Джек Лондон көріпкел болған ба?

«Айқын» 2012 M09 29
640
0
0
0

  29.09.12.Әдебиетсүйер қауым ішінде Джек Лондонды білмейтін жан, оның шығармаларын оқымаған адам сирек болар. Оның атақты шығармалары бір төбе де, «Қызғылт оба» романы бір төбе. Неге? Себебі ол...

 
29.09.12.

Әдебиетсүйер қауым ішінде Джек Лондонды білмейтін жан, оның шығармаларын оқымаған адам сирек болар. Оның атақты шығармалары бір төбе де, «Қызғылт оба» романы бір төбе. Неге? Себебі ол шығармада болашақта болатын оқиғалар тізбектелген. Әрине, Джек Лондон Нострадамус, не болмаса Ванга секілді көріпкел емес. Бірақ дара таланттың түйсігі алдағы уақытта не болатынын дәл таба білген. Сенбейсіз бе? Онда оқып көріңіз.
Джек Лондонның атақты шығармаларының біріне жататын «Қызғылт оба» романы 1912 жылы London Magazіne журналында алғаш рет жарияланады. Сол кездегі деректерге қарасақ, журналдың бір санында дүкен сөресінде қалмай лезде өтіп кеткен. Журнал иесі екінші мәрте әлгі роман басылған санды өте үлкен данамен қайта басқан. Бұл жолы да солай болған. Жарайды. Бұл өз алдына жеке тірлік, жеке әңгіме. Өйткені журнал қожайыны қанша пайда тапқаны бұл жерде қажет емес. Мәселе, романның оқиғасында болып тұр. Ондағы оқиғалардың кереметтігі, дәлдігі бүгінгі оқырманды да, ғалымдарды да таң- ғалдыруда. Неге? Өйткені өткен ғасырдың басында жазылып, жарық көрген туындыда бүгінгі біз өмір сүріп жатқан ғасырдағы оқиғалар суреттелген. ХХІ ғасырдағы адамзат баласы кешіп отырған тірлік, сол «Қызғылт оба да» айтылып қойған. Осыған қарап Джек Лондон жазушы емес, Нострадамус секілді көріпкел ме деп ойлап қаласың. Онда ХХІ ғасырдың екінші он жылдығында жер беті белгісіз эпидемияға тап болады. Адамдар санаулы күнде қырылып қалады. Тек жұмбақ аурудан бір адам ғана тірі қалады. Өркениет жойылды. Ал романдағы тірлік осы оқиғаға 60 жыл өткен соң басталады. Шығармадағы басты тұлға шал Сан-Францискоға таяу теңіз жағасында отырып, немересіне өркениеттің қалай жойылғаны жөнінде әңгіме айтады. Ал әңгіме ХХІ ғасырдың басы туралы өрбиді...

ПРЕЗИДЕНТ «САЙЛАУЫ»
«...Шал монетаны көзіне жақын әкелді де, «2012»-деп даусын шығара таңғалды. Сосын күбірлеп сөйлеп кетті. Бұл жылы Байлар кеңесі АҚШ-тың бесінші президенті етіп Морганды тағайындады. Бұл ақша мен білсем, соңғы соғылған монета-ау. Қызғылт өлім екі мың он үшінші жылы келген. О құдай-ай. Бұл оқиға осыдан алпыс жыл бұрын ғана болып еді. Әлемде жалғыз адам, яғни мен ғана аман қалғанмын. Мына тиынды қайдан таптың, Эдвин?». Бұл романдағы бір ғана сюжет. Бұл жерде бүгінгі күнмен дәл келіп тұрған бір оқиға үстіміздегі жылдың (2012 жыл) қарашасында (оған да бір ай ғана қалды) АҚШ-та президент сайлауы өтетіні. Ал Байлар кеңесі деп отырғаны да бүгінгі күннің шындығы. Әлемді құпия түрде басқаратын Байлар кеңесі, яғни жұмбақ Богем клубы бар екені қазір жұртқа, жалпақ әлемге белгілі. Әлгі әлемді басқаратын азғантай атақты байлар мен саясаткерлер тобы жылына бір рет Сан-Францискоға таяу жерде орналасқан штаб-пәтерлерінде кездеседі. Бірақ не жөнінде әңгіме айтылады, ол құпия. Джек Лондон романда болашақты дәл болжаған ба, болжаған...

ҒАЛАМШАРДА ҚАНША АДАМ ӨМІР СҮРЕДІ?
«... Жұмыр жер бетінде адам сыймай кеткен. 2010 жылғы жалпы санақтың қорытындысы бойынша әлемде 7 миллиард адам бар екен. Адам баласына азық табу қиынға айналған заман. Иә, «Қызғылт өлім» жер бетінде 8 миллиард адам бар кезде келді...» Дәл осы жерде Джек Лондон сәл қателікке ұрынған. БҰҰ дерегіне арқа сүйейтін болсақ, өткен қыркүйек айында жер шарында 7 миллиард 100 мың ғана адам бар екен. Ал Американың ұлы жазушысы өмір сүрген кезде әлемде 1,6 миллиард қана адам болған. Дегенмен жазушы көп қателеспеген.

«ҚЫЗҒЫЛТ ӨЛІМ» ОЛ НЕ?
«... Бұл 2013 жылы жазда болды. Онда мен жиырма жетіде едім. Бәрі бүгінгідей есімде. Обадан бәрі қырылды. Радио... Алыс жатқан... мыңдаған мильдегі елді мекенмен әуе арқылы сөйлестік... Ол жақтағылар Нью-Йоркке жұмбақ эпидемия келгенін айтты. Шаһардағы адам саны 17 миллионнан асатын. Жұмбақ дерт теріге шығатын қызғыл сары түйіршіктер екен. Бірақ адамдар одан шыбынша қырылып қалды. Жиырма төрт сағттан кейін әлгі обаның Чикагога жеткенін естідік...».
Бұл үзіндіден бүгінге дөп келген бірнеше шындықты байқауға болады. Біріншісі қазіргі күні Нью-Йоркте 18 миллион адам тұрады. Жазушы түйсігі алдамаған. Әуе арқылы сөйлестік деп тұрған ғарыш серігі арқылы, не болмаса ұялы телефон. Ал «Қызғылт оба» деп отырған бүгінгі күні адам баласына аса қауіп төндіріп отырған Эбола эпидемиясы. Ал ондай дертке шалдыққан жанның 90 пайызы өлім құшатыны белгілі.

ОНЫҢ КӨП КӨРІПКЕЛДІГІ БАР
«... Мен үлкен үйде жалғыз едім. Ол кезде біз бір-бірімізбен ауа арқылы сөйлесетінбіз. Телефон шалғаным сол еді, ар жағынан ағамның дауысы естілді...» Бұл жерде жазушы тағы да толқын арқылы сөйлесетін бүгінгі ұялы телефонды айтып тұр. «... Арада жиырма төрт сағат өткен соң ол Англиядан келетін құрылықаралық аэроплан тоқтағанын хабарлады...». Роман 1912 жылы жазылған. Атлантиканы басып өтетін алғашқы ұшақтың ұшуына әлі он бес жыл бар болатын. Ал құрылықаралық жолаушылар тасымалы тек екінші дүниежүзілік соғыстан кейін орын алғаны белгілі.
Иә, Джек Лондонның бұл атақты шығармасында көріпкелдікпен болжаған, айтқан дүниелері жеткілікті. Бірақ бәрін тізе беру мүмкін емес. Тіпті өркениет жойылып, жаңа дәуірде жаңа адамдар пайда болатыны да айтылған...
Бұл жөнінде жазушы дәл айтты ма, аман болсақ, болашақта көре жатармыз.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Оцените пост

0