Алия November 10, 2012
8525
0
17
0

Әрбір қыз бала кішкентай кезінде қуыршақ ойнап, оларға киім тігуге әуес болған шығар. Өзім қуыршақтарға киім тіккенді ерекше ұнататынмын. Қуыршақ көбімізге балалық шағымызды еске салғанымен, бұл әдемі

Әрбір қыз бала кішкентай кезінде қуыршақ ойнап, оларға киім тігуге әуес болған шығар. Өзім қуыршақтарға киім тіккенді ерекше ұнататынмын. Қуыршақ көбімізге балалық шағымызды еске салғанымен, бұл әдемі ойыншықтардан коллекция жасап жүрген ересек адамдар да бар екен. Оған дәлел — Алматы қаласында басталған «Куклы’KZ» қуыршақтар көрмесі. Бұл көрменің ашылуын көп күткен мен «Оқушылар сарайына» жол тарттым.

«Куклы’KZ» — бұл жеке авторлардың қуыршақтар көрмесі. Мұнда Қазақстан мен ТМД елдерінің шеберлері жасаған неше түрлі қуыршақтарды кездестіре аласыз. Тіпті өзіміздің қазақстандық алғашқы биші, әнші қуыршақтарымыз "Bal-bala"-да бұл көрменің төрінде тұр.

Қала күні мейрамы аясында ұйымдастырылып жатқан көрменің басты мақсаты - елімізде осы бағыттағы өнерді көпшілікке таныстырып, халықтың оған деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Көрмедегі қуыршақтардың көбін жас авторлар жасаған. Олардың бұл өнерге бет бұрғандарына не бары 1-2 жылдың аясы болған. Солардың арасында қазақтың ұлттық киімдерін киген қуыршақтардың жанында отырған үлкен кісіге көзім түсті. Есімі Лидия Голышева екен, оған жақындап, сөзге тарттым.

- Қуыршақ жасауды қашан бастадыңыз?

- Мен 1993 жылдан бастап қуыршақтарға киім тігумен айналысып келемін. Коллекциямда тұрған ағаштан жасалған қуыршақ - менің ең алғашқы қуыршағым.

- Қуыршақтар жасауға не түрткі болды?

- Кезінде «Ұлттық киімдер дайындау» ательесінің лабораториясында қызмет атқарған болатынмын. Кеңес Одағы күйрегеннен соң еліміздегі көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды. Соның ішінде біздің де. Сол уақытта басшылық қазақстандық қуыршақтар жасау туралы ұсыныс жасады. Маған бұл ұсыныс ұнап, қуыршақтар жасауды қолға алдым. Алғашқы қуыршағымды домалақ формадағы ағаш, тірек және сымнан мүсінін жасап, қазақтың ұлттық киімін кигізіп, дүниеге алып келдім. Ол қуыршақтарды сатып алушылар да көп болды. Ағаштан жасалған қуыршақтарды 2005 жылға дейін жасап келдім. Одан кейін ағаштан қуыршақтың денесін жасайтын шеберлердің жұмысы біраз көңілімізден шықпай, Қытайдан «ұлттық қуыршақтар» деген атаумен көрмеде тұрған пластмасса қуыршақтарға тапсырыс беретін болдық. Оларды алып келгеннен кейін мен оларға неше түрлі ұлттық киімдер тігемін.

Одан әрі көрмені аралап жүріп, кемпірқосақтың жеті түсін өзінше сәйкестендіре білген шебер Наталья Гулаяның жұмсақ ойыншықтарына көзім түсті. Сөйтіп одан бұл өнерге қалай келгендігі туралы сұрадым.

- Қуыршақты әрбір қыз бала секілді кішкентайымнан жақсы көремін. Ол кездері дайын қуыршақтарға киім тігіп, солардың киімдерін безендіретін болсам, өткен жылдан бастап өзім қуыршақтар тігуді бастадым. Бүгінгі коллекциямдағы қуыршақтардың бәрі Декоративті өнер академиясында білім алып шыққаннан кейінгі бір жыл ішінде жасаған еңбегімнің жемісі.

Көрерменнің көзін өз сұлулығымен жаулап, нәзіктігімен баурап алатын бұл көрмеде екі бикеш бар. Олардың авторы Алена Баранчикова.

- Қуыршақ жасаумен айналысқаныма 1 жылдай болып қалды. Өзіме нәзік образдар ұнайды. Адамның санасына қорқыныш сезімін ұялататын қуыршақтар жасағанды ұнатпаймын. Сондықтан өзімнің жасаған әрбір қуыршағыма бар махаббатымды саламын. Қуыршақ жасаудың өзі де үлкен өнер. Өйткені кез келген адамның жасаған қуыршағын көпшілік ұната бермейді. Оған да бар жандүниеңді салып жасау керек. Менің ойыма бір қуыршақтың образы келгенде пластикті алып, бетін, одан кейін денесін жасаймын. Сол кезде ол қуыршаққа «жан» бітеді десе де болады. Себебі сол дайын қуыршақтың бет-әлпетін саларда, шашын жасарда олар саған өздері шашының түсі, көзінің түсі, не ернінің түсі қандай екенін қалайтындығын айтып тұратын секілді. Содан біртіндеп киім тіге бастаймын. Бұрын болашақта қуыршақ жасаумен айналысамын деген ой басыма кіріп те шықпаған екен. Бүгінде бұл өмірімнің мәні секілді.Не үшін екендігін түсіндіре алмаймын, бірақ қуыршақ жасаған маған өте қатты ұнайды.

Әдемі қонжықтар, қояндар, періштелер мен жүректер... Бұның барлығын қуыршақтар жасау әлеміне енді қадам басып келе жатқан Дарья Буденнаяның коллекциясынан көре аласыздар.

- Бұл жұмсақ ойыншықтардың барлығы өз қиялымның жемісі. Мен адамдарға қуаныш сыйлағанды жақсы көргендіктен, қуыршақтарымның әрбірін үлкен махаббатпен жасаймын. Сондықтан да бұлардың қайсысын қолыңа алсаң да көңіліңе жылулық ұялатады.

Қуыршақ шеберлерінің өнімдері арасынан еліміздің белгілі дизайнерлер киімін киген қуыршақтарды да кездестірдім. Мысалы, мына қуыршақ киімінің дизайнын Аида Кауменова жасаған.

Әйелдерге арналға LaRiya брендінің негізін қалаушы, белгілі қазақстандық дизайнер Лария Джакембаеваның дизайнымен тігілген көйлекті киген қуыршақ.

Сондай-ақ бұл көрмеден «Алиса ғажайыптар әлемінде» фильміндегі Джонни Депп сомдаған Тэррант Хайттопты (Шляпник) да кездестірдім. Сол бадырайған жап-жасыл көздер, қанық қызылсары шаш пен шляпа жасауға арналған барлық құрал-саймандары жинақталған әдемі киімі...


Көрме сәрсенбіде басталып, осы апта соңына дейін жалғасады.

Адресі: Достық к. 114, «Оқушылар сарайы»

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Фото автордікі

Оцените пост

17