берді.

Биыл Айнабек Ақынбековтің туғанына 130 ж. толады.

Қазір Кеңесарық ауылының бір көшесі-Айнабек атаның атымен аталады.

Фотосурет «Огонек» журналынан алынған.

 

Өмір Шыныбекұлы-тарихшы

       
1 октября 2012, 14:32
1127

Загрузка...
Loading...

Комментарии

Оставьте свой комментарий

Спасибо за открытие блога в Yvision.kz! Чтобы убедиться в отсутствии спама, все комментарии новых пользователей проходят премодерацию. Соблюдение правил нашей блог-платформы ускорит ваш переход в категорию надежных пользователей, не нуждающихся в премодерации. Обязательно прочтите наши правила по указанной ссылке: Правила

Также можно нажать Ctrl+Enter

Популярные посты

Мой дом – не гостиница. Я не останавливаюсь у своей родни, потому что знаю, что это такое

Мой дом – не гостиница. Я не останавливаюсь у своей родни, потому что знаю, что это такое

Наступил долгожданный момент и мы смогли заселиться в собственную квартиру. А потом началось... Все знакомые, родственники, даже коллеги и соседи родителей вспомнили о нашем существовании.
Idealovnet
14 окт. 2017 / 20:38
  • 8415
  • 78
Работа на EXPO. «Улыбайтесь, вы – лица Казахстана»

Работа на EXPO. «Улыбайтесь, вы – лица Казахстана»

Продление перерывов, втыки от менеджеров, борьба за стенды, кучкования, как мы друг-друга прикрывали, защищали от гостей. Все эти события доставляли радость, и каждый день на работу я приходила...
madiNAtty
14 окт. 2017 / 22:34
  • 5837
  • 22
«Bank RBK» банкрот? Почему мы не можем распоряжаться собственными же деньгами?!

«Bank RBK» банкрот? Почему мы не можем распоряжаться собственными же деньгами?!

Мы не можем выдать зарплату, оплатить по счетам или как-то иначе распорядиться нашими же деньгами! У физ.лиц, насколько мне известно, ситуация не лучше - при нас люди не могли снять свои деньги с депозитов.
daniyar4422017
13 окт. 2017 / 15:46
  • 3256
  • 12
«Что дали задом?» Родительский чат в WhatsApp покорил Интернет

«Что дали задом?» Родительский чат в WhatsApp покорил Интернет

Чат дагестанских родителей в WhatsApp стал популярным в Интернете. Кто-то записал общение родителей в мессенджере и после опубликовал в Твиттере.
tala03
12 окт. 2017 / 15:10
  • 3262
  • 12
Я четко помню тот день, когда мне позвонили друзья и сообщили: «Она выходит замуж»

Я четко помню тот день, когда мне позвонили друзья и сообщили: «Она выходит замуж»

У нас была особенная атмосфера, мы постоянно были вместе, читали треки, летом часто поднимались в горы. Гуляли пешком по ночному городу, иногда до утра. Снимали хату и представляли совместную жизнь...
Dominator-kz
14 окт. 2017 / 22:29
Актогайский горно-обогатительный комплекс – брат-близнец Бозшаколя

Актогайский горно-обогатительный комплекс – брат-близнец Бозшаколя

Рядом с посёлком Актогай в ВКО расположено одно из крупнейших в мире неосвоенных медных месторождений. В октябре Актогайская обогатительная фабрика вышла на проектную мощность.
theYakov
12 окт. 2017 / 10:47
  • 3169
  • 23
Отчего в Казахстане предвзятое отношение к отечественному продукту?

Отчего в Казахстане предвзятое отношение к отечественному продукту?

Вы когда-нибудь пользовались казахстанской косметикой? Я тоже нет, поэтому сразу же откликнулась на приглашение своего фейсбук-френда протестировать отечественные крема… из Степногорска.
Shimanskaya
16 окт. 2017 / 11:32
  • 2470
  • 29
Когда почти все уехали в «А-города», стоит ли жить в Шымкенте?

Когда почти все уехали в «А-города», стоит ли жить в Шымкенте?

Город имеет особую ауру - очень густая энергетика, думаю, это от того, что он со всех сторон окружен "местами силы". Шымкент напоминает мне старенького доброго мудрого дедушку-аксакала.
Bonittta
13 окт. 2017 / 15:15
«На пути к успеху всей семьей»: как супруга Кайрата Нуртаса наконец вышла в свет

«На пути к успеху всей семьей»: как супруга Кайрата Нуртаса наконец вышла в свет

Зачастую казахские селебрити выходя в свет, привлекают внимание и обьективы камер только к своей персоне, оставляя свои вторые половинки в тени неизвестности.
gulshat87
13 окт. 2017 / 17:56
  • 1868
  • 6