Сұлтан Срайылов, Оңтүстік Қазақстан циркінің бас директоры: «Қара жорға» билейтін үш қонжыққа көрермен тік тұрып қол соғады

«Айқын» 2012 M09 13
787
0
1
0

- Оңтүстік Қазақстан циркі Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілгені белгілі. Архитектуралық сәулеті өзгеше көз тартатын ғимараттың дизайн авторы кім?- Астана, Алматыдан кейінгі...

- Оңтүстік Қазақстан циркі Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілгені белгілі. Архитектуралық сәулеті өзгеше көз тартатын ғимараттың дизайн авторы кім?
- Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы - Шымкент өте көрікті, сәулетті, халқының саны жылдам өсіп келе жатқан көне шаһар. Тарихи орталықтың қанат жайып, өркендеуіне Елбасының өзі тікелей назар аударып, қамқорлығына алып отыр. Соның нәтижесінде еліміздегі төртінші цирк өткен жылы біздің қаламызда бой көтерді. Бұл жергілікті тұрғындар үшін Тәуелсіздік тойында тартылған үлкен сый деп ойлаймын.
Шымкенттің сән-салтанатын арттыра түсу үшін жаңа ғимараттың келбеті сөзсіз айрықша болуы керек еді. Сол талапқа сай архитектуралық шешім өте ұтымды әрі сәтті шыққан. Сырт пішіні жаужүрек батырлардың күміс дулығасына ұқсайды. Оған қоса, біз тауға қарап, биікке қол созған, заң­ғарларды бағындырып, шыңға ұмтылған алғыр халықтың ұрпағымыз ғой. Мекемеміз бір қарасаңыз, таудың мұзарт шыңдарын да көзге елестетеді. Авторы - өзіміздің оңтүстіктің тумасы, белгілі архитектор Иван Стрельцов.
- Бұрын цирк труппасы филармония жанында болған екен. Шымкент циркінің тарихын ғимараттың салынуымен шатастырмағанымыз дұрыс шығар...
- Цирктің ашылуында дүниежүзіне танымал Юрий Никулиннiң аты аңызға айналған труппасы келіп, бір ай өнер көрсетіпті. Мен ақпан айының ортасында Астанадан осында бас директор болып ауысып келдім. Мені ең алдымен «Біздің ұжым қашан Никулин циркі сияқты танымал болады? Ол үшін не істеу керек? Алға қарай қалай жылжимыз?» деген сұрақтар мазалады. Осы ойымды нақтылау үшін сұрақтарыма жауап іздеп, бізге ең жақын Ташкент, Алматы қалаларының циркіне барып, олардың тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжімен келісімшарт жасастым. Сондай-ақ Астана циркінде жұмыс істеп жүрген оңтүстіктің жігіттерін іздедік. Мұндағы жалғыз мақсат - осы аймақтан шыққан азаматтарды туған жеріне жинап, цирктің дамуына үлес қосуға шақыру еді. Филармониядағы 3 цирк артисі бізге бірден ауысты. Спорт, гимнастика, балет мектептерін аралап, олар­мен бірлесе отырып, байқау өткіздік. Би үйірмелерінен де пластикасы жақсы, талантты жастарды іріктеп, ұжымға қабылдадық. Спорттық дәре­жесі жоғары, шыныққан, шымыр жігіттерді де құр қалдырмадық. Олардан арнайы труппа құрып, «Денсаулық тобы» деп атадық. Сөйтіп, Оңтүстік Қа­­зақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Өңірдің өз циркі бар. Мектеп оқушылары жазғы демалыстарын бос өткізбесін» деген тікелей тапсырмасымен, үстіміздегі жылы 26 мамырда халықтың алдына шықтық. Аз уақыт ішінде толыққанды есеп бердік. Жан-жақтағы әріптестеріміз кө­мектесті. Бағдарламаны «Балақай-алақай» деп атадық. Демек, Оңтүстік Қа-
зақстан циркінің өзінің труппасымен қойылым қойған, яғни тарих бетіне ал­тын әріптермен жазылған күнді 2012 жылдың 26 мамыры деп айтсақ, қате­леспейміз.
- Ұжымды жасақтау ойдағыдай өткен сияқты. Ал жануарлармен жұ­мыс істеу, олардың күтімі қалай жолға қойылған? Бүлдіршіндер қандай аңдардың өнерін тамашалай алады? Олар қай жақтан әкелінді, жерсінді ме дегендей...
- Әзірге 3 аюдың қонжығы, бір арыстанымыз бар. Өзіміздің жергілікті зообақтан алынды. Болашақта олардың қатарына екі пони мен екі маймыл қоссақ деп отырмыз. Бұл аңдар осы өңірде туғандықтан, табиғатына төселген. Жерсіну жағы онша қиындық тудырмайды. Ал манежге үйрету оңай болмады. Өйткені Оңтүстікте жыртқыштармен жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Аңдардың дұрыс күтіміне жауап беретін жігіттер аз. Сондықтан Ташкенттен бір кісі алдырдық. Өзімізде екі-үш қызметкер бар, бір-бірімен көрген-білгендерімен қолдарынан келгенше бөлісіп жатыр. Цирк аңдарына өсімдік майы, ет, қырыққабат, қияр, помидор, картоп, балық сияқты тағамдарды уақтылы беріп, не ішіп, не жейтініне дейін есептеп, адамның баласын аялағандай аялап, баптау керек. Оның ішінде, репитицияға шығатын, демалатын, серуендейтін, ұйықтайтын мезгіл де кестемен жүзеге асырылады.
Тыңғылықты еңбектің арқасында қазір арыстан мен қонжықтар манежге, жарыққа, қатты шыққан дыбысқа, көрерменнің қошеметіне үйренді.
- Үш қонжықтарыңыз «Қара жорға» билейтін көрінеді. Аттары да қа­зақы екен, мұны кім ойлап тапты?
- Маймақ, Мойнақ, Жайнақ деген аттарды өзім қойдым. Енді олар «Қара жорға» биін тура нақышына келтіріп билей алмас. Бірақ мені қатты қуант­қаны, қимыл-әрекеттерді дәл қайталамаса да, қолдарын икемге келтіріп, музыканың ырғағына түскен кезде жұртшылықтың риза болатыны сондай, тікеден-тік тұрып қабылдайды. Енді Маймақ, Мойнақ, Жайнақ атқа мініп шабуға дайындалып жатыр. Мұның да бағасын болашақта көрермен берер.
- Әдетте, маймылдарды билетіп, жыландарды үйретіп, кептер ұшыру сияқты өнермен өзге ұлт өкілдері шұғылданады. Шымкент қазақи орта болғаннан кейін ұжымда қаракөздер де аз емес шығар...
- Цирк өнері - қазаққа жат өнер емес, қалай дегенде де болмысымен, табиғатымен үндес. Аталарымыз өмір бойы бәйгеге жүйрік баптап, құс пен аңның тілін білген. Көштің бағдарын аңдаған, ауа райының қалай құбылатынын, желдің қай жақтан тұратынын аспандағы жұлдыздарға қарап-ақ түсінген. Кептер ұшырмаса да кептерден үлкен қырғи мен қыран бүркітті қолына қондырған. Үндістандағыдай жыландарды мойнына орап жүрмесе де бөрібасар, алабай сияқты қазақы иттерді ыммен жүгірткен. Еуропа жерден жидек теріп жеп жүргенде қазақтар маймылды билетпесе де қымыз ішіп, теңге алып, аударыспақ ойнап, қыз қуған. Мұның бәрі цирк өнерінің барлық жанрлары біздің елімізде о бастан-ақ дамығанын білдірмей ме?!
- Дұрыс екен, ал енді гастрольдік сапарға шығып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп үлгердіңіздер ме?
- Гастрольдік сапарға арнайы шығу үшін толыққанды қалыптасқан ұжым болуы шарт. Екі, екі жарым сағаттық нөмір дайындау керек. Әзірге ондай үлкен жетістікке жете қойған жоқпыз. Бірақ біз өнер көрсеткен үлкен ареналардың бірі - Астана циркі. Шілденің 2-сі мен 8-сі ортасында елор­даның туған күні құрметіне орай ұйымдастырылған «Азия жаңғырығы» ха­лықаралық фестиваліне бірінші рет қатыстық. Оған Ресей, Қытай, Өзбек­стан, Қырғызстан, Саха, Моңғолия сияқты мемлекеттердің тіс қаққан өнер ұжымдары шақырылды. Кейбірінің жүз жылдық тарихы бар деуге болады. Солардың арасынан жаңадан аяғынан қаз тұрған біздің труппа жүлделі үшінші орынды иеленді. Менің ойымша, енді ғана жұмысын бастаған ұжым үшін бұл - үлкен жетістік. Көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі емес, азғана уақыттың толағай табысы. «Үшінші орын алдық» деп дандайсып жатқан ешкім жоқ, жігіттер келе салысымен ары қарай күндіз-түні репитицияға кірісіп кетті. Қараша айында халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатыспақ ойымыз бар.
- Қызметкерлердің айлығы шайлығына жете ме?
- Қызметкерлердің айлығы барлық жердегідей. Өнерге қаражат қалай бө­лінеді, бәрі соған байланысты шешіледі. Асып-тасып бара жатқаны шамалы. Мұндағы артистер өнерден байып, капитал жасаймын деп жүрген жоқ. Табысы мол басқа жұмыс істеу қолдарынан келеді. Бірақ олар - цирк үшін жанын аямайтын, көрерменді шаттыққа бөлеп, қуантуға жаралған, өмірін өнерге арнаған азаматтар.
- Алдағы жоспар-мақсаттарыңыз қандай?
- Біріншіден, жоғарыда айтып кеткен «Шабыт» халықаралық фестиваліне абыроймен барып-қайту. Содан кейін жаңажылдық қойылымдарға дайындықты бастаймыз. Бүкіл баланың армандап күтетін мерекесін бірінші рет цирк манежінде атап өтсек дейміз. Аяз ата мен Ақшақарды басшылыққа ала отырып, артистеріміздің өнерін паш ететін бағдарлама қарастырудамыз. Әзірге мектеп ұжымдарымен
келісім шарттар түзілу үстінде. Ұжымдық тапсырыстар қабылдап, қо­сымша қайырымдылық шаралар атқармақ ниеттеміз. Кем-кетігімізге Аста­надағы, Алматыдағы әріптестеріміз көмек беруге ынталы. Ташкентпен, қырғыздармен қарым-қатынасымыз жақсы. Якутиядағы Саха циркінің директоры, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Росторгуев деген азамат телефон арқылы хабарласып, барлық уақытта пікір алмасып тұруға әзір екенін жеткізді. Өздеріне қонаққа шақырды. Олар да келісімшарт жасасқысы келеді. «Бір-бірімізден көмегімізді аямайық» деп құлшыныс танытып отырған жайы бар. Осындай әріптестеріміздің, жергілікті әкімшіліктің қамқорлығымен, қолдауымен Оңтүстік Қазақстан циркі көп ұзамай алдыңғы қатарлы өнер шаңырақтарының біріне айналады деп сенеміз.
- Әңгімеңізге рақмет.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Оцените пост

1