Алия 2012 M11 10
6089
17
22
0

Шілде айында әкеммен бірге Түркия еліне барудың сәті түсті. Әрине, қазір екінің бірі барып жатқан Түркияның келбеті ешкімге де таңсық емес. Сонда да болса түрік елінің екі астанасы жайлы өзім көрген..

Шілде айында әкеммен бірге Түркия еліне барудың сәті түсті. Әрине, қазір екінің бірі барып жатқан Түркияның келбеті ешкімге де таңсық емес. Сонда да болса түрік елінің екі астанасы жайлы өзім көрген дүниелермен бөліссем деймін. Сонымен... менің көзіммен қарағандағы Түркия... ол маған ерекше әсер қалдырды.

Әлемдегі әдемі қалалардың бірі Стамбулға (дегенмен Стамбул ауарайының ерекше қапырық болып келетіні ұнамағанын айта кетейін) түсе салған беттегі сапарымыз Босфор бұғазында кемемен саяхат жасаудан басталды. Өздеріңіз білетіндей, ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан Босфор бұғазы Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін біріктіреді.

Ал оның үстіндегі атақты көпір Азия мен Еуропаны жалғастырып тұр. Оны тек көзбен көру керек, керемет әдемі екен, әсіресе жағалаудағы ескі архитектуралық стильде салынған үйлер, сарайлар мен ескі қамалдар ерекше көз тартады.

Ал мына теңіз ортасындағы маякты түрік сериалдарынан көргендеріңіз анық.

Кемемен саяхаттан кейін бірден мешіттерге бардық. Стамбулдың өзінде шамамен үш мыңдай мешіт бар деседі. Біз барған мешітіміз Ая София деп аталады. Бұл – қаладағы ең үлкен, танымал мешіттердің бірі, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристердің санында есеп жоқ.

Мешітке барсаңыз, бірден хиджаб пішіндес кең киім ұсынады. Тіпті қысқа шортымен келген америкалық саяхатшыны кіргізбей, ақырында мына суреттегі менің киген юбкам сияқты киім киюге мәжбүр болды. Мешіттің айналасында біз сияқты саяхаттап келушілер көп екен, бәрі де суретке түсіріп жатыр.

Стамбулдан Анкараға сапарымызды автобуста жалғастырдық. Автобус керемет жайлы екен, ішінде алдыңа тамақ әкеп қояды, әр орындыққа орналастырылған монитор арқылы кино, мультик көресің, музыка тыңдайсың, ғаламторға шыға аласың. Сондықтан да 4-5 сағаттық жолды қалай артқа тастап, баратын жеріңе қалай тез жетіп қалғаныңды білмей де қаласың.

Стамбулдан гөрі маған Анкара қатты ұнады. Ол жерде бізді күтіп алған сол жақта тұратын әкемнің жолдастары бізге қаланың ең көрнекті жерлерін аралатуға тырысты.

Алдымен барғанымыз Ататүріктің мавзолейі болды. Осы бір ғана мавзолейдің өзінен Ататүрк жайлы көп мағлұмат алуға болады.

Ал «Панора» мұражайы Түркия елінің тарихына арналған десек болады. Оның ішіне кіргеннен-ақ зеңбіректің, автоматтың дауыстары, айғай-шу, дәk бір соғыс болып жатқан жерді көз алдыңа әкеледі.

Тарихтан сыр шертетін жерлердің бірі – ескі қамалдың орны. Үңірейген терезелерінің өзі зеңбірек орнын елестететін қамалдың үстіне шығып, қала келбетіне көз тастағанда алдымен көзге түсетіні – үйлердің қып-қызыл шатырлары.

Бір қызығы, Түркияда әдейі сақталған ескі көшелер бар екен, олардың кейбіреуіне реставрация жасалып, айналасында кәдімгі барлық қалалардағыдай ұсақ сауда жүріп жатыр. Ал мына бір жазу біздің елімізде алғашқылардың бірі болып көрсетілген «Асмалы қонақ» фильмін еске түсірсе, мына бір үйлер мен тар көше менің сүйікті фильмім «Нерминдегі» Нермин үйінің алдын елестетеді :)

Айта кетерлігі, таксилер өте қымбат екен. Бізге солай көрінді ме әлде, баратын үш-төрт аялдамалық жерге біздің ақшаға шаққанда үш-төрт мың теңге кетеді. Ал дәмхана мен мейрамханалардың бағасының удай екенін айтып қажеті жоқ. Бір жақсысы, киім-кешек арзан сияқты көрінді. Әсіресе, біздің қалаларда филиалдары типтес үлгілері қаптап кеткен LC Waikiki дүкендері көп. Сол сияқты басқа дүкендері де шоппинг жасауға ыңғайлы жасалған, ішіне бір кірсең, шегі жоқ ғимараттардағы сауда бутиктері созылып кете береді...

Ал мейрамханалардағы бассейн, теннис ойнайтын алаң сияқты жағдайлар жақсы жасалған.

 

Есімде қалған қызықты жайттардың бірі – мына көшеде ойнап жүрген кішкентай қыздардың мені көріп: «О, японка» деп айғайлағаныболды:) Бәрі маған жалт қарасып, ішіндегі біреуі тіпті: «Конничива» (жапонша «сәлем» деген сөз) деп қояды. Мен үндеместен, оларға күліп қарап, өте шықтым.

Түркиядан бір топ кітап ала келдік. Олар – негізінен ТҮРКСОЙдан шыққан кітаптар. Олардың ішінде түрік тілінде шыққан қазақ ауыз әдебиетінің «Қыз Жібек», «Мамай батыр» сияқты жауһарлары бар.

Сонымен қатар, Елбасымыздың ескерткіші және антиквариат сататын дүкен қатты ұнады, тек ол суреттерді мұнда салуды онша жөн көрмей отырмын.

Түркия сапарынан кейін мені алда Қытай еліне сапар күтіп тұр. Бірақ бұл жолы қыдырып емес, оқуға кетіп барамын. Қыркүйекте Шанхайға ұшамын, Алла қаласа! Бәріміз де аман болайық!

Әсел ӘЛІМ

ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің

3-курс студенті

Оцените пост

22

Комментарии

1
Стамбулдың ауасы қапырық емес, мүмкін жазда тым ыстық болғанда ғана, ондай кезде бізде мүлдем ауа болмай қалады)) наурыз айында барғанымызда ауасы керісінше өте таза, жалпы қаланың тазалығы қатты ұнады. Сосын әркім өзінің саяхатын жасайды екен, біреулер сериалдар бойынша қаланы араласа, біреулер Памуктың не Сафарлидың романдары бойынша аралайды)).
2
Жарайсың Әсел,
Шаңһайға барғанда да Юви-ді ұмытпай блогыңды толтырып жүр.
0
Bilmeimyn, biz barganda kapyryk boldi. Ya, durys aitasyz, biz de ozimizwe sayahat jasadyk)
0
Rahmet, jaraidy)
1
"O yaponka" emes, "O Japon kiz" degen shigar))
Показать комментарии
Дальше